Қазақстанда
1 ақпанда коронавирусқа қарсы екпе салу басталған еді. 19 маусымға дейін
вакцинаның бірінші дозасын 2 миллион 719 мыңнан аса адам алған. Ал 1 миллион 625 мың адам екі
дозаны да салдырған. Алғашқы уақытта халыққа тек ресейлік Спутник V вакцинасы
қолжетімді болса, қазір отандық QazVac және қытайлық SinoPharm компаниясы
дайындайтын, БАӘ елінде өндірілетін Hayat-Vax вакциналары бар.
Денсаулық
сақтау министрлігі екпе ерікті түрде салынатын бірнеше мәрте айтқанына
қарамастан, кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерді вакцинаны міндетті түрде
алуға мәжбүрлеп жатыр. Жұмыста вакцина алуда міндеттесе, не істеуге болады? Вакцина
алмаса, басшылық қызметкерді жұмыстан шығара ала ма? Осы сұрақтарға заңгер Илья
Махов жауап берді.
- Вакцина алу өз еркім бе?
- Қазақстанда
вакцинаны алу — өз еркіңіз, сізді вакцина алуға ешкім мәжбүрлей алмайды. ҚР-ның
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабының
18-тармағында адамның екпеден бас тартуға құқығы бары жазылған.
- Вакцина алмасам басшылық мені жұмыстан шығара ала
ма?
- Жоқ, шығара
алмайды. Бас санитарлық дәрігердің арнайы қаулысы болса ғана, жұмыс беруші
вакцина алмаған қызметкерді жұмыстан шығаруға құқылы («Еңбек кодексінің»
48-бабы).
«Халық
денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы кодекстің 38-бабының 7-тармағы
негізінде бас санитарлық дәрігер міндетті вакцинаны талап ете алады. Алайда
қазір елімізде міндетті вакцина туралы ешқандай қаулы енгізілмеді. Сондықтан
басшылықтың бұндай әрекеті заңсыз.
- Вакцина алмасам басшылықтың мені жұмысқа кіргізбей,
қашықтық режимдегі жұмысқа ауыстыруға құқы бар ма?
Жоқ.
Вирустың қандай да бір симптомдары болмаса және барлық медициналық тексеруден
өтсеңіз, сізді қашықтық режимдегі жұмысқа ауыстыруға еш негіз жоқ.
- Жұмыста вакцина салдыруға
міндеттесе, не істеуім керек?
- Сіздің бас тартуға толық құқығыңыз барын және бастығыңыздың бұл
мәжбүрлеуі заңсыз екенін алға тартып, еңбек инспекциясына шағымдаңыз. Еңбек
кодексінде адам құқықтарының шектелуіне тыйым салынған. Осы кодекстің 4-бабының
6-тармағына сәйкес еңбек саласында кемсітушілікке ұшыраған адамдар ҚР-ның
заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгіне алады.
- Вакцина алмағаным үшін басшылық әр екі апта сайын
ПЦР тесттің теріс нәтижесін талап ете ала ма?
- Жоқ. Еңбек
кодексі бойынша жұмыс беруші қызметкерге бұндай талап қоя алмайды.