Қаржылық сауаттылық бізге не үшін қажет?

22 мая 2020 г. Общество, Молодежь

Кірістер мен шығыстарды жазып жүрудің маңызы неде? Қаражатты тиімді жұмсаудың амалдары қандай? Ақшаны қалай жинау керек? Депозитті таңдағанда не нәрсеге көңіл бөлген жөн? Бұл сұрақтарға қаржы кеңесшісі әрі коуч, тәжірибелі инвестор Азиза Махаш жауап берді.

Аида Зейін

Қаржылық сауаттылықты не үшін меңгеру керек?

Қаржылық сауаттылық — әр адамға қажет дағды. Себебі кез келген жан өмір бойы жұмыс істей алмайды. Уақыт өте келе адам қартаяды, зейнетке шығады, оның басқа да қажеттіліктері пайда болады. Сондай кезеңдерде бір айлықтан екінші айлыққа дейін жұмыс істеу адамды физикалық жағынан да, психикалық жағынан да тоздырады. Мұның алдын алдып, болашақта жұмсалатын қаражатты қазірден бастап есептей білген жөн.

Бүгінде көптеген адамдар алған айлығын күнделікті қажеттіліне жұмсап тастаумен ғана шектелуде. Ал келер шақта қандай жағдайға кезігетінін, қандай қиындықтарға тап болатынын ойлайтындар өте аз... Қаржылық сауаттылықтың мәні осында.

Ай сайын табатын жалақының қалай жұмсалуын, қайда кететінін әр тиынына дейін жоспарлап, болашаққа ақша жинау керек. Әрине, құрдастарыңыз бен достарыңыз телефонның соңғы маркасын алғанда қызығатын шығарсыз. Алайда бұл өткінші сезім өзіңізге ұзақ мерзімді пайда әкелетінініне күмәнданмен қараймын. Ешнәрседен өзіңізді шектемей, қаражат жағын уайымдамай өмір сүру үшін ақшаны сауатты түрде жұмсаған абзал.

Қаражатты қалай басқарған жөн?

Қазір көбі маркетингтің құрбанына айналған. Себебі біздің қоғам тұтынушы санасына жақын. Жарнаманы көрсек, қалтадағы артық ақшамызды ойланбастан қажетсіз дүниеге жұмсап қоятын, керегі жоқ жерлерге жаратып жіберетін кезіміз жиі болады. Әрине, үнемі өз-өзін “жоқ” деген шектеулер қою да дұрыс емес. Кез келген дүниені аларда оның артықшылықтары мен кемшіліктерін саралап, болашақта қалай пайдаға асатынын анықтап алған жөн. Егер пайдасы аз нәрсе болса, әрине, ақшаңызды босқа жұмсамаған абзалырақ. Жалпы, ең алдымен, шығыстарыңызды оптимизациялау керек, одан кейін кірістерді көбейтудің амалын іздейсіз. Ол үшін негізгі жұмысыңызда табысты қалай арттыра алатыныңызды, қандай дағдыларды игерсеңіз жалақы өсетінін анықтап алыңыз. Үнемі ізденісте жүріп, біліктілігіңізді шыңдаңыз, мүмкіндіктерді барынша қолданыңыз. Негізгі табыс көзінің қомақты болғаны әрі жыл сайын өскені маңызды.

Қаржылық сауаттылықты қалай үйренемін?

Қаржыны сауатты түрде жұмсау үшін, біріншіден, жоспар құра білу керек. Одан кейін мақсатты айқындаған жөн. Сондықтан өзіңіздің қаржыңызды есептеп, кірісіңіз бен шығысыңызды нақтылап алыңыз. Мысалы, 150 мың жалақы алатын басы бос адам бір айда пәтер жалдаса, пәтерге 25-30 мың, коммуналдық қызметіне 5 мың, жол ақысына 10 мың, тамағына 50 мың жұмсайды делік. Сонда ол адамның бір айлық өміріне шамамен 110 мың теңге қажет, осындай кезде жалақыдан қалған ақшаны міндетті түрде депозитке салған дұрыс. Әрине, қазір бір ғана негізгі жұмысты жасап өмір сүру оңай емес. Сондықтан қосымша табыс көздерін іздеген жөн. Дос-жаранның туған күні, тойы не өзіңізге қажет жаңа жейде сияқты шығыныңызды дәл осы қосымша табыс көзі қамтиды. Бұл — қаражатты реттеудің жалпы бір моделі. Әр адам өзінің күнделікті шығысы мен қажеттіліктерін ескере отырып, қаражатты жұмсау жоспарын құруы керек.

Бүгінде әрбір екінші маман: “Депозит ашып, ай сайын жалақының он пайызын салып жүр” дейді. Бірақ ол ақшаны не үшін жинап жатқаныңызды білмесеңіз, тірнектеп жинағаныңызды кез келген уақытта пайдасыз дүниеге жұмсай салуыңыз бек мүмкін. Сондықтан міндетті түрде қаражатты не үшін жинап жатқаныңызды анықтап алыңыз. Мақсат екеу болса, екі депозит, үшеу болса, үш депозит ашқан жөн. Егер мақсат бір-екі жылда орындалатын болса, депозитті теңгемен ашуға болады. Ал баспана не үлкен дүние алу үшін ұзақ мерзімді депозит ашқан жақсы. Оны доллармен жүргізген ыңғайлы. Өйткені теңге бірнеше жылда құнсызданып қалуы мүмкін. Негізі, ұзақ мерзімді мақсатқа, қысқа мерзімді мақсатқа және төтенше жағдайға арналған үш депозитіңіздің болғаны дұрыс.

Қандай банкте депозит ашқан жөн?

Депозитті банктің пайыздық мөлшерлемесіне емес, сенімділігі әрі тұрақтылығына қарап таңдау керек. Банк пайызы арқылы ақшамды көбейтемін деп ойламаңыз. Себебі теңге жиі девальвацияға ұшырайды, банктің ай сайын беретін мөлшерлемесі жинағыңызды арттырмайды, тек бір қалыпта ұстап тұрады. Сол себепті сенімділік пен тұрақтылық бірінші орында болуы керек. Ол үшін депозит ашатын банктің акционерлерін біліп алыңыз. Акционерлер құрамында ықпалды не мемлекеттік жұмыста істейтін тұлғалар болса, банктің сенімділігі артады.  Ұлттық банктің еншілес ұйымы «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан» банктердің лицензиясын тексеруге болады. Бұл сайттағы материалдар арқылы қаржылық біліміңізді де жетілдіре аласыз.

Қаржылық сауатты адамның әдеттері қандай?

Ең басты қаржылық әдет — қаражатты санау. Әрбір келіп-кеткен ақшаның қалай айналып жатқанын, қаншалықты тиімді жұмсалғанын білу керек. Кірістер мен шығыстарды санап қана қоймай, сол есептеуден шығатын нәтижеге де анализ жасаңыз. Қаржылық мүмкіндіктеріңізді арттырыңыз, үнемі жоспарлай біліңіз. Сол кезде ғана ақшаны санаудың пайдасын көресіз. Ол үшін әрдайым кірісіңіз бен шығысыңызды жазып жүріңіз. Excel кестесінде (интернетте қаржылық есептерді жүргізуге болатын шаблон көп) не болмаса, басқа да арнайы мобильді қосымшаларда әр тиыныңыздың қайда кеткенін енгізуге болады.

Несие мен бөліп төлеу мүмкіндіктерін қалай пайдаланған жөн?

Әрине, егер қажет бір зат алуыңыз керек, бірақ оның ақысын бірден төлегіңіз келмесе, пайыздық мөлшерлемесі жоқ бөліп төлеу мүмкіндігін пайдалану тиімді. Ал егер қандай да бір зат алғыңыз келгенде бірден тұтыну несиесін ойласаңыз, бұл сіздің кіріске қарағанда шығысыңыздың көп екенін білдіреді. Мысалы, кірісіңіз 150 мың, ал шығысыңыз 200 мың. Несие алған соң ай сайын банкке 20 мың төлеуіңіз керек делік, сонда сіздің шығыс 170 мыңға дейін өседі. Бұл —  қаржылық жағдайыңыздың нашарлағанының көрінісі. Сондықтан несие алуды ойласаңыз, қосымша табыс көздерін тауып, кірістерді арттырып немесе шығыстарыңызды азайтқаныңыз жөн. Себебі несие алғаннан кейін қолданатын жүйелі жоспарыңыз болмаса, өзіңізді өзіңіз тығырыққа тірейсіз.

Бірақ тұтыну несиесі мен бизнеске берілетін несиені шатастырмаған жөн. Өйткені бизнес жағдайы басқаша. Толыққанды құрылған жоспары мен қаржылық есептері бар, барлық тәуекелі жан-жақты қарастырылған бизнеске несие алу — кәсіпкерлерге зор пайда әкелуі мүмкін. Ескеретін нәрсе — бизнеске алатын несиеңіз өзіңізде бар қаражаттан аспауы керек. Қандай да бір сәтсіз шақта қарызға бату не кепілдікке берген дүниеңізден айырылу — шешім емес.

Инвестиция деген не? Оны кез келген адам меңгере ала ма?

Сіз ақшаға емес, ақша сізге жұмыс істеуі керек. Инвестиция деген — салған ақшаңыздың сізге пайда әкелуі. Онымен жұмыс істету үшін жинақ болуы керек. Жинақтың ретін келтіру үшін жоғарыда айтылғандай депозит ашып, капитал жинау керек. Арнайы жиналған қаражатсыз инвестиция жасау мүмкін емес.

Баспана не қандай да бір бизнес, қор нарығы инвестиция көзі бола алады. Әрқайсының бастапқы салымы мен ай сайынғы салымы әртүрлі. Мысалы, пәтерге инвестиция жасау үшін шамамен 30 мың доллар керек болса, қор нарығында үш мың доллар жеткілікті. Сондықтан  қор нарығында инвестиция жасауды тиімді деп санаймын. Егер сіз брокерлік шот ашып, онда ақша салып, ай сайын инвестициялауды үйренсеңіз, бес-он жылда қомақты қаржыға ие бола аласыз. Ол үшін, әрине, алдын ала тренингтерге қатысып, кітаптар мен мақалалар оқып, қаржы кеңесшісінің көмегімен фонд нарығын дұрыстап игерген жөн. Бұл — бір реттік мүмкіндік емес, үнемі пайдаға асатын дағды. 

Следите за нами в интернете