Жастарға кеңес: болашақ, білім, белсенділік мәселелерінде неге көңіл бөлген жөн?

informburo.kz

Ұрпақтардың көзқарасы, өмір сүру салты, түсінігінің әр түрлі болуы қай ғасыр, қай дәуір болмасын өте өзекті болып қала бермек. Дегенмен, саясат, жастар және белсенділік түсініктері барлық кезеңге, мемлекетке, халыққа ортақ. Еліңнің саяси өміріне араласу, белсенді болу, құқығыңды қорғау жастық шақта қалыптасатын мінез. Бүгін әртүрлі саланың сарапшылары оқырмандарымызға білім, болашақ және кәсіп туралы кеңесін береді.


Қасымхан Қаппаров экономист, Ekonomist.kz сайтының негізін қалаушысы

Меніңше алдағы 100 жылдағы бас проблема экология мен климаттың өзгеруі болмақ. Өркениетіміз мұндай ауқымды мәселемен күресіп көрген емес. Шамадан тыс тұтынудан көпшілік бас тартса да, мәселені шеше алмаймыз. Ауаның ластануы, шөлейттену проблемаларына көп адамның назарын аудару керек. Бұл мәселені шешу үшін инженер, ғалым және ғарышкерлерден бастап, басқаларды шабыттандыратын музыканттар мен суретшілерге дейін кез келген саладағы мамандар қажет болады. Жаныңыз қалаған нәрсемен айналыса аласыз, бірақ экологияны сақтау мен қалпына келтіру біліміңізде, кәсіби жұмысыңызда және қоғамдық-саяси қызметіңізде көбірек орын ала береді.

Жас кезіме қайта оралсам бағдарламашы мамандығына оқуға түсіп, денсаулығымды күтіп, 25 жасыма дейін АҚШ-қа немесе Канадаға қоныс аударатын едім. Жиырма бес жастан кейін жаңа жерге үйрену өте қиын. Дегенмен, бүгінде басқа елге көшу маңызды емес. Қашықтан оқып, жұмыс істеуге болады.

Ойлағаныңызды толық жүзеге асыру үшін бостандық пен орта қажет, ол үшін дамыған елде сүру керек деп есептеймін.

 

Менің ойымша, қазір жастардың ішкі еркіндігі көбірек. Олар ақпаратқа толы әлемде өмір сүреді, бұл стрессті күшейтеді. Жастардың көзі ашық, әртүрлі ақпаратты тұтынатыны және медиа кеңістіктегі шындықтың жоқтығына иммунитетті дамытатыны ұнайды. Бұрын саяси белсенді болу митингіге шығу, партия мүшесі болу немесе тыйым салынған әдебиеттерді тарату бірінші орында болса, бүгінде ойлану, сұрақ қою, ақпаратты қайта тексеру және интернетте пікір бөлісуден қорықпау маңыздырақ. Әлеуметтік желілер түрлі мәселені шешуге, идеяларды таратуға және қоғамның белсенді бөлігін біріктіруге керемет мүмкіндік береді. Сондықтан жастарға мүмкіндікті дұрыс пайдалануға кеңес берер едім.

Әйнел Әмірхан OY-Detox подкастының авторы, Сорос-Қазақстан қорының қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі

Жастарға менталды саулығына, қаржылық және ақпаратты тұтыну сауатына баса назар аудару керек деп ойлаймын. Әлі күнге дейін қажет болсын, болмасын, әйтеуір қандай да бір диплом алу үшін оқитын, көзбояушылықпен айналысатын жастар да бар. Диплом үшін емес, шынайы білім алуды мақсат етіп, оқуға шақырар едім. Өз өміріңе, сөзің мен іс-әрекетіңе жауапкершілік алуды ерте бастан үйренген дұрыс. Қателесуден және қателескенін мойындаудан қорықпау керек.

Әлбетте, ғаламдық тенденцияларға зер салып, экология мәселелеріне мұқият болған абзал. Бүгін біз айта бастаған, алайда қажетінше назар мен мен күш бөлмей келе жатқан экология мәселелерін шешу жастардың еншісіне түседі деп ойлаймын.

Еліміздегі белді үкіметтік емес ұйымдардың түрлі оқыту курстарына қатысуға кеңес беремін.

Бұл сыни ойлау машығыңды дамытуға, көкжиегіңді кеңейтіп, ақпаратты саралауға тамаша мүмкіндік береді.

Мен де кезінде Алматыға арман қуып келген жастардың бірімін. Бірақ бізге тиіп тұрған Алматы тауларына баруды осыдан бірнеше жыл бұрын ғана бастадым. Бұл сапарлар физикалық жағдайыңды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар, күнделікті өмір сүріп отырған, сізді мазалайтын мәселеден көңіліңізді бұруға көмектеседі, жаңа күш-жігер сыйлайды.

Сондықтан жастарды табиғатты сүюге, оны аялауға, тауға жиі баруға үндеймін.

Естеріңізде болса, Степногорск тұрғындары қалада қоқыс өңдейтін зауыттың соғылуына қарсы шығып, қала әкімшілігіне бірнеше рет шағымданғанымен, ештеңе өзгермеді. Ал Ресейде танымал комик Нұрлан Сабуровты маусым айында өзінің инстаграм парақшасында «Степногорск қоқыс өңдейтін зауыттың салынуына қарсы» деп жазып, Нұротанды, Степногорск әкімшілігі мен президент Тоқаевты белгілейді. Ертесіне қала әкімшілігі зауыт соғылмайтын болды деген баспасөз мәлімдемесін таратады. Өкінішке қарай, қазақстандық танымал жұлдыздар мен қоғам қайраткерлері саяси не әлеуметтік экономикалық жағдайларға аса үн қоса бермейді, көбіне қыз тәрбиесі, ЛГБТ мәселесі дегенде ғана елең етіп жатады. Бірақ елдегі саяси жүйеге шығармашылығы арқылы баға беріп жатқан талантты жастар аз емес. Бұл ретте Мархаба Саби мен “Ирина Кайратовна” тобын атап өткім келеді. Ал әлемдік деңгейде Грета Тунберг пен Малала Юсуфзайдың экология мен қыздардың білім алуына жасап жатқан еңбегіне құрметпен қараймын.

 

Қасым Аманжол журналист, Азаттық радиосының ТВ-продюсері

Жастардың барлығына бірдей ақыл, бірдей кеңес беру қиын. Әлбетте, білім алу аса маңызды. Оның ішінде тіл меңгеру қажет. Кәсіпті де игеруге тырысқан жөн. Кәсіби шыңдалу, практикалық қолданыс болмаса, білім тез ұмытылады. Ал саяси белсенділік әр адамның өз таңдауы. Жастар саяси өмірге қатты қызықпайды. Себебі жастың өз өмірі, өз айналасы қызық.

Бірақ, жас адамда саясатқа қызығушылық болса, ол саясатты да жасарта түседі, жаңаша мазмұн бере алады.

18-20 жасқа оралсам білімге тіптен көбірек мән берер едім. Шетел тәжірибесін сол жас кезде алуға ұмтылар ма едім?! Білім мен уақытты тиімді жұмсауға көңіл бөлер ем.

Қазіргі жастарды онша білмеймін, бірақ қызығамын және қазіргі заман технологияларының жетістігі шексіз деп ойлаймын. Біз жас кезде көптеген сыртқы қатерден аман болдық. Құмар ойын, есірткі, көлік сияқты дүниелерге қолымыз көп жетпеді. Сол тұрғыда аман қалдық. Қазіргі жастарда бұл қатерлер жиі кездеседі. Дегенмен, әр заманның өз сипаты бар.

Жастық шақтан бастап саяси белсенді болу маңызды дер едім. Өйткені заман да, келешек өмір де жастардікі. Ертеңгі ата-ана, қоғамның басшысы да, қосшысы да осы жастар. Олар өз тағдырын өздері шешуге ұмтылуы қажет. Ешкім келіп сырттан өзгертпейді. Жастар өз қоғамын құруға ұмтылғаны абзал. Аға буынның көбі атақ, мансап, ақшаның соңынан кетті. Жемқорлыққа көп батты. Болашақтағы жемқорлықсыз, авторитаризмсіз, жағымпазданбайтын әділ, ашық, арлы қоғам құру жастардың қолында.


Автор: Ақерке Ораз

Следите за нами в интернете