Бюджетті бақылау: «Жай ғана сұраңыз»

28 сентября 2022 г. Участие, Инструкции
Jonathan McHugh/Getty Images

Экономист Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, қазір мемлекет бюджетінің шығыны артып, ал кіріс көлемі ұлғаймай келеді. Осылай жалғаса берсе, алдағы 5-7 жылда Ұлттық қор активтерінің мүлде азаю қаупі бар. 


Құндыз Мұханғали


S&P Global Ratings агенттігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанның егеменді несие статусы «тұрақтыдан» – «негативке» өзгеруі мүмкін. Protenge парақшасы жазғандай, мәселе негізінен КТК мұнай құбырындағы жұмыстың жиі тоқтауына байланысты. Бұл мемлекет кірісінің азаятынын да білдіреді. Ал бұл өз кезегінде мемлекет бюджетін тиімді жұмсау және азаматтардың мұны бақылауда ұстау қажеттілігі одан әрі артқанын көрсетеді. 


Елімізде бюджет саласын реттейтін негізгі құжат – «Мемлекеттік сатып алу» туралы заң. Мемлекеттік сатып алу конкурсы я тендер өткізудің осы заңға сәйкес өз ережелері болғанымен, оған мониторинг жүргізетін кей медиа мен зерттеу орталықтары саладағы кемшіліктер мен сыбайлас жемқорлық қаупі туралы жиі айтады. Өйткені жүйелі түрде қайталанатын қателіктер шешілмей жатыр. Осы тақырып аясында Zertteu Research Insitute қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбетпен және экономист, Integrity Astana коммерциялық емес ұйымының басшысы Жанат Нұрғалиевпен сұхбаттастық. 


Zertteu Research Institute сарапшысы Ғалымжан Оразымбеттің айтуынша, 2020 және 2021 жылдары бюджеттің шамамен 36-37 пайызы мемлекеттік сатып алуға жұмсалған. Бұл – миллиардтаған теңге. Әкімдік пен түрлі мемлекеттік органдар бюджетті қаншалықты тиімді пайдалынып жатқанын білуге және бақылауға халықтың әбден құқы бар. Өйткені бюджет әр азамат төлеген салық пен бүкіл халыққа ортақ қазба байлықтан түскен табыстан құралады. 2022 жылдың түзетілген республикалық бюджетіне сәйкес, 15.6 млрд теңге кірістің 9.8 млрд теңгесі, яғни жартысынан астамы салық есебінен жиналады. 


Жергілікті бюджетті, мемлекеттік сатып алуды қалай бақылай аламыз? 


Мемлекеттік сатып алу арқылы нақты мекемелер жыл бойғы жұмысына қажет тауар, қызмет, жұмыс түрлерін сатып алады. Сатып алуды өткізетін ұйымға қарай, тапсырыс түрлі мекемеден келіп түседі: министрлік, агенттік, орталық және жергілікті атқарушы органнан. 


Мемлекеттік аурухана, мектеп, университет (мемлекеттік) сияқты түрлі мекеменің қажетін орындау мен жол салу, қаланы абаттандыру сияқты қызметтер де осы мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асады. Зерттеушінің айтуынша, осы шығындарды бақылауға ең ыңғайлы құрал – мемлекеттік сатып алу порталы (goszakup.gov.kz). 


«Одан кейін Budget.egov.kz сайты бар. Онда түрлі мекеменің бюджеті салынады. Алайда ол жерде нақты бағыттары емес, тек жалпылама ақпарат бар. Adilet.zan.kz сайты бар. Осы сайтқа төрт деңгейлі бюджет: республикалық, облыстық, аудандық және ауылдық бюджеттердің барлығы жүктеледі. Ауылыңызға қанша қаржы бөлінді, түсімі, шығыны қайсы, тіпті бюджет дефицитінің көлемі де бар». Сарапшы мұнан бөлек Openbudget.kz сайтынан да толығырақ ақпарат табуға болатынын айтады. Бұл үшін ақпаратты іздеу жолын білсеңіз жеткілікті.  


Экономист Жанат Нұрғалиев депутаттар арқылы жұмыс істеуге: ұсыныс жасап, сауал жолдап, мәселені көтеруге болатынын айтты. «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңда тапсырыс берушілер (мемлекеттік мекемелер) сатып алуды бекітілген жылдық жоспарға сәйкес жүзеге асыратыны көрсетілген. Сонымен қатар, экономист абаттандыру, жол жөндеу, мектеп я аурухана салу сияқты қызметтерде қоғамдық мониторинг болуы тиіс деп есептейді. Бұл мемлекет органдарына кемшілікті дер кезінде көріп, оны ақшасы төленгенге дейін анықтауға мүмкіндік береді.  


Мемлекеттік сатып алудағы жемқорлық көріністері қандай? 


«Мемлекеттік сатып алу» туралы заңның бір қағидаты – сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу. Қазақстанда бұған жауапты негізгі орган – Антикор. Алайда Ғалымжан Оразымбеттің айтуынша, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру кезінде жемқорлық қауіп-қатері өте көп. Сарапшы кемшілік пен қауіптерді былай жүйелейді: 


1. Техникалық ерекшелікті дұрыс толтырмау. Техникалық ерекшеліктер дұрыс жазылмаса, тауар немесе қызмет те сапасыз болады; 


2. Қатысушылар арасындағы астыртын келісім. «Сен мына тендерде маған бәсекелес бол, мен саған келесіде қатысып беремін. Бірақ сен менен сәл жоғарылау баға ұсын» дегендей. Бұл жерде, ең бастысы, бір көзден сатып алу әдісін қолданбайды; 


3. Орындаушы мен тапсырыс берушінің арасындағы астыртын келісім. «Мен бір тендер өткіземін. Оны саған бергім келеді, сен қатысушыларды тауып алып кел» дегендей;


4. Техникалық ерекшелікті орындаушының өзі жазып алып келуі. Бұл «Мемлекеттік сатып алу» заңына қайшы. Заң бойынша, сатып алатын жақтың техникалық ерекшелікті жазуға мүмкіндігі болмаса, сол саладағы маманға, ұйымға жаздыруға қақысы бар. Тапсырыс орындаушы өзіне бейімдеп жазуы мүмкін. Яғни бұл техникалық ерекшеліктің нақты бір компанияға бейімделіп жазылуы;

 

5. Ереже бойынша, тікелей бір көзден сатып алу үшін кемі үш компанияға немесе өнім берушіге сұраныс жіберілуі керек. Соның ішінен ең төмен баға таңдалынады. Алайда өзара келісімшарт жасалса, бұл да сыбайластық жолмен заңдастыру бола алады. 


Сарапшы Қазақстандағы Антикор жұмысының превенциялық, яғни алдын алу бағытында жұмыс істейтінін еске салады. Олар енді ғана жарияланған тендер я келісімшартты зерттеп, оны түзетуді сұрап, белгілі бір шара қолдана алады. 


Сатып алудың нәтижесін қалай бақылай аламыз? 


Ғалымжан Оразымбет атап өткендей, елімізде мемлекеттік сатып алудың үш түрі бар: жұмыс, тауар, қызмет. Сатып алған тауардың, жұмыстың сапасын бағалау мүмкіндігі бар. Алайда сарапшының айтуынша, бағалау мүмкін емес сала – қызмет. 


«Мысалы, конференцияға жүз адам қатысу керек, жүз блокнот пен қалам таратылуы керек. Ал конференцияның тиімділігі (выхлопы) не? Форум өткізу арқылы не алғыңыз келді? Кез келген тендердің қорытынды есебін порталға жариялауын төрт жылдай талап етіп жүрміз. Өкінішке қарай, Қаржы министрлігі мұны елемей жатыр», – дейді сарапшы. Оның түсіндіруінше, есепті дайындау қосымша жұмыс дейтіндер бар. Алайда орындаушының тапсырыс берушіге жасайтын қорытынды есебін-ақ порталға жүктеуге болады. 


Күмәнді сатып алу көрсеңіз не істеуге болады?


Protenge, «Тіл кеспек жоқ» сияқты әлеуметтік желідегі басылымдар мемлекеттік сатып алу туралы жиі жариялайды. Дегенмен журналистер табатын ақпаратты кез келген азамат өзі-ақ іздеп тауып, түсіне алады. Ғалымжанның түсіндіруінше, оғаш көрінген сатып алу байқасаңыз, мұны тоқтатуға бірнеше жолмен ықпал етуге болады:

 

1. Арнайы маманнан сұрау. Мемлекеттік сатып алудан хабардар кез келген адамға жазыңыз, Protenge сияқты парақшаларға жазып, мәселе көтеруін сұрауға болады; 


2. Әлеуметтік желідегі жеке парақшаңызға салу. Мысалы, «мынадай мекеме мынадай зат сатып алғалы жатыр. Бұл керек пе?» деген сияқты. Сол саланың маманы болмасаңыз, сұрақ қойып жариялай аласыз. Жай ғана сұрақ. Әлеуметтік желіде міндетті түрде оның дұрыс/бұрыс екенін түсіндіретін адам табылады; 


3. Eotinish платформасына сауал жолдау. Мемлекеттік сатып алуды қадағалайтын орган – Мемлекеттік ішкі аудит департаменті бар. Сол департаментке өтініш тастай аласыз. Мысалы, «мен Алматы қаласында тұрамын, Алматы қаласында мынадай бір мекеме қызмет немесе тауар сатып алайын деп жатыр. Менің ойымша, бұл қажетсіз сияқты немесе бағасы тым артық көрсетілген. Осыны қадағалауыңызды сұраймын». Өткен жылдары Тараз қаласында бір батарейканы тоғыз жүз мың теңгеге сатып алуға қойған. Соған ұқсас фактіні жариялап, департаментке өтініш тастай аласыз. Алайда «мында жемқорлық болып жатыр, бағасын екі есе өсіріп жіберген» деп нақты баға бермей, тек сұрақ қою керек.


Мемлекеттік сатып алуларға бақылау жүргізетіндер аз  


Сарапшының айтуынша, қазіргі сәтте мемлекеттік сатып алу порталында жылына екі миллионға жуық келісімшарт жасалады. Басты кемшіліктің бірі – мұны қадағалап отыратын адамның жетіспеуі. Азаматтар белсенділігінен соң құзырлы органдар сол мекемелерге ескерту жасай алады.


«Protenge сияқты пабликтер бар, бірақ өкінішке қарай, аз. Олар өздері анықтаған жекелеген бір тендерге әсер ете алады, бірақ одан барлық сала түзеліп жатқан жоқ. Біріншіден, бізде жүздеген, мүмкін мыңдаған мемлекеттік мекеме бар. Оның барлығы бұл медианы оқып отырмайды. Екіншіден, «миллиондаған келісімшарт жасалып жатыр. Соның ішінде мені байқамай қалады» деген де психология бар», – деп толықтырды Ғалымжан Оразымбет. 


Маманның айтуынша, тендерде заң бұзу әрдайым жемқорлықпен байланысты емес. Елімізде мемлекеттік сатып алу мамандары өте аз. Осы себептен техникалық ерекшелік пен құжаттар дұрыс толтырылмай жатады, яғни бұл маманның кәсіби деңгейіне де байланысты. 


Бюджетті бақылау неліктен маңызды? Жанат Нұрғалиев бюджетті бақылаудың маңызы ретінде оның салық төлеушілер қаржысынан құралатынын атап өтті. Сапалы жол, білім беру, денсаулық сақтауға қол жеткізу үшін қоғамдық мониторингке халықтың өзі қатысуы қажет. «Бұл біреуді жазалау үшін емес, сапалы мемлекеттік қызмет алу үшін керек», – дейді Жанат Нұрғалиев. Сарапшының айтуынша, бюджетті қадағалаудың соңғы себебі – тексеруші органдарға сенімнің болмауы. 


«Тексерушілер мен бақылау объектісі, атап айтқанда, мемлекеттік органдар өзара келісіп алады. Бюджет қаражатын мақсатсыз және тиімсіз пайдаланғаны үшін жазаға тартылған жағдайлар өте аз», – деп, маман мысал ретінде прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет немесе мемлекеттік аудит органына келіп түскен арыздар заң бұзып отырған мекемелердің өзіне жіберіліп, мұның салдарынан соңында істің жабылуы мүмкін екенін айтты.  

Следите за нами в интернете