Нұсқаулық: Полицияға арызды қалай жазу керек

akorda.kz

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректерінше, 2021 жылдың қаңтар-наурыз айларында 47 673 қылмыс тіркелген. 2020 жылдың дәл осы айларындарғы статистика бойынша 54 990 қылмыс, ал 2019 жылы қаңтар-наурызда 72 246 заң бұзушылық болған.

Көріп тұрғанымыздай қылмыс саны жылдан жылға азайып келеді. Статистикадағы бұл оң динамиканы жоғалтпау үшін халық құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста болуы керек. Соның ішінде, қылмыстан зардап шеккендер полицияға арыз жазудан қашпағаны жөн. Ұлттық экономика министрлігінің жанындағы Статистика комитетінің хабарлауынша, қылмыс құрбаны болғандардың 75,6% ғана құқық қорғау органдарына жүгінеді. Дәл осы ведомствоның мәліметінше, олар мынадай себептермен арыз жазудан бас тартады: құқық қорғау органдарының оң жұмысына сенбейді – 31,2%, жария еткісі келмейд і– 27,6%, құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлық бар деп есептейді – 8,8%, арыз жазуды бос әуре деп ойлайды – 32,4%.

Статистикаға сүйенсек, қылмыстың кем дегенде төрттен бір бөлігі тиісті деңгейде қаралмайды. Зардап шеккендер полицей қызметкерлеріне жүгінбейді. Мұны қылмыскерлер де біледі, сондықтан заң бұзудан сескенбейді. Ал тиісті органдарға қылмыс туралы хабарланбаса, бұл болашақта құқықбұзушылықтың көбеюіне әсер етуі мүмкін.

Бүгінде Қазақстанда полицияға арыз берудің екі жолы бар: онлайн және офлайн.

Онлайн-арыз

Арызды қашықтан ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің сайтында онлайн түрде беруге болады.

Онлайн-арыз беру үрдісін ЭЦҚ-мен де, онсыз да жүзеге асыруға болады. Екі жағдайда да қадамдап көрсетілген нұсқаулық бар. Қажет болса, зардап шеккен адам қылмыстың дәлелдерін электронды түрде тіркей алады. Сонымен қатар, жеке мәліметтерін көрсетсеңіз, электрондық поштаға немесе телефонға арыздың қалай қаралып жатқандығы жөнінде СМС-хабарламалар жіберіледі.

Онлайн-арыздың басты ерекшелігі сол ол міндетті түрде тіркеліп, номерленеді. Ол номерді сақтап қою керек, себебі кейін арыздың қалай қаралып жатқанын сол номер арқылы бақылай аласыз.

Офлайн-арыз

Дәстүрлі амал электронды амалға қарағанда оңай көрінуі мүмкін. Арыз жазамын деген адамның бәрінде бірдей интретнет болмайды. Оның үстіне өздігінен арыз жазып жіберуден қорқатындар да болады. Сондықтан полицей учаскесіне жол тартқан адамға бірнеше нәрсені бірген жөн:

Арызды кез келген полицей бөлімшесінде жазуға болады;

арызды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады ("Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" ҚР Заңының 7-бабының 1-тармағы»);

арыз берушіге арыздың тіркелген күні мен уақыты, қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні көрсетілген талон беріледі ("Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 3-тармағы»);

талон полиция бөлімшесінде және онлайн түрде арыздың статусын тексеруге мүмкіндік береді.

Арыз жазғаннан кейін еш нәтиже болмаса, не істеу керек?

Арыздың статусын бір күннен кейін тексеру керек. Егер полицейлердің тарапынан ешқандай іс-әрекет жасалмаса, шағымдану қажет. Шағымданудың мынадай жолдары бар:

- ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің сайтында онлайн түрде шағымдануға болады. Ол үшін арызданушының мәліметі мен мемлекеттік органның қандай қате жібергенін еркін түрде баяндап жазу керек.

- Офлайн түрде осылайша шағымдануға болады: тергеу бөлімінің бастығына, арыз жазылған бөлімшенің бастығына, прокурорға немесе сотқа (ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 105-бабының 1-тармағы): лауазымды адамның әрекетсіздігіне, бірінші кезекте оның тікелей басшылығына шағымдану керек, ал ол әрекет етпеген жағдайда ғана жоғары тұрған инстанцияларға шағымдану қажет.

Шағым да арыз сияқты тіркеліп, бірегей 18 таңбамен номерленіп, өтініш берушіге талон берілед. Оның статусын ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің сайтында тексеруге болады.

Шағым қабылданған сәттен бастап жеті тәулік ішінде, ерекше жағдайларда он бес тәулікке дейін қаралады (ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 105-бабының 2-тармағы). Шағымды қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда уәкілетті органдар оның себебін түсіндіруге міндетті (ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 105-бабының 4-тармағы). Егер көрсетілген мерзім ішінде арызға жауап болмаса, арызданушы одан жоғары тұрған органға шағымдануға құқылы.

Есіңізде болсын: сіз өткен қылмыс туралы полицей бөлімшесіне хабарламасаңыз, құқық қорғау органдарын жұмыссыз қалдырасыз.

Следите за нами в интернете