Харассмент: бұл не және оның қандай жазасы бар?

2 марта 2022 г. Права человека
Фото: adamdar.ca

Кейінгі жылдары Қазақстанда әйел құқығына қатысты мәселелер жиі көтеріле бастады. Байқалмайтын және дәлелдеуі қиын қылмыстың бірі – харассмент немесе бопсалау да жиі айтылып жүр. Харассмент деген не? Заң бойынша оның қандай жазасы бар? Харассмент құрбаны болсаңыз, не істеу керек? Адам құқықтары мектебінің «Тиіспе. Не трогай. No Harassment» жобасы аясында заңгер Әйгерім Ермекбай өз Youtube арнасында осы сұрақтарға жауап берді. Біз мәтін түрінде қысқаша шолу ұсынамыз.   

Харассментті қалай анықтауға болады? 

Харассмент немесе бопсалау – дискриминацияның бір түрі. Адам өзі қаламайтын және оны кемсітетін физикалық немесе вербалды әрекет. Сонымен қатар, бұл - адамның жеке өміріне қол сұғу. Бұған физикалық шабуыл, сүйісу, шымшу, қажетсіз тиісу, ауызша қорлау немесе қоқан-лоқы көрсету, дөрекі әзіл-қалжыңдар айту, жәбірлеу, қорқыту және осыған ұқсас өзге әрекеттер кіреді. Әдетте бопсалау құрбаны - әйелдер, дегенмен ол ер адамға және балаға да жасалуы әбден мүмкін. Харассмент тек физикалық бопсалау ғана емес. Оның бірнеше түрі бар:

  • Интернеттегі харассмент – әлеуметтік желі арқылы қудалау, қадағалау, аңду және кемсіту; 

  • Жыныстық харассмент – физикалық бопсалауға қоса, адамның сыртқы көрінісі туралы лас әзіл айту, сексуалды ұсыныс жасау, интимді фотосуреттер жіберу; 

  • Психологиялық харассмент – психологиялық қысым жасау;

  • Саяси харассмент – адамды саяси көзқарастары үшін қудалау; 

  • Құқық қорғау органдары тарапынан харассмент – қызметкерлердің өз өкілеттігін пайдаланып, қысым көрсетуі; 

  • Нәсілдік немесе діни харассмент – адамды дініне я нәсіліне байланысты кемсіту;

  • Жұмыс орындағы харассмент – басшылар немесе әріптестер тарапынан болатын тиісулер. 

Әлемде харассменттің соңғы түрі – жұмыс орнындағы бопсалау кең таралған. Мысалы, Америкада 2018 жылы харассмент құрбаны ретінде 7000-дай адам арыз жазған. Қазақстанда мұндай статистика жоқ. Яғни нақты жағдайдың қандай екенін сипаттайтын еш дерек жоқ. Әйгерім Ермекбай бұған заңнамалық базаның және «жыныстық тиісу» терминінің заңнамалық деңгейде жоқ екенін айыптайды. «Харассмент құрбандары құқықтық реттеудің жоқтығынан және қудалау фактілерін дәлелдеудің қиындығынан құқық қорғау органдарына жүгінбейді»- дейді заңгер.

Қазақстан қылмыстық кодексінде жыныстық тиісу туралы қандай бап бар?

Қазақстан қылмыстық кодексінде жыныстық тиісулер жайлы жеке бап жоқ. Қазіргі сәтте мұны қылмыстық кодекстің 123-бабына сүйеніп тергеуге болады. Дегенмен 123-бап бойынша қозғалған немесе аяқталған тіркелген істер саны өте аз. Мұнда 2 тармақша бар: 

1. Адамды бопсалау, оған мүлкiн жою, бүлдiру немесе алып қою қатерін төндіру арқылы не жәбiрленушiнiң материалдық немесе өзгедей тәуелдiлiгiн пайдаланып жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттердi жасауға мәжбүр ету. Бұл қылмыс үшін 3000 АЕК-ке дейiн айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл осы іс-әрекет үшін айыпталушы өмір бойы белгілі бір лауазымды атқару және қызметпен айналысу құқынан айырылады. Сонымен қатар бес жылға бас бостандығынан айырылады. 

Харассмент құрбаны болсаңыз, не істеуге болады? 

Біріншіден, кез келген адам сізге ыңғайсыз қызығушылық танытса, оған мұның қолайсыз екенін және сізге ұнамайтынын түсіндіруіңіз қажет. Әрекеттер қайталанған жағдайда тек аудио және видеомен ғана емес, психологтың көмегімен де дәлелдеуге болады. Маман вербалды және вербалды емес реакцияларды жазып, жәбірленушіге келтірілген моральдық зақымды бағалайды. 

Екіншіден, тұрғылықты жердегі ішкі істер органына арыз жазуыңыз керек. Егер аудио немесе бейнежазбаңыз, куәгерлеріңіз болса, бұлардың бәрін ұсынуыңыз қажет. Жоғарыда айтылғандай, бұл істер 123-бап бойынша қаралады. Дегенмен мұндай істерді тергеу қиын болғандықтан, адвокат кеңесіне жүгінген жөн. 

Сонымен қатар белсенді Гүлзада Сержан қазіргі сәтте интернет арқылы жариялықты пайдалану керек дейді: «Әлеуметтік желі және әйелдер құқын қорғайтын ұйымдар көмегімен оқиғаңыз туралы айтуға болады. Мұны жақын туыстарыңыздан жасырудың қажеті жоқ. Арнайы ұйымдар психолог көмегін ұсына алады. Өзіңізді жалғыз сезінбеңіз. Студент болсаңыз немесе жұмыс істесеңіз де, ұстазыңыз, жұмыс берушіңіз не өзге адам сізді бопсалай алмайтынын түсіну өте маңызды». 

 

Следите за нами в интернете