Қазақстан жастары: Түркістан және Жамбыл облысы

3 августа 2021 г. Молодежь

Қазақстан жастарының ақпараттық қызметі «Аймақтағы жастар» айдарын жалғастырады. Біз Түркістан және Жамбылоблысындағы жастармен сұхбаттасып, оңтүстік өңірдің жағдайын білдік.

Жансая Алиева

Түркістан облысы


Түркістан облысы - халық тығыз қоныстанған өңірлердің бірі. Бұл облыста екі миллионнан астам адам мекендейді, Қазақстандағы әрбір жетінші бала осында дүниеге келеді. Халқының 80 пайызға жуығы ауыл тұрғыны. Өзбекстанмен шектеседі, облыс аумағында 354 мың этникалық өзбек тұрады. Сондықтан бұл аймақта өзбек тілінде білім беретін бес мектептің барына таңғалмаңыз. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы ретінде қайта құрылып, орталығы Түркістан қаласына ауыстырылған.

Абадова Диана, 20 жаста, 3-курс студенті

Диана Түркістанда туылған. 7-сыныптан кейін Астанаға кетіп, мектепті сонда аяқтаған. Ата-анасы қарсы болмағанда Қазақ ұлттық өнер университетіне түсіп, жоғары оқу орнын да астанада бітіруге ниетті болған. 

«Ата-анам “қыз балаға үлкен қала қауіпті”- деп, астанада оқуыма рұқсат етпеді. Біздің өңірде жастардың 90 пайызы дерлік мамандық не университетті өзі таңдамайды, ата-анасы таңдап береді. Қуанышыма орай, ата-анам мамандығыма қарсы болмады».

Диана Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде сызу және сурет мұғалімі мамандығы бойынша оқып жатыр. Сурет салғанды кішкентайынан жақсы көреді. Қазір қабырғаларға түрлі иллюстрация салумен айналысады. Осылайша қабілетін шыңдап әрі табыс тауып жүр. Бұл кәсіпті бастауына карантин әсер еткен. Диананың тағы бір жұмысы бар: диджитал замандағы хит мамандық - SMM саласы.

Облыс әкімі ақпандағы есеп беру кездесуінде халықтың тұрмыс жағдайы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту үшін үлкен жұмыс жасалғанын айтты. Алайда аймақ кедейлік пен жұмыссыздық бойынша әлі де көш бастап тұр. Облыс халқының он пайызға жуығы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (34302 теңге) төмен табысқа ие. Жұмыссыздық деңгейі  - 5,1 %.

Диана елордада тұлға ретінде қалыптасты. Түркістандағы жастар жағдайын астанамен салыстыра бағалайды.

 

«Еріктілерге арналған ұйымдар, әртүрлі лагерь және экотоптары көп астанамен салыстырғанда, Түркістанда жастарға айтарлықтай жағдай жасалмаған. Олардың барар жері көп емес. Антикафе, коворкинг орталық секілді заманауи жерлер болса біз сонда жиналып, білімімізді бөлісер едік».

Диананың айтуынша, белсенді жастар өзі талпынып іс-шаралар ұйымдастырады. Әсіресе карантин кезінде Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі қалаларда оқитын студенттердің жаңа жобалар ашуы жиілеген. Соның арқасында жергілікті жастардың танымы кеңейе бастаған.

«Бірақ тың идея мен жаңа бастамаларымызды үлкендер қолдай бермейді. Астанада бірдеңе жасағысы келген жастарды қолдап, қолпаштайды.Түркістанда жақсы іс саналатын еріктілікпен айналыссаң, «тегін жұмысты істеп неғыласың?» деген сөздерді естімей қоймайсың. Уақыт өте келе халықтың көзқарасы өзгеретініне сенемін».

Диана халықтың өзгеретініне тектен-текке сенбейді. Оның айтуынша, Түркістанда құрылыс жұмыстары басталғанда, қаладағы кейбір тұрғын шектен тыс тәртіпсіздік танытып жүрген. Аялдамаларды, шамдарды сындырып, орталыққа егілген қымбат шыршаларды келесі күні-ақ ұрлап әкеткен жағдайлар қайталанған.

«Қазір ондай бұзақылық сирек болады. Кішісі де, үлкені де Түркістанды түркі әлемінің мәдени астанасы ету үшін өзіміз де мәдениетті болуымыз керектігін түсініп жатыр».

2018 жылы қаланы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту тұжырымдамасы мақұлданған. Содан бері қыруар инвестиция тартылып жатыр. Үш жыл ішінде қалаға 1.5 млрд доллар инвестиция құйылған. Диана Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы болатынына сенеді. Ол үшін туризмді әлі де жақсарту керек деп есептейді.

«Түркістанда алаңсыз саяхаттындай туризм жоқ. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы Керуен Сарайда қоғамдық әжетханалар жұмыс істемейді. Визит орталықтағы әжетханалар да кейде ашық, кейде жабық. Сонымен қатар, көп туристік орында ағылшын тілінде қызмет көрсетпейді. Туристік қалада қызметкерлер аз да болсын ағылшын тілін білуі керек».

Диана өңірдегі көп мектепте ағылшын тілі пәнінен білікті мұғалім жетіспейтінін айтады.

«Болашақта Алматыға көшуді ойлап жүрмін. Алматыда өнерлі жастарды қолдайды. Өз сурет студиямды және талапкерлерді шығармашылық емтиханға дайындайтын курс ашқым келеді».

Статистика бюросының дерегінше, Түркістан облысында 2 театр, 27 музей, 4 кинотеатр, 27 саябақ бар.

Жамбыл облысы

Жамбыл облысында 1 миллион 145 мың адам тұрады. Оның жартысынан астамы ауыл тұрғыны, ал қырық пайызға жуығы қалалық. Орталығы - Тараз қаласы. Оның да тарихы Түркістандікі сияқты тереңде жатыр. Шахарда тарихи ескерткіш пен кесене көп. Олардың біразы Қарахан мемлекеті тұсында, X-XI ғасырларда салынған.

Беркінбаева Нұрайым, 22 жаста, фельдшер

Нұрайым Жамбыл ауданындағы Аса ауылында туып-өскен. Асада 10 мың адам тұрады, ауыл деген аты болмаса, шағын қалаға ұқсайды. Тараздан жарты сағат жерде орналасқан. Нұрайым Асадағы Жамбыл аудандық емханасында фельдшер болып жұмыс істейді. Мамандық таңдауына ата-анасының әсері көбірек болған.

«Бір кездері ауылымызда дәрігерлер тапшы болғасын фельдшер болуымды ата-анам қалады. Фельдшер болғаныма еш өкінбеймін. Алатын жалақыма да ризамын. Ауылдық жерде жұмыс істегесін жалақымызға 25% мөлшерінде үстеме ақы қосылады. Қазір елдегі эпидахуалға байланысты жұмыс көлемі артты. Осыған орай үш айда бір сыйақы алып отырамын. Екі күн істеп, екі күн демалатын жұмыс кестемде жөнді демалып үлгермеймін. Медицина қызметкері болғандықтан қыдыруға, адам көп жиналған жерге баруға болмайды».

Нұрайым ауылда фельдшер болудың оңай емес екенін айтады. Жұмысын қиындатып тұрған нәрсе - нашар интернет пен нашар жол.

«Жедел жәрдемде жұмыс істеймін, маған нашар интернет көп кедергі келтіреді: науқастардың қоңырауы кеш жетеді, біз оларға хабарласа алмаймыз, нәтижесінде кешігіп барамыз. Шалғай ауылдар сапасыз интернет кесірінен бізбен уақытында байланыса алмай әуреге түседі. Нашар жол да айтарлықтай кедергі келтіреді. Біздің ауылда жақсы болғанымен, шеткері ауылдардың жол сапасы сын көтермейді».

Қазақстанда 6.5 мыңға жуық елді мекеннің 1200-інде интернет мүлде жоқ, ал 510 елді мекенде байланыс сапасы өте нашар. Министрліктің Телекоммуникация комитеті 2020 жылдың соңына қарай халықтың 99,3% пайызы кең жолақты интернетке қол жеткізетінін айтқан еді. Бірақ былтыр да, биыл да бұл жоспар орындалмады.

Нұрайымның айтуынша, Аса ауылы кейінгі жылдары көркейе түскен. Ескі ғимараттар заманға сай жаңартылып, өнер, спорт мектебі салынып жатыр.

«Ауылды халықтың өзі дамытып жатыр. Мал шаруашылығымен айналысып, сүт өнімін шығаратын зауыт ашып жатқан кәсіпкерлер аз емес. Бұлардың қатарында жастар да бар. Жастардың көбі дәріхана, клиника, стоматология, ветеринария клиникаларын ашады. Мен де болашақта өз клиникамды ашқым келеді».

Жамбыл облысында өндірілетін ет пен сүттің негізгі бөлігі тұрғындардың жеке үй шаруашылығынан келеді. Халықтың 14 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығында және сауда саласында қызмет атқарады. Облыс халқының бес пайыздан астамы ең төменгі күнкөріс деңгейіне (34302 тг) жетпейтін табысқа ие.  Жұмыссыздық деңгейі - 4,9%.

«Ауыл жастарына мемлекет тарапынан қандай қолдау керек?» деп сұрағанымызда, Нұрайым жаңа нысандардың қажеттігіне тоқталды.

«Ауылымызға мектеп оқушыларын ҰБТ-ға дайындайтын орталықтар керек. Қазір оқушылар арнайы дайындық курстары үшін Таразға барып жүр. Спортқа құлшынысы бар жастар көп-ақ. Соларға арнап стадиондар, жаттығу залдарын, теннис орталығын ашу керек».

Статистика бюросының дерегінше, Жамбыл облысында 4 театр, 10 музей, 5 кинотеатр, 9 саябақ бар.

Следите за нами в интернете