Жастарға арналған байқаулар мен гранттар топтамасы

29 мая 2020 г. Молодежь

Қазақстан жастар ақпараттық қызметі өздігінен даму жолында септігін тигізетін мүмкіндіктердің топтамасын жасап шықты. Мұнда әлеуметтік жобалар байқауы, шығармашылықты шыңдайтын жарыстар, шетелде білім алуға көмектесетін бағдарламалар мен медиа саласын дамытуға көмектесер түрлі шаралар бар. Кейбіреулерінің дедлайндары таяп қалғандықтан асыққандарыңыз жөн.

Қазақстанның ашық университеті онлайн-курстары. Бұл білім беру платформасы Қазақстандағы үздік оқу орындарының оқытушылары мен жетекші мамандары бірге жасаған жобасы. Платформа арқасында университет қабырғаларында оқытылатын сабақтарға тегін қол жеткізе аласыз. Мұнда құқықтану, кино, зерттеу әдістері, ағылшын, эстетика, саясаттану, ақпараттық технологиялар сынды салалардың курстарын оқи аласыз.

Шарттары:

Платформада тіркелу

Қосымша ақпарат: openu.kz

Дедлайн: жоқ

Social Innovation Lab байқауы. Жобаны Astana Hub пен БҰҰ балалар қоры (ЮНИСЕФ) бірлесіп жүзеге асыруда. Әлеуметтік инновациялар зертханасы Қазақстанның ІТ мамандарын қоғамға пайдалы, балаларды қорғауға көмектесуге ниетті жобалар жасауға шақыруда. Егер сіздің цифрлық шешім арқылы әлемді жақсартып, балалар үшін барынша қауіпсіз ету жайлы ойларыныңыз болса, онда бірден өтінім беріңіз. Үздік деп танылған жобаларды жүзеге асыру үшін қаржыландырылады. Ең жақсысы – ешқандай ой шектеуі жоқ.

Шарттары:

Жобалардың шешетін негізгі мәселелері балалар арасындағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету, балалар мен жасөспірімдер арасындағы травматизм жағдайларын алдын алу, балалардың білім деңгейін жақсарту, отбасы мен балалар кедейшілік аясында болуы тиіс;

Жоба акселерациясына дайын болу;

Инкубацияға дайын болу.

Қосымша ақпарат: silab.kz

Дедлайн: 2020 жылдың 22 маусымы.

Конкорд колледжіндегі Энтони Моррис шәкіртақысы. Ұлыбританиядағы ең үздік колледждердің бірі өз студенттерін әлемнің алдыңғы қатарлы университеттеріне түсіруді мақсат еткен. Үміткерлер 16-17 жас аралығында болуы тиіс. Энтони Моррис қоры кеңесінің шешімі бойынша лайықты деп танылған қатысушылар грант иегері атанады. Өтініш беру үшін қажетті құжаттарды тапсыру жеткілікті.

Шарттары:

Жоғарыда аталған жас санатында болу;

Толық құжаттар тізімін тапсыру.

Қосымша ақпарат: neupusti.net

Дедлайн: оқу бағдарламасы басталмастан 14 ай бұрын

 

Goi Peace халықаралық эссе байқауы. Жыл сайынғы эссе байқауының мақсаты – тұрақты даму мен бейбітшілік мәдениетін тарату. Осы жылы қатысушылар 2030 жылы қазіргі шақтағы өз-өздеріне хат жазуы керек. Автор келешектегі қоғам көрінісі мен бейнесін сипаттап, болашақтағы өзі туралы кішігірім ақпарат беру керек. Жеңімпаздар 50 мың иеннен 100 мың иенге дейінгі бағалы сыйлықтарды иемденеді. Әділқазылар шешімі бойынша ерекше көзге түскен 25 қатысушы мақтау қағазымен марапатталады. Байқауға балалар мен жастар қатыса алады.

Шарттары:

Қатысушы жасы 2020 жылдың 15 маусым күніне асып бара жатса 25 жаста болу тиіс;

Эссе ағылшын, неміс, француз, испан немесе жапон тілдерінде жазылуы тиіс;

Эссе ешқайда жарияланбаған және авторлық болуы керек;

Әр жұмыста тек бір автор болуы қажет.

Қосымша ақпарат: goipeace-essaycontest.org

Дедлайн: 2020 жылдың 15 маусымы

Дата-журналистика бойынша LAMPA 2020 конференциясы. Бұл шара 6-10 маусым арасында онлайн форматта өтеді. Спикерлер Орта Азия, Күнгей Кавказ. Шығыс Еуропа мен Ресейден шақырылмақшы. Олар қатысушыларға мәлімет анализы, визуализация, дата-сторителлинг деген сынды салалардың қыр-сырын үйретеді. Конференция дата-журналистерге, жас зерттеушілерге, оқытушылар мен медиа менеджерлерге арналған. Іс-шараның бес күндік бағдарламасы уоркшоптар, тренингтер мен талқылауларға толы.

Шарттары: дедлайнға дейін тіркеуден өту.

Қосымша ақпарат: lampa2020.tilda.ws

Дедлайн: 2020 жылдың 5 маусымы

Мүгедектігі бар жандар өмірі жайлы «Кино без барьеров» халықаралық кинофестивалі осы жылы 5-9 қараша арасында Мәскеу қаласында өтпекші. Оныншы өткізілгелі жатқан шараға кез келген ел азаматы қатыса алады. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – кино және әлеуметтік роликтер арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар жайлы таптаурындарды бұзу. Қатысушылар өз туындылары арқылы осы санаттағы адамдардың мәселесіне қоғам назарын аудару қажет. Бағдарлама қысқаметражды кинолардан анимациялық туындыға дейінгі 15 аталымды қамтиды.

Шарттары:

Аталым форматтарына сай келетін туынды ұсыну.

Қосымша ақпарат: kinofest.org

Дедлайн: 2020 жылдың 15 маусымы

«Ocean awareness» байқауы. Ұйымдастырушылар қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселелердің бірі – климаттық өзгерістер жайлы талқылауды көздеп отыр. Қатысушылар өз шығармашылықтары арқылы климаттағы өзгерістер мен мұхит жағдайына қатысты мәселелерді көрсете алады. Жоба аясында осының салдарынан экожүйедегі жойылу қаупі жоғары жануарлар, табиғат көріністері бар туынды шығару керек. Жүлдегерлер 100 доллар мен 1500 доллар арасындағы ақшалай сыйлықтарға ие болады. Туынды поэзия, проза, видео, музыка немесе фото форматтарында бола алады.

Шарттары:

Қатысушы жасы 11-18 жас аралығында болуы тиіс;

Онлайн өтінім толтыру.

Қосымша ақпарат: bowseat.org

Дедлайн: 2020 жылдың 15 маусымы

Жас тілшілерге арналған зерттеу тағылымдамасы. Орта Азиядағы бітімгершілік және медиатехнологиялар мектебі Журналистика, PR, коммуникация мамандықтарында оқитын жоғарғы курс студенттеріне арналған тағылымдамаға байқау жариялап отыр. Тағылымдама барысында Орта Азиядағы университеттердің студенттері контенттік дискриминация, пікірталас мәдениеті, сөз еркіндігі секілді салаларда медиазерттеулер мен мониторинг жасайды. Іріктеуден өткен студенттер 6-8 апта ішінде таңдаған тақырыптар арасында зерттеу жасап, жаңа аналитикалық қабілеттерге ие болады. Жоба орыс тілінде өткізілгенімен, монторинг жергілікті тілдерде де өткізіледі.

Шарттары:

Орта Азия университеттерінің бірінде Журналистика, Қоғаммен байланыс, Коммуникация сынды мамандықтарда оқу;

Медиастандарттарды білу.

Қосымша ақпарат: ca-mediators.net

Дедлайн: 2020 жылдың 3 маусымы

Следите за нами в интернете