Алматы трагедиясы: куәгерлердің хикаясы

26 января 2022 г. Молодежь, Права человека

ҚЖАҚ Алматыдағы қасіретті қаңтар оқиғасы куәгерлерінің хикаяларын жинайды. Егер сіз тәртіпсіздік, зорлық-зомбылық, тонауға куә болсаңыз көргеніңіз бен бастан кешкеніңізді бөліскіңіз келсе, бізбен мыны телефон арқылы байланысыңыз: +7-777-669-65-00.

Аслан (есімі өзгертілді), 22 жаста

4 қаңтар 14.30-да «Оян, Қазақстан!» белсенділері алаңға барамыз деп келістік. Жұмыстан шыққанша 15.30 болды. Арбатта кездесетін болып шештік. Оған жеткенше 16.00 болды. Белсенділер осында кездесіп, күттік. Астана алаңында полицей қызметкерлері, машиналары, патрульдері және автозактар тұрған. Адам көп жиналмады, тек бес-алты адам болдық. Әуезов театрына барамыз деп шештік. Мұнда он шақты адам болды. Кейін Жанболат Мамай өз инстаграм парақшасына Алматы Аренада кездесетінін жазды. Telegram арқылы басқалармен сөйлесіп, кешкі жетіде президент паркіне жиналамыз деп шештік. Әл Фараби-Навои көшелерінің қиылысына барып, көпірдің астына 15-20 адам жиналып, қалғандарын күттік. Осы кезде Мұстафин-Әл Фараби көшесінен бізге қарай бір топ ер адам келе жатты. Ешқандай айқай-шу жоқ. Біз де соларға қосылып, Әл Фараби-Навои қиылысымен төмен қарай түстік. Навоимен төмен қарай түскенде кезде «Оян, Қазақстан!», «Оян, қазақ, көтер басты», «Парламенттік республика» деген лозунгтарды айқайлап көше бойымен келе жаттық. Алдымыздағы жігіттер көше бойындағы кафе, караокеге кіріп, адамдарды шақырып жатты. Артымызда полиция қызметкерлері бәрін видеоға түсіріп жүрді. Сосын алдымызда жүрген бір топ жігіт MEGA Park-ке қарай беттеді. MEGA жақтағы өзеннен өткен соң сол жерде жұмыс жасап жүрген  журналист қызға жақындадым, «осы MEGA-ға бекер бара жатқан жоқпыз ба? Алдымызда бізді күтіп тұрған секілді. Розыбакиев бойында автозактар тұр» деді. Ол қыз «қазір ештеңе болмайтын сияқты, көрерміз» деді. Әрі қарай Розыбакиевке өткен соң, жігіттер жолды кесіп өткісі келген, бірақ полиция қызметкерлері қоршап алды: MEGA жақтағы жол ғана ашық болды. Бірақ ол жақтан да СОБР қызметкерлері шығып, кеттлингке алып, жігіттерді біртіндеп автозакқа тиеді. Соңында “қыздар мен жасөспірімдерге тиіспесін” деген бұйрық болды.

Артымдағы қыздарды қорғап, алдарын бөгеп, полицей қызметкерлерін өткізбедім. Оң жағыма қарасам, полицей бір қызды жұлқылап алып бара жатыр. Соған араша болып, полицейді итеріп, «сендерге қыздар мен жасөспірімдерге тиіспесін деген бұйрық болды ғой, не үшін бұзып тұрсыз» деп айқайладым. Одан кейін маған екі СОБР келіп, жұлқылап, бетімнен 2-3 рет соғып, автозакқа алып бара жатты. Курткамның жыртылғанын байқап, оларға сөйледім. Сосын мені жерге құлатып, екі жақтан тепкілеп, қайтадан автозакқа қарай сүйрей жөнелді. Автозакқа кіргізген соң СОБР «мына баланың көтін айырыңдар» деп, іштегі қызметкерлерге айтқан болатын. Сосын Бостандық ауданының полиция басқармасына апарды. Ішке кірген бетте телефондарымызды алып, металл тексергіштен өткізіп, төменде ұстай тұрған. Содан үш-үштен жоғары қабаттарға алып барып, тергеу жүргізді. Тергеу кезінде «достарыммен MEGA-ға қыдырып бара жатқанбыз» дедім. Одан соң барлығына қол қойып, деректерімді жазып алды. Тергеу ісі аяқталды. Сыртта, дәлізде күте тұрдық. Сосын бірінші қабатта жиырма минут ұстады. Қайта жоғарыға апарып, үш-үштен отырғызды. Сағат 10-11 шамасында полиция қызметкерлері дүкенге бара жатты. Біз де тамақ, сусын қосқан едік. 10-15 минуттан соң тапсырысымызды әкелді. Солармен бірге отырдық, ешқайда жібермеді.

Шамамен түнгі екі-үш әлде бір шамасында «қамау» деген бұйрық берілді. Бүкіл жарықты өшіріп, кабинетке отырғызып қойды. Он бес минуттан соң біреуінің тісі сынған, бірі ақсаңдаған полиция қызметкерлері келді. Олар алаңды қорғаған полиция қызметкерлері екен. Олардың сөзінше, бейбіт жиынға келген адамдар талабын жеткізген. Осы кезде бір ақ Toyota Camry 70 келіп, ішінен жігіттер түсіп, бір полиция қызметкерін ұрып-соққан. Сосын жиналған жұрттың барлығы полицияға қарай жүгірген. Жаңағы полицейлер алаңнан қашып келген беті екен. Барлығымыз Сергек камерасымен алаңға шыққандарды көрдік. Абай көшесімен беттеп, алаңға қарай жүрген. Түнгі бір жарым-екіге таман терезеден дауыстар естіле бастады. “Светошумовые гранаты, слезоточивый газ” дегендерді естідік. Түнгі үш жарымнан төртке дейін бізді бірінші қабатқа апарды, полиция қызметкерлерімен бірге отырдық. «Қашан жібереді?» дегенде, «қазір қазір бастық хабарласуы керек» деп айтты. Төрт жарымға қарай жігіттер шыдамай шу көтерді. Одан кейін кезекте тұрған полиция қызметкері барлығымызды іштен жайлап шығара бастады. Бөлімшеде 3 адам қалдық, таңғы жеті болды. РОВД қасынан жүгірген адам дауысын естідік. Сыртқа қарасақ, полицияның машинасын өртеп, аударып, жарып жіберіпті. Сосын бізге «тағы да бір сағат отыра тұрыңдар. Қазір әскери адамдар сендерді көрсе, аямай ұрып соғады. Сендердің қауіпсіздіктерің үшін бір сағаттан соң жібереміз» деді. Таңғы жеті жарым шамасында ішке ұрып-соғылған бір жігітті кіргізді. Оның басы жарылған еді, сұқ саусағы шығып кеткен. Оны бірден қамап тастады. Одан соң тағы екі жігітті алып келді. Сосын тағы бір жігітті алып әкелді. Оның айтуынша, жұмыстан шығып Қаскелеңге қарай үйіне бара жатыр екен. Ал басы жарылған жігіт дүкенін ашпақшы болған. Сол уақытта мен «бізді қашан жібереді» деп шу көтердім. «Заң бойынша, үш сағаттан артық ұстамауы керек, он екі сағаттан асып кетті» дедім. Полиция қызметкері «керек десеңіз бір күн, екі күн ұстайды. Маған не дейсің» деді. Одан кейін «Осы үшін жиналдық. Осындай бассыздық болып жатқаны үшін» деп айттым. Қасымдағы екі жігіт мені тыныштандырды. Сосын сегізде мені полиция қызметкері шақырып, «қай жерде тұрасың, жайлап ауланың ішімен үйіңе жетіп ал» деді. Сосын босатты. Достарымның үйіне барып, бір сағаттай жата тұрдым. Кейін интернет ұстамаған соң, журналист досыммен белсенді танысымның үйіне қарай беттедім. Абай көшесінде атылған оқ гильзалары жатты, көшенің бойы шашылған, Каспи банктің терезесі сынған, бірақ банкоматтарға тиіспеген. Солай достарымның үйіне жетіп алдым. Барлық мән-жайды айтып, ескертіп отырғам. Кейін түске таман Абайдың бойын көрсек, шерушілер өрт сөндіруші қызметкерлерінің машинасын тартып алыпты. Алаңға қарай беттей бастады. Алты-жетіге қарай сол шерушілер сол Абай бойымен  алаңнан кері, белгісіз бағытта кетіп бара жатты. Қолдарында темір, ағаш, полицейлердің қалқаны, каскалары болған. Кейбіреуінде мылтық болдық, оны аспанға атты. Ескерту ретінде ме, оны түсінбедім. Арасында қар тазалайтын машина болды. Абай-Наурызбай батыр қиылысындағы бағдаршамды сындырып, біреулер тас лақтырып, үйдің астындағы дүкеннің терезесін сындырып тастады.

Екі күннен соң, қаңтардың алтысы әлде жетісі, Абайдың бойымен кетіп бара жатқанда, дүкендердің барлығы тоналғанын көрдім. Каспи банктің терезесін толықтай сындырған, банкоматтарды қиратқан, ақшасын алған. Promenad-тың жанында оны қорғап, 5-6 жігіт тұрған. Солармен біраз жүрдім. Іші толығымен өртенген. Барлық зат ұрланған. Жалғыз Kari қалған. Сосын ойыншықтар дүкеніне мүлде тиіспепті. Магнумның іші толығымен қирап, бұзылған, кассада түк қалмаған. Дәліздің бойында ішімдік шөлмектері жатты.ж. Қалған азық-түлікке тиіспепті. Кейін дос балалармен үйге қайтып, содан бері үйде отырдық.


Следите за нами в интернете