Мемлекеттік грантты өтеуді талап етіп жатыр: не істеуім керек?

ru.sputnik.kz

Қазақстан білім және ғылым министрлігі 2020-2021 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлу нәтижесі бойынша, былтыр елімізде 53 мыңнан астам талапкер тегін оқуға мүмкіндік алды. Дегенмен, тегін оқудың өтеуі бар екені анық. Мемлекет гранттың өтеуін талап ете ала ма, мамандық бойынша еңбек етуден бас тартуға бола ма және басқа да сұрақтарға заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліппен бірге жауап береміз.

Мемлекет ұсынған гранттың өтеуін талап ете ала ма?

Оқу жылы басталмас бұрын талапкер және университет екіжақты келісім шарт жасасады. Заңгердің айтуынша, келісім шартта грант иелену және оқуды толық аяқтағаннан соң маманның міндеттері көрсетілуі тиіс. Сол себепті, ең алдымен, келісім шартқа қол қоймастан бұрын оны мұқият оқып шыққан жөн. Дегенмен, келісім шартта оқуды аяқтағаннан соң мамандық бойынша міндетті түрде жұмыс істеу туралы сөз қозғалмаса да мемлекет грантты өтеуді талап ете алады. Себебі, қаулы бар. Қаулы болмаған күннің өзінде, грантты өтеу жария шарттың талабы бола алады. Жария шарттың талабы солай болған жағдайда, одан бас тартуға екі тараптың да құқығы жоқ.

Қандай жағдайда грант өтеуден бас тартуға болады?

ҚР «Білім туралы» заңының 47-бабы, 17-2-тармағы бойынша, мемлекеттік грантты жұмыспен өтеуден мына топтағы азаматтар босатылады:

  • әйелі/күйеуі жұмыс істейтін елді мекенде бос жұмыс орны болмаған жағдайдағы адамдар;
  • І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
  • оқуын жалғастыру үшін магистратураға, резидентураға, докторантураға түскен адамдар;
  • жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі баласы (балалары) бар және 3 жасқа дейінгі баланы (балаларды) өзі тәрбиелеп жатқан адамдар.

Грантты өтеудегі өзгерістер

2021 жылға дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған азаматтар грантты тек мемлекеттік ұйымдарда 3 жыл көлемінде жұмыспен өтеуге міндетті еді. Биылдан бастап бұл шартқа өзгерістер енді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, 2021 жылдан бастап жоғары оқу орнында мемлекеттің ақшасына оқыған түлектер мамандық бойынша жекеменшік мекемелерде де грантын өтей алады.

Сонымен қатар бірқатар жеңілдіктер қарастырылады. Мысалы, студент жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсіп, араға уақыт салып жақсы оқығаны үшін мемлекеттік білім грантын иеленуі мүмкін. Бұл жағдайда студент қанша жыл грантта оқыса, оны сол мерзімге сәйкес өтей алады. Бұл алдымен грантқа түсіп, кейін ақылы бөлімге ауысқан студенттерге де қатысты.

Алайда бұл өзгерістер биыл енгізілгендіктен, 2021 жылға дейін мемлекеттің ақшасына оқыған студенттер грантты бұрынғы ережемен өтеуге міндетті. Бұл дегеніміз – студент жоғары оқу орнына мемлекеттік грант бойынша 2017 жылы түсіп, 2021 жылы оқуын тәмамдаса, ол грантты бұрын қабылданған заңға сәйкес өтейді.

Следите за нами в интернете

Другие новости и события