Президент жанындағы жаңа жастар: блогерлер vs ғалымдар

20 марта 2022 г. Молодежь

Мемлекет хатшысы Ерлан Қарин Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жаңа құрамы бекітілгенін хабарлады. Президент жанындағы кеңеске әртіс, кәсіпкер, режиссер, ғылым саласында, т.б. салаларда қызмет етіп жүрген 29 жас іріктеп алынған. Кеңестің жаңа құрамына кімдер енді? Олар қандай қызмет атқармақ? Осыған дейін кеңес немен айналысты? Сұрақтарға жауап табуға тырыстық. 


Құндыз Мұханғали


Кеңес немен айналысады? 


Кеңес бірінші президент жарлығымен 2008 жылы алғаш рет бекітілген. Ақорда ресми сайтында оның басты міндеті ретінде мыналар жазылған: жастарға қатысты мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын анықтау, қалыптастару және іске асыруда ұсыныстар енгізу, елдегі жастар ахуалынан хабардар ету, жастар саясатының тиімділігіне талдау жасау және мемлекет саясатының жастарға қатысты өзге де маңызды мәселелерді талқылау.


Қарин де жаңа құрамның шамамен осындай істермен айналысатынын жазды: «Бұл жастардың барлығы өз саласының майталман мамандары. Өскелең ұрпақтың өзекті мәселелерін жақсы біледі. Әртүрлі жас буынның арасында зор бедел мен сенімге ие. Жаңа құрам жастар саясатын жетілдіруге байланысты тұжырымдамалық құжаттар мен ұсыныстарды әзірлеуге атсалысады»


Яғни Кеңестің негізгі функциясы – консультативтік бағыттағы қызметтер. Дегенмен Кеңес осыған дейін нақты не мәселе көтеріп, нені шешкені жайлы еш ақпарат таппадық. Кеңес мүшелерінің нақты қандай талаптар бойынша іріктеліп, қай ұйым я сала өкілініне қанша орын бөлінуі тиіс екендігі жайлы ақпарат та жоқ. Алайда оған республикалық және аймақтық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері сайланатыны белгілі. Бір құрам үш жылға президент шемімімен бекітіледі.


Кеңестің биылғы құрамында аймақтық баланс шамамен сақталса да, гендерлік баланс байқалмайды: 20 ер адам, тек 9 әйел бар. Құрамның басым бөлігі - медиа, бизнес, білім және әлеуметтік саладан. Мемлекет саясатына сын білдіретін азаматтық бастама мен оппозициялық топ өкілдері кеңеске енбепті.


Жаңа құрам. Олар кімдер?


Кеңестің басым бөлігі өз саласында жетістікке жеткен әрі әлеуметтік медиада аудиториясы кең жастар. Кеңеске енген адамдар жайлы қысқаша ақпарат бере кетейік.


Дәулет Мұқаев: журналист, блогер. Инстаграмда 2 миллионға жуық жазылманы бар Dauletten кейінгі жылдары қазақтілді ортадағы танымал блогердің бірі. Өзін экономист әрі журналист деп таныстырады. Оқырманына қаржылық сауат пен баспаналы болуды «халық тілімен« үйретеді. Ол осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін« марапатын алған. 


Сондай-ақ, блогер өткен жылы коронавирус пандемиясы өршіген сәтте парақшасына мектепте санитарлық шара жасап, арнайы киім киген адамның суретін салып «Түн ішіндегі мектеп! Дезинфекция ма, әлде басқа нәрсе шашу ма?!» деп оқырмандарына астарлы ой салған еді. Блогердің бұл жазбасын антиваксерлік әрекет деп сынағандар бар. 


Құрмет Болатхан: волонтер. 2020 жылы президент қолынан «Халық алғысы» медалін алды. Үкімет сайтында (gov.kz) оған бұл алғыс «қазақстандықтарға қуаңшылықпен күресу үшін үндеу тастап, жаз бойы шөп шауып, жаппай мал қырылған өңірлердегі еңбегі» үшін берілгені жазылған. 


Татьяна Миронюк: «Ұлттық волонтерлік желі» қауымдастығының атқарушы директоры. Бұл ұйым елдегі волонтерлер мен волонтерлік ұйымдардың басын қосу мақсатымен 2010 жылы құрылған. Осыған дейін Qazvolunteer платформасын жасап, Birgemiz жобасын іске асырды.


Камилла Роллан: Назарбаев университетінің түлегі, Кембридж университетінің докторанты. Ол астанадағы инклюзивті білім беру орталығының негізін қалаушы. Қазіргі сәтте «Болашақ» бағдарламасымен Кэмбридж университетінің докторантура бөлімінде білім алып жатыр.     


Дамель Мектепбаева: биотехнолог, Қозыбаев университетінің проректоры. Тізімдегі «Болашақтың» тағы бір түлегі және Қазақстанда ғылымды насихаттаушылардың бірі – Дамель Мектепбаева. Биотехнолог маман қазіргі сәтте Солтүстік Қазақстандағы Қозыбаев университетінің проректоры. Осыған дейін АҚШ-та, Францияда, NASA зерттеу институтында білім алған, көптеген жобаның жеңімпазы.


Әсия Ермұхамбетова: «Young Researchers Alliance» - жас ғалымдар альянсының төрағасы. 2018 жылы ашылған ұйымның мақсаты – түрлі саладағы жас зерттеушілерді біріктіріп, тәжірибе және білім алмасу. Ұйым Назарбаев университетінде жұмыс істейтін жас ғалымдардың қолдауымен ашылған. 


Алишер Дунгенин: «Болашақ» стипендиаттары қауымдастығының атқарушы директоры.


Мақпал Жұмабай: «Qazaqstan» ұлттық арнасы басқарма төрағасының орынбасары. Сондай-ақ, ол - композитор, ақын әрі Jangyryq, Jauhar LIVE сияқты қазақша музыканы насихаттайтын заманауи жобалардың авторы.  

Валяева Мария: отандық OYLA ғылыми-көпшілік журналының шеф-редакторы. Журнал мектеп оқушыларына түрлі ғылыми терминді қарапайым тілмен түсіндіріп, ғылымды насихаттауға бағытталған. Ол Қазақстанмен қатар, Оңтүстік Корея, Үндістан, Франция, Ұлыбритания және АҚШ-та да шығады.   

Асылхан Төлепов: актер, «Жаужүрек мың бала» фильмінен соң кең танылған. Көптеген әртіс пен әнші сияқты ол да әлеуметтік медиада белсенді: Инстаграмда 800 мыңнан астам оқырманы бар. Асылхан 2016 жылы Алматы қаласы мәслихатының ең жас депутаты болып сайланған.  

Динара Наумова: «Life+» әлеуметтік жобасының негізін қалаушы. Динара туғанынан сал ауруына (дцп) шалдыққан, кейінгі жылдары осындай науқастардың мәселесін көтеріп келеді. Жобаның мақсаты – мүгедектігі бар балаларға арнап спорт-сауықтыру орталығын ұйымдастыру.  

Санжар Тайжан: инженер, «Warwick Boring» жобасының негізін қалаушы. Жәутіков атындағы физика-математика мектебінің түлегі. Ұлыбританияның Кэмбридж және Warwick университеттерінде білім алған.


Аят Сүгірбай: Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі және қоғам белсендісі. Сондай-ақ, ол жылдың басында Amanat партиясының Саяси кеңесі мүшесі атанған.   


Арман Хайруллин: «Атамекен Эко» қоғамдық қорының төрағасы және қоғам белсендісі. 2019 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген. Негізгі жұмыс бағыты – Атырау облысындағы және елдегі экологиялық мәселелермен айналысу, қоғам мен биліктің назарын аудару.  


Сонымен, жаңа құрамның қатарында көптеген білімді, еңбекқор әрі ел алдында жүрген азаматтар бар. Мемлекет белсенділер арқылы жастар өміріне оңтайлы әсер етпек пе, әлде өз үгіт-насихатын солардың қолдауымен жалғастырмақ па деген сауал туындайды. Қарин мырзаның парақшасындағы оқырман пікірі де бірнеше тарапқа  бөлінген. Кейбірі техникалық бағыттағы мамандардың жетіспейтінін жазса, кейбірі - «мықты құрам», ал тағы біреуі - бұл популизмге жақын деп пікір білдірген.    

 

Төраға шешімімен Кеңес отырыстарына ҮЕҰ өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар да шақырылуы мүмкін екен. Біз, ҚЖАҚ ұйымы, жылдар бойы жастар мәселесімен айналысып келеміз. Жастар саясатын талқылауға қатысып, ұсыныс жасауға әрдайым дайынбыз.

 

P.S Кеңестің өзге мүшелері жайлы материалдың орысша нұсқасынан оқи аласыз. 


Следите за нами в интернете