«Футболкаңды шешуді сұрауы мүмкін», – деді. Алданған студенттер хикаясы

8 декабря 2021 г. Молодежь

Студенттер үшін жұмыс табу оңай шаруа емес. Хабарландырудағы жұмыстың аты – басқа, заты – бір басқа болуы әбден мүмкін. Желілік маркетингке алданған, веб-моделинг және есірткі тасылмалдаушы жұмысына тап болған студенттермен сөйлестік. 

Жансая Алиева 

«Өзімнің де кінәм бар, сенбеуім керек еді»

Ақниет қазір 4-курс студенті. Жазда Алматыға жұмыс істеу үшін келген. Мақсаты — ата-анасына салмақ болмай, көмектесу. Қызмет көрсету саласындағы шауып жүруді талап ететін жұмыстар емес, жайлы, дамуға мүмкіндік беретінін іздеген. 

«Жұмысты «almaty.rabota» парақшасынан таптым. Анықтамасында оның студенттерге арналғаны, 120 мыңнан жоғары жалақы беретіні және ыңғайлы график болатыны жазылып тұрды. Көрсетілген нөмірге хабарласып, сұхбатқа шақырту алдым».

Келесі күні Ақниет қала орталығындағы бизнес-орталыққа сұхбатқа барған. Офистің жақсы жерде орналасуы әрі қызметкерлердің біразы жастар болғаны Ақниеттің жұмысқа сенімін арттыра түсті. 

«Сұхбатты 21-23 жас шамасындағы жігіт жүргізді. Өзім, жұмыс тәжірбием жайлы сұрады. Компанияың Азияда танымал екенін және оның БАД (биологиялық белсенді қоспалар - ред.), үй тұрмысына қажет заттарды жеткізумен айналысатынын айтты. Бірақ желілік маркетинг бойынша жұмыс істейтіні мен ақша салу керегі жайлы тіс жармады».

Ақниетті жұмысқа бірден қабылдамаған. Кандидаттардың арасында конкурстык іріктеу болатынын, жауап кешке хабарланатынын айтып шығарып салған. Ол іріктеуден өтіпті. Енді жұмысқа кіріспес бұрын екі күн оқуы керек еді. 

«Жатақханада жалғыз тұрып жатқасын, ақылдасатын адамым болған жоқ. Ата-анама қоңырау шалып, мазасын алғым келмеді. Интернеттен өзім қарап көрейін деп, аталған компания жайлы пікірлерді оқи бастадым. Компания өнімдерін мақтағанмен, жұмысты бәрі дерлік даттаған. «Лахатрон, сенбеңіздер, жұмыс істеуге бармаңыздар» деген сөздерден кейін қалауым қашты». 

Көп кідірмей Ақниет сұхбат өткізген жігітке бұл компанияда жұмыс істей алмайтынын, интернетте нашар пікірлер оқығанын жазып жіберген. Осы жерден барлығы бітсе жақсы болар еді. Бірақ әңгіменің өкінішті жалғасы бар. Жігіт «Ақша үшін жазылған өтірік, нашар пікірлерге қалайша сеніп қалдыңыз? Сіз бұл жұмыста әлі-ақ талай табыстарға жетесіз»- деп, Ақниетті ойынан айнытқан. 

«Мен оның сөзіне сеніп қалдым. Оқуына барып, байқап көрейін дедім. Бірінші күні таңнан кешке дейін компания, оның өнімдері жайлы түсіндірді. Тақтаға шығып, өзімізді таныстырдық. Қызығы, алғашқы күні адам өте көп, ал екінші күні аз болды. Күрт азаюын «барлық филиалдың адамы бірінші күні осы жақтан оқиды» деп түсіндірді. Ал шын мәнінде, көпшілік мұның желілік маркетинг екенін біліп, келесі күні келмей қалатын». 

Компания өнімдерін сатып алу керек екенін екінші күні айтқан. Артық ақшасы жоқ Ақниет бұған бірден келіспеген. Тауарды сатып алмай, жұмыс істеуге болады. Бірақ мұндай жағдайда қызметте жоғарыламай, бір орында тұрақтап қалады. Ал неғұрлым көбірек ақша салса, мансап баспалдығымен соғұрлым жылдам көтеріліп, жоғары жалақы ала алады. Ұйым қызметкерлері Ақниетке осылай түсіндірген. 

«Кейін білдім, тауарларды 50-60 мың теңгеге де алуға болады екен. Ал маған миллион теңгенің төңірегіндегі бағаларды айтып, “көп ақша салмасаңыз болмайды” дегендей түсіндірді. Мен басында миллион теңге салғым келді. Бірақ банк тек 750 мың теңге несие берді. Соның 100 мың теңгесін алып қалып, 650 мыңын салдым. Несие жайлы ата-анама да, жақын достарыма да бір ауыз сөз айтпадым. «1-2 айдың ішінде несиеңізді жауып тастайсыз» дегенге шүбәсіз сендім».

Алған тауарды сату міндет емес. Ақниет адамдарды жұмысқа тартуы керек болған. Әлеуметтік желілерде жұмыс хабарландыруларын жариялап, келген адамдармен сұхбат жүргізген. Өзі жарнаманы «алдау жарнамасы» деп атайды. Төрт айдан асты, Ақниет несиесін әлі төліп келе жатыр. Бірінші айда ғана 120 мың теңге берген. Екінші айда бір тиын да бермегесін, жұмыстан шығып кеткен. «Өзімнің де кінәм бар, сенбеуім керек еді» дейді. 

«Модель болуға жарайсыз»

Айбибі универсиеттегі сабақтарын үш күн офлайн, үш күн онлайн оқиды. Жұмыс берушілер оның сабақ кестесін ести сала, бас тартады. Айбибінің жұмыс табудан күдері үзіле бастағанда, оған дайрекке хат келеді. Модель агенттігі модель болуға шақырады. 

«Кенеттен келген хабарламаға қуанып кеттім. Алдымен анкета жіберді. Онда талап еткені: аты-жөнім, бойым, макияжсыз, фильртсіз селфиім, толық бойдағы суретім. «Модель болуға жарайсыз, сізге жақында ватсапқа жазамыз» деп нөмірімді сұрады».

Екі-үш күн ішінде Айбибіге WhatsApp-қа сұхбат уақытын және өтетін жерді жазып жіберген. Ол да қала орталығындағы офиске барыпты. 

«Бірден икемді жұмыс кестесі керектігін айттым. Маған бес вакансия ұсынды: samal water ауыз суының, әшекейлердің, 1хBET-тің жарнамасына түсу, сауда орталықтарындағы бутиктерде модель болу және веб-моделиң. Веб-моделиң жаңадан пайда болған вакансия деп, ол жайлы ештеңе айтпады. Өзім де ондай атауды бірінші рет естіп, мән бермедім. Бес вакансияның қайсысын ұнатқанымды сұрады. Мен самал судың жарнамасына түсуді не сауда орталықтарында модель болуды қалайтынымды айттым».

Екі-үш күннен кейін Айбибіні екінші кезеңге басқа жерге шақырған. Айтуынша, барған жері студияға көбірек ұқсайды. Есігі жабық бірнеше бөлмелерді көріп, Айбибі кішкене қорыққан. 

«Ол жерде мен құралас екі жас қыз болды. Менен өзім, оқуым жайлы сұрады да, веб-моделиң жайлы айтты. «Америкалық еркектермен онлайн трансляция жүргізесің. Ағылшын тілін білсең өзің сөйлесесің, білмесең сенің орныңа біреу жазып отырады. Жұмыс қиын емес, тек олардың көңілін көтеріп, әңгіме айтып, жымиып отырсаң болғаны. Аптасына 40-60 мың теңге аласың. Уайымдама, ТМД елдерінен ешкім болмайды»- деді». 

Айбибіге бұдан жоғары төлем алуға болатын вип-арнаны да ұсынған. Онда бір ғана ер адаммен сөйлеседі және ол «футболкаңды шеш» деп, 18+ нәрселерді сұрауы мүмкін. 

«Келісесің бе?» деп сұрағанда, мен бұл жұмыстың тым ерсі, біртүрлі екенін айтып, бас тарттым. «Ойланып көрсеңші, жақсы ақша табасың ғой. Әрі стретчиңке, ағылшын тілі курстарына тегін қатыса аласың. Аптасына бір рет психологпен сессия болады» деп райымнан қайтаруға тырысты. Ары қарай әңгімені жалғастырғым келмей, кетіп қалдым. 

Миллион теңге алатын курьер

20 жастағы Айбар бұл жұмысқа екі жыл бұрын тап болыпты. Хабарландыру сайтынан жұмыс іздеп отырғанда, курьер жарнамасына көзі түскен. Азық-түлік таситын курьерге айына миллион теңге беретіні жазылып тұрған. 

«Миллион теңге біраз ақша. Сондықтан жай курьердің бұндай жалақы алатынына күмәндандым. Бірақ мән-жайын білгім келді. Оған қоса ешқандай жұмыс тәжірбиенің де керегі жоқ еді». 

Айбар көрсетілген сілтемеден телеграмға өтіп, вакансия бойынша жазып тұрғанын айтқан. Одан жасын және қаласын сұрады. Азық-түлік емес, есірткі тасылмалдайтын жұмыс болып шыққан. Түйіншектелген сәлемдеме арқылы қандай есірткі түрлерін таситынына дейін ашық жазған. Оларды күніне 30 жерге жеткізуі керек. 

«Түйіншектелген шағын сәлемдемені қаладағы белгілі бір жерлерге апаруым керек екен. Куратор нақты мекенжайларды жібереді, ал қайда тығатынымды өзім шешемін. «Бәлесінен аулақ» деп, еш жауап бермедім. Қанша жерден ақша керек болса да, есірткіге жоламаймын». 

*Есірткі тасымалдау — заңсыз іс. Сондықтан еcірткіге қатысты жұмысқа тап болсаңыз, дереу полицияға хабарласуыңыз керек. 

Хабарландырудың жалған екенін қалай анықтауға болады? 

Біріншіден, фирманың сипаттамасына жете мән беріңіз. Жалған хабарландыруларда әдетте фирманың атауы, саласы, қызметкердің міндеттері, жұмыс уақыты анық жазылмайды, электронды поштасы көрсетілмейді. Оған қоса, «ірі», «тез дамып келе жатқан» секілді шаблонды сөздер болады. Еңбек келісімшартын жасау туралы ештеңе айтылмайды. Аз талап қойып, ақылға қонбайтын жалақы уәде етсе күмәнданғаныңыз жөн. Хабарландырудың өтірік екенін анықтаудың тағы бір жолы – көрсетілген байланыс нөміріне хабарласып көріңіз. «Офиске келуіңіз керек» деп, жауап беруден тартыншақтаса, желілік маркетинг бойынша жұмыс істейтін компания болып шығуы әбден мүмкін. 

Следите за нами в интернете