Белсенді жастар жылды қалай қорытындылады?

25 декабря 2020 г. Молодежь

24 желтоқсан Қазақстан жастарының ақпараттық қызметі алғаш рет «Жыл адамы және бастамасы» премиясының қорытындысын жариялап, номинанттарды марапаттау кешін өткізді. Оқырмандар бір ай бойы осы жылы Қазақстанның қоғамдық өміріне еңбек еткен белсенділерге, суретшілерге, кампанияларға дауыс берді. Коронавирус пандемиясының әсерінен 2020 жыл қиындықтарға, қайғылы оқиғаларға толы болғанына қарамастан, жастар құқық, әлеумет, ақпаратқа қолжетімділік салаларында белсенді болды. 


Қазақстан жастарының ақпараттық қызметі премиясында 8 номинация ұсынылды. «Бастамалар vs Сovid-19» номинациясында Komek 2020 онлайн-сервисі жеңіске жетті. Блогер Арман Юсупов бастаған әлеуметтік кампания Қазақстанның кейбір қалаларында коронавирус пен пневмонияның өршуі кезеңінде мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге бағытталған. Әзірге жоба жұмысын тоқтатты.


«Құқық және бостандық» номинациясында Әсия Төлесова жыл адамы атанды. Оған 52,2% адам дауыс берген. Әсия @auagroup экологиялық жобаның негізін қалаушы. Былтыр Қазақстан билігі кезектен тыс президент сайлауын жариялаған кезде, жас белсенділермен «Шындықтан қашып құтылмайсың. Әділ сайлау үшін» деген баннерді алып шыққаны үшін 15 күнге қамалып шыққан. Ал биыл Алматыдағы митинг кезінде "полиция қызметкеріне шабуыл жасады" деп айыпталған болатын.


«Үнемі бір жағдайлар болғанда бәрі «О, міне Ася, Ася» деп ойлайды. Шын мәнінде қаншама адам мені түрмеден бостуға ат салысып, тамақ әкеліп жүрді. Сол үшін менің туыстарым мен достарыма, қолғабыс болған барша жандарға алғыс айтамын. Менің ойымша, бұл өте маңызды премия. ҚЖАҚ осындай жобаларды ұйымдастырғаны алғыс айтамын».


Ал «Әйелдер құқығы» номинациясында белсенді Фариза Оспан алға шықты. Оған 351 адам дауысын берді. «Осы жылы көптеген оқиға маңызды болды. Алматыда өткен әйелдердің құқын қорғауға арналған марш, оған қатысқан белсенділердің үстінен қозғалған сот істері, Қазақстандағы төтенше жағдайды пайдаланып бейбіт митингілер туралы заңның қабылдануы, саяси партиялар туралы заңда өзгерістер енгізуі, Әсия Төлесова мен Әлнұр Ильяшевтің оқиғасы осы жылды сипаттайтын керемет мысалдар деп едім. Сонымен қатар 16 желтоқсанда өткен митингте бізді, белсенділерді және “Оян, Қазақстан” ҚДП полиция 3 сағат бойы далада ұстап тұруы 2020 жылды қорытындылаған шығар. Оған қарамастан бір-бірімізге қолдау көрсетіп, одан сайын біріге бастадық. 16 желтоқсанда өткен митингте бір-екі оқушыны көріп қалдым. Олардың елде болып жатқан оқиғаларға деген жанашырлығы, билікке өз пікірін ашық айтқысы келгені  мені тәнті етті. 


«Арт-активизм» номинациясында Самал Қаңтар 27,3 % дауыс жинап, жеңіске жетті. Самал инстаграмда әртүрлі әлеуметтік тақырыптарға сурет салады. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер құқығы, саяси тақырыптарда иллюстрацияларын жариялады. 


Ал «Медиа» номинациясының иегері Әсем Жапишева атанды. Оған 324 адам (37,8%) дауыс берген.


«Меніңше, қазір бізге, журналистерге, бұрыңғыға қарағанда қиын. Себебі  ақпаратты таратып қана қоймай, оның бір нәтиже көрсетуі үшін күресуіміз керек. Бұл өте қызық кезең. Биыл мен үшін есте қалған жағдай қазақстандықтардың коронавирус пандемиясы алдында бірігуі. Мемлекетіміз пандемия кезінде көптеген ақпаратты жасыруға тырысты, кедергілер көп болды. Халық жұмыссыз қалып, қиындықтарға қарамастан азаматтық қоғам дәрігерлерге де көмектесті, шын ақпарат таратуға тырысты. Сонымен қатар еріктілердің жұмысын атап кеткен жөн»


«Әлеуметтік кәсіпкер» номинациясында Асхат Нұрмашев жеңісті қанжығасына байлады. Оған 274 адам берді. Асхат asarume қайырымдылық фондының негізін қалаушы. Фонд мұқтаж жандарға үй салып берумен айналысады. Бүгінге дейін жобаның арқасында 61 отбасы баспаналы болды. 


«Медиа-өнімдері»
номинациясында жыл бастамасы ретінде MASA.MEDIA танылды. 

MASA.MEDIA жобасын құрушылардың бірі Айсана Әшім: «Бұл премияға номинантардың бәрі лайық. Жобамыздың идеясын Әсем (Жапишева) екеуіміз бір жылдай ойластырып жүрдік. Енді, міне, биыл 6 тамызда жобаны іске қостық. Себебі халықтың саясат, құқық және заң туралы ой-білімі болмаса, біздің наразылық танытқанымыздың еш пайдасы жоқ екенін түсіндік. Жұрт конституция мен шындықтың айқаспайтынын көргенде сұрақтар пайда болады, қоғамда қандай да бір белсенділік артады». 


«Қоғамдық жобалар мен кампаниялар» премиясын Qazaqsha.jaz қозғалысы ұтып алды. Дауыс бергендердің 47,3%-і, яғни 401 адам оны таңдаған.


«"ҚазақшаЖаз" қозғалысы үшін осы жылғы маңызды оқиғалар қазақ тіліне байланысты. Оның ішінде Harry Potter кітабының қазақшаға аударылуы (қазақша атауы – “Хәрри Поттер”). Steppe & World Publishing баспасы биыл үш кітабын аударып шықты: “Хәрри Поттер мен пәлсапа тас”, “Хәрри Поттер мен жасырын бөлме”, “Хәрри Поттер мен Азкабан тұтқыны”. 


Екіншіден "Tez Tap!" атты алғашқы қазақша үстел ойны пайда болды. Tez Tap! – танымал “Крокодил” үстел ойнының қазақша бейімделген түрі. "ҚазақшаЖаз" (ҚЖ) қозғалысының тікелей қатысы бар жобалардың бірі - Telegram мессенжерінің қазақша нұсқасы. Сонымен қатар, ҚЖ еріктілері осы жылы Telegram'ды қазақшаға аударып, beta нұсқасын шығарды.  Бұл үш бастаманы үкімет емес, жеке тұлғалар өз ресурстарын қолданып жасап отырғандықтан, біз үшін өте маңызды».


Біз бұл премия Қазақстан жастарының ақпараттық қызметінде дәстүрлі боп қалады деп сенеміз. Қандай бастама, кампания, қозғалыс немесе жоба болмасын қоғамға пайдасын тигізуі керек. Ал біз өз кезегімізде жас әрі қоғамға бей-жай қарамайтын қазақстандықтарды қолдауға, олар туралы айтуға тырысамыз. 

Следите за нами в интернете