Equal Pay Day: тең еңбекақыға қалай жетеміз?

19 сентября 2022 г. Общество, Права человека

18 қыркүйек – бүкіләлемдік тең еңбекақы күні. Мұны БҰҰ халықаралық күн ретінде бекіткен. Осы күні әйелдер мен еркектердің тең еңбекақы алуы мен жалақыдағы айырмашылықты жою жолындағы мәселелерді талқылайды. Біз де бұл күнге орай Қазақстандағы тең еңбекақы жағдайына тоқталдық.

Ернұр Дәулетұлы

БҰҰ-ның мәліметінше, әлемде әйелдер мен еркектердің айлық табыс мөлшерінде жиырма пайыз айырмашылық бар. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда әйелдер мен еркектердің жалақы айырмашылығы 21,7 пайызды құрайды. Нақтырақ айтсақ, еркектер орта есеппен – 281 239 теңге, әйелдер 220 160 теңге табыс табады екен. Неліктен еркектердің табысы жоғарырақ және мұның гендерлік теңсіздікпен қандай байланысы бар? Бұл сұраққа құқықтанушы, гендерлік экономика зерттеушісі Айгерім Құсайынқызы жауап береді. 

Айгерім Құсайынқызының түсіндіруінше, дамыған Еуропа елдерінің өзінде бірдей қызмет үшін жалақы алшақтығы ол 17-18% құрайды. Франция, Австралия, Нидерланды сияқты мемлекеттерде ол сәл төменірек 15-17%, Жапонияда – 25%, Кореяда тіпті Қазақстаннан да нашарлау – 35%, ал Қытайдың кейбір өңірлерінде, Сауд Арабиясында әйелдерге кейбір мамандықтар тыйым салынған, сол үшін жалақыдағы алшақтық елу пайызды құрайды екен. Қазақстан мен Еуропа елдеріндегі жалақы айырмашылығы пайыздық тұрғыдан бір-біріне жақын болғанымен, біздің елдегі еңбекақы деңгейі Еуропа елдерінің еңбекақы деңгейімен салыстырғанда анағұрлым төмен, сондықтан мұның әсері бізде тереңірек сезіледі.  

Жалақыдағы айырмашылық қайдан шығады?

Адам Құқықтарының Жалпыға Бірдей Декларациясы болсын, одан басқа да халықаралық құжаттар болсын, Конституциямыз болсын, Еңбек кодексі болсын, бұлардың барлығында адамдардың тең екені, алалауға болмайтыны жазылған. Елімізде жалақы адамның жынысына қарамастан шартты түрде тең беріледі. Мысалы, еркек мұғалім мен әйел мұғалімге құжат бойынша көрсеткен қызметі үшін бірдей ақы төленеді. Олай болса, еңбекақыдағы айырмашылық қайдан шығады?

«Белгілі бір мансапқа барған кезде әйелдерге көрінбейтін барьерлердің болуы, қандай да бір стеротиптердің қоғамда қалыптасуы  жалақы алшақтығына әкеліп соғады»- дейді Айгерім Құсайынқызы. Сарапшының айтуынша, Қазақстанда саяси қызметкерлердің ішінде әйелдердің үлесі 15 пайызға да жетпейді, мәжілісте – 27 пайыз, шағын және орта бизнесте әйелдердің үлесі жақсы болғанымен, банк сияқты жоғары қаржы салаларында 25 пайызға жетпейді. Жалақысы жоғары қызметтерде әйелдердің үлесі айтарлықтай аз болғанымен, Қазақстан халқының жартысынан астамын – 52 пайызын әйелдер құрайды.

Әйелдердің әлеуметтік иерархияда белгілі бір сатыдан асуына мүмкіндік бермейтін көрінбейтін кедергілерді гендер зерттеушілері «шыны төбе» (glass ceiling) терминімен түсіндіреді. Яғни қоғам мен жұмыс берушілер тарапынан жасалатын сырт көзге байқалмайтын көптеген кедергі (мысалы, әйелдер жұмыстан бөлек тамақ істеу, бала күту сияқты күнделікті үй шаруасымен де айналысуға мәжбүр), стереотип ойлар («Байтал шауып бәйге алмас», т.б. еш қисыны жоқ түсініктер) әйелдердің карьерада жоғары өрлеуіне мүмкіндік бермейді. Мысалы, жақында Алматыдағы блогер Ақжол Талғатұлы өз компаниясындағы бүкіл әйелді жұмыстан шығарғанын айтып, басқаларды да өзінен үлгі алуға шақырған еді. Осындай кері түсініктердің салдарынан жалақысы жоғары лауазымды қызметтерге көп жағдайда еркектер тағайындалып жатады. Мысалы, қазақстандық Форбстың мамыр айында жариялаған 2022 жылдың ең ауқатты елу Қазақстан азаматы тізімінде Назарбаевтың екі қызын есептемегенде, бірде-бір әйел жоқ.  

Жалақы теңдігі қоғамға қандай пайда әкеледі?

«Ең алдымен, бұл – адам құқығы және әлеуметтік әділдік. Әйелдердің еркектермен бірдей жұмыс жасауға, бірдей жалақы алуға құқығы бар. Егер ол шектелер болса, мемлекет бұндай дискриминацияға жол бермей, алдын алуы үшін барлығын жасауы керек»- дейді Айгерім Құсайынқызы. Әйелдердің тұрмыстағы зомбылыққа төзім танытуына кейде олардың зорлықшы еркекке қаржылай тәуелділігі себеп болып жатады. Қыздарға жасалатын зорлық-зомбылық жойылып, әйелдердің еркіндікке қол жеткізуі үшін экономикалық еркіндік қажет, яғни олар жұмыспен қамтылған, еркектермен бірдей ақы алатын болуы керек. 

Еңбекақы әділ, бәріне тең төленетін экономикалық жүйеде азаматтардың жұмыс істеуге құлшынысы артады, әйелдер қоғамдық өмірге белсене араласа бастайды. Бұл, сөзсіз, адам құқығының қорғалуымен қатар, экономиканың өркендеуіне жол ашады. 

Жалақы теңдігі мәселесін неліктен жиі көтеруіміз керек?

Біріншіден, жалақыдағы гендерлік айырмашылыққа (gender pay gap) сене бермейтін адамдар аз емес. Сырттай қарағанда, жалақы беруде гендерлік кемсіту жоқ сияқты көрінеді. Мысалы, елімізде әйел мұғалім мен еркек мұғалімге де бірдей жалақы төленеді. Ешбір жерде «сен әйел болғаның үшін аз төлейміз» деп айтпайды. Дегенмен бір қызығы, неғұрлым жоғары табысты қызмет болған сайын, ол қызметке еркектер көбірек тағайындалады. Осылайша еңбекақыдағы гендерлік айырмашылық пайда болады. Мұны көбірек айту арқылы көбірек адамға жеткізіп, проблеманың бар екеніне сендіре аламыз.

Екіншіден, әйелдер азырақ жалақы алып қана қоймай, бірдей тауар мен қызметке еркектерге қарағанда көбірек жұмсайды. Мұны феминист зерттеушілер қызғылт салық (pink tax) деп атайды. 2015 жылы Нью-Йорк қаласында жүргізілген зерттеу әйелдердің тауары еркектердікіне қарағанда жеті пайызға қымбат екенін анықтаған. Ал Британияда мұндай айырмашылық 37 пайызға жеткен. Қазақстанда осыған ұқсас зерттеулер жоқ, дегенмен әйелдер мен еркектер қолданатын құрамы бірдей косметикалық бұйым бағаларында айырмашылық байқалатыны анық. Сондай-ақ әйелдер менструация кезінде пайдаланатын гигиеналық заттарға қосымша шығынданады. Осындай мәселелерді көтере отырып, біз гендерлік теңсіздіктің жойылуына үлес қоса аламыз.  

Үшіншіден, әдетте жұмыс берушілер әйелдердің декрет демалысына кетуі мүмкін екенін ойлап, оларды жұмысқа қабылдаудан бас тартады. Ал кейде жұмыс берушілер «еркектердің жауапкершілігі жоғары» деген сияқты стереотипке бой ұрып, әйелдерді алмай жатады. Бұл жүйелі нәсілшілдік (systemic racism) болып саналады. Осы проблемаларды шешу үшін оларды жиі көтеріп, қоғам назарына ұсынып отыру керек.

Төртіншіден, төмен жалақы = төмен зейнетақы. Төмен жалақы, оның ішінде әйелдердің төмен жалақысы оларды қартайған шағында экономикалық тұрғыдан қорғансыз қалдыруы мүмкін.

Жалақы теңдігіне жету үшін не істеу керек?

  1. Жалақыдағы теңсіздік мәселесін тақырып ретінде медиада, қоғамдық талқыларда жиірек көтеру қажет. Әсіресе құрылымдық және жүйелі кемсітуді жиі айтып, көпшілікті осы мәселеден хабардар еткен жөн.

  2. Үй шаруасы, бала тәрбиесі – тек әйелдің емес, еркектің де ортақ міндеті. Олай болса, еркектердің үй шаруасына, бала күтіміне араласуын насихаттап, ынталандыру керек. Я болмаса, бала күтімімен айналысатын әйелдерге берілетін жәрдемақы көлемін арттыру керек. Осылайша ақысы төленбейтін жұмыстар тек әйелдердің мойнына жүктелмей, еркектермен тең бөлісіледі. Бұл орайда еркектерді де декреттік демалысқа шығуға ынталандыру маңызды.

  3. Сонымен қатар, әйелдерге қатысты еңбек нарығындағы стереотип ойлармен күресу, оларды жою керек. Саясат пен экономикадағы жоғары лауазымды қызметтерге әйелдер еркектермен тең мөлшерде тағайындалуға тиіс. Әйелдердің карьералық өсуіне жағдай жасау арқылы көрінбейтін шыны кедергілерді күйретеміз.

  4. Әйелдердің карьера жасауына ыңғайлы орта қалыптастыру. Ол үшін кішентай сәбилерге мемлекеттің әлеуметтік қамқорлығын арттыру. Көптеген ана балабақшалардың қолжетімді немесе сапалы болмауына байланысты, үйде отырып бала қарауға мәжбүр. Ал бұл, жоғарыда айтқанымыздай, ақысы төленбейтін еңбекке апарады. Мұндай жағдайда әйелдердің еңбегі қаналумен қатар, кәсіби тұрғыдан дамуына мүмкіндік берілмейді. Сондықтан балабақшалар санын арттырып, бала күтіміне қолдау жасау қажет.

  5. Әйелдердің еркектермен тең жалақыға қол жеткізуімен қатар, жалақыны тең жұмсауына да жағдай жасау. Яғни әйелдер мен еркектер тұтынатын тауарлардың бағасындағы айырмашылықты жою. Сонымен қатар, әйелдер пайдаланатын гигиеналық төсеніштер мен тампондарды қолжетімді еткен жөн. Қыздардың гигиеналық төсеніш пен тампондарға тегін қол жеткізу құқығын әлемде алғаш болып заңдастырған Шотландия көптеген мемлекетке үлгі бола алады.


Следите за нами в интернете