Қызылордалық волонтер Аружан: «Көпшілігі неліктен тегін жұмыс істейтінімізді түсінбейді»

Біз «Аймақтағы жастар» айдарының кезекті кейіпкерімен сұхбаттастық. Аружан – Қызылорда тұрғыны, биыл мектеп бітірген. Аружан өңірдегі жастар немен айналысатынын, нені армандайтынын және мұнда қандай проблема өзекті екенін айтып берді.

Облыс орталығы – Қызылорда қаласы. 1925-1927 жылдары Қазақ АКСР-нің астанасы болған. Бұған дейін Ақмешіт, Перовск қаласы деп те аталған. 2021 жылы облыс халқының саны 815 мыңға жуық болды, оның жартысынан астамы ауылдық жерде тұрады.

Құндыз Мұханғали

Спортшы Аружанның волонтерлікке келуі

Аружан Әбдіржан Қызылордада туып өскен. Биыл мектеп бітіріп, Татарстандағы Қазан қаласына және Алматыға оқуға түсті. Аружан кішкентайынан спорттың түр-түріне қатысқан. Таэквондо, баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика, теннис үйірмелеріне барды. Таэквондодан қара белбеу иеленіп, Қазақстан чемпионатында күміс жүлде жеңіп алыпты. Алайда Аружан өз болашағын спорт саласында көрмей, волонтерлік және қазіргі сәтте қарқынды дамып жатқан Ақпараттық технология (IT) салаларына қызығушылық танытады.

«Көпшілік Алматы мен Астана сияқты үлкен қалаларда ғана жастарға мүмкіндік бар деп ойлайды. Бірақ ол қате екен»- дейді Аружан. Ол әлеуметтік желіде «Социум Кызылорда» деген қоғамдық қордың жұмысымен танысқан. IT саласында еш білімі мен тәжірибесі болмаса да, соған қатысты жобаға тіркелді. Оның мақсаты – алты ай ішінде front-end және back-end функцияларын үйрету, код жазу. Аружан оқу барысында Chocofood, Chocotravel, Яндекс және Mail.ru сияқты ірі компаниялардың спикерлері келіп, кездесулер өткізгенін айтады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қызылорда облысы тұрғындарының 21 пайызы жастар. Қазақстандағы орташа көрсеткіш те дәл осындай, еліміздегі халықтың шамамен жиырма пайызы 14 пен 29 жас аралығындағы тұрғындар.   

Аружан бір жылдан астам уақыт IT жобалармен айналысқан соң,  волонтерлікке қызыға бастады. Интернет көмегімен «Ұлттық волонтерлер желісін» тауып, UNICEF-тің Be Kind жобасына қатысуға өтініш білдірді. Ол жобаға қабылданып, Астанадағы оқуға барған. «Қатысушыларға барлығы тегін ұйымдастырылды. Қызылордадан он бес адам жиналдық. Мұнда волонтерлік деген не, UNICEF ұйымы немен айналысады деген тақырыптарда мықты тренерлер келіп, дәріс оқыды»- дейді Аружан. Жобаның негізгі мақсаты – балаларға, мектеп оқушыларына сабақ өткізу болған. Соның ішінде қазіргі кездегі өзекті мәселердің бірі – буллинг және кибербуллингке ерекше назар аударылды.

Пандемияға байланысты, Аружан сабақтарды онлайн өткізген. «Оқушылар басында тақырыпты бірден түсінбесе де, олардың өте ақылды, дамыған және оқуға құштар екенін байқадық»- дейді Аружан. Жобаның арқасында облыстағы «Қызылорда еріктілері» сияқты өзге волонтерлік ұйымдармен және белсенділерімен танысып, нетуоркинг қалыптастырғанын айтты.

Волонтерлерді не ынталандырады?

Collins сөздігінде жазылғандай, волонтерлік – өз уақытың мен энергияңды қоғамның өзге мүшесі үшін пайдалану принципі. Бұл материалдық сыйақы үшін емес, ең алдымен әлеуметтік жауапкершілік ретінде жүзеге асады.  

Қазақстанда 2020 жыл – Еріктілер жылы болып бекітілген еді. Аружан өз мотивациясы жайлы былай дейді: «Біріншіден, адамдарға және қоғамға көмек көрсету. Волонтерлікпен айналысқалы өмірім өзгерді: түрлі адамды, олардың жағдайын көріп, қоғамда көптеген проблема бар екенін байқадым». Кейіпкеріміз волонтер болу себебін әрі қарай былай түсіндіреді: «Екіншіден, жаңа достар және орта пайда болды. Олардың жасы және айналысатын істері әртүрлі, өзіңе тәжірибе жинайсың, көп салаға қызыға бастайсың». Аружан волонтер болуға мотивация беретін үшінші нәрсе ретінде көптеген шараға бару, жаңа нәрселер көруді атады. «Жиі кездесетін проблема – мектептерге барғанда волонтерлік не екенін, неліктен тегін жұмыс істейтінімізді көпшілігі түсінбейді»- дейді Аружан.


Волонтерлерге әдетте сертификат, сыйлықтар беріледі, түрлі сапарлар, тренингтер және оқулар ұйымдастырылады. Аружан осыған дейін Жаңақорған және Түркістандағы тарихи жерлерді көруге барды; өткен жылы тарихи жерлер бағыты бойынша қаладағы «ең үздік волонтер» марапатына ие болды. Волонтерлік қозғалыстарда жасқа байланысты шектеу жоқ. Аружанның сөзінше, Қызылордада оқушылар мен студенттерге қарағанда университет бітіріп, жұмыс істеп жатқан белсенді еріктілер көп, жасы елуден асқан кісілер де бар.

Аружан жұмыс істейтін «Қызылорда волонтерлері» қоғамдық қорының бағыттары өте көп: кинология, төтенше жағдай кезінде көмектесу, цифрлық сауат ашу, тарихи жәдігерлерді сақтауға бағытталған, зейнеткерлерге арналған, т.б. жобалар. «Көпшілігі адамға тек материалды көмек керек деп ойлайды. Алайда әрқашан олай емес: волонтерлер сізге үй жинап бере алады, әлеуметтік желі арқылы, оқыту және үйрету арқылы көмектесе алады, адамдар іздейді. Мәселе ақшада емес, адамның ниетінде»- дейді кейіпкеріміз.

Волонтерлік шаралардың бірі – экоқозғалыс жасау, тұрғындарды экожорыққа шақыру болды. Аружанның айтуынша, қалада қалдық сұрыптайтын арнайы орындар жоқ. Экосенбілікте олар көшедегі қоқысты жинап, қала тазалығына атсалысады.  

Қызылорда облысындағы экологиялық апаттар – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Арал теңізі өткен ғасырдың ортасынан бері тартылған, Сырдария өзенінің де су көлемі жылдан жылға азайып барады.  Байқоңыр космодромы мен уран өндіретін кен орындары да осы өңірде орналасқан.

Қызылорда жастары неге қызығады және оларды не алаңдатады?

Аружан қалада жастарға арналған спорт секциялары көп екенін айтады. Сыныптастарының көпшілігі спорттың бір түріне қатысады екен. Жеңіл атлетика, ауыр атлетика, волейбол, баскетбол жақсы дамыған. «Музыка саласына да қызығушылық жоғары. Бұған танымал әнші Батырхан Шүкеновтің әсері көп. Өнер мектебіне балаларды алты жастан бастап қабылдайды. Бұған қоса, IT жобаларына қызығатын жастар да өте көп»- дейді Аружан.


Аружанның ойынша, жастарға қатысты ең бірінші проблема – оқу жүйесі. «Университет-колледж аз және ондағы білім сапасы төмен. Неліктен көптеген оқушы, студент қаладан(Қызылордадан) кеткісі келеді? Өйткені бізге сапа жетіспейді». Оның көзқарасынша, екінші проблема - жануарларды қорғау. «Мысалы, кішкентай бала мысықты тоғызыншы қабаттан лақтырды деген жаңалық оқимыз. Балаларға жануарға қалай қарау керек, олармен жақсы қарым-қатынас орнату үшін не істеу керектігін үйреткім келеді»- дейді Аружан. Кейіпкеріміз үшінші мәселе ретінде тарихи жерлердің насихатталуына тоқталды. Мектеп кезінде түрлі мұражай, тарихи ескерткіштерге апармағанын айтады. «Мен он бір жылда мұражайға мектеппен бір-ақ рет бардым. Біліммен қатар мәдени және рухани дүниені дамыту керек»- деп сөзін қорытындылады.

Аружан он алты жасынан IT мен диджитал маркетингке қызыға бастады. Кейін түрлі жобалардың желідегі парақшасын жүргізіп, контент-жоспар, контент стратегия жасауды үйренген: 

«Барлығы стартаптан басталды. Тауарды сатқанда қандай жарнаманы, нені қолдану керектігін түсіну үшін түрлі жолын қарастырдық. Екі жылда түрлі салада он бестен астам жоба жүргіздім»- дейді Аружан. Ол жүргізген жобалардың көпшілігі волонтерлікпен байланысты. Ал университетке мүлдем басқа сала – «логистикаға» түскен. Кейіпкеріміздің түсіндіруінше, бұл сала Қазақстанда енді дамып келе жатыр. Аружан таңдаған мамандығымен жұмыс істеуге байланысты былай дейді: «Бәлкім, болашақта оны IT-стартап ретінде дамытып, университетте осындай жобалармен айналысамын. Әзірге маркетингте жұмыс істеймін, өзімді осы салада көремін».

Следите за нами в интернете