Белсенді Әсия Төлесованың бас бостандығы шектелді

12 августа 2020 г. Молодежь, Права человека

Бүгін, 12 тамызда, Алматыдағы Медеу ауданының №2 соты қоғам белсендісі Әсия Төлесоваға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Сот Әсия Төлесоваға қылмыстық кодекстің 378-бабы 2- бөлімі негізінде 20 АЕК мөлшерінде (55 560 теңге) айыппұл тағайындады. Сонымен қатар, қылмыстық кодекстің 380-бабы 1-бөлімі бойынша бір жыл алты ай бас бостандығын шектеді. Оған тұрғылықты мекенжайын ауыстырмау, басқа жерлерге өз бетімен шықпау міндеттелді. Бұның барлығын ол енді құзырлы органдарға хабарлап, рұқсатын алып отыруы керек. Сот ұйғарымы бойынша Әсия Төлесова 80 840 теңге көлемінде сот шығынын өтеп, жәбірленушілер қорына компенсация ретінде 41 мың теңге төлеуі тиіс.


Сот үкіміне біразының көңілі толмайды. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында адвокат Джохар Өтебеков «Сот үкімімен келіспеймін. Оны апелляцияға береміз. Қалай болғанда да Төлесованы ақтауға күш саламыз», – дейді. 


Ал Әсия Төлесованың өзі «Сот шешімімен келіспеймін. Мұны адвокаттарыммен және анаммен талқылағым  келеді. Мен үшін бәрібір бұл сот процесінің өткені  және оны көп адам көргені маңызды. Көбі бізде жүйенің қалай құрылғаны, құқық қорғау органдарының, тергеушілердің, соттың қалай жұмыс істейтіні туралы білмейтін еді. Бәріңе көп рақмет. Қоғам қолдауы үлкен рөл ойнады. Онсыз біз бұл нәтижеге жетпейтін едік»,- деді Алматының шетіндегі тергеу абақтысынан (СИ-18) босатылғаннан кейін. Ол сағат 12:30-да шықты. Белсенділер мен журналистер тергеу изоляторына барып, Әсияны қошеметтеп қарсы алды. Қазір Әсия Төлесова бостандықта.


7 шілдеде сот Зарина Махарадзенің басқаруымен алдын-ала тыңдау процесі өтті. Кейін оның ауырып қалуына байланысты іс Медеу аудандық сотының соты Тәкен Шәкіровке тапсырылды. 3 тамызда Әсия Төлесованың ісі бойынша негізгі сот процесі басталды. Ол жеті күнге созылды. Онлайн Zoom қосымшасы арқылы өткен сотта прокурор мен жәбірленуіші полицейлердің біліктілігі сенімсіздік тудырады. Адвотат Өтебеков «Айыпталушыға тағылған айыптың мәнін түсіндіре алмаған прокурор Ерлан Құланбаевтан гөрі анағұрлым тәжірбиелік, білікті маманды неге шақырмаған? Полицейлер де қазақ тілін де, орыс тілін де жетік меңгермеген, өз ойын жеткізе алмайды, сотқа жауаптары минут сайын құбылады, әдейі дыбысты өшіріп тастайды» деп өз наразылығын білдірді. 11 тамызда өткен отырыста видеоға сараптама жасаған Алла Ильиных айыпталушының полицейді басынан ұрмағанын, фуражкасын қағып түсіргенін мәлімдеді. Ал эксперт-филолог Рахиля Қарымсакова қорытындысына сәйкес, Төлесованың «Гад! И ты гад! Никто из вас не достоин носить форму. Мерзкие, мерзкие менты!» дегенінде өрескел сөз жоқ. Ол «мерзкие» және «менты» сөзінің жеке тұрғанда қорлау болып есептелмейтінін, бірақ бірге қолданғанда қорлауға жататынын айтты.


Естеріңізге сала кетейік, қоғам белсендісі Әсия Төлесова 10 маусымнан бері қамауда отырды. 6 маусымда өткен митингіде полиция қызметкерінің фурашкасын қағып түсіргені үшін «билік өкілін қорлады», «билік өкіліне қатысты күш қолданды» деген айып тағылып, қамауға алынды.

.

Айыптаушылардың сөзінше, Әсия митинг кезінде жұмыс істеген полицей қызметкерін қорлаған. Ал Әсияның өзі бұл жағдай туралы: «Мен адамдарды күштеп автозагқа отырғызып жатқанын жай ғана видеоға түсіріп тұрдым. Адамдарды осылайша қорлауды заңсыз әрі адамдыққа жатпайды деп есептегендіктен оған қарсылық көрсеткім келді. Менің әрекеттерімнің мақсаты осыны тоқтату болды» дейді.  Адвокат Джохар Өтебеков Қазақстанда санкциясы 5 жылдан аспайтын қылмыстар бойынша қамауға алуға тыйым салынғанын айтып, қорғалушысың екі айға жуық қамауда отырғанын заңсыз деп бағалайды. 

Следите за нами в интернете