Феминизм деген не? Әйелдер не қалайды? Елімізде «феминист» термині не үшін негатив реңкте қабылданады? Бұл тақырыпта жиі туатын осындай сұрақтарды жинап, СДУ оқытушысы әрі феминист Әйгерім Құсайынқызына қойдық.
Аида Зейін
«Феминизм — әйел еркекке басшы» деген сөз бе?
Бұл — қате түсінік. Феминизмді талқыламас
бұрын оның тарихын, ұғымдарын ескеріп, философиялық-ғылыми тұрғадан қарастыру
керек. Бұл бүгінгі популистердің, феминистердің не саясаткерлердің ойлап тапқан
ағымы емес, ол — ғылым ретінде қалыптасқан жаңа толқын.
Қарапайым сөзбен айтсақ феминизм деген екі
жыныс, яғни ер мен әйел арасындағы тең мүмкіндіктер деуге болады. Жалпы, кез
келген мемлекетте феминизмнің тарихы, даму жолы бар. Сондықтан Америка мен
Кореядағы феминизм тарихын, Қазақстан мен Өзбекстандағы феминизмнің дамуын
салыстыра алмаймыз. Себебі әр елдің өзіне тән ерекшеліктері болғандықтан әр
жерде феминизмнің даму тарихы да өзгеше.
Бұл ұғым «әйел еркекке басшы» дегенді
білдірмейді. Меніңше, «басшы» деген сөз, бүгінде қолданылмауы керек. Қарапайым
құқықтық жағынан қарастырсақ ешкім ешкімге басшы емес. Әркім өз өміріне
жауапты. Басшының болуы иерархияны қалыптастырады. Ал әлеуметтік социология
жағынан иерархия қазіргі қоғамның дамуына тән емес. Себебі XXI ғасырда құқықтар
мен мүмкіндіктер бәрінде тең.
Сондықтан әлемдегі де, Қазақстандағы да
феминист қыздардың мақсаты еркектерге басшы болу емес, еркектерге қандай
мүмкіндік берілсе, әйелдерге де сондай мүмкіндік беру. Жалпы, феминизмнің
түбірі — осы.
Әрине, оның да басқа көзқарастардағыдай
либерал, класскалық, радикал сияқты әртүрлі ағымы болғандықтан әрқайсының
өзіндік ерекшеліктері бар. Бірақ феминизмнің түпкі мақсаты теңдік, әділдік
екенін ұмытпаған абзал.
Әйел еркектен бір сатыға төмен болуы
керек емес пе?
Бұл түсінік діннен келді деп ойлаймын. Ал
дін тұрғысынан қарайтын болсақ, ислам, будда, иудаизм, христиан және басқа да
көптеген дінде әйел еркектің қабырғасынан жаралған, ол еркектің ұрпағын
жалғастыру үшін өмір сүреді, ол мына дүниеде еркекке ләззат беру үшін жүр деген
түсінік бар. Бірақ дінді толықтай ұғынбай, сезінбей тұрып, оның бір бөлігін
ғана пайдалану дұрыс емес. Әрбір ұғымның терең мағынасын түсініп алған жөн.
Діннің бір жерін ғана бөліп, пайдаланудың
кесапаты теология саласында болсын, басқа салада болсын ізін қалдырды. Әсіресе,
тарихы, мәдениеті мен діні тығыз байланысқан елдер оның салдарын әлі күнге
дейін көріп жатыр. Біздің елде бұл әйелдерді бір сатыға төмендету үшін
қолданылып жүргендей.
Бір саты төмен деген сөз жоғарыда айтқан иерархияға қайтып алып келеді. Ал салауатты отбасы құру үшін ер мен әйелдің өзара келісімі мен гармония маңызды. Ондай ортаны қалыптастыру үшін екі жақ тең әрі әділ болуы қажет. Себебі отбасы — екі адамның құратын кішкентай мемлекеті. Ал мемлекеттің дамуы мен гүлденуі ондағы адамдардың мүмкіндіктері мен бостандығына тікелей байланысты.
Қоғамдық-әлеуметтік жағынан да әйел
еркектен бір саты төмен болмауы керек. Бұл біздің Конституцияның 14-бабында
жазылған. Кез келген азаматты оның жасына, жынысына, ұлтына, шығу тегі сияқты
барлық категория бойынша төмендете алмаймыз. Әйелді бір сатыға төмендету оны
кемсітумен тең.
Дүниеге қыз болып келгендіктен ғана әйел
адам ер адамнан төмен болмауы керек. Әрине, бір сатыға төмен деген, өкінішке
қарай, біздің қоғамда, қазақы тәрбиеде, тарихымызда, мәдениетте, дәстүрде бар.
Тіпті, ауыз әдебиетінде де мақал көп. Қазақстанның көп отбасында ұл баланың
дүниеге келуін асыға күтудің өзі де қызды бір саты төмендетеді. Бұл — сіз
адамды бағалағанда оның таңдамаған жынысына қарап бағалайсыз деген сөз. Адамды
қыз болғандықтан төмендету меритократияның барлық принципіне, демократияға,
азаматтық қоғам қағидаларына қайшы.
Әйел еркекке қағанда әлсіз ғой, олар
қалайша тең бола алады?
«Нәзік жанды», «нәзік жыныс» дегенді
қоғамда жиі естиміз. Бұл — адамзаттың қалыптасу тарихынан бүгінге дейін жеткен
стеретиптердің бірі. Иә, әйел мен ер биологиялық тұрғыдан мүлде өзгеше. Оларлың
ойлау қабілеттері, кинезиологиясы, метобалистік жүйесі — бәрі-бәрі
өзгешеленеді. Әрине, әйелдің физиологиялық, биологиялық тұрғыдан әлсіз болуы
факт. Біз оған қарсы шықпаймыз. Бірақ еркектің күштірек болуы оның әйелге
үстемдік жасауына ешқандай құқық бермейді.
Эмоционалдық, интеллектуалдық,
психологиялық жағынан әйелдер ерекектерден әлсіз осал емес. Мұны зерттеп,
дәлелдеген ғылыми еңбек көп.
Эмоционалдық тұрғыдан ерлерді алда деп те
айта алмаймыз. Себебі жастайынан берілетін тәрбие адамның эмоционалдық жағынан
қалыптасуына әсер етеді. Ал біздің қоғам ұлдарға да, қыздарға да кішкентайынан
қысым жасайтыны белгілі. Мысалы, ұлды «Жылама, сен еркек емессің бе, қызсың ба?»
деп өсіреміз. Қыздарға “Ол еркектердің шаруасы, сен араласпа” деп тәрбиелейміз.
Әрине, мұндай сөзді естіп өскен бала патриархал қоғамды жалғастыруға ұмтылады.
Себебі ұл бала эмиоциясын жұтуды, ал қыз бала әлсіз болуды бойына
сіңірген.
Бүгінде біз қазір гір көтеруден емес,
күресуден емес, ителлектуалдық тұрғадан бағаланамыз. Сондықтан адамды
физиологиялық тұрғыдан бағалау мүлде дұрыс емес.
Еркек әрдайым алда болуы керек деген
ғасырлар бойы бізге ата-бабамыздан келген ұғым ғой? Біз неге оны өзгертуіміз
керек?
Бұл — консерватив, патриархал көзқарастағы
адамдардың жиі қоятын сұрағы. Біз феминизм туралы айтқанда ата-бабамызды
ұмытуымыз керек деп жаңа түсінікті алға тартпаймыз. Дәстүрдің озығы бар, тозығы
бар.
XXI ғасырда тарихшылардың ең жиі қоятын
сұрақтары — «Біз кімбіз? Қайда бара жатырмыз? Қалай дамимыз?». Бұл сұрақтарға
кез келген ғылым саласында жүрген азамат жауап беруге тырсады. Ал өткенді
білмей, болашақты болжау қиын. Болашақты болжаған кезде ата-бабаның бүкіл
дәстүрін жоққа шығармаймыз ғой. Бірақ оның бәрі бүгінгі күнге сай деп айта
алмаймын.
Қазақстан қабылдаған барлық адамзаттық
құндылықтарға, немесе құқықтық жүйелерге қайшы шығатын «қыз алып қашу» сияқты
дәстүрлер бар. Олардын бас тартуға тура келеді. Себебі олар еліміздің кво
статусына қайшы.
Егер барлығы дәстүрге тірелетін болса, онда
қайтадан киіз үйге барайық, ұлттық киім киейік, көліктің орнына жылқыға
отырайық. Бұл дәстүрлердің сақталмауына заманның өзгеруі әсер етті. Ұзын киім
кию қазіргі заманда қолайсыз, киіз үйде тұру ескілік сияқты көрінеді. Себебі
біз қарқынды дамып жатырған дүниеде өмір сүріп, алға басқан елдерге ілесіп,
заманның талабына сай өзгеріп келеміз. Дәстүрлер де өзгереді немесе мәнін
жоғалтады.
Бүгінде қыз алып қашуды заңды түрде «адам
ұрлау» деп бекіттік. Кейбір адам бұл қылмысты әлі дәстүр деп қабылдайды. Бірақ
оны ыңғайлы кезде қолданып, қолайсыз кезде оған көз жұма салу дәстүр емес, бұл —
екіжүзділік.
Онда неге барлық әйел феминист болып
кетпейді?
Әр адамның таңдау құқығы бар. «Мансап емес,
отбасын таңдаймын. Үйде отырып, балаға қараймын» деу де — таңдау. Оған бір
феминист келіп, «Жоқ, сен жұмыс істе, еркекті тыңдама» деп айтпайды. Хақы
жоқ.
Өкінішке қарай, қоғамда феминизмге деген
негатив реңк байқалады. «Феминистер деген еркектерді жау көретін, барлық қызды
жұмыс істеуге, отбасын құрмауға үндейтін өте агрессив әйелдер» деген түсінік
бар. Әрине ондай ой қалыптастыруға әсер еткен радикал феминизм ағымы бар, бірақ
негізгі феминизмнің түбірі ол емес. Сіз феминизмді ғылымның даму сатысында
қалыптасқан теориялық түсінік ретінде қабылдасаңыз, сауатыңызды ашатын
болсаңыз, феминизмнің құндықтары мен қолдауының да әртүрлі болатынын
көресіз.
Ана болуды, үйде отыруды жөн санасаңыз, мен
сіздің әрекетіңізді сынап, бағалай алмаймын. Себебі мен сіздің таңдауды
сыйлаймын. Ал егер құқығыңыздың бұзылып жатқанын көрсем, феминист ретінде оны
сізге айтамын.
«Жоқ, неге жалақыңызды басқа біреуге беріп
қоясыз? Жалақыңыз — экономикалық құқығыңыз. Неге сіздің ақшаны басқа біреу
есептейді? Оны тартып алу — экономикалық қысым көрсету», — деп айтуды дұрыс
санаймын. Себебі қоғамның қысымын көріп өскен қыздар құқығының бұзылып жатқанын
байқамауы не білмеуі мүмкін. Сондықтан феминист ретінде таңдаудан шектеліп
жатқан адамға құқығын айтуды жөн көремін. Бірақ саналы түрде жасалған таңдауға
қарсы шығу, оны теріс түрде бағалау, біреудің жеке өміріне кірісу феминизм
емес. Осыны түсіну керек.
Феминистердің арманы — әлдмдегі барлық
қызды феминист қылу емес, еркектер мен әйелдердің құқығын, мүмкіндігін тең
қылу.
Заң бойынша Қазақстанда бәрі тең ғой,
онда феминистер не үшін күресіп жүр?
Заңда «де-юре», «де-факто» деген екітүрлі
ұғым бар. Бірі заң бойынша, екіншісі іс бойынша деген сөз. Өкінішке қарай,
әлемде 100 % жұмыс істейтін заң немесе қандай да бір құқықбұзушылық болмайтын
мемлекет жоқ. Ол болуы мүмкін де емес, утопия секілді. Себебі екі адам бар
жерде міндетті түрде бір конфликт пайда болады.
Қазақстан Распубликасы әйелдердің
мүмкіндіктеріне, еркек пен әйелдің құқықтарына байланысты бірнеше халықаралық
құжатқа қол қойды. Онда еліміз әйелдер дискриминацияға ұшырамайды, бір сатыға
төмендетілмейді деген. Бірақ өкінішке қарай, бізде ғана емес, бүкіл әлемде
әйелдің құқықығын бұзу немесе заңды орындамау фактісі жиі тіркеледі.
Заң бар деген сөз сіздің қандай да бір
әрекетіңіз үшін жауапкершіліктің қарастырылғанын білдіреді. Бірақ ол толықтай
орындалатынына кепіл жоқ. Мысалы, мен Қазақстанда әйелдердің құқықғы
қорғалмаған деп нақты айта аламын.
Себебі елімізде заңды жазатын азаматтардың 90%-ы еркектер. Олар елімізді патриархал қоғам ретінде қалыптасуын көздейтіндіктен әйелдің құқығын қорғаудың мәнін де түсінбеуі мүмкін.
Биліктегі әйел мен еркек қатынасы 50/50
болмайынша теңдікке қол жеткізу қиындайды. Мұндай проблема бізде ғана емес,
басқа да мемлекеттерде бар.
Ресейде тұрмыстық зорлық-зомбылық
декриминализацияланды. Яғни еркек әйелін ұрса, оған мемлекет араласпайды, ол
тұрмыстық жағдай деп қаралады. Құрбан болған әйелдің үстінде ауыр жарақат
қалғанда немесе ол бәріне жар салғанда ғана құқық қорғау органдары қозғалады.
Бұл — өте үлкен проблема.
Қазақстанда да жағдай мәз емес. Себебі БҰҰ
деректеріне сәйкес, елімізде жылына 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық құрбаны
болады. Бұл тек ресми деректер ғана. Ал шағымданбай, шыдап, өз құқығын білмей
жүрген әйел қаншама.
Осындай жағдайда әйелді заң, мемлекет,
қорғауы керек. Кейін оның отбасы, достары мен көршілері де қолдауы керек.
Өкінішке қарай, бізде құрбан болған әйелден мемлекет түгілі туысқандары мен
отбасы кінә іздеп, виктимблейминг жасайды. Туған анасы да жапа шеккен қызды
қорғамай «Шыда, балаларыңды ойла» деген пікірлер айтып жататын кез болады. Ал
өзіне, денсаулығына жарақат келтірген адаммен достасып, шадаудың қаншалықты
қиын әрі ауыр екенін түсіне алмаймыз. Осындай аса қатал бағалайтын пікірлердің
кесірінен бақытсыз отбасы қоғамда аз емес.
Декретке шыққанда жұмыстан шығарып жіберу
сияқты еңбек қатынастарын бұзу деректері де ерлерге қарағанда әйелдердің
арасында сандық әрі сапалық жағынан өте жиі кездеседі. Сол үшін де Қазақстан
барлық заңға қол қойғанымен іс жүзінде ол орындалып жатыр дегенге
сенбеймін.
Қазақстанда әйелдердің қандай құқығы
тапталып жатыр?
Тұрмыстық зорлық-зомбылық психологиялық,
әлеуметтік, сексуалдық және экономикалық болады. Яғни оған тек жарақат емес,
қорлау, тіл тигізу, кемсіту, жалақыны тартып алу сияқты фактілер де жатады.
Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық құқық
жиі бұзылады. Мысалы, еліміздегі ер мен әйелдің жалақысындағы алшақтық индексі
33%. Интеллект жағынан, қызметі мен жұмыс мөлшері жағынан ер мен әйелде бәрі
бірдей, бірақ алатын айлық екітүрлі. Әділетсіздік, құқықты таптау деген осы
емес пе?
Әйелдер қоғамның қысымынан мектеп жасынан
бастап техникалық емес, гуманитарлық мамандықты таңдауға бейім. Сондықтан қазір
бізде мұғалім мен дәрігерлердің басым бөлігі әйелдер. Мұны, бүгінде
пандемиямен күресіп жатқан дәрігерлердің 80 %-ы әйелдер болғаннан да көреміз.
Өмірін қатерге тігіп, жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің құқығы қандай? Қоғам
үшін алаңсыз қызмет атқаруға барлық жағдай жасалған ба? Әрине, жоқ. Бұл да —
құқықты таптау.
Қысқа киім киген қызды сынау — құқықты
таптау. Әйелдің киім киюде, мансап құруда, отбасын құруда жасаған таңдауын
құрметтемеу — құқықты таптау.
Әйел құқығының бұзылып жатырғанын көру үшін
кітапханадан, интернеттен ақпарат іздеудің қажеті жоқ. Мұндай жағдай
қасыңыздағы көршіңізде, жаныңыздағы достарыңызда, туысыңызда да болуы мүмкін.
Айналаға қарап, зер салған абзал.
Әйел құқығын қорғау үшін мен не істей
аламын? Қоғам не істеуі керек? Феминистер не істеп жатыр?
Феминист не қоғам белсендісі болмасаңыз
әйелдердің құқығын қорғайтын азаматтарға қарсы шықпауға, қайта оларды қолдауға
кеңес беремін. Елімізде әйел құқығын қорғап жүрген заңгерлер, «НеМолчи», «Свет»
деген сияқты көптеген азаматтық мемлекеттік емес ұйымдарды сынамау, тіл
тигізбеу керек. Салауатты қоғам құру үшін жұмыс істеп жүргендерге кедергі
болмаңыз. Ең минималды түрде адам осылай көмектесе алады.
Мысалы, былтыр Қазақстанда феминистердің
шеруі болған. Әйелдер алаңға шықты. Құқық бостандығын, теңдікті, әділетті
қалайтынын айтты. Олардың қатарында болмасаңыз да оларға тіл тигізбей,
таңдауына құрмет көрсетуді де қолдау деп санаймын.
Қоғамның жақсара түсуіне, феминизмнің
дамуына үлес қосқыңыз келсе, ең бірінші айтатыным: Конституцияны қайтадан оқып
шығыңыз. Ол 98 бапты жинаған кішкентай кітапша болғанымен сананы саңсаққа
жіберетін, 98 емес, 980 cұраққа жауап беретін құжат деп ойлаймын. Санаңызды
ашып, «Неге? Неге былай? Қалайша? Неліктен?» деген сұрақтарды қоя отырып,
оқысаңыз көп дүниеге көзіңіз ашылады. Қазақстандағы қандай құқықбұзушылықтарлың
болып жатқанын, белсенділердің неге алаңға шығып жүргенін түсінесіз, сыни
көзқарасыңыз қалыптасады деп ойлаймын. Сондықтан әлемді өзгертуді өзіңіздің
санаңыз бен ортаңызды өзгеруден бастаңыз.
Сонда ғана құқық бұзылмайтын, тең, әділ әрі салауатты қоғам қалыптасады деп үміттенемін.