Қазақстанда 600 мың шамасында ЖОО студенті болса, олардың жартысына жуығы өңірдегі университеттерде оқиды. Аймақ студенттерінің проблемасы медиада жиі көтерілмейді, үні естілмейді. Өңірдегі студенттер жайлы диплом жобасын әзірлеген Заңғар Омар мен Ақбота Узбекбай осындай қорытындыға келген.
Оразай Қыдырбаев
Бүгін 12 тамыз – халықаралық жастар күні. Жастар және жастық шақ жайлы айтылғанда, көп адамның ойына студенттік өмір келеді. Өткен оқу жылында Қазақстан ЖОО-ларында 600 мыңға жуық студент білім алған. Ал бұлардың елеулі бөлігі – өңірдегі студенттер. Біз халықаралық жастар күніне орай, өңірдегі университет студенттері жөнінде диплом жобасын дайындаған Заңғар Омар және Ақбота Узбекбаймен сұхбаттастық.
Заңғар мен Ақбота биыл журналистика мамандығын бітірді. Олар қорытынды диплом жұмысы ретінде жоба дайындап, өңірдегі студент жастар жайлы документал фильм түсірді. Фильмде Семей, Ақтау және Павлодардағы университетке түскен үш студент жеке хикаясын баяндайды. Өңірдегі студенттік өмір жайлы естеліктерін, қызық сәттері мен проблемаларын айтады. Заңғар мен Ақбота Алматыға Қазақстанның басқа өңірінен келген, сондықтан аймақтағы тұрмыс-тіршіліктен жақсы хабардар. Сонымен қатар, авторлар бұрынырақта жастар тақырыбына қатысты бірнеше жобаға қатысқан. Олар елдің мәдени, саяси және экономикалық орталығы саналатын ірі қалаға оқуға түскенімен, сыныптастарының кейбірі өңірдегі университеттерде оқығанын айтады. «Диплом жобамызда замандастарымыздың мәселесін көтергіміз келді. Осы сәтте өз сыныптастарымыз ойға оралды. Сыныптастарымыздың бірі Ақтөбеде, бірі Қызылордада оқып жатыр. Олардың студенттік өмірі қалай екен деп ойладық. Осылайша аймақтағы студент жастар тақырыбын таңдадық», – дейді Заңғар.
Көрінбейтін, үні естілмейтін өңірдегі студент жастар
Авторлар документал фильм түсірмес бұрын Қазақстан медиасында студенттердің қалай көрсетілетіні жайлы шағын зерттеу жүргізген. Ақботаның айтуынша, өңірдегі студенттер тек Қазақстан медиасында емес, бүкіл әлем елдерінің медиасында аз көрсетіледі. Әлеуметтанудағы «орталық-периферия» түсінігіне сәйкес, әдетте орталықта (авторлар орталық деп республикалық маңызы бар үш қала – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларын қарастырған) болып жатқан оқиғалар мен өзгерістер өңірге тарайды, ал өңірде болып жатқан құбылыстар медиада көрсетілмейді. Тек алапат оқиға болғанда назар аударылады. Аймақтағы мәселелер талқыланбай қалып, өңір тұрғындарына медиада тең мүмкіндік берілмей жатады. Елдегі студент жастардың 55 пайызы – ірі үш қалада, ал қалған 45 пайызы – өңірдегі университеттерде білім алады. «Өңірдегі студенттердің үлесі аз екені рас, бірақ медиада еш көрсетілмейтіндей аз емес», – дейді авторлар.
Заңғардың айтуынша, Қазақстан халқының жартысынан астамын жастар құрайды, бірақ медиада жастар бейнесі өте аз. Оның ішінде студент жастар медиамызда тіпті аз көрсетіледі. Ал өңірдегі студент жастар еш көрсетілмейді деуге болады. Жоба авторлары еліміздегі ірі жаңалықтар порталы – tengrinews.kz және kazinform.kz сайттарына бес ай көлемінде жарияланған материалдарды талдап, студенттерге қатысты жаңалықтар қаншалықты жиі шығатынын және бұл жаңалықтарда студенттер қалай көрсетілетінін анықтаған. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, tengrinews.kz сайтындағы студенттерге қатысты хабарлардың ¼ бөлігі, ал kazinform.kz сайтындағы жаңалықтардың ⅓ бөлігінде ғана өңір студенттерінің есімі аталған. Ал өңір студенттері аталатын жаңалықтарды әрі қарай қазбалап қарағанда, олардың көбі студенттердің ой-пікірін, позициясын ұсынбайтыны ортаға шығыпты. Мысалы, Tengrinews сайтына өңір студенті туралы 8 материал жарияланса, оның тек біреуінде студенттің пікірі берілген. Есесіне мұндағы 4 материалда университет әкімшілігі сөйлейді, қалған 3 материалда екі жақтың да позициясы ұсынылмаған. Ал kazinform сайтында әкімшілік пікірі көбірек берілген: 18 материалдың 11-інде әкімшілік өкілі сөйлейді. Студент пікірі 3 материалда ғана бар. Мұнан байқалатыны, студенттерге қатысты жаңалықтар аз берілумен қоймай, сол аз жаңалықтың өзінде студенттердің пікіріне орын бермеген.
Өңірдегі студенттер және жергілікті медиа
«Біз республика деңгейінде ақпарат тарататын веб-сайттарды алдық. Олар әдетте оқиға көп болып жатқан жерлерге бағытталады да, орталық хабарларын көп көрсетеді. Ал оқиға аз болатын өңірлерге барып жаңалық дайындауға ресурс та жетісе бермейді. Тек өңірдегі жастар емес, аймақтардағы бүкіл халық, ауыл халқы медиада бәсең», – дейді Заңғар Омар. Бұл шеткері аймақ тұрғындарына қатысты проблемалардың еленбей қалуына, мысалы, жемқорлықтың асқынуы мен экологияның нашарлауына апаруы мүмкін.
Жоба авторлары документал фильмді түсірмес бұрын бірнеше ғылыми еңбекті шолып өткен. «Барлық зерттеудің айтатыны – азшылық топтың үні естілуі керек. Бұл жерде өңір студенттері де азшылық топқа жатады», – дейді Ақбота Узбекбай. Авторлар ірі медианың өңірлерді қамтымау себебін олардың кеңсесі орналасқан локациямен де түсіндіреді. Мысалы, республикалық медиа әдетте орталық қалаларда орналасып, тек өзіне жақын маңдағы оқиға-құбылыстарды қамтиды. Осы тұста аймақтардан хабар тарататын жергілікті медианың маңызы ортаға шығады. Жергілікті медиа неғұрлым мықты болса, аймақ тұрғындары, оның ішінде өңірдегі студенттердің ой-пікірі көбірек көрсетілер еді.
Өңірдегі студент жастардың проблемасы не?
Заңғар мен Ақбота жобаның қорытындысы ретінде документал фильм түсірді. Олар осы фильм арқылы өңірдегі студент жастардың проблемасын, ой-пікірін анықтауды мақсат еткен. Фильм кейіпкерлері өңірдегі студенттік өмірдің қызықсыз, мағынасыз екенін айтады. Ал жоба авторлары университет тұлғаның социализациясына көмектесетін маңызды орын деп есептейді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, өңірдегі студенттердің әлеуметтік өміріне жағдай жасау өте өзекті. Сонымен қатар, фильмдегі кейіпкерлер университет оқытушыларымен байланысы нашар болғанын түсіндіреді. Бірақ әрбір кейіпкер өміріне әсер еткен бір оқытушының болғанын айтады. Демек өңірдегі университеттерде мықты мамандар жұмыс істесе, олардан сабақ алған студенттердің де өмірінде үлкен өзгерістер болуы мүмкін.
Жоба авторлары документал фильмді жабық ортада көрсеткен: кейіпкерлер ашық форматта көрсетуге рұқсат етпепті. Сондықтан фильм түрлі видео платформаларға жарияланбады. Айта кетейік, редакциямыз осыған дейін «аймақтағы жастар» айдарын жүргізіп, өңір жастарының ой-пікірін жеткізіп келген.