Фейк ақпарат: Әлеуметтік желідегі деректі қалай тексереміз

5 ноября 2020 г. Общество

Бүгінде фейк жаңалық, жалған ақпарат сынды терминдерді жиі кездестіреміз. Әсіресе сын жағдайда, табиғи апат, соғыс немесе пандемия кезінде интернетте ақпарат ағыны көбейеді.  

Біз Factcheck.kz сайтының журналисі Жансерік Тілеуханнан фейк ақпарат пен жалған ақпараттың айырмашылығын және әлеуметтік желідегі ақпаратты қалай тексеруге болатынын сұрадық. 

Ақерке Ораз

Фейк ақпарат пен Жалған ақпараттың айырмашылығы

Әлеуметтік желідегі ақпаратты тексерместен бұрын жалған мен фейк дегеннің ара-жігін анықтап алуымыз керек. Көбіне адамдар бұл екеуін шатастырып, фейк пен жалғанды бір нәрсе деп ойлайды. Жалған ақпаратта ешқандай эмоция, асыра сілтеушілік немесе драмматизация жоқ. Мұндай ақпаратта абайсызда қате кетуі мүмкін. Оны оқыған кезде жалған екенін байқамайсыз. 

Ал фейк ақпаратты анықтау оңай. Тақырыбы “мені оқышы” дегендей, өзіне тартып тұрады. Оны байқамау мүмкін емес. Фейк ақпаратта өзіне тән кілт сөздер бар. Көбіне бұл кликбейт тақырыптар, яғни “жаға ұстатты” деген сияқты сөздер болады. 

Сонымен қатар деректерді бұрмалаудан туатын манипуляция ақпарат бар. Бұрмаланған мәліметті анықтау қиындық туғызады. Себебі фейк пен жалған ақпаратқа қарағанда манипуляция көбіне статистикамен ойнайды. 

Ақпарат тексеруде алғашқы қадам

Ақпараттың рас не жалған екенін тексеру үшін университетте оқудың, арнайы курстарға барудың қажеті жоқ. Радиодан, теледидардан, интернеттен ақпарат немесе кішігірім заметка оқыдыңыз делік. Оны тексеру сұрақ қоюдан басталады. “Бұл мәліметтің дереккөзі қайда, қай ресурсқа сілтеме беріп отыр?” деген сұрақ пайда болуы керек. Ақпаратта көрсетілген сілтемені басып, оның дереккөзін көруге болады. 

Мәлімет Қазақстандағы елеулі оқиғаларға байланысты болса, ресми агенттіктердің сайтына кіріп, деректің рас-өтірігін тексересіз. Әлемдік статистиканы дүниежүзілік ұйымдардың ақпараттық порталдарынан табуға болады. Тексеру қарапайым қимылдаудан басталады. Қазірде қолыңыздағы смартфонмен де бәрін тексеріп алатын жағдай бар. Мысалы, коронавирус пандемиясы кезінде ақпарат ағыны толассыз боп кетті. Оның ішінде шыны да, жалғаны да кезігуі мүмкін. Мұндай кезде ақпаратқа күмән келтірсеңіз, оны Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сайтына кіріп, тексере аласыз. Бұл ұйым әлемде 1948 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ауру мен сырқау статистикасы, медицина саласындағы соңғы жаңалықтар, денсаулық сақтау мәселелері мен бағдарламаларының бәрі осы сайтта жарияланады. Сондықтан деректеріңізді растау үшін бұл ұйымның мәліметін үнемі бақылап отырған жөн. Осы сияқты басқа да салаларда ресми ұйымдар бар, тек интернетті ақтарып көрсеңіз болғаны. 

Тексеруге арналған құралдар

Коронавирус пандемиясы, Сардоба су қоймасындағы оқиға немесе былтыр Арыстағы жарылыс сияқты жалпы республикалық деңгейдегі дағдарыстық оқиғалар кезінде әлеуметтік желіде, әсіресе WhatsApp арқылы жалған мәліметтер ағыны тарады. Өйткені төтенше жағдай болғанда халық ақпаратқа ерекше мұқтаж болады. Мемлекеттің, ресми сайттардың берген деректеріне қанағаттанбайды. Оның үстіне ресми органдардың мәліметтеріне халық көбіне сенбей жатады. Сол себепті адамдар бір-біріне ақпарат тарата бастайды. 

Мұндай кезде әлеуметтік желіден келген фотодан күдіктенсеңіздер Google Image Search немесе Yandex Image Search іздеу жүйелерінің көмегімен суреттің түпнұсқа екенін тексеруге болады. Ол үшін суретті осы іздеу жүйелеріне жүктеп, күмән тудырған суретке байланысты қандай мақала, ақпарат шыққанын немесе оның қандай сайтта жарияланғанын таба аласыз.  Google Image Search сіз іздеген суретке ұқсайтынын тауып, оларды көлеміне және жарияланған уақытына қарай сұрыптауға мүмкіндік береді. 

Естеріңізде болса, карантин кезінде белгісіз сұйықтық шашып жүрген ұшақтың суреті желіде тарады. Суретпен бірге “Кеше түнде осы ұшақ у шашып жүрді. Оны көбіңіз байқамай қалдыңыздар” деген мәтін болған. Бұл ақпаратқа күмәнданып, суретті тексеру үшін жоғарыда айтқан Google Image Search іздеу жүйесіне салдық. Нәтижесінде бұл суреттің 2016 жылы АҚШ сайттарының бірінде жарияланғаны белгілі болды. 

Ағылшын немесе басқа да тілдерден аударылған видеолар көбіне орысша дыбысталады. Оны қазақшалағысы келген қазақ ақпарат агенттіктері қате аударып, шындыққа сай емес ақпарат таратқан кездер болған. Сондықтан YouTube-та видео көрсеңіз, түпнұсқасын тауып, субтитр деген функцияны қосып қарағаныңыз жөн. Не айтылып жатқанын Google Translate немесе Yandex Translate-тің көмегімен  аударып, тексеріп тұрғаныңыз жақсы. Өзіңізді жалған ақпараттың құрбаны болудан сақтайсыз.  

Пандемия кезінде чиптеуге байланысты орысша видеоны көрген боларсыз? Онда “Шығыс Қазақстанда балаларды жаппай чиптегелі жатыр, соған байланысты Америка Құрама Штаттары 3 миллиард доллар бөліпті” деген ақпарат берілген. Тексере келе видеода мүлде басқа нәрсенің айтылып жақанына көз жеткіздік. Түпнұсқа мен аударманың сәйкес келмеуі осындай фейк ақпарат тудырды. 

Сонымен қатар Youtube Data Viewer құралын пайдалансаңыз болады. Ол видеодағы жекелеген кадрларды алып, Google Image Search жүйесінде іздейді. Сөйтіп видеоның интернетке салынған күнін анықтауға көмектеседі. 

Видеоның түпнұсқа екенін тексеретін InVid деген қосымша бар. Ол — Google Chrom-ға арналған бағдарлама. Тексергіңіз келген видеоны InVid-ке жүктесеңіз, оның ең алғаш рет қайда жарияланғанын тауып аласыз. Бағдарлама видеоны кадрларға автоматты түрде бөліп береді. Осылайша бейнероликті әрбір кадры бойынша іздесеңіз болады. 

Мәтінге қарағанда аудио, видео немесе фотоның түпнұсқасын табу қиынырақ

Бір желі қолданушысы аудио арқылы белгілі бір ақпарат таратып, елді дүрліктірсе, оны кім таратып жатқанын, қанша адам тыңдағанын, оның салдарын анықтау қиын. 

Әлеуметтік желіде бір адам — бір ақпарат көзі. Сондықтан оны ешкім тексеріп, сүзгіден өткізіп, қарап отырмайды. Әсіресе WhatsApp арқылы ақпарат тарату өте оңай. Әдетте WhatsApp-тағы ақпарат танысыңыздан, досыңыздан немесе туысқаныңыздан келеді. Сондықтан оған сеніп қалу ықтималдығы жоғарлайды.

Ақпараттың авторын тексеру

Ақпараттың қандай арнада, кім жариялағаны да маңызды. Ол үшін ақпаратты таратқан автордың профайлына кіріп анализ жасауға болады:

Оның аватарында қандай сурет тұр? 

Аккаунттың белсенділігі қай деңгейде? 

Пайдаланушы көбіне қандай тақырыпта ақпарат жариялайды?

Ақпаратты тексеруге шамамен 1-2 минуттан 30 күнге дейін уақыт кетеді. Бір ақпараттан күмәндансаңыз оны ресми органның сайтына кіріп сәйкестендіресіз. 1-2  минут уақыт кетеді. Алайда тексергіңіз келген мәліметті ресми дереккөздерден таппайтын кездер болады. Мұндай жағдайда ресми органға сауал жіберуге тура келеді. Олар сауалыңызға 15 күннің ішінде жауап беруге міндетті.

Factcheck.org сайтынан кеңес:

Ақпараттың дереккөзін тексеріңіз. 

Тақырыпты ғана оқып қоймаңыз. Жаңалықтың тақырыбы сізді тағқалдырса, оны келесі адамға таратуға асықпаңыз. Алдымен мақаланы толығымен оқып шығыңыз. Тіпті, сенімді   жаңалықтарда да тақырып мақаланы ашпайды. 

Сілтемелерді тексеріңіз. Көбіне фейк ақпаратта ресми немесе ресми көрінетін дереккөздерге сілтеме жасайды. Мұндай кезде сілтемені басып, ақпаратты тексеруге ерінбеңіз. Мысалы, Boston Tribune сайты президент Обаманың қайын енесі Ақ үйде немерелеріне қарағаны үшін өмір бойы мемлекеттік зейнетақы алады деген мәлімет таратқан. Мәлімдемені «Мемлекеттік қызметтің зейнетақысы туралы заңға» сілтемемен растаған. Бірақ мемлекеттік жеңілдіктер жарияланған веб-сайтта мұндай ақпарат болмай шықты.

Ақпараттың жарияланған күнін тексеріңіз. Кейбір жалған ақпарат  шынайы оқиғалардың бұрмалануы болады. Мысалы, бұрын болған оқиғаны қазіргі сәтпен байланыстыруы мүмкін. 

Таптаурындардан қашыңыз. Көбіне адамдар сенгісі келген ақпаратты шындық деп қабылдайды. Мысалы бір шенеуніктің жұмысына көңіліңіз  толмайды делік. Алайда бұл фейсбукте ол туралы жазылған кез келген ақпаратқа сенуге болады дегенді білдірмейді.

Сарапшылардан сұраңыз. Бүгінде фактіні тексеретін көптеген ресурс бар. Сондықтан жаңалықтар легінде шыққан ақпарат тексеріліп қоюы мүмкін. 

Следите за нами в интернете

Другие новости и события