Пандемия кезінде жұмысты қалай сақтап қалуға болады?

19 августа 2020 г. Молодежь

Пандемия еңбек нарығын айтарлықтай өзгертіп жатыр. Кейбір секторлар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болса, кейбіріне сұраныс жоғарылады. Қызметкерлерді қысқартып жатқан кезде жұмысты қалай сақтап қалуға болады? Ал жұмыстан шығып қалсаң не істеу керек? Бұл сұрақтарға «VIP PERSONAL» рикрутиндік компания басшысы Лия Торғаева жауап берді. Сонымен қатар, еңбек нарығындағы өзгерістер, қандай мамандықтардың сұраныста болатыны жайлы айтты. 

Жансая Алиева

      Пандемия кезінде жұмысты қалай сақтап қалуға болады? 

      Жұмысыңызды сақтап қалудың ең негізгі жолы — талмай еңбек ету. Компанияның дәрежесі қандай болмасын еңбекке қабілеттілік жұмыс беруші тарапынан әрдайым бағаланады. Қазір «Сағат тоғыздан алтыға дейін жұмыс істеп, өз рахатыма өмір сүргім келеді» секілді талапты айтатын кез емес. Сонымен қатар, үлкен мансап құрғыңыз келсе де, бұл қалауыңызбен алысқа бармайсыз. Жоғары дәрежедегі кәсіби маман болу үшін өзгелерге қарағанда көбірек жұмыс істеуіңіз керек. Барынша белсенділік көрсетіп, басшылықпен үнемі байланыста болыңыз.

Бастапқы кезеңдене орташа дәрежедгі маман болсаңыз да, жұмысыңызды жақсы орындауға тырысыңыз. Қазіргі жағдайда әрбір қызметкер басшысы үшін бизнес бірлік ретінде маңызды. Сондықтан өзіңізге жүктелген болмашы тапсырмаға да жауапкершілік танытып, салмақтырақ қарауыңыз керек. 

Тапсырманы жай ғана жақсы орындау жеткіліксіз. Компанияға пайдалы бола алатындығыңызды дәлелдеңіз. Компанияның хал-ахуалын мұқият ойлана келе, басшылыққа тығырықтан шығар жолды көрсетіңіз. «Меніңше, былай дұрыс болады, былай істесек қалай болады?» деп ұсыныстарыңызды айтудан қысылмаңыз.  Жоспарыңыз ойдағыдай іске аспаған жағдайға орай екі-үш қосалқы шешімді алдын-ала қарастырып қою артық етпейді. Аналитикалық ойлай алғанда ғана қызметкер ұтымды шешімдерімен компанияның дамуына үлес қосады. 

Жұмысты сақтап қалуда аса керек тағы бір қасиет — бейімделгіштік. Сіз жаңа жағдайларға бейімделе алуыңыз керек. Қызмет дәрежеңіз төмендеуі немесе міндетіңізге кірмейтін жұмыстар жүктелуі мүмкін. Сондай жағдайда мұрныңызды шүйірмей, тезірек жұмысқа кірісіп кетсеңіз жақсы болар еді.

Пандемияға байланысты қазіргі кезде көп жұмыс орны қашықтан жұмыс істеуге көшті. Осыған орай диджитал дағдыларды үйрену қажет. Жедел түрде онлайн жиындарға қосылуға, сұхбат жүргізуге мүмкіндік беретін қосымша бағдарламаларды меңгеріп алыңыз. Егер сіз әлі бірнәрседен бейхабар болсаңыз, әртүрлі вебинар, тренинг, онлайн сервистер көмегімен қазір тез үйренуге мүмкіндік бар. Техникалық қабілетіңізді арттырыңыз. Егер сіз Word-ты білсеңіз, енді Excel-мен де жұмыс істеуді біліп алыңыз. Аталған бағдарлама адамның техникалық ойлау қабілетін дамытып, қаржы есебін түсінуіне көмектеседі. 

      Пандемия кезінде жұмыссыз қалсаң не істеу керек? 

     Жұмыссыз қалсаңыз алдымен жағдайды қабылдаңыз. Әрине, жағымсыз жағдай. Дегенмен ашуға булығып, ызаланудың пайдасы шамалы. Себебі абыржығанда адам алдындағы мақсатын айқын көрмейді. Жұмысқа тұру үшін не істеу керектігін жөнді ойлана алмайды. Еңбек нарығында қолыңыздан не келетіні жайлы аналитикалық тұрғыда ойланыңыз. Мәселен, осыған дейін туризм саласында жұмыс істеген адам қазір сұраныстың жоқтығына байланысты жұмыссыз қалды делік. Туризм қызмет көрсету саласына жатады. Бұл салаға көбіне кісілермен сөйлескенді жақсы көретін, туындаған дау-дамайды оңтайлы шеше алатын адамдар барады. Олай болса ол мамандығын күрт өзгертпей, қызмет көрсету саласына баруы керек. Қонақ үй бизнесіне бару — жақсы вариант. Қонақ үй бизнесі жұмысын тоқтатпаған Чехия, Польша, Болгария, Түркия, Араб Әмірлігі елдеріне жұмысқа тұруға болады. Аталған елдер үнемі ТМД елдерінен орыстілді жұмыскерлерді қажет етеді. Бірақ шетелге кету әрдайым мүмкін бола бермейді. Мысалы, адам отбасылы болса, кішкентай балаларын тастап кете алмайды. Үйдің жалғызы және ата-анасы егде жастағы адамдар болса да өзге елге кетуі екіталай. Бұл жағдайда мен интернет технологияларды меңгеруге кеңес беремін. СММ менеджер болып, сайттар мен парақшаларды дамытуға болады. Сайып келгенде, бұл да қызмет көрсету саласының бір түрі. Әрине, өзгеше жағдайлар болады. Мәселен, туризм саласында жұмыс істеген адам айти технология факультетін бітірген болса, онда айти саласына барсын. 

Жоғарыда айтып кеткендей, қазір жаңа білімдерді үйрену үшін таптырмас кез. Сондықтан өзге салаға бет бұрсаңыз да болады. Әрбір адамның жүрек түкпірінде балалық құпия армандары бар. Әуел баста мамандық таңдарда кейбіреуі ата-анасының айтқан жолын таңдап, балалық арманын жоғалтып алады. Оны анықтау үшін жақсы бір мансап кеңесшімен ақылдасыңыз немесе ішкі дүниеңізге үңіліп, өзіңізден «мен не қалаймын, не істегенді жақсы көремін?» деп ашық сұраңыз. Сол кезде бас қатырған мәселенің жауабы белгілі болады. Кешіктірмей қалаған салада дамуды бастаңыз. Қай жерде жұмыс істегіңіз келетіні жайлы жақсылап ойланыңыз. Стратегия жазыңыз. 

Өз салаңыздың төңірегіндегі мамандықтарды қарастырыңыз. Мәселен, банк секторында қызмет атқаратындардың біразы қазір жұмыстан қысқартылып жатыр. Дегенмен бұл саладағы мамандар жерде қалмайды. Себебі олардың экономикалық білімі жоғары, керемет санай алады, көбі ағылшын тілін жетік біледі. Мен оларға шетелдік жергілікті компаниялардағы қаржылық позицияларды қарастыруды ұсынамын. Дәрежесі төмен бос жұмыс орындарына да келісіңіз. Кейін ақырындап жоғарылайсыз. Алайда банкирлердің көбі осыған дейін жоғары қызметте отырғанын ескеріп, әлдеқайда төмен қызметте жұмыс істегісі келмейді. Өте өкінішті жағдай. Себебі бұл — адамның менмеңдігінің әрі тез бейімделе алмайтындығының көрінісі. 

      Жұмысқа қалай орнасу керек? 

      Жұмысқа орналасуда дұрыс рәсімделген түйіндеменің үлкен маңызы бар. Сондықтан алдымен дұрыс әрі сауатты түйіндеме жазыңыз. Еңбек өтіліңізді соңғы жұмыс орнынан бастап жазу керек. Жұмыс істеген жерлердің атауын жай жазып қоймаңыз. Қай саладағы компания екендігін, ондағы барлық жұмысшы санын айқындаңыз. Егер сіздің қарамағыңызда тікелей және жанама түрде қызметкерлер болған болса, нақты санын көрсеткен жөн. Бұл әкімшілік басқару қабілетіңізді көрсетеді. Ал егер жаңадан бастаған маман болсаңыз, қандай уақыт аралығында сақтандыру бойынша қанша келісімшартқа отырғаныңызды жазыңыз. 

Түйіндеме дайын болған сәтте оны әртүрлі жұмыс іздеу сайтына орналастыру керек. Осы орайда ең белгілі сайттар: Linkedin, HeadHunter, HireBee. Бірақ бастапқы және орташа деңгейдегі мамандар арасында конкурс жоғары болатынын ұмытпаңыз. Аса жоғары жетістігіңіз болмаса қалаған вакансияға қол жеткізу мүмкіндігіңіз аз. Сондықтан сізге жұмыс берушілермен тікелей байланысуға кеңес беремін. Жұмыс орындарының шын мекен-жайын немесе электронды мекен-жайын қала анықтамалығы арқылы білуге болады. Сол қалада тұрсаңыз түйіндемені өзіңіз апарып беріңіз. Пандемияға байланысты ресепшнге өту мүмкін болмас, сондықтан күзетшіге тастап кетіңіз. 

Түйіндемені курьерлік пошта арқылы да қызметкерлерді қабылдауға жауапты департаментке жібере аласыз. Ең қарапайым вариант — электронды поштасына жіберу. Түйіндемемен қоса шағын мәтін жіберіңіз. Онда өзіңізді таныстырып, неге дәл сол компанияда жұмыс істегіңіз келетінін нақты аргументтер келтіре жазыңыз. Егер түйіндеменің адресатка жететініне күмәндансаңыз, ресепшнге қоңырау шалыңыз да, «Мен сіздердің компанияларыңызда жұмыс істегім келеді, түйіндемені жіберсем бола ма?» деп сұраңыз. «Жоқ, бос орын жоқ» деп қысқа қайырса, бәрібір HR департаментінің электронды мекен-жайын анықтап сұрап алыңыз.

Түйіндемені таңдаған салаңыздағы жетекші төрт- бес компанияға жіберген жөн. Жұмыс орнын таңдауда тыңғылықты ізденіс жүргізіңіз. Артықшылығы мен кемшілігін таразылаңыз. Бір ескерерлік жайт: тек материалдық игілікті көздеп, жұмысты жалақысының мөлшеріне қарап іздемеңіз. Сол жерде үш-төрт жыл табысты еңбек ететіңізге сенімді болыңыз. 

      Жұмыс берушілердің талабы қалай өзгеріп жатыр?

      Бүгінде жұмыс берушілердің қызметкерге қоятын талабы айтарлықтай өзгеріп жатыр. Онлайн жүйеге көшуге байланысты енгізілген талап — интернет технологиялармен жұмыс істеуді бес саусақтай білу, әртүрлі бағдарламадан хабары болу. Сонымен қатар, енді жұмысшының еңбек нарығындағы өзгерістерге оңай бейімделе алуына мән береді. Үшіншіден, қысқа мерзім аралығында жаңа білімді тез игеруі бағаланады. Әрі қызметкер өзге саланы басшысының нұсқауынсыз өз бетімен үйреніп отыруы керек. Жұмыс беруші оған «мынаны үйрен» деп ескертіп отыруға тиісті емес. Адалдық, ар-ұждандылық, жауапкершілікке қатысты талаптар уақыт ағымына қарамастан үнемі болады. Егер қызметкер белгілі бір шаруаны істеуге сөз берсе, оны міндетті түрде орындауы керек. Содан кейін, әрине, ағылшын тілін білуі қажет. Егер тіл деңгейі орташа болса, пандемия кезінде жақсартқаны абзал.

      Қандай мамандықтар сұранысқа ие ?

      Осы мерзімде көп компания жұмысшы санын қысқартып жатса, кейбіреуі керісінше кеңейіп жатыр. Бірақ көбінесе саудасы интернетпен байланысты және тауар, азық-түлік өнімдері, дәрілік препараттар сатылымымен айналысатын компаниялардың тасы өрге домалар тұр. Тиісінше, телефон мен компьютерге бағдарламалық жасақтама жазатын бағдарламашылар аса қажет. Онлайн бизнесті жолға қоятын интернет-маркетологтар да сұранысқа ие. Олар компанияның ішінде жұмыс істеп, сауда көлемін арттырумен айналысатын маркетологтардан едәуір ерекшеленеді. Онлайн саудаға орай логистика саласында жұмыс істейтін мамандардың маңызы арта түсті. Логистика да сыртқы, ішкі деп бөлінбей, онлайн болып жатыр. 

Адамның барлық қажетін қамтамасыз ететін салаларға пандемия тек жақсы жағынан әсер етті. Ол салалар: тамақтану, медицина, қаржылық қызметтер. Тапсырысты, тауарды жеткізетін курьерлік қызметке де сұраныс жоғары.

      Пандемиядан кейін еңбен нарығын не күтіп тұр?

      Біздің еңбек нарығында даму стратегиямыз пандемияға дейін бірқалыпты болған еді. Ал қазір көбіміз даму стратегиямызды қайтадан қарап, өзгертіп жатырмыз. Бұдан былай кеңселер мен көліктерге қаражат азырақ жұмсалады. Ұжымның онлайн бір адамдай әрекет етіп, жедел түрде қызмет атқара алуы тың мүмкіндіктерге жол ашады. Бұрын кеңсені ұстауға кеткен шығындар алдағы уақытта үздік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға жұмсалуы мүмкін. 

Өндіріспен айналысатын компанияларға үлкен-кішілігіне қарамастан оффлайн режимде жұмыс істеуге тура келеді. Алайда технология қандай да бір жағдай бола қалса қайтадан онлайн жұмысқа кетуге мүмкіндік беретіндей етіп құрылады. Яғни, қызметкерлердің өзара әрекеттестігі жазылып қойылады. Ол үшін басшылық қай қызметкердің қандай іске жауапты екенін жақсы білуі керек. 

Бизнестің жаппай цифрлануы міндетті түрде болады. Басшы тауардың қоймаға түсіп, қай сөреге орналастырылғаннан бастап, барлық қаржы есебі, сатылымдар кестесін тайға таңба басқандай көретіндей етіп цифрланады.

Бизнестің кейбір секторлары жабылып, белгілі бір уақыт аралығында дамымайды. Әсіресе, туризм,қонақ үй бизнесі әзірше тұралап қалмақ. Банк секторының нақтылы бөлігі қысқартылуы мүмкін. Кейбір сақтандыру компанияларының біржола онлайн режимге көшуі ғажап емес. Бұған дейін сауда интернет-дүкендерінің тауар залы болса, қазір тауар алаңдарын онлайн түрге ауыстырып жатыр. Осы тұста тауарды сайтта сауатты көрсету үшін бағдарламашылар қажет болады.Тұтынушы енді тауарды арнайы дүкенге бармай, үйінде интернеттен қарап тапсырыс береді. Бұл залды жалға беретін адамның,  дүкенде тұтынушыға қызмет көрсететін кеңесшінің жағдайын қиындатады. 

 

Следите за нами в интернете