7 шілдеде Алматыдағы Медеу ауданының №2
соты қоғам белсендісі Әсия Төлесоваға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала
тыңдау ұйымдастарды. Сот Залина Махарадзе. Әсия Төлесованың 10 маусымнан бері
тергеу изоляторында қамауда екенін айта кеткен жөн.
Алдын ала тыңдау процесі 10:00-де онлайн
түрде басталды. Сот кезінде Әсияның адвокаттары Назерке Ризабекова мен Джохар
Өтебеков сотқа жолдаған сегіз өтінішхатты оқыды.
Ризабекованың Әсияның анасын қорғаушысы деп
тану туралы оқыған ең алғаш өтінішхаты сот кезінде бірден қабылданды. Ал
Өтебеков қылмыстық істі тоқтатып, Әсия Төлесованы қамаудан босатуды, яғни
бұлтарпау шараларын жұмсартуды әрі филологиялық сараптама, сотмедсараптама,
психолого-филолгиялық сараптама, психолого-психиатриялық пен фото-техникалық
сараптама өткізуді сұрады. Сонымен қатар, адвокаттар жеке сот сарапшысы жасаған
фото-техникалық сараптама нәтижесі мен лингвист маманның Әсияның митинг кезінде
айтқан сөздеріне жасаған сараптама қорытындысын іске тіркеуді өтінді.
«Айыптау актісіне сәйкес, Төлесова олардың әрқайсысын (зардап шеккен
полиция қызметкерлері Темірханов пен Тұрғанбекті) үш рет соққан. Бұған тек
полиейлердің айтқандары мен түсініксіз видеожазба негізге алынған. Осыған
байланысты біз соттан Төлесованың полицияға қол тигізіп-тигізбегенін анықтау
үшін фото-техникалық сараптама тағайындауды сұраймыз. Егер ол қол тигізсе, онда
Әсияның қалай соққаны және қызметкерлердің қай жеріне зақым келтіргенін
қарастыру керек. Оның бәрін анықтау үшін видеоға зерттеу жасайтын
фото-техникалық сараптама қажет», - деді адвокат Өтебеков.
Әсия Төлесова өзіне тағылған айыптарды
мойындамайтынын, бірақ полицейлерден кешірім сұрауға дайын екенін айтты.
«Мен адвокаттарымның, қорғаушыларымның
өтінішін қолдаймын. Бұл қылмыстық істер жабылады деп үміттенемін… Маған
тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспеймін, бірақ өз-өзімді ұстай алмағаным
үшін жәбірленушілерден көпшілік алдында кешірім сұрауға дайынмын», - деді Әсия
сот кезінде.
Зардап шеккен — алты полицей. Тергеу
нұсқауында Төлесованың екі полицейді қорлағаны, ал қалған төрт полицей мен
қорланған қызметкердің біріне тіл тигізгені жазылған.
Адвокаттар Әсияның митингіде айтқан сөзіне
лингвист маман Қарымсақованың психолого-филолгиялық сараптама нәтижесін сотқа
ұсынды. Маманның қорындысына сәйкес, Төлесованың «Гад! И ты гад! Никто из
вас не достоин носить форму. Мерзкие, мерзкие менты!» деген сөзінде әдепсіз
лексика жоқ. Ол жәбірленушілерге «мерзкий» және «гад» деген орыс тілінегі әдеби
сөздерді айтқан. Ризабекованың сөзінше, Төлесова екі полицейге ғана осылай
сөйлеген. Қалған үш жәбірленушінің қайдан шыққаны түсініксіз.
Ал прокурордың сөзінше, бұлтартпау шарасы
бойынша изоляторға қамау шешімін кепілдікке босату немесе басқа да шараларға
өзгертуге негіз жоқ.
«Соттың бұл кезіңінде бұлтартпау шарасын кепілдікке босату шешіміне өзгертуге еш негіз жоқ деп есептеймін. Қылмыстың негізгі құрамы үшін істі тоқтатуға себеп жоқ деп санаймын. Істің сотқа дейінгі кезеңінде жиналған кінәні дәлелдейтін айғақ жеткілікті және басты сот талқылауын өткізуге еш кедергі жоқ деп есептеймін», - деді прокурор.
Екі тарапты тыңдаған соң сот кеңесу
бөлмесіне кетті. 14:30-да оның шешімі оқылуы керек болатын. Алайда сот
Махарадзе қаулысын сағат 15:40-та оқыды.
Ол қорғаушылардың өтініштерінің
ішінде психологиялық-филологиялық сараптама жүргізу және іс материалдарына
лингвист Қарымсақованың қорытындысы мен фототехникалық зерттеу нәтижесін қосу
туралы өтінішхаттарынан басқа барлық өтінішхатты қабылдаудан бас тартты.
Адвокат Өтебековтың айтуынша, енді сот
процесі психолого-филологиялық сараптама біткен соң жалғасады.
Естеріңізге сала кетейік, 6 маусымда
Қазақстанның бірнеше қаласында тіркелмеген Демократиялық партия мен ДВК
ұйымының ұйымдастырған митингілері өтті. Бұл жиындарды сот экстремистік деп
таныды. Журналистер мен белсенділердің хабарлауынша, Алматыдағы митингіде 40-қа
жуық адам ұсталған. Кейін сол күні әлеуметтік желілерде қоғам белсендісі
Төлесова түсірілген видео тарады. Видеоға Әсия полицейге қолын сілтеп қалған
кезде қызметкердің фуражкасын басынан түсіргені жазылған.
10 маусымда сот Төлесованы қамауға алып, 17
маусымда қамау мерзімін он тәулікке ұзартты. Кейін қамау мерзімі тағы он
тәулікке ұзартылды. Оған (Қылмыстық кодекстің 378-бабы бойынша) «билік өкілін
қорлады» және (Қылмыстық кодекстің 380-бабы бойынша) “билік өкіліне қатысты күш
қолданды” деген айып тағылды.
Айыптаушылардың сөзінше, Әсия митинг
кезінде жұмыс істеген полицей қызметкерін қорлаған. Ал Әсияның өзі бұл жағдай
туралы: «Мен адамдарды күштеп автозагқа отырғызып жатқанын жай ғана видеоға
түсіріп тұрдым. Адамдарды осылайша қорлауды заңсыз әрі адамдыққа жатпайды деп
есептегендіктен оған қарсылық көрсеткім келді. Менің әрекеттерімнің мақсаты
осыны тоқтату болды» дейді.
Қоғам қайраткерлері мен азаматтық ұйымдардың өкілдері президент Қасым Жомарт-Тоқаевтан белсенді Әсия Төлесованы уақытша ұстау изоляторынан босатуды талап еткенін айта кеткен абзал. Human Rights Watch пен Amnesty International сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары да билік өкілдерін Төлесованы бостауға шақырған.