Фэтшейминг дегеніміз не және ол неліктен қате?

8 ноября 2021 г. Молодежь

Артық салмақты адамдар қоғамда жиі шеттетіледі. Жақында атыраулық Заиданың шетелдік азаматпен отау құруы да қоғамның толық адамдарға көзқарасын әшкереледі. Артық салмағы бар адамдарды кемсітетін ой «фэтшейминг» деп аталады, осы материалда фэтшейминг неліктен қате екенін түсіндіріп, онымен күресіп жүрген ARTYQ EMES+  жобасын таныстырамыз.

Фэтшейминг дегеніміз не?

Жақында біздің Адам құқықтары мектебіміздің түлегі Камилла Мюллер ARTYQ EMES+ жобасын бастады. ARTYQ EMES+ жобасы адамдарды сыртқы кескініне байланысты кемсітпеуге шақырады. Әрбір тұлғаның дене бітімі ерекше екенін айтып, бодипозитив болуға үндейді. Бұл жобаның негізгі мақсаттарының бірі – Қазақстан қоғамындағы фэтшеймингті зерттеу және онымен күресу. 

Фэтшейминг (ағылшын тілінде fat – май, shame – ұят) – артық салмағы бар адамдарды дене бітіміне байланысты кемсіту, дискриминациялау, келеке ету әрекеттері. Фэтшейминг –  толық адамдардың денсаулығы нашар, тартымсыз, жалқау, ерік күші жоқ деп санайтын көзқарас. Бұл жаңсақ пайым адамның тек сыртқы келбетіне негізделіп, артық салмақтың жаман екенін немесе моральдық тұрғыдан қате екенін айтады. Фэтшеймингтің  дамуы мен таралуына көбіне сән, кино индустриясы, жарнама мен масс-медиа ықпал етеді.  Артық салмағы бар адамға жұмыс берушілер мен медицина қызметкерлері дискриминация жасайды. Сонымен қатар, мұндай адамдарға киім сатып алу өте қиын, өйткені дүкенде қажет өлшемдер бола бермейді және ондай киім стандарт өлшемнен қымбат.

Неліктен артық салмақты адамдарды сынау дұрыс емес?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда «семіздік» диагнозымен – 25 303 адам, қант диабеті диагнозымен – 409 204 адам есепке алынған. Толық адамдарды кемсітіп әзіл айтқанда, тұлғаны денсаулық жағдайына байланысты мазаққа айналдыруыңыз да мүмкін.

Осыдан бірер жыл бұрын америкалық тележүргізуші Билл Мардың фэтшеймингке шақырған мәлімдемесі тек АҚШ емес, әлемнің көп жерінде талқыланған болатын. Көпшілік фэтшейминг арқылы адамның артық салмақтан арылуына  көмектесеміз, артық салмағын сынау арқылы оларға мотивация береміз деп ойлайды. Алайда британиялық актер және тележүргізуші Джеймс Корден, «фэтшейминг – салмақ жоғалтуға мотивация беретін факторлардың бірі» деген пікірмен келіспей, Билл Марға қарсы шыққан.

«Фэтшеймингтің салдары – адам өзін кінәлі сезініп, жеккөрушілікке шалдығуы мүмкін, ал бұл депрессияға, ашулануға және шамадан тыс тамақтану сияқты өзін-өзі бұзуға апаратын мінез-құлыққа әкеледі», – дейді Корден.

Джеймс Корденді әлеуметтік желі аудиториясы көп қолдады. «Толық адамдарды кемсіту олардың салмағын жоғалтуына себеп болса, мектепте толық балалар болмас еді», – дейді Корден. Дегенмен фэтшейминг артық салмақтан арылуға мотивация болған жағдайлар да кездеседі.

Фэтшеймингтің тағы қандай зияны бар?

ARTYQ EMES+ адам құқығы жобасының жетекшісі Камилла Мюллер, жақын адамынан «сен семізсің, арықтамасаң әрдайым ұсқынсыз болып қаласың» – деген сөздерді естіген соң, расымен салмақ тастағанын айтады.

Камилланың айтуынша, ол жасөспірім кезінде фэтшеймингке ұшыраған. Сөйтіп өз-өзін қолға алып, түрлі диетаға жүгініп, таңертеңнен кешке дейін гимнастикамен айналысқан. «Үш айда радикал түрде 15 кг салмақтан арылдым, дене бітімім сымбатты болғанымен, іштей әлемдегі ең семіз, ұсқынсыз, әрі бақытсыз адам ретінде сезінетінмін», – дейді Камилла. Мамандар фэтшейминг адамның салмақ тастауына мотивация бергенімен, денсаулықтың басқа қырына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. «Қазір анаммен мүлде сөйлеспеймін,  осындай күйге келуіме анамды кінәлаймын», – дейді Амина.

Амина Орал қаласында тұрады. 2 жылдан бері булимиямен күресіп жүр (Булимия – тамақтанудың бұзылуымен сипатталатын психикалық ауру. Ол шамадан тыс жиі тамақтану түрінде көрінеді, оның барысында адам тағамның дәмін де, қанықтыруды да сезбейді. Мұндай бұзылудан кейін өкініш сезімі пайда болады, адам денені қажетсіз нәрселерден тазартуға тырысады – ред)Амина 8-сыныптан кейін қатты толып кеткен, содан бері мектепте барлығы оны «семіз», «шошқа» деп атайтын болған. «Олар менің аяқтарым туралы үнемі қалжыңдайтын.  Өз сыныбымдағы ең семіз қыз болдым, бірақ сабақты жақсы оқыдым. Бір жағынан, бәрі менен есеп көшірсе, екінші жағынан, небір ауыр сөздер айтатын», – дейді Амина.

Аминаның анасы әрқашан семіз қыздарға жігіт қарамайтынын айтумен болыпты. Сондықтан  күн  сайын оған мүлде кешкі ас жегізбейтін. Әр ішкен тамағына қарап отырады екен.  Кейін бөлмесіне жасырын тамақ тасып, тек тамақ жесем екен деген оймен жүретін болыпты. 

«Жеген тамағымды, әрине, 2 саусақ арқылы шығарып тастайтынмын. Қазір анаммен мүлде сөйлеспеймін,  осындай күйге келуіме анамды кінәлаймын. Достар арасында біреу біреудің салмағын талқылағаны әлі күнге дейін менің жаныма батады», – деп қорытады Амина.

ARTYQ EMES+ жобасы және фэтшеймингпен күрес

Камилла ARTYQ EMES+ жобасын өз өміріндегі оқиғаларды басшылыққа ала отырып жүргізе бастаған. Жобаны қолға алғалы Камиллаға көптеген теріс пікір келді. Көп адам жоба авторын семіздіктің, жалқаулықтың пропагандасын жасап жүр деп айыптаған. Дегенмен оны қолдайтын пікірлер де аз болмады. Кейін салмағына байланысты кемсітуге тап болған қыздардан хаттар келе бастаған. Жоба басталғалы бері 30 шақты адам аноним түрде өз хикаясын бөлісіпті. Камилланың пікірінше, бұл – мәселенің өте өзекті екенін көрсетеді.

«Адамның сыртқы параметріне байланысты мектепте – буллинг, интернетте – кубербуллинг біз үшін қалыпты жағдайға айналғандай. Анорексия, тамақтанудың шамадан тыс бұзылуы, булимия, селфхарм, депрессия – мұның бәрі фэтшеймингтің кесірінен болып жатыр»,- деп, Камилла мұңын шақты. Оның пікірінше, адамға сұлулық стандарттары жүктелген, сол стандарттарға сәйкес келмеген сәтте адамда комплекстер туады. Ол мұндай өзекті тақырып талқылануы қажет деп есептейді. «Біз толық болудың ұят емес екенін, артық салмақ денсаулыққа зиянын тигізіп жатса, бұл аурумен қалай дұрыс күресу керек екенін айтуымыз керек», –  дейді Камилла Мюллер.

ARTYQ EMES+ жобасы жайлы бірнеше медиада ақпарат жарияланды, ал Камилла фэтшеймингтің зиянын түсіндіріп түрлі басылымға сұхбат беріп жүр. Мысалы, жақында Еуразия арнасына Камилла сарапшы ретінде пікір білдірген жаңалықтар сюжеті шықты, ал orda.kz сайтында фэтшеймингтің зардабы туралы материал жарияланды. ARTYQ EMES+ жобасын көбіне қыздар аудиториясы оң көзқараспен қабылдаған, оқырмандардың басым бөлігі – 75 пайызы қыздар. Жобаның әлеуметтік желі парақшаларына, әсіпесе YouTube желісінде негатив пікірлер жазылып жатады. Мұндай комментарилерді көбіне фейк аккаунттар және еркек қолданушылар жазады. Камилла негатив пікірге назар аудармауға тырысытынын айтады.

Жобаны қолдап, алғыс айтқан жазбалар да аз емес екен. Бір қолданушы былай дейді:  

«Бұл жоба өзімді және өз денемді қабылдауға көмектесті! Адамдардың медиа және кинода семіз кісілерге қарсы болуы сондай қорқынышты, себебі кез келген дене бітімі репрезентацияға мұқтаж. Бүкіл жасөспірім шағымда мен бақытты өмірге дене пішіні модельге ұқсас немесе өте арық қыздар ғана лайық дегенге сенумен болдым және бұл мені шынымен өлтіріп келді. Өйткені мен әр телеарнадан тек осындай кейіпкерлерді көрдім, барлық жерде «бұл – табиғи нәрсе, бұл – қалыпты жағдай, ал басқаша болу – жиіркенішті және сау емес», – деп айтты. Қазақстанда бодипозитив тақырыбын көтере бастағаныңыз үшін сіздерге өте ризамын, өкінішке қарай елімізде бұл нәрсе тым жеткіліксіз. Сіздер және фильм мен сериалдардағы сондай кейіпкерлердің арқасында, қыздар идеал фигураның соңынан жүгіріп, дене пішіні үшін жайсыз сезінбейтін болады деп үміттенемін».

ARTYQ EMES+ жобасы Қазақстан жастар ақпарат қызметі қолдауымен жүзеге асып келеді.

Следите за нами в интернете