Жаңаөзен-2011 жастар көзімен: «Көпшілігі болған оқиға жайлы ашып айтқысы келмейді»

24 декабря 2021 г. Молодежь
Фото с сайта ortcom.kz

Жаңаөзен трагедиясына биыл он жыл. 2011 жылы Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілі мамырдан бастап жеті айға созылған еді. Қантөгіс болған күн – 16 желтоқсанда полиция бейбіт тұрғындар мен ереуілшілерге оқ атты. Ресми мәлімет бойынша, 17 адам қаза тауып, 72 адам жарақат алған. Кейбір сарапшы мен тұрғындардың ойынша, зардап шеккендер саны мұнан әлдеқайда көп.  

Жақында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен оқиғасын ресми еске алу шаралары өтпейді деді, ал бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік арналарда көрсетілген деректі фильмде бұған оппозициядағы саясаткер Мұхтар Әблязов кінәлі екенін айтқан еді.   

11 желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасы кезінде өлтірілгендерді еске алу үшін 300 адам жиналып, шындықтың әлі ашылмағанын айтты. Оқиғаның куәсі болған екі жастың ойын сұрап, сол күндері не көргенін, Жаңаөзендегі жағдай қалай болғанын сұрап білдік. 

Құндыз Мұханғали

Камилла, 23 жаста

Камилла ол кезде он үште болатын. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының 8-сынып оқушысы. Жоспар бойынша,  олимпиадаға қатысқаны үшін 14 немесе 15 желтоқсанда оларды мектеп ұжымы құттықтауы керек болатын. Айтуынша, ол күндері ешқандай мереке болмаған:

«Мектеп кейін тойлаймыз деді. 16-сы күні кешкі 18:00-ден бастап интернет істемеді, тек ресейлік арналар ғана қосулы болды. Жаңаөзен бізден 150 шақырым жерде ғана орналасқан, бірақ бүкіл Маңғыстауда да байланыс болмады. Он алтысы күні нақты не болғанын естіген жоқпыз».

Камиланың әкесі де «Қаражанбас» мұнай кен орны компаниясында жұмыс істеген. Ол 15 желтоқсанда вахтаға жұмысқа кеткен соң 2-3 күндей байланысқа шыға алмаған. Кейіннен білуінше, компания жұмысты тоқтатып, қызметкерлерін сыртқа шығармаған. Камилла бірнеше күн Жаңаөзен мен оған жақын орналасқан Шетпедегі туыстарынан да еш хабар ала алмаған. Айтуынша, Ақтауға адамдарды 18-нен бастап кіргізе бастаған. Ал мектепте бір апта бойы сабақ болмаған:

«Мектепке барғанда ата-анасы Жаңаөзеннен болған оқушылар ол жерде қырғын болғанын, адамдарға оқ атылғанын айтты. Бірақ мұғалімдер «ондай ештеңе болған жоқ, не айтып отырсыңдар?!» деп ұрсатын. Кейін мектеп директоры бәрімізді спорт залға жинап, «Жаңаөзенде вахабистер мен террористер мұнайшылар киімдерін киіп алып, атыс шығарған, халықты ұрып, тіпті киелі киіз үйді өртеп жіберген» деді».

Мектеп директоры «оларды шетелден біреулер қаржыландырып отыр. 15 шақты адам қайтыс болды, жарақаттанған 2-3 адам болды» деген. Ол полицейлердің ешкімді атпағанын, вахабистердің полицей мен мұнайшы киімін киіп, техника дүкендерін тонағанын айтқан. Ал Камилланың достарының айтуынша, полиция терезеден қарап тұрған адамдарға да оқ атқан. Ереуіл өтіп жатқан көшенің бойында тұратын әпкесі балконнан я терезеден оқиғаны телефонға түсірмекші болған сәтте жараланған.

Камиланның Жаңаөзенде туыстары көп. Дегенмен көпшілігі болған оқиға жайлы ашып айтқысы келмейді. «Ондай тақырыптарды қозғасаң, ештеңе айтпайды. Қорыққандарынан әлде қандай да бір келісімге қол қойғандықтан айтпай ма, білмеймін. Тек «жаман болды, қиын болды» деп қайырады» дейді:

«Өзенде (Жаңаөзен -ред) тұратын ағайындарымның айтуы бойынша, 150-160 шамалы адам қайтыс болды. Бір мезетте молалар көбейіп кетті, әр үйде садақа болды».

Оның ойынша, қазірдің өзінде билік өкілдері шындықты ашып айтпайды. Дегенмен байқауынша, қазіргі сәтте Жаңаөзенде қандай да бір наразылық болса, әкімшілік оны тез арада шешуге тырысады. Оқиғадан соң «Өзенмұнайгаз» қызметкерлерінің жалақысын өсіріп, «әрбір үйде бір мұнайшы болсын» деген бағытты ұстанған. Компанияның жүргізушісі болса да, мұнай саласында істеп, жақсы табыс тапсын деген. Осы себептен «қазір Жаңаөзенде ауқатты отбасылар көп» дейді Камилла. Әкесі зейнетке шықса, орнына баласы жұмысқа тұратын «дәстүр» бар екен.    

Аслан, 31 жаста

Батыс Қазақстан облысының тумасы, 21 жастағы Аслан Жаңаөзенге жұмыс істеу үшін келген. 16 желтоқсан күні таңертең досымен бірге көшеге шықса, қақтығыс болып жатыр екен. Қалада алғашында тек Жаңаөзеннің полициясы болған:

«Милиция «Өзенмұнайгаз» бірлестігінің мекемесіне қарама-қарсы жүріп келді. Бірбағытты жолдың бір шетінде – милиция, қарсы жағында – ереуілшілер, қарапайым халық жүрді. Олар (полиция – ред.) бұрылып келді де, автоматпен барлық оқты тіп-тіке халыққа атты».

Ереуіл кезінде Асланның көптеген досы, жұмыстасы, олардың әкелері, ағалары, қарындастары, наразылыққа қатысқан\қатыспаған таныстары қайтыс болған. «Атылған оқтың тигені адамға, тимегені үйлердің астындағы ұзынынан орналасқан әйнек дүкендерді сындырып, қиратты», – дейді. Мұнда ломбард, телефон және түрлі заттар сататын дүкендер көп болған.

«Қазір айтсам көп адам өтірік деп ойлайды. Көше – қызыл қан, «Өзенмұнайгаздың» асты өртеніп жатты. Төрт қабатты ғимараттың төбесінен екі жас бала секірді. Біреуі секіріп екінші қабатта интернеттің үлкен тарелкасына соғылып, жерге түсті. Ал екіншісі есік алдында коридор сияқты плита бар, секіріп соған соғылады. Екеуі де қайтыс болды», – дейді.

«Бізді құдай сақтап, жұмыстасым екеуміз көшенің бойында адамдар отыратын кішкентай сәкінің астына жатып, тығылдық». 

Қалада 17 желтоқсан 18:00-ден бастап қаңтардың 5-не дейін комендант сағаты жарияланды. Аслан түнделетіп жүріп, полицияға ұсталған. Оны Ikarus автобусына отырғызып, алып кеткен. Бұған дейін күндіз оның телефонға түсірген видеосын тауып, сол үшін айып таққан. 

Мұнан соң оны аудандық ішкі істер бөліміне (РОВД) апарған. «Кісі толған икарусқа кілең жас жігіттерді жинады. ОМОН-дар сабап-сабап, елу адамды бір толтырып тасыды. Сөйтіп РОВД-ға қамады», – дейді. Кейін таныстары арқылы ғана Асланды шығарып алған.

Асланның өзге бір досының әкесі қайтыс болып, мәйітханаға барған. Айтуынша, бір адам жататын орында 4-5 адамның аяқтары көрініп жатқан. Досының әйелі босанып, әкесі немересін көру үшін перзентханаға барыпты. Мұнда оны ОМОН ұстап, аудандық ішкі істер бөліміне алып кеткен. Кейін босатқанымен, аялдамаға жетпестен құлап, қайтыс болды.

…2012 жылы сот шешімі бойынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін бес полицей бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Азаттық радиосының деректеріне сүйенсек, «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» бабы бойынша ереуілге қатысқан 37 адамға айып тағылып, он үш адам 3-7 жыл аралығында сотталған. Кейін оның 21-і шартты жаза алып, үшеуі ақталды. 

Следите за нами в интернете