Неліктен қаладағы кептеліс бала құқығына қайшы?

9 сентября 2022 г. Общество, Права человека

Көпшілігіміз адам құқығының бұзылуына қоғамдағы саны аз топтар тап болады деп ойлаймыз. Немесе құқығымыз бейбіт жиын мен сайлауларда, құқық қорғау мекемелерінде ғана бұзылады деп есептейміз. Дегенмен зерттеуші Ғалым Жүсіпбек неолиберал капиталист жүйеде бәріміздің құқығымыз шектелетінін, күнделікті өмірдегі құқық бұзушылықтарға үйреніп кеткеніміз сонша, тіпті оны байқамайтын жағдайға жеткенімізді айтады.


Аида Зайнуллиева


Неолиберал капитализм дегеніміз не және ол адам құқықтарына қалай әсер етіп жатыр? Конституциямызда Қазақстан әлеуметтік мемлекет деп жазылған. Әлеуметтік мемлекет қандай болуы керек? Осы сұрақтарға халықаралық қатынастар саласының PhD докторы, Вашингтондағы Rethink институтының бұрынғы ғылыми қызметкері, Лондондағы Equal Rights Trust құқық қорғау ұйымының 2016-2017 жылдардағы кеңесшісі Ғалым Жүсіпбек жауап берді. 


Зерттеуші Ғалым Жүсіпбек


Неолиберал капитализм дегеніміз не?


Неолиберал капитализм жайлы айтылғанда, көп адам оны өзіне қатысы жоқ ұғым,  форма киетін банк қызметкерлерінің немесе биліктегі костюмді шенеуніктердің термині деп есептейді. Алайда неолиберал капитализм –  экономикалық қана емес, құқықтық, саяси, философиялық түсініктерге байланысы бар, еліміздегі әр адамға әсер еткен жүйе. 


Бұл жүйенің негізгі идеясы – қандай да бір қоғамдық күштер не мемлекет тарапынан шектелмеген еркін нарық жүйесін, яғни базар экономикасын орнатып, жаппай жекешелендіруді іске қосып, әр нәрсені ертелі-кеш реттелетініне халықты сендіру. Неолиберал капиталистер бұл жүйе арқылы қоғамда өнімділікті арттыру, адамдар арасында бейбітшілік орнату, мемлекетті дамыту мүмкіндігін айтады. Сонымен қатар олар әлеуметтік, экономикалық, саяси проблемалардың шешімі өздігінен пайда болатынына сенеді.


Неолиберал капитализмнің XXI ғасырдағы серігі – рент капитализмі. Екеуі қатар жүретін ұғым. Рент дегеніміз – ақшадан ақша жасау. Яғни ақша, капитал, білім, жер мен оның қойнауындағы байлықтар сияқты тапшы ресурстардан пайда табу арқылы монополиске айналу. Элитарлық топтардың мемлекет меншігін жекешелендіріп, қоғамдағы басқа топтарды жалға алушыға айналдырып, пайда көруіне қазіргі экономика мүмкіндік береді.


Неолиберал капитализм үшін жекешелендіру неге маңызды?


Неолиберал капиталистік түсінік бойынша, әлеуметті қорғау саясаты барынша тар болғаны жөн, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау саласы коммерциялануы керек. Әйпесе, жоспарланған өнімділік не пайда алынбай қалады, сондай-ақ, халық та жалқауланып кетеді. Әр нәрсе ақшаға негізделіп яғни коммерцияланып, әлеуметтік төлемдерді де жойып не мейілінше азайтып, халыққа еңбек еткізу керек. Сол арқылы ақша табуға ынталандыру қажет дейді. Неолиберал капитализм рационалды, яғни тек ақыл-ойына сүйенетін, ақша табамын деген түсінікпен әрекет ететін Homo economicus, яғни экономика адамын жасайды. Алайда Массачусетс Технология Институты профессоры Амадаи (Amadae) өзінің танымал  «Біржақты рационализм тұтқындары» кітабында айтқандай, рационализм біржақты ғана болып қалмай, басқалардан тек материалды пайда күтуге және басқа біреудің жеңісін өзінің жеңілісі ретінде қабылдауға негізделген психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан өте қауіпті  саналатын «zero sum game» түсінігіне негізделеді. 


Неолиберал ренттік капитализмді зерттейтін мамандар – әсіресе Кент Университеті профессорлары Сангера мен Сатыбалдиеваның, сондай ақ Аппел мен Оренштейннің айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан посткеңестік қана емес, постсоциалистік елдер арасында неолиберал капитализмді жүзеге асыруда алғаш тұр, яғни тоқсаныншы жылдары мен 2000 жылдарың басында экстремистік формасын қабылдады деп айтса болады. Польша, Чехия, Венгрия, Шығыс Германия – ешқайсысында болмаған деңгейде неолиберал реформалар Қазақстан мен Қырғызстанда жүргізілді. Жаппай жекешелендіру іске асты. Басқа елдерде жекешелендірілмейтін объектілер бізде жекеменшік болып кетті. Себебі неолибералистер мемлекеттің меншігінде әлеуметтік саясатқа қатысты ешнәрсе қалмауы керек деді. 


Авторитар режим мен неолиберал жүйенің байланысы


Ребекка Кук атты америкалық зерттеуші Польша, Ресей, Қазақстан елдеріне 10-15 жыл бұрын зерттеу жүргізеді. Нәтижесінде ол Қазақстанның жекешелендіруден бірінші тұрғанын айтады. Польша жасай алмаған жекешелендіру саясатын Ресей жүзеге асырған, Ресей жасамағанды Қазақстан істеген екен. Себебі Польша мен Ресейге қарағанда Қазақсатан анағұрлым авторитарлы. Әрине, Ресей қазір бұрынғыдай емес. Авторитарлы түгіл тоталитарлы жүйеге жақын. 15 жыл бұрын Ресейде жекешелендіруге қарсы топтар көбірек еді: жұмысшылар ұйымы, еңбекшілер қоғамдастығы, әр аймақтың өз лидерлері болды. Олар көптеген зауыт, фабриканы жаппай жекешелендіруге қарсылығын білдірді. Ал Польшада мекемелер кәсіподақтары бұрыннан мықты, әсіресе атақты «Солидарность» деген тәуелсіз кәсіподақ ұйымы біраз жұмыс атқарған. Соның арқасында Ресейде де, Польшада да 10-15 жыл бұрын Ребекка Кук зерттеу жүргізген кезде неолиберал капитализм дәл Қазақстандағыдай өршіген жоқ.


Бұл зерттеудің нәтижесінде мынадай қызық нәрсені байқауға болады: мемлекет неғұрлым авторитарлы бола түссе, соғұрлым неолиберал экономика дамиды. Мұның ең үлкен мысалы – Чилидегі Пиночет билігі. Чили Пиночеттің қарамағына өткеннен кейін 80-жылдардың басынан бастап неолиберал экономика қарқынды дамиды. Капитализм мен автократия, авторитаризмнің арасында байланысты да Чилидегі осы президенттің диктаторлық билік жүргізген кезеңдерінен көреміз: әскери хунта басында генерал Пиночет, саяси жүйе авторитарлы, экономика неолиберал капитализмге негізделген, елде плутократия орнаған.



Жасанды интеллект арқылы салынған сурет: Пиночет және неолиберализм


Мұның түсініктемесі мынандай бола алады: саяси процестерді басқара алатын топтар жекешелендіру жасау арқылы үлкен билікке ғана емес, сонымен бірге байлыққа, экономикалық және қаржылық күшке де қол жеткізе алады. Қазақстанда тура осындай сюжет дамыды. Қазір мұның бәрімен күресіп жатырмыз. Халықтың «Жаңа Қазақстан» деп ұрандатуының мақсаты – осыдан 20-25 жыл бұрын елімізде құрылған авторитарлы, плутократикалық, неолиберал, ренттік жүйені бұзу.



Неолиберал капитализм бізге қалай келді?


Неолиберал капиталистік түсінікті макроэкономиканың Чикаго теориясы деп те атайды. Чикаго университетінің экономика факультетінде ол мектепке айналады, теория ретінде оқытылды. 80-жылдардың басынан бастап ол алдымен Ұлыбританияда, АҚШ-та дамиды және жоғарыда айтылғандай, Пиночет арқылы Чилиге дендеп кіреді. Кейін Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы ұйымдарының  бағдарламаларына да қатты әсер етеді, тіпті осы екі ұйым кредит алушы елдердің жағдайына қарамастан неолиберал капитализмге негізделген реформаларды күштеп жасатады десе де болады. Совет одағы ыдыраған кезде неолиберал реформалар ең радикал түрде жаңғырады. Соның ішінде Қазақстанға және Қырғыстанға қатты әсер етті. Еуропа елдері болса, социал-демократия және реттелетін капиталистік жүйенің әлеуметтік саясатқа қатысты ерекшеліктерін сіңіргендіктен, оған толықтай болмаса да тойтарыс бере алады. Содан олар бұл жүйенің көптеген зиянды әсерлерінен аман.


Ал 90-жылдары ең үлкен дағдарысқа түскен Қазақстан жағдайды жақсарту үшін шұғыл түрде жүйелі жұмыс атқару керек еді. Сондықтан сырттан инвестиция мен кредит тартты, олармен қоса жүйелік реформалар жасау, яғни неолиберал капиталистік жүйені тез арада орнату талаптары да келді. Жоғарыда аталған ұйымдардан келген кеңесшілер де оны насихаттады. Жаппай жекешелендіру өте қарбалас, асығыс әрі ретсіз жүргізіліп, мемлекет қарамағынан көптеген әлеуметтік объектілер жекеменшікке өтті. Нәтижесінде еліміздің экономикасы санаулы адамдардың қарамағында қалып, олигархиялық капитализм орнады. Қоғам әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан класстарға, сатыларға бөлінді. Уақыт өте келе олардың арасындағы алшақтық күшейе түсті. Нәтижесінде әлеуметтік мемлекет моделі деген тек сөз болып қалды. Қызығы, бұрын неолиберал капитализмді үгіттеген Дүниежүзілік банк те, Халықаралық қаржы ұйымы да қазір ұстанымдарын өзгертті. Оған сол тоқсаныншы жылдар мен 2000 жылдардың басында жүргізілген жекешелендіру кезінде болған көптеген келеңсіздіктер мен 2008 жылғы ғаламдық қаржы дағдарысы әсер етті. 


Неолиберал капитализмнен басқа қандай экономикалық модельдер бар?


Соңғы отыз жылда жазылған экономика және қаржы саласындағы оқулықтардың неолиберализмді насихаттайтыны шындық. Алайда, неолиберал капитализмді сынайтын, оған балама ұсынатын көптеген ғылыми әдебиет те, арнайы оқулықтар да бар. Шетелге қысқа мерзімге барып келген біздің қаржыгерлер мен экономистер неолиберал түсінікті сіңірді десе болады. Бір-екі жыл шетелде магистратура оқу немесе стажировкадан өту жеткіліксіз. Өзге басқару жүйелері мен модельдерін көру үшін батыста көбірек өмір сүру керек. Немесе, қысқа мерзімге барса да, арнайы осындай мақсатпен, баламаларды зерттеу үшін бару керек. 


Ең өкініштісі, бізде экономика тек осындай болады, балама жоқ деп ойлайтындар аз емес. Олар қателеседі. Себебі саяси экономика мен макроэкономикада Кейнстік моделі бар, пост-кейнстік деген моделдер бар, Скандинавия елдерінің социал-демократияға негізделген халықтық яғни реттелетін капитализм модельдері бар, әлеуметтік тұрғыдан жаупкершілік жүктейтін Кембридж моделі бар дегендей. Саяси экономиканы жақсылап қарастырып, жан жақты іздестіру керек, сонда ғана қоғамда елеулі өзгерістер жасауға болатынын түсінеміз.  Мысалы, Қазақстанның денсаулық сақтау саласына мемлекеттің бюджеттен ең аз қаржы бөлетін елдер антирейтингінде болуы (ең аз қаржы бөлетін бес мемлекеттік арасындамыз) мемлекеттік менталитет мәселесі – бұл тікелей  Қазақстанның саяси экономикасындағы неолиберал капитализм әсері.  


Неолиберал капитализм денсаулық сақтау, білім алу құқықтарымызға қалай әсер етеді?


Неолиберал капитализм жүйесінде денсаулық сақтау мен білім беру саласы қатты шектеледі, қажет деңгейде қаржыландырылмайды. Мұның ең үлкен зиянын пандемия кезінде көрдік: ауруханалар жетпеді, дәрігерлердің айлығы мардымсыз боп шықты, жедел жәрдем тапшылығы байқалды. Қаражаттың жеткіліксіз болғаны соншалық, медицина қызметкерлері азық-түліксіз қалған кездер де болды. 


Мен біраз статистиканы қарап, Қазақстанның бюджетінен денсаулық сақтауға бөлінетін қаражатың өте төмен екенін көрдім. 3 пайыздан сәл-ақ асады, білім беру саласында одан да төмен. Сонда жоғарыда айтылған проблемалар елімізде денсаулық сақтауға ақша жетпегендіктен емес, неолиберал саясаттың біздің экономиканы жүргізетін адамдардың санасына сіңгенінен пайда болғанын көреміз.


Білім саласына да неолиберал капиталистік жүйенің әсері зор. Себебі бұл түсінікті қабылдайтын адамдар ақшасы не дарыны бар балалар оқуы керек, оларға жағдай жасалуы қажет деп есептейді. Алайда мына мәселені қаперден шығармаған жөн: білім алу – тек әлеуметтік құқық емес, фундаментал құқық. Егер ол ақшаға тәуелді болса, адамның білім алу деген негізгі құқықтарының бірі бұзылады. 


Мысалы, Батыс Европа елдерінде, әсіресе, Скандинавияның Норвегия, Швеция, Дания елдерінде денсаулық сақтау – тегін, балабақша, білім алу да – тегін. Қазақстанда болса, толықтай мемлекет тарапынан қаржыландырылатын Қазақ Ұлттық университеті, Евразия Ұлттық университеті шектеулі абитуриентті мемлекеттік грантқа оқытады. Бұл неолиберал модель көптеген адамның әлеуметтік құқықтарының және фундаментал адам құқықтарының бұзылуына алып келеді.


Қазіргі Қазақстанды әлеуметтік мемлекет деп айта аламыз ба?


Неолиберал капитализмнің тағы бір тұсы бар. Ол – мемлекеттің әлеуметтік саясаттағы орнын барынша төмендету, мүмкін болса, тіптен алып тастау. Әрине олай 100 пайыз бола алмайды, болмауы да керек. Себебі зейнеткерлерді, мүгедектігі бар азаматтарды, декрет демалысындағы әйелдерді, және балаларды қорғау әрі қолдау керек. Алайда неолиберал капитализм кірген жерде бұл адамдардың құқықтары қатты бұзылады. Қазақстанда мұны қазір көріп жүрміз. 


Әлеуметтік төлемдер абыроймен өмір сүруге жеткіліксіз болса, әлеуметтік мемлекеттің моделі жоқ десе болады. Мысалы, Қазақстанда декреттегі әйелдер барлық керек-жарағына, жүріп-тұруына, демалуына жәрдемақыны жеткізе ала ма? Зейнеткерлер зейнетақысын үйіне, ішіп-жеуіне, коммуналдық төлемдеріне, еміне жеткізе ме? Бұл сұрақтардың жауабын айтпасақ та түсінікті. Біздің елде әлеуметтік мемлекет моделі әлсіз. Неолиберал жүйе басқаша ойлауға, жаңа модель құруға мүмкіндік бермейді. Себебі неолиберал капитализмнің таза түсінгі бойынша, бала, зейнеткер, мүгедектігі бар адам, әйел экономикалық тұрғыдан толықтай өнімді жұмыс атқара амайды. Сондықтан олардың құқықтары автоматты түрде шектеледі, жәрдемақысы төмен болады, декреттегі әйелдер барынша тез жұмысқа оралады. 


Соған қарамастан, Конституциямызда еліміз «әлеуметтік мемлекет» деп жазылған, іс жүзінде мұның шындыққа жанаспайтынын көріп отырмыз. 


Неолиберализм, көлік кептелісі және бала құқығы


Қазақстан қоғамына, әсіресе үлкен қалаларға неолиберал жүйенің сіңгені соншалық, бала құқығының бұзылғанын байқамай жатамыз. Бала құқығы мен кептелістердің арасындағы үлкен байланыс бар. Бала құқықтары туралы Конвенцияның 5-бабында: «Үкімет баланың даму ерекшеліктерін ескере отырып, ата-аналардың баланы тәрбиелеудегі құқықтарын, міндеттерін және жауапкершіліктерін құрметтеуі тиіс» – делінген. Демек, мемлекет баланы тұлға етіп қалыптастыру үшін ата-анаға қолайлы жағдай жасауы керек.  


Алайда көп ата-ана балаға бөлетін уақытын кептелісте өткізеді. Әсіресе, кешкісін үйге жету үшін кептелісте тұратын ата-ана қаншама. Олар үйіне барған кезде баласына бөлетін уақытын шектейді. Тіпті, кейде үйге жеткенше бала ұйықтап та қалады. Бұл – бала құқықтарын аяқ асты ету. Өйткені балаға ата-ананың ақшасы емес, көңілі мен уақыты керек. Ақша – екінші кезекте тұрған мәселе. Сондықтан бала құқықтары үшін кептеліспен күресу керек. Ал кептелестер неден пайда болады? Әрине, неолиберал урбанизацияның әсерінен. 


Жасанды интеллект арқылы салынған сурет: көлік кептелісі

Неолиберал урбанизация тек қала емес, ел көлемінде үлкен проблемаларға әкелді. Барлық игілікті бір жерге шоғырландырғаннан аймақтар арасында үлкен алшақтық туады, нәтижесінде халықтың да әл-ауқаты жақсармайды. Мысалы, Торғай, Арқалық және Алматыны салыстырсақ, мегаполис қана дамиды. Себебі неолиберал түсінік бойынша, ақша тек үлкен қалаларға бөлінуі керек. 


Оны Еуропадағы мемлекеттер қалай реттейді? Мысалы, Германияда әр аймақтың өз бюджеті болады. Ондағы қаражат жетпесе, Берлиндегі Федерал үкіметінен қаржы бөлінеді. Германияда халық екі-үш аймаққа ғана шоғырланбаған, мемлекеттік масштабта біркелкі. Кішкентай қалаларында да мықты университеттер бар. Ауылдарында үлкен клиниканы да кездестіресіз. Бұл – социал-демократияның нәтижесі. Ал біздегі капиталистік модель, өкінішке қарай, неолиберал форматта кетті. 


Неолиберал рент капитализмі жүйелі (systemic) және құрылымдық (structural) әділетсіздіктерге жол ашады. Қоғам жүйелі және құрылымдық негіздерге бөлінеді, яғни халық әртүрлі экономикалық және әлеуметтік топ пен класстар болып қалыптасып, олардың арасында алшақтық туады. Бұл жағдай саясаттануда айтылатын құрылымдық зорлық-зомбылыққа (structural violence) алып келеді. Жалпы, атақты норвег әлеуметтанушысы Галтунг кезінде ескерткендей, әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік – құрылымдық зорлық-зомбылықпен синоним, яғни екеуі бір нәрсе.


Қысқасы, неолиберал капитализм бар жерде қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық ұйысудың орнауы өте қиын, тіпті мүмкін емес. Мысалы, жағдайы төмен ауыл тұрғындары жағдайы жақсы қалалықтарды жақтырмайды. Базарда қара жұмыс істейтіндер джип айдайтындарды жек көреді. Лауазымды адамдар көше сыпырушыларды өзімен тең санамайды. 


Бізде неліктен Қаңтар оқиғасы болды? Халық мемлекеттің көпшіліктің, қарапайым азаматтың жағдайын ойламайтын, назарға алмайтын саясатына қарсы шықты. Әрі қарай көшеде жаппай тәртіпсіздіктер орнады. Әрине, оған арандатушылардың қосқан үлесі зор. Бірақ өз басым сол күндері бойын ашу мен ыза кернеген көп адамды көрдім. Дүкендерді тонап, банктерді қиратып жүрген қара халықты ақтау дұрыс емес, алайда оларды түсініп көруге болады. Себебі олардың ішінде, қарапайым тілмен айтқанда «менің арқамда байып, күн көріп жүр» деген әділетсіздік сезімі бар. Күні-түні ауыр жұмыс істеп, зығырданы қайнаған. Ғылыми тілмен айтсақ, рент капитализмі жүйелі әрі құрылымдық әділетсіздіктерге жол ашқан және құрылымдық зорлық-зомбылық (structural violence) бар қоғамда мұндай заң бұзушылықтан басқа нәрсе күте алмаймыз.



Неолиберал капитализм және эмпатия


Австралиялық зерттеуші Джейсика Уайттың The Morals of the Market деген атақты кітабы бар. Онда Джейсика: «Келешекте адам құқықтарының ең үлкен дұшпаны автократтар, диктаторлар, милитаристер, фашистер, террористер, фундаменталистер емес, неолиберал капитализм болады» – деген. Мен онымен толықтай келісемін. Себебі неолиберал капитализм адамды барынша өнімді жұмыс атқаратын экономика адамына, ақша табатын роботқа айналдырады. Бұл – оның табиғатын бұзатын нәрсе. Эмпатияны жояды. 



Жасанды интеллект арқылы салынған сурет: капитализм адам құқығына қарсы


Испан философы Майкл Баретто еңбектерінің бірінде неолиберал капитализмнің ең үлкен зардабы тұлғамызды қатайтатынында деп айқындайды. Шынымен де, басқа адамды саналы түрде «дұрыс емес адам» деп ойлауға итермелеу – оны өзінен төмен санауға апарады. Мысалы, қай-қай кісіні қате адам, құбыжық, қаны бұзылған, малғұн, бейшара деп бөлуге болмайды. Әсіресе, мүгедектігі бар адамдарды қоғамнан шеттетпеу керек. 


Себебі адам адам болып жаралғанымен құнды. Оны жынысы, этносы, жасы, түрі, діні, тілі, мекені, әлеуметтік жағдайы сияқты сипаттары үшін емес, ақша тауып-таппауына қарап емес, жай ғана адам болғаны үшін құрметтеуіміз керек. Бұл адам құқықтарының әмбебаптығының  аксеологиялық негізі, яғни құндылық негізі. Ал неолиберализм бар жерде оның болуы екіталай.



Следите за нами в интернете