Жастар жұмысқа тұрғанда қандай құқықтарын білуі керек?

25 июня 2020 г. Молодежь

Ата-анасына қолғабыс ету үшін және өз қажеттіліктерін қанағаттындыру мақсатында жұмыс істейтін жастардың қатары жаз басталғалы көбейді. Араларында мектеп оқушылары да, студенттер де бар. Заңгер Ғабдул-Ғани Абуталиппен сөйлесіп, жастар жұмысқа тұрғанда қандай құқығын білуі керек екенін білдік. Сонымен қатар, жұмыс беруші жастармен қалай жұмыс істейтінін айтып берді. 

Жансая Алиева

Жастар қосымша жұмысқа тұрарда қандай құқықтарын білуі керек?

ҚР Еңбек кодексінің (әрі қарай ЕК) 21-бабының 1-тармағына сәйкес, еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында еңбек шарты негізінде пайда болады. Егер еңбек шарты жоқ болса, демек, еңбек қатынастары да жоқ деген сөз. Еңбек шарты жазбаша түрде және кем дегенде екі нұсқада жасалады. Бірі жұмыс берушіде, екіншісі жұмыскерде сақталуы тиіс.

Еңбек шартында төмендегі пункттердің болуына баса назар аудару керек:

1.Жұмыскердің нақты қандай қызмет атқаратыны, яғни еңбек функциясы. Мәселен, бухгалтер болса, аудит не жай ғана есеп жүргізетіні жазылуы шарт.

2. Жұмыс орны, жұмыс атауы туралы толық деректер.

3. Жұмыстың басталу күні мен келісімшарттың аяқталу күні. Сонымен қатар  егер еңбек шарты ұзартылса, қандай процесс көмегімен ұзартылатыны жазылуы керек.

4. Айлық жалақы және басқа да ақы төлемдерінің мөлшері, төленетін мерзімі, төлену әдісі.

5. Форс мажор жағдайларда, іссапарларда қандай жағдай болатыны көрсетілген пункт.

Еңбек шартының ең маңызды бөлімі — жұмыс берушінің және жұмыскердің құқықтары мен міндеттері.  Аталған пунктте себепсіз жұмыстан шығару немесе белгілі бір оқиғаларға байланысты сөгіс жариялау заңсыз болмауын қадағалаған жөн. Кейбір жағдайларда жұмыс беруші жұмыскердің құқықтары мен міндерттерін өте қысқа етіп жазады да, ал өзінікіне келгенде толтырып жазып қояды. Кейін бір мәселе туындаса, түсініспеушіліктер пайда болады.

Жұмыс режимі туралы пунктке де аса зер салу керек. Жұмыс режимі күніне сегіз сағаттан, ал аптасына қырық сағаттан аспауы тиіс. Жұмыс уақытына түскі ас ішу уақыты кірмейді. Сосын қандай графикте (вахта, ауысымдық, толық күн) қызмет атқаратанын анықтап қарау керек.

Кейде еңбек келісімшартында қызметкердің міндеті ретінде күніне орындалуы тиіс тапсырманың мөлшері жазылады да график көрсетілмейді. Осының салдарынан егер жұмыскер тиісті тапсырманы орындамаса, басшыдан сөгіс алады. Мысалы, бір маркетологтың еңбек келісімшартын алайық. Онда қызметкер күнде тапсырыс қабылдап, келген тапсырыстарды сол күні бітіру керек деген пункт көрсетілген, ал тоғыздан алтыға дейінгі жұмыс уақыты туралы түк жазылмаған. Қызметкерге 18:15 кеткенде тағы бір тапсырыс келсе және оны орындамаса, жұмыс беруіші оған сөгіс бере алады. Сондықтан графикті нақты жазу өте маңызды. 

Сынақ мерзімі үш айдан аспауы тиіс. Бізде көптеген жұмыс беруіші еңбек келісімшартына отырмайды және сынақ мерзімін еңбек өтіліне кіргізбейді. Негізі ЕК бойынша сынақ мерзімі еңбек өтіліне кіреді. Сондай-ақ оған толық көлемде ақы төленуі шарт. Егер жұмыскерге сынақ мерзімінде еңбек шартын ұсынбаса, жұмыс беруші Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексін (әрі қарай ӘҚК) бұзған болып есептеледі.

Жастардың еңбек шартына отыруы кезінде ерекшеліктер бар ма?

Жастардың еңбек шартына отыруы деген кезде мына нәрсені түсіну қажет: заңнама жұмыскерді екі түрге бөліп қарастырады. Бірі — 16 жасқа толған, ақыл-есі дұрыс, ҚР азаматы; екіншісі — 16-ға толмаған, ақыл-есінде ақау бар немесе нерезидент тұлға (шетелдік азамат). 16 жасқа толмағандарға еңбек заңнамасында өзгеше жағдайлар қарастырылған.

-       Орта білім беру ұйымындарында оқып жатқан он бес жасқа толған азаматтармен;

 

-       оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен;

 

-       кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін он төрт жасқа толмаған адамдармен Еңбек Кодексінде айқындалған талаптарды сақтай отырып, еңбек шарты жасалуы мүмкін.

 

14 жасқа дейінгілер бойынша мынандай талаптар сақталуы тиіс:                                               1) денсаулыққа зиян тигізбеу;

2) оқуға кедергі келтірмеу;

3) еңбек шартына ата-анасының немесе заңды өкілінің қол қоюы.

Жұмыс беруші «құжатты кейін рәсімдейміз, әзірге істей бер» десе, не істеген жөн?

Мұндай жағдайда жұмыс берушіге ӘҚК-нің 86-бабының 1-тармағы бойынша айыппұл салынатынын, сонымен қатар, еңбек шартынсыз салық есептілігі толық болмайтынын және бұл салық заңнамасын бұзу екенін ескерту қажет. Еңбек Кодексінің 33-бабының 3-тарауына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерге еңбек шартын ұсынбаған немесе тиісті түрде рәсімдемеген кезде ҚР заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Нақтырақ айтсақ, Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 86-бабының 1-тармағына сәйкес, «Жұмыс берушінің адамды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберуі  лауазымды адамдарға – 30, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 150 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады».

Еңбек шарты болмаған қызметкер жұмыстан себепсіз қуылғанда не істей алады?

Еңбек қатынастары еңбек шарты болмаған жағдайда жоқ болып есептелуі мүмкін. Себебі дау туындаса, сотта дәлелдеу қиын болады. Алайда еңбек заңнамасы бойынша, қызметкердің еңбек шарты болмағанына қарамастан расымен де жұмыс істесе, еңбек қатынастары еңбек шартынсыз да басталған болып саналады. Сондықтан еңбек шартынсыз жұмыс істеген қызметкер жұмыстан себепсіз шығарылғанда сотқа және еңбек инспекциясына шағымдана алады.

Жастарға қандай жұмыстарды істеуге тыйым салынған?

ҚР Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 5-тармақшасы бойынша он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді, ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиян және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді қоса атқаратын жұмысқа орналастыруға жол берілмейді. Мұндай жұмыстар үшін минимал жас мөлшері — 18 жас.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға материалдық жауапкершілігі бар, жұмыс уақытының жиынтық есебі қолданылатын, үстеме және түнгі жұмыстарға тыйым салынады. Моральдық дамуына кері әсерін тигізетін жұмыстарға тартуға да (құмар ойындар, түнгі көңіл көтеру, алкоголь өнімдерін, темекі өнімдерін, есірткі заттарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды сату) болмайды.

18 жасқа толмаған қызметкерлерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен белгіленген шекті нормалардан асатын жүкті алып жүруге және тасымалдауға тыйым салынады.

Жұмыс беруші қандай шарттар қоя алады?

Жұмыс беруші жұмысқа қабылдамастан бұрын, кандидатқа біліктілік шарттарын, нақты бір кәсіби талаптарға сай келуін, қандай да бір қасиеттерге ие болуын, жұмыс өтілінің болуын талап ете алады.

Жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа алған сәттен бастап заңнамада рұқсат етілмеген, яғни, еңбек шартында көрсетілмеген жұмыстарды істеуді, жұмыс уақытынан тыс уақытта жұмысқа шығуды талап ете алмайды.

Жастарға қанша сағат жұмыс істеуге болады?

14 жастан 16 жасқа дейінгі аралықтағы жастарға аптасына 24 сағаттан аспайтын, ал 16 жастан 18 жасқа дейінгі аралықтағы жастарға аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты рұқсат етілген. 18 жастан асқан азаматтарға аптасына жұмыс уақыты 40 сағаттан аспауы тиіс.

Экзамен кезінде жұмыстан жібере ме ?

Еңбек Кодексінің 100-бабының 4-тармағына сәйкес, әлеуметтік демалыстардың бір түріне оқу демалысы жатады. Сондықтан жұмыс беруші оқу демалысын беруге міндетті. Оқу демалысы ҚР ЕК-нің 112-бабының 1-тармағына сәйкес, экзаменге дайындалуға, диплом жұмысын қорғауға және лабораториялық жұмысты жасауға беріледі. Егер еңбек, ұжымдық немесе оқу шарттарында оқу демалысы үшін жалақы төлеу көзделген болса, ақы төленеді.

 

Жұмысқа тұрарда еңбек шартын жасау үшін қандай құжаттар болуы керек?

1) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі немесе Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (он алты жасқа толмаған адамдар үшiн туу туралы куәлiк) қажет.

2) тиісті білімді, машық пен дағдыны талап ететін жұмысқа еңбек шартын жасасу кезінде білімі, біліктілігі туралы, арнайы білімі немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат;

3) еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек өтілі бар адамдар үшін);

4) алдын ала медициналық куәландырудан өткені туралы құжат қажет.

Кәмелетке толмағандардың қатысуымен білім беру, тәрбиелеу, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласында еңбек шартын жасасу үшін адам: денсаулыққа қасақана зиян келтіру, адам өлтіру, адамдардың денсаулығына және имандылыққа, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы сияқты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтердің бар не жоқ екендігі туралы анықтама ұсынады.

Азаматтық қызметке, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық даму институттарына, ұлттық холдингтерге және ұлттық компанияларға, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдарына басқару функцияларын орындаумен байланысты лауазымға тұру кезінде адам сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтердің бар не жоқ екендігі туралы анықтама ұсынады.

Жұмыскер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын басқа жұмыс берушімен жасасу үшін негізгі жұмыс орны бойынша еңбектің сипаты мен шарттары (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) туралы анықтама ұсынады.

Мемлекеттік органның шетелдік жұмыскерлері тартылған кезде еңбек шартын жасасу үшін қажетті құжаттардың тізбесі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен шетелдік жұмыскерлерді тарту тәртібіне сәйкес айқындалады.

Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс беруші еңбек заңнамасында көрсетілмеген құжаттарды талап етуге құқылы емес.

Құжаттардың төлнұсқасын жұмыс берушіде сақтауға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерді орындау үшін уақытша қалдыруға жұмыскер келіскен жағдайда, жұмыс беруші жұмыскерге құжаттарды қайтару туралы жазбаша міндеттеме береді.

Жарылғапова Венера

Оралдағы Koton бутигінің администраторы.

Біз әдетте 18 жасқа толған жастарды жұмысқа қабылдаймыз. Қазақстан Республикасының заңңамасында міндеттелген талаптарға сай еңбек шартына отырамыз. Еңбек шартына отырмай жұмысқа ала алмаймыз. Ресми компания болғандықтан барлығы заңға сай болуы тиіс. Бірақ жазда ата-анасының келісімімен 16 жасқа толмаған мектеп оқушыларын да жұмысқа аламыз.

Жастар мен ересектерге қоятын талабымыз бірдей: жауапкершілігі мол, еңбекқор, ынталы болуы керек. Менің жұмыс беруші ретінде қызмет атқарып келе жатқаныма алты жыл болды. Осы уақыт аралығында байқағаным: 21 ғасырда дүниеге келген буын 1990 жылдардың ортасында туғандармен салыстырғанда еңбекке аса бейім емес, жауапкершілік жүгін сезіне бермейді. Әрине, барлық жасты олай сипаттай алмаймын, араларында еңбексүйгіштер кездеседі.

Жұмыскер еңбек дисципланасын бұзып, берілген тапсырманы тиянақты орындамағанда, басшысынының сөзіне құлақ асқысы келмегенде жұмыстан шығарамыз. Алайда көп жағдайда балалардың өзі бұл жұмысқа сай емесін түсінеді. Себебі сатушының жұмысы қиын. Күні бойы тізе бүкпестен жүру, адамдармен үнемі диалог құрып, коммуникация жасауға кез келген жас шыдай бермейді. Қиындыққа шыдап, жақсы нәтиже көрсеткен жастарды назарсыз қалдырмаймыз. Мансабында ары қарай жоғарылайды.

Студенттер болғасын, арасында сессия, диплом қорғау сынды сабақтарына байланысты әртүрлі ісі болып тұрады. Олардың жұмысы сабақ үлгеріміне зиян келтірмеуін басты назарға аламын. Сондықтан керек болса ауысымын өзгертіп, экзамен күнінде босатамын. 

Следите за нами в интернете