«Ата-анам маған мүлдем сенбейді, маған өзге банктер несие бермейді»: микронесие алған жастардың хикаясы

24 декабря 2021 г. Молодежь

Пандемия басталғалы микрозайм тұзағына түскендер саны көбейе түсті. Суицид, тұрмыстағы зомбылық, ажырасу оқиғаларының біразына себеп ретінде микронесие көрсетіледі. Қаржылық сауаттың жоқтығынан  көптеген жас микрозайм ұйымынан үлкен пайызбен несие алып, уақытында қайтара алмай, борышқа батып жүр. Осындай жағдайға тап болған жастармен сөйлесіп, олардың оқиғасын бөлістік. 

Камилла Мюллер

«Біреуін алып, біреуін жауып, таусылмайтын қарыз шеңберіне тап болғанымды байқамай қалдым»

25 жастағы Айжан микроқаржылық ұйымның қыр-сырын білмей, алданып қалған. «2016 жылы 2-ші баламен декреттік демалысқа шықтым. Сол уақытта жолдасым екеуміз ауылдық жерде үй салып жатқанбыз.  Кенеттен жолдасымның компаниясы банкротқа ұшырап, бір сәтте жұмыссыз қалды»- дейді Айжан. Сол уақытта көршісінің кеңесімен алғаш рет онлайн займ алған, өйткені қыс жақындап, үйге тезірек газ қондыру қажет еді. Айжанның жолдасы жұмысқа орналасқанға дейін осы онлайн несиелермен өмір сүрген.

«Біреуін алып, біреуін жауып, таусылмайтын қарыз шеңберіне тап болғанымды байқамай қалдым. Жолдасым жұмысқа орналасып табыс тапқанмен, бұл қарыздардан құтыла алмадық, өйткені пайыздар өте көп еді»- деп түсіндіреді Айжан. Сонымен қатар, сол уақытта микрозайм беретін компаниялар лицензиясыз, қалаған пайызбен келісім-шарт жасап ақша беретін. Құқықтық сауаттың жоқтығынан 10 мың теңге алып,  120 мың қылып қайтарған кездері болыпты.

«Төлемей қойсаң бүкіл тума-туысқа хабарласып, артық ақпаратты таратып, адамның масқарасын шығаратын. Төлей алмағандықтан микрозайм беретін ұйымдар атқару қағазын нотариустарға жаздырып алып, үлкен пайыздармен шотымды жаптырып тастады».

Айжан бір күні ғаламтор ақтарып отырып, бұл ұйымдардың заңсыз қарыз беріп жатқанын оқыған. Заңгер арқылы шоттарын аштыртып, әрі қарайғы күресін бастапты. «Лицензиясы жоқ, қарызды 56%-дан жоғары берген  ұйымдарды сотқа бердім. Мен ол уақытта 5 онлайн  несиемнен құтылған болатынмын, төленбеген 2 қарызым қалған еді». Сотқа беріп, Айжан 4 микроқаржылық ұйымнан заңсыз төленген  пайыздарды қайтарып алған, қалған ұйымдармен мәмілеге келіп, қарызды 56 пайызбен қайтарыпты. Қазір ол осылай алданып қалған таныстарына бағыт-бағдар беріп жүр.

«Алған 75 мың теңгемді 200 мың қылып қайтардым»

Осындай жағдайға ұшыраған студент Қарлығаштың айтуынша, микроқаржылық ұйымдар адамды өлімге итеруі мүмкін. Ол 1-курста оқып жүргенінде оқуының 75 мың теңгесін таба алмаған. Ата-анасына қиындық туғызбас үшін сабақтан тыс уақытта жұмыс та жасаған, сонда да жеткізе алмапты.

 

«Университетке бара жатқан жолда «Айлыққа дейін аз пайызбен ақша береміз» деген  баннерді көрдім. Сол жақтан 1 айға 75 мың теңге алдым. 1 айдан соң 99 мың қылып қайтаруым керек еді». Бірақ Қарлығаш уақытында қайтара алмай, қарызды кешіктірген. Ол график шығарып беруін өтінсе да, ондай мүмкіндік бермепті.

«Телефоныма күні-түні белгісіз біреулер хабарласып, мазамды алып бастады. Менеджерлер маған дөрекі сөз айтып, суреттерімді желіден тауып алып, “алаяқ” деп тарататындығын айтты. Онымен қоса әке-шешеме телефон соғып, тіпті кураторымның нөміріне де телефон шалып абыройымды айрандай төкті», - дейді Қарлығаш. Осы үшін үйдегілермен жанжалдасып, өмірден безіп кеткісі келген сәттер де болыпты. «Алған 75 мың теңгемді 200 мың теңге қылып қайтардым. Содан бері ата-анам маған мүлдем сенбейді, маған өзге банктер несие бермейді.  Ең сорақысы, сол кезде маған дөрекі сөйлеп, ақпаратты үшінші жаққа таратқан менеджерлерге дым істей алмадым»- деп, Қарлығаш басынан кешкен жағдайды мұңая баяндайды. Ол қайда және кімге шағымданарын білмеген. Қандай жағдай болса да, Қарлығаш ондай ұйымдарға жоламауға шақырады.

Микронесие алғанда нені ескеру керек?

Азаматтық істер бойынша 15 жылдық тәжірибесі бар заңгер Назгүл Жолдасбайқызының айтуынша, карантин кезінде микрозайм қармағына түскен халық саны артқан. «Қазір көптеген адаммен осы микрозайм бойынша жұмыс жасап жатырмын. Бұндай қарызға карантин кезінде кірген адамдар көп. Жұмыссыз қалып, мемлекеттен 42500 теңге де ала алмаған халық амалы жоқтан үлкен пайызбен микронесиелер алған. Олардың ішінде үлкен кісілер де, студенттер де көп. Қазір сол микронесиелердің артық пайызын қысқартып, заңсыз төленген пайыздарды қайтару үшін жұмыс жасап жатырмын», – дейді Назгүл Жолдасбайқызы. 

Ол жастарға бірнеше кеңес береді. 

Біріншіден, микрозайм алар кезде микроқаржы ұйымының лицензиясы бар ма, жоқ па тексеріп алу қажет, өйткені қазір ресейлік, украиналық компаниялар көбейіп кеткен. Конфликт мәселелер туындаса, шетелдік ұйымдармен сот арқылы мәмілеге келу қиын болады. 

Екіншіден, микронесие алған кезде міндетті түрде қолыңызда келісім-шарт болуы керек.

Сонымен қатар, несиені кешіктірген жағдайда ешкімнен қорықпай, телефонды тастап қашпай, ұйым қызметкерлерімен келісім жасауға тырысқан жөн. Ал ұйым қызметкерлері сіз туралы ақпаратты үшінші тарапқа таратқан жағдайда немесе басқа да құқықтарыңызды бұзса, Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдансаңыз болады. 

Следите за нами в интернете