Жаңа зерттеу: Қазақстан жастарының құндылықтары қандай?

31 октября 2021 г. Молодежь

Қазанның жиырма тоғызында Нұр-Сұлтанда Фридрих Эберт атындағы қордың қолдауымен  зерттеушілер Дина Шарипова мен Серік Бейменбетов жүзеге асырған «Қазақстан жастары. Құндылықтарын, сенімін, мақсатын бағалау» атты ғылыми еңбектің презентациясы өтті.

Құндыз Мұханғали

Зерттеудің мақсаты – жастардың көзқарасын, құндылықтарын, сенімі және болашақ жайлы ойларын зерттей келе олардың қоғамдағы бейнесін анықтау. Зерттеу барысында сауалнама және тереңдетілген сұхбат әдістері қолданылып, оған Қазақстанның барлық аймағынан 14-29 жас аралығындағы мыңға жуық тұрғын қатысқан. Деректер 2020 жылы ақпан-сәуір аралығында жиналды.  

Зерттеудің негізгі нәтижелері қандай?

Білім алу

Жастардың 40 пайызға жуығы қазіргі білім сапасына риза болса, 24 пайызының көңілі толмайды. Мұның басты себебі – сыбайлас жемқорлық: әрбір екінші респондент (52%) білім беру ұйымдарында бағаны «сатып алу» үрдісінің бар екенін айтады.     

Жастардың шамамен жартысы (48,5%) білім беру деңгейінің әлемдік еңбек нарығына сай еместігін айтты. Ал 45 пайыз жас шетелде білім алуды қалайтынын, үштен бірі болса (27,5%) Қазақстанда оқығысы келетінін айтты. Шетелде білім алуды қалайтын жастардың көпшілігі АҚШ, ЕуроОдақ және Ресей оқу орындарын таңдайды. 

Жұмысқа орналасу

Жастардың жұмысқа орналасуында гендерлік айырмашылық бар. 27 пайыз ер адам 18 пайыз әйел адамға қарағанда тұрақты, ресми жұмыспен қамтамасыз етілген. Ал ауыл жастарының  44 пайызы (43,7%-ы) жұмыссыз болса, қалада бұл көрсеткіші 35 (34,8) пайыз.

Сонымен қатар жастардың 42 пайызы білім алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ал жұмыс істейтіндердің бестен бірі (21%) мемлекеттік орынға, бестен үші (62,9) жеке секторға және  төрт-ақпайызы мемлекеттік емес ұйымдарға жұмысқа тұрған. Яғни жастардың басым көпшілігі жұмыс орны ретінде жекеменшік ұйымдарды құп көреді. Олардың ойынша, жұмысқа орналасарда еңбек өтілі, білім деңгейі, сәттілік, тамыр-таныстық  және нетуоркингтің маңызы жоғары. 

Миграция және көші-қон

Жастардың басым көпшілігі Қазақстанда оқып, жұмыс істегісі келеді. Алайда шетелде оқып, жұмыс істеуді қалайтындар да бар. Олар көбіне АҚШ, Еуропалық Одақ елдеріне және Канадаға көшуді ойлайды. Эмиграцияның басты себептері – өмір сүру деңгейін көтеру, сапалы жоғары білім алу, басқа мәдени ортамен тәжірибе алмасу және болашақта жоғары деңгейлі жалақы алу.    

Жастар және саясат

Зерттеу нәтижесі бойынша жастардың негізгі құндылықтары: адам құқығы, қауіпсіздік және демократия. Адам құқығының бірінші құндылық болуына қарамастан, Қазақстан жастары саясатқа белсендіараласпайды, жанұясымен саясат туралы сөйлеспейді және көпшілігінің көзқарасы ата-анасының ұстанымына ұқсас. Респонденттердің үштен бірі ғана соңғы парламент сайлауында дауыс берсе, 5 пайызы саяси петицияға қол қойған, ал негізгі бөлігі (69,5%) ешқашан дауыс беріп көрмеген.

Ал жастардың басым көпшілігі халықтың жағдайына қатысты мәселелерде үкіметке жауапкершілік артады. Олардың ойынша, үкімет адам құқықтары мен бостандығы, әлеуметтік теңдік және әлеуметтік игілікті тең бөлу, қоршаған ортаны қорғау сияқты өзекті мәселерге ерекше назар аударуы керек. Олардың жартысы соғыс қаупін, кедейліктің көбеюін, ауаның ластануын, климаттың өзгеруін және сыбайлас жемқорлықты өздеріне төнетін сын-қатер ретінде сипаттаған.  

Сонымен қатар, жастардың жартысы Қазақстанның қазіргі президентіне сенім білдіреді (48,3%), ал 40 пайызы еріктілер қозғалысы мен ұйымдарына сенім артады. Дегенмен жастардың әр төртіншісі авторитаризмді қолдайды. Бұған қоса, жастардың үштен бірі (27,8%) кей мәселені күш қолдану арқылы ғана шешуге болады дейді.  38 пайызы бұл оймен келіспесе, 22 пайызы бейтарап жауап берген. 

Зерттеудің толық нұсқасын мына сілтемеге өтіп  оқи аласыз. 

Следите за нами в интернете

Другие новости и события