Нұсқаулық: қазақша қызмет алу үшін не істеу керек?

Қазақстанда қоғамдық орында, мемлекеттік мекемеде, жеке кәсіп кешенінде орыс тілімен қатар қазақша да ақпарат пен қызмет алуға құқығыңыз бар. Тіпті осы құқығыңызды пайдалану арқылы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейте аласыз. Бұл нұсқаулық осыны қалай істеуге болатынын түсіндіреді.

Сандуғаш Андамасова

Заң тұрғысынан қазақша қызмет сұрауға құқығым бар ма?


Иә, құқығыңыз бар. Конституция бойынша, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Тұтынушылардың қазақ тілінде қызмет алу құқығы заңмен қорғалады. 

Менің бұл құқығым туралы қайда жазылған?


Бұл жайлы Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының 21-бабында жазылған. Осы заңнамаға сәйкес, бланкiлер мен маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады. Оған қоса, көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi алдымен қазақша, артынша орыс тілінде жазылады. 

Сондай-ақ «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 24-бабы бойынша, сатушы немесе дайындаушы тауар, жұмыс немесе көрсетілетін қызмет туралы ақпаратты, сондай-ақ сатушы, дайындаушы немесе орындаушы туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде беруге міндетті

Маған қазақша қызмет көрсетпесе, не істей аламын?


Сатушы немесе орындаушы сізге қазақ тілінде қызмет көрсетпесе, оның қазақша тілдесуін немесе қазақша білетін қызметкерді шақыруын сыпайы талап ете аласыз. Жұмысшы не кәсіпкер өтінішіңізді қанағаттандырмаса, жоғарыда көрсетілген заң баптары бойынша құқықбұзушылық орын алғанын хабарлап арыз жаза аласыз. 

Арызымды онлайн жазуға бола ма?


Иә, egov.kz сайтына құқықбұзушылық жөнінде онлайн арыз қалдыра аласыз. Өтінімге болған жағдайдың видео, фото немесе аудио форматтағы дәлелін тіркеуіңіз тиіс. Мысалы, ұйымның не дүкеннің әлеуметтік желідегі парақшаларын фотоға түсіріп, арызыңызға тіркей аласыз. Осылайша уәкілетті орган сіздің өтініміңізді қабылдайды.

Қазақ тіліндегі қызметтің дамуына басқаша қалай үлес қоса аламын?


Құқық қорғау органдарынан бөлек, жеке азаматтық бастамалардың көмегіне жүгінуге болады. Мысалы, “Қазақша Жаз” бастамасы трансұлттық және жергілікті жекеменшік компаниялардың қазақша ақпарат беруіне және қызмет көрсетуіне әсер етіп жүр. 

Бұл бастама өкілдері ақпаратын қазақ тілінде жарияламайтын компаниялардың әлеуметтік желі парақшаларына қазақ тілінде ақпарат ұсынуын сұрап пікір қалдырады. Қозғалыс 2020 жылдың шілдесінде құрылған, өздерін “Қазақша Жаз қозғалысы” деп атайды және “қазақ тілінің желідегі репрезентациясын ұлғайтуды” мақсат етеді. 

Қазақ тілінде қызмет көрсетуін қалай дұрыс сұрау керек?

Қызмет көрсетушілермен және мекеме өкілдерімен сөйлескенде, олардың құқығын бұзудан абай болған жөн.

Яғни дауыс көтеруге, тіл тигізуге, денесіне тиюге немесе мүлкіне зақым келтіруге болмайды. Қазақша ақпарат немесе қызмет ұсынуды сұрағанда, әдеп сақтаңыз. Мысалы, “маған қазақша түсіндіресіз бе?”, “мына мәтінді қазақша да жазыңызшы” немесе “қазақша қызмет көрсете аласыз ба?” деп нақты әрі сыпайы сұрауға болады.   

Қазақстанда әрбір азамат қазақ тілінде қызмет алуға құқылы. Заң аясындағы іс-шара көмегімен мемлекеттік тілде қызмет алып қана қоймай, тілдің қолданыс аясын да кеңейте аласыз.

Следите за нами в интернете