Бірнеше апта бұрын әртіс Нұртас Адамбай «Базз лайтер» мультфильмін көрсетуге қарсы шықты. Оның ойынша, мультфильмдегі бірнеше секундтық көрініс балалардың санасына әсер етеді екен. Артынша мәдениет министрі Дәурен Абаев Қазақстан аумағында «Базз лайтер» фильмінің прокатына тыйым салынғанын хабарлады. Медиада ЛГБТ+ көрсетілуі балалардың жыныстық ориентациясына әсер ете ме? Біз сарапшылармен әңгімелесе отырып, осы сұраққа жауап іздедік.
Құндыз Мұханғали
Түрлі зерттеу нәтижесіне сәйкес, әлем халқының шамамен 2-10 пайызы өз жынысындағы адаммен қарым-қатынаста болады. Адамның сексуалды ориентациясының қалыптасуына генетикалық және қоршаған орта (environment) сияқты бірнеше фактордың қосындысы әсер етеді. Алайда әлеуметтік ортаның (социум) адам ориентациясына әсер етуі жайлы нақты ғылыми дәлелелдер жоқ. Ғылым бұған биологиялық ерекшеліктердің көбірек әсер ететінін айтады. Бұл туралы бірнеше сұрақты «Ұят емес» жыныстық ағарту жобасының негізін қалаушы, зерттеуші Қарлығаш Қабатоваға және кинотанушы, PhD-кандидат Әсия Бағдәулетқызына қойып көрдік.
Хомосексуал қарым-қатынасты ұстанушылар ориентациясын жасырады
Қарлығаш Қабатованың айтуынша, Қазақстанда, тіпті әлемде де ЛГБТ+ өкілдерінің нақты үлесін анықтайтын зерттеулер жоқ. Өйткені мәселе өте ауыр әрі сезімтал. Алайда кейінгі жылдары гендер теориясының айналасында бұл тақырыпқа қатысты маңызды зерттеулер жүргізілді. Осындай бір зерттеу нәтижесіне сәйкес, ер адамдардың тоқсан пайызы хетеросексуал, бес пайызы хомосексуал қарым-қатынаста болған. Әйелдердің шамамен тоқсан пайызы хетеросексуал, екі пайызы хомосексуал.
«Йель Қоғамдық денсаулық мектебі жүргізген зерттеу бойынша, «дәстүрлі емес» саналатын қарым-қатынасты ұстанатын адамдардың 83 пайызы өз ориентациясын жасырады. Әлбетте, бұл әлеуметтік қысыммен байланысты. Мысалы, консерватив қоғамда мұны жасырар болса, батыс елдерінде көбірек кәмиң аут жасап, ашық айтады. Сол себептен өзге елде хомосексуалдар көп, ал бізде аз деп айта алмаймыз», - деп түсіндірді зерттеуші.
Зерттеу нәтижелері Қазақстан қоғамында да көрініс табады. Елде зорлық-зомбылық, агрессия және жасөспірімдер арасындағы суицид деңгейі жоғары. Зерттеушінің айтуынша, осының салдарынан өзінің өзгелер сияқты емес екендігін байқаған жасөспірім сезімдерін жасыруды шешеді. Мұның соңы депрессияға, психологиялық құлдырауға, өзіне немесе айналасындағыларға зиян тигізуіне алып келуі әбден мүмкін. Өткен жылдың қазанында Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы мектептегі шараға белдемше киіп келгеннен соң, өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады.
«Біздің қоғам - өте хетеренорматив, яғни тек әйел мен еркектің қарым-қатынасы қалыпты болып қабылданады. Сексуалды ориентация - адам өзі бақылай алмайтын адамның табиғи болмысы. Фильм я мультфильм арқылы адамның сексуалды ориентациясына әсер етуге болмайды. Кейбіреулер фильм я мультфильмде гей, лесбияндар көбейді (бұл балалар ориентациясына әсер етеді– ред) деп ойлайды. Алайда қоғам еркін болған сайын адамдар ашылып, шындықты көрсетеді», - деп толықтырды зерттеуші.
Қарлығаш Қабатова бастаған топ бірнеше жылдан бері мектеп оқушыларына және жасөспірімдерге жыныстық сауат жайлы трениңдер, түсіндірме жұмыстарын өткізіп келеді. Оның айтуынша, бұл адамның өзін-өзі тереңірек танып, табиғи болмысын қабылдауына көмектеседі. Сондай-ақ, ата-ана мен бала арасындағы коммуникация да өте маңызды. Зерттеушінің айтуынша, ашық және сенімді коммуникация болмай, секс және сексуалды ориентация туралы сөйлесу өте қиын.
«Егер сіз хомофоб позициядан оған «ақыл айтып», қорқытып, мұның жаман екендігін айтсаңыз – мұнан айтпағаныңыз жөн шығар. Бұл жағдайда балаңыз сізге ешқашан ашылмайды. Ал ашық сөйлесу үшін кино, мультфильм немесе көшеде осындай сәттерге кезіккенде біртіндеп әңгімені бастауға болады. Бастысы, адамдар арасындағы қарым-қатынас сыйластыққа негізделуі және зорлық-зомбылықсыз болуын түсіндірген жөн»,- деп сөзін аяқтады зерттеуші.
Бұл мемлекет я ұлттарға шабуыл емес
Кинотанушы Әсия Бағдәулетқызы 20-ғасырдың басында Ұлыбритания мен АҚШ-та кино мен мультфильмнің бала санасына әсері туралы кешенді зерттеулер жүргізіле бастағанын айтты. Кино адамды қаншалықты қылмыскер ете алатыны туралы зерттеу нәтижелері мұны растай алмаған. Дегенмен ол адамның әдеттеріне, қылықтарына әсер ете алады.
«Сексуалды ориентация өте фундаментал және физиологиялық деңгейдегі ұғым. Гендерлік бинарлықты (тек ер мен әйел қарым-қатынасы-ред) мойындамайтын адамдар “барлығың ЛГБТ+ болыңдар» демейді ғой. Олар «біз осындаймыз, бізге осындай болуға рұқсат беріңдер» дейді. Ал догмалық теорияға сенетін құрылымдар (шіркеулер, дәстүршіл топтар) бұған қарсы шығады. ЛГБТ+ өкілдеріне қауіп төндіретіндей қарап, физикалық шабуылға барады», - деп зерттеуші қоғамда мұндай шектеу болғанын дұрыс емес санайтынын айтты.
Әсия Бағдәулетқызы киноның сынға реакция ретінде пайда болатынын айтты. Мысалы, 1910 жылғы «The birth of a nation» мен қазіргі «Get out» сияқты фильмді салыстырсақ, қаранәсілді адамға қатысты көзқарастың айырмашылығы үлкен екендігі байқалады. Фильм – өз дәуірінің, сол сәттегі аса ықпалды дискурстардың өнімі.
«Қазіргі Голливуд кейінгі жылдардағы гендерлік, феминистік, куир, постколониалдық және басқа заманауи теориялардың өнімі деп айтуға болады. Азшылықты көрсетуге барлық режиссер мүдделі болмаса да, олар да сондай заманауи кейіпкерлер қосуға, олардың проблемасын мойындауға тырысады. Фильмді өндіретін тараптан қарастырсақ, мұны белгілі бір мемлекет я ұлттарға шабуыл емес, тек өздері өмір сүріп жатқан қоғамда мойындалған ЛГБТ+ өкілдеріне өздерін сол қоғамда табуға мүмкіндік жасау», - деп түсіндірді Әсия.
Зерттеуші дәстүршіл, діншіл және ұлтшыл топтардың осы сұраққа келгенде «басы қосылатынына» назар аударды. Бұған қоса, университет, медиа деңгейінде де ашық хомофобтық қарсылық білдіріледі. Әсия Бағдәулетқызы мұны біздің қоғамның әлі де ұжымдық сана тұрғысынан ойлайтынымен түсіндірді. Мұндай ұжымдық сана Латын Америкасы, Африка, Азия сияқты дәстүрлі қоғамдарда қалыптасқан. Олардың көпшілігі ЛГБТ-ға қарсы.
««Ұлт» ұғымы тұрғысынан қарағанда, ұрпақ жалғаспайды, адам саны азаяды деген қарсы идеология ретінде қабылдайды. Батыс қоғамдары бұл ұғымдарды қиындықпен болса да қабылдауының себебі – индивидуалистік сана. Егер қоғамға масса деп қарасаңыз, жекелеген адамдарды құрбандыққа шалуға дайынсыз. Ал индивидуалистік санада әрбір адам жай ғана адам болғаны үшін құнды. Ол ұрпақ жалғастыруға, жұмыс күшін дүниеге әкелуге міндетті емес. Жанымыздағы тірі адам өзін қалай сезінсе де, сіз қалай оның құқын шектей аласыз?!»- деп мұның өте әділетсіз идеология екенін айтты.
Зерттеуші сөз соңында демократиялық ел болу үшін алдымен адам құқығын дамыту керектігін алға тартты. Өйткені өзінің құқығын білмейтін я құқығы жоқ халық саяси және экономикалық реформалар жасай алмайды. Қытай сияқты экономикасы алпауыт елде жекелеген адамдар мен топтардың құқығы шектеліп жатыр.
«Біз өзі қандай мемлекетте өмір сүргіміз келеді? Әркім өзін адам болғаны үшін сыйлы, өз сенім, мақсаттарына сай өмір сүріп, жетістікке жетуге мүмкіндігі бар тұлға ретінде елестетсе, онда біз басқаларға да сондай мүмкіндік беруге міндеттіміз. Теңдік ұғымы осының негізінде жатыр деп ойлаймын»,- деп сөзін қорытындылады зерттеуші.