Жатақханадағы өмір: студенттің қандай құқығы бар?

9 сентября 2021 г. Инструкции
фото из открытых источников

Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта жалғасып, өзге елді мекеннен келген студенттер жатақханаға орналасып жатыр. Студенттер үйінде тұру ережелері қандай? Комендант деген кім? Жатақханада студенттің құқығы қалай бұзылуы мүмкін? ҚЖАҚ осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді. 


Мемлекеттік бас санитардың қаулысы бойынша, биыл вакцина алған студенттер ғана жатақханада тұра алады. Бұған қоса, 18 жасқа толмаған, медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы үш айда коронавируспен ауырып, сауыққан студенттер де студенттер үйіне қоныстана алады. Мұнан соң 1-курс студенттеріне, әлеуметтік осал топ өкілдеріне және белсенділерге басымдық беріледі. Жатақханаға орналасу үшін жеке куәлік көшірмесі, вакцинация паспорты немесе оның балама қағазы, медициналық анықтама құжаттары керек. Қазіргі сәтте жатақхана ақысы айына шамамен 10 мың теңгеден басталып, жекеменшік оқу орындарында 45 мыңға дейін баруы мүмкін.  

 

Жатақхана мен студент арасындағы заңды жауапкершілік келісімшартқа қол қойған сәттен бастап күшіне енеді. Студенттер үйінің әрбір тұрғыны оның ішкі ережесіне бағынуы шарт. Бұл құжат ҚР Конституциясына, “Білім туралы” заңға, “Тұрғын үй қатынастары туралы” заңнамаға және өзге нормативтік актілерге сүйеніп жасалады. Қелісімшартқа қол қоймас бұрын міндетті түрде онымен толық танысып шығу керек. 


Жатақханада тұру ережесі әр оқу орнының ішкі құжаты болса да, оның негізгі тармақтары барша студентке ортақ. Төменге негізгі ережелерді тізіп шықтық

  • медициналық тексеруден өткен соң жатақхана ақысын төлеп, түбіртегін әкімшілікке тапсыру;

  • ғимаратқа кіріп-шыққанда арнайы рұқсат қағазын қолдану;

  • жатақхана мүлігіне жауапкершілікпен қарау;

  • өз еркімен бір бөлмеден екінші бөлмеге көшпеу;

  • спирттік ішімдік, есірткі және өзге тыйым салынған заттарды әкелмеу, қолданбау және таратпау;

  • ғимаратқа рұқсат етілген уақыт аралығында кіріп-шығу;

  • өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау.


Ал студенттің қандай құқықтары бар?

  • оқу, мәдени-ағарту бағытында және спортпен шұғылдануға арналған бөлмелерді, жабдықтарды қолдану;

  • келісімшарт бойынша берілген бөлмеде оқу жылының соңына дейін тұру;

  • студенттік өзін-өзі басқару кеңесіне мүше болып, іс-шаралар ұйымдастыру;

  • заң немесе ереже бұзушылық орын алған жағдайда жатақхана, университет әкімшілігіне және өзге органдарға шағым түсіруге құқылы;

  • әрине, БҰҰ Адам Құқықтары Декларациясы және Конституцияда бекітілген негізгі адам құқықтарын жүзеге асыруға әу бастан құқылы.


Қандай жағдайда студентті жатақханадан шығаруы мүмкін?


Жоғарыдағы ережелер бұзылған жағдайда. Ол үшін түрлі заң мен келісімшартты оқуыңыз шарт.


Комендант деген кім және оның міндеті қандай? 


Комендант жатақхананы басқаратын адам. Кейде жатақхана меңгерушісі, жатақхана директоры, т.б. атаулармен аталуы мүмкін. Күзет, техникалық персонал сынды өзге қызметкерлер осы кісінің құзіретінде болады. Жатақханада әлдебір проблема туындаса немесе сұрағыңыз болса, көп жағдайда оны комендант шешеді. Оның негізгі міндеті жатақханадағы жұмысты реттеу және басқару.  


Жатақхана әкімшілігі кез келген уақытта бөлмеңізге кіре ала ма? 


Жоқ. Жоғарыда айтылғандай, комендант және жатақхана қызметкерлері оның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс, бірақ ҚР Конституциясының 25-бабына сәйкес, тұрғын үйге қол сұғылмайды. Оны тексеру немесе тінту белгілі бір себеп болған кезде ғана және заң шеңберінде рұқсат етіледі. Жатақхананың ішкі ережесіне сәйкес, белгілі уақыт аралығында қызметкерлер бөлменің тазалығын тексере алады. Назарбаев университеті студентінің айтуынша, қазір пандемияға байланысты күзет қызметі студенттің бөлмеде болуын күнделікті қадағалайды. “Дегенмен әкімшілік келіп, бөлмемізге баса кірген емес”  дейді. 


Егер көршілеріңіз шуласа немесе өзге біреу мазаңызды алса, не істеуге болады? 


Мұндай жағдайда, біріншіден, көршіңізден сыпайы түрде тынышталуын сұраңыз. Екіншіден, жатақхана әкімшілігіне шағымданыңыз. Егер мұнан да нәтиже болмаса, 102 немесе 112 телефонына қоңырау шалып, полицияға арыздана аласыз. Түнгі 22.00 мен таңғы 9.00 аралығында ешкімнің жөндеу жұмыстарын жүргізуге немесе шудың өзге де түрін шығаруға құқығы жоқ. Бұл жайлы Әкімшілік Кодекстің 437-бабында жазылған. 


Студент өз ақшасына жөндеу жұмысын жасауы тиіс пе?


Жоқ, тиіс емес. Бұл жатақхана әкімшілігінің жауапкершілігінде. Дегенмен университет және жатақханамен жасалған келісімшартты қайтадан мұқият оқып, мұндай тармақтың бар-жоғын тексеріңіз.


Біз осыған дейін студентке қалай пәтер жалдауға болатыны жайлы нұсқаулық жазған едік. Оқи отырыңыз. 

Следите за нами в интернете