Біз, Қазақстан тәуелсіз бақылаушылары және үкіметтік емес ұйымдары, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған жаңа бағыты, сондай-ақ оның елде саяси реформалар жүргізу жөніндегі алған міндеттемелері аясында Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) төрағасының ауысуы сайлау саласындағы жалғыз өзгеріс және азаматтардың мемлекетке деген сенімін қалпына келтіруге бағытталған ресми әрекеті болмауы керек деп есептейміз.
Соңғы 30 жылдары орын алған әділ сайлауға немқұрайлы қарау елді ауқымды саяси дағдарысқа алып келді. Біз одан шығудың жолы тек сайлау жүйесі мен саяси партиялар туралы заңды түбегейлі реформалауда деп білеміз.
Әділ және еркін сайлау – мемлекеттік биліктің заңдылығын қалыптастыратын бірден-бір тиімді тетік. Бұл жол – бүкіл қоғамның ілгері дамуының берік іргетасы, әрі ең бастысы, билік үшін күрестің зорлық-зомбылықсыз өтуінің кепілі.
Биліктің өкілетті органдары, президент және әкімдер Қазақстанның барлық азаматтарының қызығушылықтарын көрсете алып, әділ және бәсекелестік айқын көрініс табатын сайлау негізінде сайлануы тиіс.
Осы мақсатта ел Президенті ең алдымен келесі өзгерістерді жүзеге асыруы қажет:
1. ОСК құрамын қалыптастыру тәртібін өзгерту. ОСК-ның барлық мүшелерін Парламент тарапынан әрі тәуелсіз және партиялық емес заңгерлер (қорғаушылар, заң кеңесшілері, құқық қорғаушылар және университет оқытушылары) арасынан таңдалуы тиіс. Төменгі сайлау комиссияларының (АСК, УСК) мүшелері партияға кірмейтін азаматтардың (еріктілердің) және заңгерлердің ашық тізімінен құрылуы керек.
2. Қазіргі бірыңғай пропорционалды округті 17 округке бөлу (әкімшілік-аумақтық бөлінуі бойынша). Бұл әр округтегі халық санын ескере отырып, партиялық та, азаматтардың та тізімдерді (өзін-өзі ұсыну арқылы) ұсынуға мүмкіндік береді. Барлық маслихаттардың сайлануы бір мандатты округтер бойынша жүзеге асырылуға көшу.
3. Саяси партияларды тіркеу үшін қажетті қолдардың санын 3000-ға дейін қысқарту. Аймақтық филиалдарды тіркеу талабын алып тастау және өңірлік партиялардың қызметін заңдастыру. Осы талаптарға сәйкес келетін барлық партиялардың тіркелуін қамтамасыз ету.
4. Президенттік сайлауға өзін-өзі ұсыну институтын қайтару және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлауды енгізу.
5. Бақылаушылардың сайлау процесін барлық кезеңдерінде байқау құқығына кепілдік беру, оның ішінде заң бұзушылықтарды фото, бейне және аудио жазбаға түсіру және дауыстарды санау рәсімін шектеусіз бақылау құқықтарын қамтамыз ету.
6. Қағаз бюллетень арқылы дауыс беру тәртібін сақтау.
7. Дауыс беру күні және дауыстарды санау рәсімі бойынша сайлау учаскелерінен онлайн түрде хабар таратуды заңнамалық түрде енгізу. Сайлаушыларды тіркеудің, шағымдарды тіркеудің және әрбір сайлау учаскесі бойынша дауыс беру нәтижелерін ОСК порталында (хаттамалардың көшірмелерімен бірге) уақтылы жариялаудың сенімді жүйесін құру.
8. Сайлау бойынша халықаралық стандарттарға қайшы келетін, сайлау процесінің барлық қатысушыларының, оның ішінде бақылаушылардың құқықтары мен бостандықтарын шектейтін ҚР ОСК қаулыларының күшін жою.
Біз өз тарапымыздан ашық және тең диалог негізінде барлық заңнамалық өзгерістерді әзірлеуге қатысуға толық дайын екенімізді білдіреміз.
- «Азаматтық сараптама» ҚҚ
- «Қазақстанның жастар ақпарат қызметі» ҚҚ, Жас сайлаушылар лигасы
- «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» ҚҚ
- «Еркіндік қанаты» ҚҚ
- «Эхо» ҚБ
- "Қазақстанда Парламентшілікті Дамыту Қоры" ҚҚ
- «Тәуелсіз Бақылаушылар» ҚБ, Арайлым Назарова