Елге құлақ асса егер, қанды қаңтар болмас па еді?

3 апреля 2022 г. Молодежь

Наурызда жастардан құралған Täuel[dı]sız  шығармашылық тобы  Алматыда «BETPERDE» заманауи өнер кешін өткізді. Кеште Қазақстандағы адам құқығы, сөз бостандығы, әйел теңдігі, экология, т.б. әлеуметтік  тақырыптар қозғалып, арт-перфоманс жасалды. Біз Täuel[dı]sız жобасының жетекшісі Руслан Жұбанышпен тілдестік.


Камила Мюллер 

Жастарға арт перформанс жасау идеясы қайдан келді?


Алматыда өткен заманауи өнер кеші аяқталған сәтте, аудитория өнерпаздарға ұзақ уақыт қол шапалақтап, алғыс білдірумен болды. Кешке үш жүзден астам адам жиналған еді. Концертті ұйымдастырған - жастар, көрермендердің көпшілігі де — жастар. Олар түрлі қойылым арқылы Қазақстандағы миллиондаған жастың үнін жеткізгендей болды. Музыкалық қойылымның бірінде «Елге құлақ асса егер, Қанды қаңтар болмас па еді?» деген өлең шумағы айтылды. Өнер кешінде қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттік тіл мәселесі де көтерілді. Ал әйел құқығы тақырыбы қозғалғанда, залдағы көрермендер көзге жас алды. 


Руслан Жұбаныш — Täuel[dı]sız  жобасының  бас продюсері, журналист. Оған бұл идея 2018 жылы келген. Руслан мектепте оқып жүргенде әдебиетті жақсы көрген, поэзия оқуларына жиі қатысқан. Өлеңге қызығушылығы студент кезде де жалғасты. Оның айтуынша, журналистика факультетінде оқығандықтан, университет әкімшілігі поэзия кештеріне жиі апаратын. Дегенмен бұл кештер Русланның көңілінен шыға бермейтін. 


«Шыны керек, сол кештерде отырып ішім пысатын. Поэзия десе көп адамға келетін ой — сахнаға бір оқырман шығады, өлең оқиды, иіліп рақметін айтады да кетеді. Поэзия десе көп адам Отан, ана, жер, махаббат, күйем-сүйем сияқты тақырыптарды ойлайды»  дейді Руслан. Ол осыларды 3-курста жүргенінде жиі байқаған. Қазақ әдебиеті, соның ішінде қазақ поэзиясының әлеуеті кең екенін, интеллектуал поэзияның түрлі тақырыпты, ғаламдық тақырыптарды көтере алатынын біліп жүргенін айтады. Руслан поэзия арқылы қоғамдағы мәселелерді көтеріп, интеллектуал поэзияны дамытуды, поэзияны шоуға айналдырып, аудиториясын арттыруды қалайтын.


«2019 жылы, 4-курста группаластарым мен достарыма поэзия кешін өткізейік деп ұсыныс жасадым. Алғашқы кешімізді 2019 жылы Астанадағы жастар театрында қойдық. Біз ол кезде жаспыз, кішкентаймыз. Еш қаржылай ресурс болмады». Руслан мен оның достары Астана Жастар театрының әкімшілігіне кеш қойғысы келетінін айтқан. Ол кезде мамыр айы болатын, ал көктемде театрға көрермен аз келеді екен. Театр әкімшілігі қойылым билеттерін сатуға көмектессе, залды бір күнге тегін беретінін айтып, ұсыныс жасайды. Сөйтіп 8 адамнан құралған Русланның командасы 300 билет сатып, театр залын тегін алған.


Руслан Жұбаныш, täuel[dı]sız жобасының бас продюсері


2019 жылғы саяси жағдайлардың шығармашыл топқа әсері


«Алғашқы концерт бізге ерекше болды. Одан бөлек, бұл концерт саяси тақырыптарды қозғаған еді. Сол жылы Елбасы Назарбаев отставкаға кетті. Оның орнына уақытша Тоқаев тағайындалды, одан бөлек, Астананың атауы ресми түрде ауысты. Осының бәрі бізгеде қатты әсер етті», — дейді Руслан. Дегенмен бұл идеяның жоғарыдағы саяси процестерден бұрынырақ туғанын айтады. «Көбі “бұл — саяси үдерістерге қатысты туған” деп шатасуы мүмкін. Алайда ол идея 2018 жылы пысықтала бастаған, 2019 жылы елде болып жатқан саяси ахуалмен тұспа-тұс келді де, өз жемісін берді». 

Русланның командасы ол кезде шынымен де саяси тақырыптарға көп көңіл бөлген: «Біз Астана тақырыбын көтердік. Көбі біле бермейді, ізденіп қарайтын болсақ, елде, әлемде болып жатқан жайттарға қалам тербейтін ақындар мен шығармашылық өкілдері өте көп. Сол кезде Саян Есжан дейтін ақынның:

«Кеше кім ем, бүгін енді кім болдым, 

Баспанасыз босып жүрген кезімде

Астанасыз қаларымды білген кім?» деген тармақтары бар, өлең арқылы Астана мәселесін көтергенбіз»  дейді ол. 


Шығармашылық кеш өткізудің қызығы мен қиындығы 


Täuel[dı]sız жобасы энтузиаст жастардың қалауымен басталды. Руслан алғашқы поэзия кешін ұйымдастырудағы кемшіліктерді күле еске алады: «Ең қызығы, ол кезде билетті сатылымға қою туралы, жобаның коммерциялануы туралы ой басымызға мүлде кіріп шықпаған. Билет тегін болды. Жастық максимализм соншалықты — концертке анонсты бір күн қалғанда жасаған болатынбыз. Яғни бүгін афишаны жариялап, келесі күні концерт бердік. Қазір еске алып, күліп отыратын қызық оқиғалар болған. Бірақ сол концертке, қателеспесем, жүзге жуық адам келді. Өзіміз қуанып, жақсы көңіл күйде болғанбыз». 


2020 жылы жастар екінші концертін бермек болған, бірақ пандемия салдарынан бұл ой жүзеге аспаған. Бірақ бөгеттерге қарамастан Täuel[dı]sız командасы  2021 жылы қайта жиналып,  маусым айында Астанада екінші концертін өткізген.


«Ол кезде алғаш рет билет сатылымын жасадық. Өімізге сенімсіз болдық. Көрермен қалай қабылдар екен, билеттер ала ма, жоқ па деп күмәндандық. Бірақ үмітіміз ақталды.  Карантин шаралары болғандықтан, конгресс холлға 300-ге жуық орынға рұқсат берілді. Екінші концертімізде 300 адамды қамтып, билет сата алдық. Содан біздің сенімділігіміз арта түсті».


Астанадағы кеш көрерменнің көңілінен шыққандықтан, жастар осы кешті Алматыда өткізгісі келген.  Мұндай тәуелсіз жобаға қолбайлау нәрсе — қаржы көзі болғандықтан, Руслан қаржы іздей бастаған. Олар «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген Қазақстан тәуелсіздігіне арналған мемлекеттік грант конкурсына назар аударады. Конкурста мәдениет бағыты бар екен көріп, бұл бағытқа 100% сәйкес келіп тұрғанын байқап, жастар  қыркүйек айында грантқа өтініш жасаған. Қараша айында гранттың нәтижесі шығып, Täuel[dı]sız жобасы жеңімпаздар қатарында екені белгілі болды. Осылайша  Алматыға баруға мүмкіндік алған.


Алматыдағы 6 наурыз күнгі қойылым осы гранттың қаржылануымен өтті. Бұдан бөлек, маусым айында Астанада өтетін кешке де қаржылай қолдау берілген. «Жобаның басты қаржы көзі осы грант болып отыр. Оған дейін ешқандай демеушіміз болмаған. Шығындарды өзіміз өтеген кездер болды. Бұл гранттың негізігі талабын орындап болғаннан соң, алдағы уақытта тұрақты инвестор іздеу, қаржы көзін табу жоспарымызда бар», — дейді Руслан. 


«Студент кезімде Zhascamp және Адам құқықтары мектебіне қатыстым» 

Астана мен Алматыда өткен кештерде адам құқықтары тақырыбы көтерілді. «Өзім студент кезімде ҚЖАҚ  ұйымының ZhasCamp және Адам құқықтары мектебіне қатыстым. Адам құқығы, сөз бостандығы біздің алғашқы екі концертімізде сөз болғаны рас. Елімізде, әлемде болып жатқан адам құқығы, сөз бостандығына қатысты мәселелер бізді алаңдатады, бұлар қай елде де өзекті деп ойлаймын»,  дейді Руслан.

 

Дегенмен ол көрерменнің оларды тек саяси тақырыпты қаузайтын шығармашылық топ ретінде қабылдамауын қалайды. Алдағы уақытта Астанада болатын кеште олар  мүлде басқа тақырыпты қозғамақ екен.  Руслан Жұбаныш шығармашыл топтың мейілінше түрлі ракурста көрінгісі келетінін айтады. 


«Біздің көтеретін тақырыптарымыз — алуан түрлі, ауқымды, өзекті, тіпті қажет болса, футуристік болғанын қалаймыз. Өз ішкі мақсат-мүддеміз бар. Жобаның басы-қасында жүргендердің көбі журналист болғандықтан шығар, адам құқығы, сөз бостандығы сияқты мәселелер бізді ерекше алаңдатады. Бірақ жобаның аясы кең». 


Täuel[dı]sız  шығармашылық тобы үш жылдың ішінде үш концерт қойып, жобаның концепциясын да, идеясын да бір қалыпқа түсірген. Әр концерт сайын кәсіби тұрғыда өсіп, жобаның сапасы артып келеді.  Қазір әлеуметтік желелірдің заманы болғандықтан, әлеуметтік медиа арқылы көп аудиторияны қамтуға тырысып жатырғанын айтады.  


«Тәуелсіз ойлай алатын, тәуелсіз әрекет ете алатын жастардың саясатқа араласқанын қалар едім»

Русланның ойынша, Парламенттегі жастар квотасы — көп жағдайда, көз бояушылық. «Парламентте біз білетін жасы 25-тен сәл асқан бір ғана депутат отыр.  Жастар саясатына белсене араласқысы келетін жастарға міндетті түрде мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Жаңа Қазақстанды құрайық деп айтылып жатыр, бұлар іс жүзінде жүзеге асса деген үмітіміз бар. Былтыр бірнеше партия тіркелгісі келді. Бірақ әділет министрлігі түрлі сылтаулармен оларды тіркеген жоқ. Алдағы уақытта, алдағы сайлауда бұлар өз шешімін табады деп үміттемін», — дейді Руслан. 


Оның байқауынша, партия құрып, саяси процестерге араласқысы келетін жастар елімізде өте көп. «Президент жанындағы кадрлық резерв бар. Ол жерге көбіне адам өз қабілетінің арқасында емес, жүйеге берілгенінің арқасында қабылданатындай көрінеді. Тәуелсіз ойлай алатын, тәуелсіз әрекет ете алатын жастардың саясатқа араласқанын қалар едім».


Täuel[dı]sız  шығармашылық тобы «қоғамға жеткізгіміз келетін мессейжді кешімізде өнер арқылы беруге тырысамыз» дейді. Олар ешкімге мораль оқығысы келмейді. Жай ғана ой салғысы келетінін айтады. «Біз өнерді жасаймыз, өнерді тудырамыз, өнерді береміз. Ал оны қабылдау, түсіну, сезіну, түйсіну көрерменнің еншісіндегі нәрсе. Біз үнемі соңғы шешімді көрерменге қалдырамыз. Әдебиет пен мәдениетті насихаттағымыз келеді. Олар болмаса, әлемде сыңғырлаған тиын мен қару-жарақтың дыбысы ғана қалады. Ал біз әдебиет пен мәдениетке бай елміз, оны міндетті түрде көре білу керек, көрерменге жеткізіп, таныта білу керек», дейді Руслан.

Ол жастарға жалғыз ғана тілегі барын жеткізді: «Жастар батыл болса екен деймін. Батыл болу, ол  бақытты болу екеніне көзім жетті». 

Следите за нами в интернете