Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтер
жылы деп жарияланған еді. COVID-19 пандемиясымен қатар өткен бұл жыл да
аяқталуға қалды. Елде волонтерлік қызметті насихаттап, дамыту үшін мемлекеттік
бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. «Қазақстан жастары ақпараттық
қызметі» ҚҚ жетекшісі Ирина Медникова Волонтер жылы қазақстандықтар үшін жалпыұлттық
қозғалыс бола алмағанан айтты. Оның пікірінше, керісінше, бұл жыл жастар
бірлестігі мен үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік бюджет төңірегінде
бірігуіне ғана әсер етті. Волонтер жылы елде ерікті қызметінің дамуына пайдасын
тигізді ме, әлде бұл бастама да кезекті науқан сияқты өтті ме? Бұл жылдан
кімдер пайда көрді, кімдерге зияны тиді? Осы және өзге де маңызды сұрақтардың
жауабын іздеп көрдік.
Мейірім Бақытжанова
Qazvolunteеr.kz онлайн платформасында қазірге
дейін 45 мыңнан астам волонтер мен 3 мыңнан астам ұйым тіркелген. Ондағы
мәлімет бойынша 1004 волонтерлік жоба іске асқан. Жобалар картасынан әр облыста
немесе қалада қанша жұмыс істелгенін білуге болады. Картаның мәліметінше, ең
көп жоба Шығыс Қазақстан облысында іске асқан (67 жоба), екінші орында Алматы
облысы (47 жоба), үшінші орында Қарағанды облысы (44 жоба). Ал ең аз жоба
Маңғыстау облысында атқарылған (9 жоба).
«Қазақстан жастары ақпараттық қызметі» ҚҚ
жетекшісі Ирина Медникованың пікірінше, Волонтер жылының қорытындысы
туралы мәлімет өте аз.
«1004 жоба – өте үлкен жұмыс. Олардың көбі
әсіресе экология, медицина, жануарды қорғау, зейнеткерге көмек сияқты
әлеуметтік салада жұмыс істеген. Бірақ жылдың қалай өтіп жатқаны және осы
бастаманың арқасында қандай жетістіктерге жеткені туралы, волонтерліктің өткен
жылдармен салыстырғандағы даму қарқыны туралы есептік, талдамалық ақпарат
жетіспейді. Қазақстанда волонтер саны қаншалықты көбейді, халықтың қажеті
қаншалықты өтелді? Бұл сұрақтарға жауап табу мүмкін емес және Волонтер жылының
еліміз үшін пайдасы болды ма, жоқ па, баға беру де қиын», - дейді ол.
Волонтерлікті дамытуға мемлекеттік
бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Қаржының басым бөлігі «Азаматтық
бастамаларды қолдау орталығы» (632 млн теңге) мен Ақпарат және қоғамдық даму
министрлігінің (598 млн) еншісінде. Қалған 79 млн теңге түрлі зерттеулер
мен халықаралық сапарларға жұмсалған.
«Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл
мұра», «Қамқор», «Білім» және «Үміт» атты жеті жалпыұлттық жобаны іске асыруға
берілетін гранттар “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына” тиесілі.
«Birgemiz: Bilim» жобасын іске асыруға 219 млн
теңгеден астам қаржы бөлінді. Оған әр облыстан 100 волонтер таңдалып, ауылдық
жердегі орта мектептердің 1000 оқушысы оқытылады. Волонтерлер жоғары
сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындап, ағылшын тілін үйретеді, компьютер және құқық
сауатын ашады. Ал қалған 6 бағыттың әрқайсысына 55 млн теңгеден астам қаржы
бөлінген. (кесте)
«Қазақстандағы волонтерліктің жағдайы мен даму болашағы» атты баяндама дайындауға мемлекеттік бюджеттен 22 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады. “Волонтер жылына” бағытталған тағы бір баяндаманы дайындауға 17 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
“Волонтер жылының” бюджетіне зерттеу жүргізген
экономист Қуаныш
Оңалбаевтың пікірінше, әлеуметтік зерттеу
жасауға мұндай қаржы бөлу ақталады. Себебі әлеуметтік зерттеу жасау, сауалнама
жүргізу көп жұмысты талап етеді.
Қазақстанда волонтерлік қызметті дамыту туралы
баяндама дайындау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүктелген. Волонтер жылының іс-шаралар жоспары бойынша
баяндама 2020 жылдың қарашасында дайын болуы керек. Бірақ ол еш жерге
жарияланбаған, министрліктің ресми сайтынын да табылмады.
Экономистің пікірінше, волонтерлікті дамытуға
бағытталған жобалар мен іс-шаралар конференция, жазғы лагерь, волонтерлік кеңес
пен семинарлар өткізумен шектелген.
Ирина Медникова Волонтер жылына бөлінген
қаржының көп бөлігі жылдың ашылуына, мерекелік форумдарға және жалпы жобаны
ұйымдастыруға жұмсалуы өкінішіті екенін айтады.
«Себебі бұл ақша пандемия кезінде дәрі-дәрмек
сатып алуға көбірек қажет болды. Мұндай жобаларды белгілі бір саланы дамыту
үшін ғана өткізуге болады. Бірақ оның да қаржысы толық ашық болуы керек немесе
ақшаны қайда, қалай жұмсау туралы қоғаммен ақылдасып, солардың рұқсатымен ғана
өткізу қажет. Біз ресурстарымызды өте мұқият, әрі ұқыпты жұмсайтын уақытқа жеттік.
Мұндай жобалар санға емес сапаға жұмыс істеуі керек»,- дейді ол.
Оның айтуынша, волонтерлердің жас мөлшері
туралы да нақты есеп жасау қажет. Волонтер жылы Жастар жылының жалғасы екені
рас. Бірақ елде волонтерлік қызметті кеңінен насихаттау үшін оған жастар ғана
емес аға буын да атсалысуы керек.
«Бастапқыда волонтер кез келген жастағы
жанашыр адам делінді. Бірақ Волонтер жылында оқу орындарында оқып жүрген
жастарға көп көңіл бөлінді. Бұл жерде де осы жылы волонтерлердің жас мөлшері
туралы есеп жеткіліксіз. Бірақ әзірге оқу орындары, колледждер мен ЖОО
студенттері, жастар ұйымдары ғана белсенді жұмыс істеп жатқанын байқап жүрміз»,
- дейді Ирина Медникова.
Волонтер жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар
жоспарында аға буынды волонтерлік қызметке тарту көзделген. Жоспар бойынша 2020
жылдың наурызында кемінде 350 аға буын өкілі волонтерлік қызметке қатысуы керек
болған. Оны іске асыру Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Нұр-Сұлтан,
Алматы, Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдіктеріне тапсырылған. Бірақ
олардың ресми сайтынын аға буынды волонтерлік қызметке тарту жоспары
орындалғаны не орындалмағаны туралы
мәлімет табылмады.
Сұраныс бар, кері байланыс жоқ
Ирина Медникованың айтуынша,
qazvolunteеr.kz онлайн платформасының жұмысында шикілік бар.
«Бір қызығы, сайттағы 1004 бастаманың тек
екеуі COVID-19 тақырыбына арналған және екеуіне де бір де бір ерікті
қызықпаған. Ал біз бастамашыл топтардың, негізінен ересектердің дәріханалар мен
қоймаларда дәрі-дәрмекті қадағалап, оны мұқтаж адамдарға жеткізгенін,
дәрігерлерге түскі ас пен гигиена құралдарын жеткізгенін, тіпті жағдайы төмен
отбасылар үшін тегін клиникалар ашқанын білеміз», - дейді ол.
Журналист, қоғам белсендісі Дана Маратова да
волонтерлерге арналған онлайн платформаны кезекті науқанның бірі екенін айтады.
Себебі сайттағы жаңалықтар жаңарып тұрғанымен, тіркелген волонтерлер де,
ұйымдар да белсенді емес.
«Платформаға тіркелген волонтерлердің көбі
студенттер, жастар. Кім білсін, мүмкін оқу орындары студенттерге сайтқа
волонтер ретінде тіркелуге тапсырма берген шығар?! Түрлі ұйымдар сайтқа «волонтерлер
қажет» деген хабарлама жариялаған. Бірақ ешбір волонтер кері байланысқа
шықпаған», - дейді ол.
Мысалы, Нұр-Сұлтандағы «Айару» балабақшасы қар тазалауға көмектесетін 3 волонтер қажет екенін хабарлаған. Бірақ оған сайтта ешкім жауап қайтармаған. Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздейтін «Lider.kz Астана волонтерлері» қозғалысы 30 шілде күні волонтер іздейтіні туралы хабарлама шығарған. Бірақ сайттағы мәлімет бойынша ешбір волонтер қабылданбаған да, ешкім жауап қайтармаған да. Сайтты ақтарып отырып, он хабарламаның бірінен кері байланысқа шыққан 1-2 волонтерді ғана көруге болады. Демек шынайы қызмет етіп жүрген волонтерлер мен онлайн платформаның байланысы жоқ.
Волонтерлер үміті ақталмады
Қасым-Жомарт
Тоқаев Волонтер жылының ашылуында волонтерлерді ынталандыру мақсатында
бірқатар қолдау көрсетілетінін айтқан еді.
«Волонтер студенттерге
қосымша стипендия беріледі немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат
етіледі. Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға қаржылай көмек
беріледі. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант
бөлінеді. Әр грант құны 300 мың теңге көлемінде. Әкімдер жергілікті бюджеттен
қосымша грант бөледі. Еңбегімен ерекшеленген волонтерлар мемлекеттік
наградаларға ұсынылады», - деді Президент.
Сонымен бірге волонтердің еңбек кітапшасы
ресми қолданысқа еніп, жұмысқа тұратын кезде тәжірибесі ескерілетіні айтылды. Волонтерлікпен
айналысқан ЖОО және колледж студенттері үшін «Әлеуметтік студенттік кредит»
жобасы іске асырылмашы еді.
Ирина Медникованың пікірінше, Волонтер жылында айтылған уәделер толық
орындалмады.
«Өңірлерде көп жыл бойы жұмыс істеп келе
жатқан еріктілермен сөйлестім. Олар бұл жылдан көп нәрсе күткен. Бірақ кейбіріне
300 мың теңге шағын грант беріп, кейбіріне ZOOM бағдарламасын тегін қолдануға
жағдай жасаған. Волонтер жылының ашылуында, волонтерлер форумында еріктінің
еңбек өтілі оқу орнында, жұмысқа қабылданатын кезде ескеріледі деп уәде
берілді. Бірақ іс жүзінде бәрі сертификаттарға айналды. Студенттер колледждерде
волонтер болып жұмыс істеді. Бірақ ешқандай шәкіртақы алмады»,- дейді «Қазақстан
жастары ақпараттық қызметі» ҚҚ жетекшісі.
Волонтер жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар
жоспарында волонтерлік қызметпен айналысатын ЖОО студенттері үшін әлеуметтік
студенттік кредит беру жүйесін дамыту көзделген. Бұл жобада студенттерге бір
семестрде 2 және 5 академиялық кредитке екі түрлі ваучер ұсынылады. Бұл 20 және
50 сағат, тиісінше сағатына мың теңгеден төленіп отырады. Оған қатысу үшін
Student.qazvolunteer.kz платформасына тіркеліп, сол жерден жұмысқа тұруына
болады. Бұл жоба жыл бойы іске асуы керек еді. Бірақ платформадан жұмыс беруші
мен студент арасында тағы да кері байланыс болмағаны байқалды. Сайтқа тіркелген
волонтерлер бар, ұйымдар бос жұмыс орындарын жариялап жатыр. Ондағы мәлімет
бойынша волонтерлер ешбір бос жұмыс орнына қызықпаған.
«Lider.kz» волонтерлер қозғалысының
мүшесі Ляззат Талимованың айтуынша, әлі де волонтерлердің еңбек өтілін есептеу
жүйесі іске қосылмаған. Жоспар бойынша Халықаралық еңбек ұйымының тәсілі
негізінде волонтерлік сағатты еңбек өтілінде есепке алу жұмысы 2020 жылдың
маусымында іске асырылуы керек болған. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі
«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызметі және қайырымдылық
мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында
еңбек өтілінде волонтерлік сағаттарды есепке алу мәселесін көтерген.
«Шыны керек, Волонтер жылы деп жарияланғанда
бізге де көңіл бөлінетін күн бар екен ғой деп қуандық. Үкімет пен халықтың волонтерлерді
тыңдап, көңіл бөлуі біз үшін өте маңызды болды. Бұл жылдан көп өзгерісті
күттік, көп мәселеміз шешіледі деп үміттендік. Бірақ жыл аяқталып жатыр.
Волонтерлердің көптеген мәселесі шешілмеді», - дейді Ляззат Талимова.
«Lider.kz» волонтерлер қозғалысы
Қазақстанның 32 қаласында жоғалған адамдарды іздеумен айналысады. Қозғалыстың
құрылғанына 5 жыл болған. Қазір құрамында 2500-ден астам ерікті бар. «Lider.kz» Ресей,
Өзбекстан және Корея волонтерлерімен тығыз байланыс орнатқан.
Бұл ұйым биыл «Birgemiz Umit» жобасы аясында
шағын грант жеңіп, «Қауіпсіздік аралы» атты жобаны іске асырған. Волонтер
Ляззат Талимова мұндай грант саны Волонтер жылында ғана емес, әр жыл сайын
көбейгенін қалайды.
Оның пікірінше, Волонтер жылында еріктілердің
әлеуметтік мәртебесі көтеріліп, «Волонтерлік қызмет туралы» заңға бірқатар
өзгерту енгізілуі қажет.
«Әлі күнге дейін волонтерлердің әлеуметтік
жағдайы қорғалмаған. Мысалы, волонтер ретінде еңбек өтілі есептеліп, волонтер
құқығы заң жүзінде бекітілуі керек. Сонымен бірге еріктілердің тәжірибе алу
мақсатында шетелде оқып, жұмыс істеуіне мемлекет қолдау көрсеткенін қалаймыз»,
- деді «Lider.kz» волонтерлер қозғалысының мүшесі.
Президент волонтерлерді ынталандыру мақсатында
«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын тағайындады. Сыйлыққа үміткерлер Qazvolunteer.kz
онлайн платформасында дауыс беру арқылы анықталады. «Жыл волонтері» деген диплом
және естелік мүсінше иегерлерін арнайы комиссия анықтайды.
Кейінгі кездері әлеуметтік желіде өзіне дауыс
беруді сұрап жүрген волонтерлер көбейді. Ирина Медникованың пікірінше,
қоғамға шын пайдасы тиген волонтерге халық өз еркімен бағасын берер еді.
«Әр волонтерді қызметі үшін күн сайын мойындап, ризашылық білдіру қажет. Әйтпесе, волонтерлік қызмет жойылады. Егер оларды үнемі алғыс хат, сертификатпен, мүсіншемен, жай номинациямен ынталандыра берсе және бір күні диплом немесе сертификат берілмей қалса, волонтерлік қызмет те жоқ болады. Сондықтан мемлекет волонтерлерді материалдық емес ынталандыру жолын қарастыруы керек», - дейді Қазақстан жастары ақпараттық қызметі» ҚҚ жетекшісі.
Қорытынды
Қазақстанда волонтер қызметін дамыту
бастамасын азаматтар өздері қолға алғаны жөн. Оған елдегі «28 петель» жобасы,
Арыс оқиғасы кезінде гуманитарлық көмек берген еріктілердің ісі және пандемия
кезінде қоймалардағы дәрі-дәрмекке мониторинг жасау үшін шұғыл жиналған
еріктілердің қызметі дәлел бола алады. Ирина Медникованың пікірінше де, Қазақстанда
волонтерлік қызмет дамуы үшін мемлекет мұндай бастаманы бақылауынан шығарып,
елге жанашыр азаматтардың еркіне берсе, Қазақстандағы волонтерлердің болашағы
жарқын болады.
Волонтер жылының бюджеті мен жыл соңына дейін атқарылған жобалар туралы ашық дерек өте аз. Сараптай келе, бұл жылы волонтерлікті дамыту үшін іске асуы керек көп жобаның факт жүзінде ғана атқарылғаны байқалды. Оған бүкіл әлемді шарпыған пандемияның қандай да бір әсері болғанның өзінде де, ол Волонтер жылын сәтті жүзеге асыру жауапкершілігінен босатпайды. Жылдың нақты қорытындысы желтоқсан айында өтетін Волонтер жылы қорытындысына арналған конференцияда айтылады деген үміттеміз.
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» КЕАҚ 2020 жылғы «Волонтер жылына» арналған гранттары (кесте)
Грант байқауы |
Сомасы,
млн теңге |
«Birgemiz:
Bilim» |
219,5 |
«Birgemiz:
Qamqor» |
56,1 |
«Birgemiz:
Taza Álem» |
55,7 |
«Birgemiz:
Úmit» |
55,7 |
«Birgemiz:
Saýlyq» |
55,6 |
«Birgemiz:
Asyl мura» |
55,6 |
«Birgemiz:
Sabaqtastyq» |
55,1 |
Волонтерлер
ұйымының халықаралық сұхбат алаңына қатысуы |
35,5 |
Қазақстанда
волонтерлік қызметті дамыту туралы баяндама дайындау |
22,1 |
Волонтерлік
қызметтің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін бағалау |
17,1 |
Корпоративтік
волонтерлікті дамытудың оң тәжірибесін зерделеу және конференция өткізу |
4,2 |
Барлығы |
632,1 |