Жас қазақстандықтар шетелге неге кетеді?

29 июня 2021 г. Общество, Молодежь

Қазақстаннан 2019 жылы 45,2 мың адам, ал 2020 жылы 29,1 мың адам көшіп кеткен. Мамандар пандемиялық ахуалға байланысты былтыр эмиграциялаған халық саны азайғанын айтады. Жалпы, кейінгі 10 жылда 366 мыңнан аса қазақстандық қоныс аударған екен. Біз Канада, Америка, Нидерландқа көшіп кеткен үш жас қазақстандықтан сұхбат алып, көшу себебін, шетелдегі өмірі жайлы білдік.


Дина, Нидерланд, 25 жаста


Мен Қарағандыданмын. Жоғарғы сынып оқып жүрген кезімде әкемнің жұмысына байланысты Алматыға көшіп келдік те, мектепті сонда тәмәмдадым. Бакалаврды маркетолог мамандығы бойынша Нидерландтағы университетте оқыдым. 2017 жылы университетті бітірген соң Қазақстанға келіп, Алматыда үш жыл жұмыс істедім. Былтыр Роттердамға көшіп келдім. Жұмысқа тұрғаныма екі ай болды.

Қандай жұмыс істейсіз?

Коммуникация агенттігінде жұмыс істеймін. Біз тек қаржы секторындағы компанияларға пиар қызмет көрсетеміз. Менің позициям проект менеджер деп аталады. Агенттіктің көмегіне жүгінетін клиентпен тікелей мен байланыста боламын. Клиенттің техникалық тапсырмасының негізінде біз ұсыныстар ойластырып, оларды бекіткеннен кейін орындаймыз. Мысалы, копирайтер, дизайнер, аудармашылармен бірге пресс-релиз жазып дайындаймыз.

Қазақстандағы жұмысыңыз ұнады ма? Жалақысы өміріңізге жетті ме?

Иә, бұрынғы жұмысыма толық ризамын. Прогрессивті агенттік болғасын көп жаңа нәрсені үйреніп білдім. Сондағы тәжірбием қазіргі жұмыс орнымда кәдеме жарап жүр. Сонымен қатар, бастықтарым жақсы адамдар болды. Маған тек жаһандану жетіспеді. Мен көбінесе ағылшын тілінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі клиенттермен жұмыс істегім келді.

Жас маман ретінде алған жалақыма шағымдана алмаймын. Қысылып, ештеңеден тарылмадым. Бірақ бұл жерде менің ата-анаммен өмір сүргенімді ескерген жөн. Сондықтан пәтерді жалға алмадым, азық-түлікке ақша шығармадым. Егер пәтер жалдап тұрсам, жалақым әрең жетер еді.

Қазіргі жұмысымда жалақы өте жоғары болмаса да, пәтерақысын төлеуге, азық-түлік, заттар алуға жетеді. Аз-аздан ақша да жинай аламын. Мында жұмыс берушілердің көбі қызметкерлерінің жолақысын төлейді. Бұл да бюджетті үнемдеуге көмектеседі.

Нидерландқа қалай көшіп келдіңіз?

Университет бітірген соң Нидерландқа бір жылға қайта келуге мүмкіндігім болды. Нидерландтағы білім беру бағдарламаларын аяқтаған Еуроодақ азаматына жатпайтын адамдарға бір жыл жұмыс табу үшін беріледі. Тек үш жыл ішінде келу керек.

Жұмысымдағы қызметімді толық бітіре келе және қажетті ақшам жиналғасын мен 2,5 жылдан кейін өтініш бердім. Ата-анам қарсылық танытпай қолдады. Бірақ сол кезде пандемия басталып, визам кейінге қалдырылып бара алмай қалдым. Визамды алған соң 2020 жылдың қазан айында көшіп келдім. Жұмыс табуға жарты жыл уақытым кетті.

Көшуіңізге не себеп болды?

Нидерландта жұмыс істеу мүмкіндігімді пайдаланғым келді. Әрі маған осы елде өмір сүрген ұнайды. Қазақстанда әлеуметтік шектеуді сезінемін. Айналамдағы адамдардың «Қашан тұрмысқа шығасың? Қашан бала болады? Уақыт өтіп жатыр» деп жеке өміріме қол сұғуы мені ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Қашан тұрмысқа шығатыным тек мен үшін маңызды болуы керек деп ойлаймын. Әрбір екінші адам ақылын айтқан сайын өзіңді өміріннің қожасы сезінуден қаласың.

Мен біраз жыл Нидерландта тұрғасын ешкімге толеранттылықтың, феминизмнің не екенін түсіндірмеуге үйреніп қалғанмын. Әркімге бір түсіндіріп, сөзге келіп жүргім келмейді. Менің өмірім біреу. Мен оны өзімді қолайлы сезінетін елде өткізгім келеді. Қорытындылай айтқанда, көшуіме мансап жайы және елдегі әлеуметтік көңіл-күй әсер етті. Мүмкін, алдағы 10-15 жылда ойым өзгерер. Ал былай, туып-өскен Қазақстанға ешқандай жеккөрінішім жоқ. Өзгертетін, дұрыстауды қажет ететін тұстары бар болғанымен жылдан-жылға дамып жатыр.

Нидерландтағы өмір несімен ұнайды?

Мында көп нәрсе адамдар үшін жасалған. Мемлекет азамат, резидент деп бөліп жармай, халыққа бірдей жағдай жасайды. Осы жерде тіркелгендіктен және жергілікті сақтандыруым болғасын еш қиындықсыз вакцинаны ала аламын.

Елде түсіндіру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіледі. Тіпті, транспорт белгіленген уақыттан кешіксе де, кешігу себебінен хабардар боласың. Премьер министр және денсаулық сақтау басшысы елдегі коронавирус жағдайы бойынша әр апта сайын тікелей эфирде пресс-конференция өткізеді. Барлығын анық түсіндіреді.

Нидерландтағы адамдар бәріне жеңіл қарайды. Біздей қатты қонақжай болмаса да, ізгі ниет танытады. Біреудің жеке өміріне араласпайды. Әрине, барлығы адамның өзіне байланысты. Бірақ көбі сенің өміріңе қызығып, жеке сұрақтар қоймайды.

Көшкеніңізге өкінген сәттер болды ма?

Арасында «қалу керек еді» деген ойлар болды. Бірақ бармақ тістеп өкінген кезім болған жоқ. Егер оқуды бітіре сала Нидерландта қалғанымда өкінуім де мүмкін еді. Ал мен отбасыммен болып, өз мамандығым бойынша елде жұмыс істеп үлгердім.

Елге оралу жоспарыңызда бар ма?

Енді ғана жұмысқа кіріскесін ондай жоспарым жоқ. Бірақ кім біледі біржолаға қайта оралуым да әбден мүмкін. Қазақстанға пайдамды тигізе алатын ортақ жобалар жасауға мүмкіндік болса, қуана істеймін.


Ален, Канада, 25 жаста


Мен Теміртауда дүниеге келдім, Алматыда өстім. 2013 жылы мектеп бітіргесін университетке түсуге асықпадым. Бір жыл футболшы болып ойнап жүрдім. Кейін бұл ісіммен алысқа бармайтынымды түсіндім де, шетелге оқуға кетуді шештім. Бастапқыда Американы және Канаданы қарастырдым. Оқу бағасы төмен, әрі елдің жағдайы анағұрлым тыныш болғасын Канаданы таңдадым. 2015 жылы Торонтоға оқуға келдім. Қазір Ванкуверде тұрамын.

Қандай жұмыс істейсіз?

Негізі инженер-механик мамандығын оқыдым. Бірақ оқып жүрген кезде-ақ бұл мамандықтың менікі емес екенін ұқтым. Сондықтан студент шағымнан басқа жерлерде жұмыс істей бастадым. Қызмет көрсету саласында, құрылыста түрлі жұмысты істеп көрдім. Уақыт өте келе бұның бәрінен мезі болдым. Былтыр футбол академиямды ашудың сәті түсті. Менің футболшы ретінде тәжірбием бар әрі балаларды қатты жақсы көремін. Оларды жаттықтырған ұнайды. Бұның менің ісім екеніне сенемін. Қазір Ванкувер бойынша академиямда 50 бала бар. 4-12 жас аралығындағы балалар келеді. Басқа қалаларға да арасында жаттықтыруға барып тұрамын.

Одан бөлек инвестициямен айналысамын. Инвестиция жасауды дәл бір жыл бұрын 5000 мың доллармен бастадым. Қазір тапқан табысым шамамен 150 мың доллардай.

Ешқандай қаржылық аналитигім не брокерім жоқ. Акцияларды өз бетіммен зерттеп, оқып, анализ жасаймын. Осы екі жұмысым Канадададағы барлық шығынымды өтейді.

Оқу бітіргеннен неге елге қайтып келмедіңіз?

Мен оқу бітіргесін Қазақстанға оралуды жоспарламадым. Әрқашан «Канадада қалып, осы елдің азаматтығын аламын» деген ой болды. Себебі бұнда мүмкіндік көп, өмір жақсырақ, жалақы жоғары.

Қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

Канадада пәтерді жалға алу құны жоғары: бір бөлмелі пәтер үшін айына кем дегенде 1500 доллар төлеуің керек. Сондықтан официант, құрылысшы, жүк тасушы секілді жұмыстарда жақсы ақша тапсам да, бәрібір күнкөріске жетпей жүрді. Өзімді асырау үшін жұмыстан-жұмысқа ауысып қиналған сәтім көп болды. Бір жақсысы, мында орыстілді азаматтар көп. Солар маған жұмыс тауып беретін. Мәселен, өзбектің дүкенінде шырын саттым, украиндықтың жүргізуішісі болдым, орыста құрылысшы болып істедім.

Екіншіден, құжаттарды ала алмай біраз шапқыладым. Бұнда оқуға, жұмысқа керек құжаттарды алу қиын шаруа.

Канада дамуыңызға мүмкіндік бере ме?

Канада дамуға өте үлкен мүмкіндіктер береді. Әрине, белгілі бір деңгейде бюрократия бар. Дегенмен бизнес ашу өте жеңіл. Бас-аяғы 20-30 минуттың ішінде бизнесті онлайн ашуға болады. Бірақ жабу қиын. Қазақстанда футбол академиямды осылай керемет аша алмаушы едім деп ойлаймын. Канадада еңбек жоғары бағаланатындықтан, жаттықтырушылар да жақсы жалақы алады.

Карантин кезінде мемлекет пандемияның кесірінен зардап шеккен шағын кәсіп иелеріне ақша берді. Жұмысынан айырылған адамдарды да ақшамен қамтамасыз етті. Мемлекет халқына қатты көмектеседі. Бірақ уақыт өте келе салықты көбейтеді.

Канададағы өмір несімен ұнайды?

Канада өмір сапасы жоғары аса дамыған мемлекет. Қазақстанда тауға быт-шыты шығып жатқан жолмен барсаңыз, Канадада шыңға дейінгі жол мінсіз. Тауға өрмелеуге болатын кез келген шыңда үлкен тұрақ, туалет, карта табасыз. Барлық жер таза.

Инфраструктураның адамдардың қолайлы өмір сүруі үшін жасалғаны ұнайды.

Сонымен қатар, мында адамдар жақсы. Барлығы жылы шырай танытады. Жарылыс, кісі өлтірулер, қоғамдық тәртіпсіздік жиі болатын Америкамен салыстырғанда Канада тып-тыныш, жайлы.

Тағы ұнайтын нәрсе табиғаты. Ол Қазақстандікіне қатты ұқсайды. Тау, суға түсуге болатын көл, өзен өте көп. Сондықтан тау мен суларда жасауға болатын іс-шаралар жақсы ұйымдастырылған.

Канадамен салыстырғанда Қазақстанның қандай артықшылығы бар?

Мында дәрігерге қаралу үлкен мәселе. Қазақстанда кез келген емханаға барып, өзіңе керек дәрігерге сол күні қарала аласың. Ал Канадада белгілі бір дәрігерге бару үшін бірінші терапевтке қаралуың керек. Терапевт сені тексеріп, саған қажет дәрігерге жазады. Бірақ жарты жыл не бір жылдан кейін ғана сол дәрігерге бара аласың. Оған қоса дантисттің қызметі удай тұрады. Медицинаның ұзақ қызмет көрсетуі маған ұнамайтын басты кемшілік. Қазақстан тек осымен ғана басып озатын шығар.

Көшкеніңізге өкінген сәттер болды ма?

Жоқ, мен керісінше Канадаға көшіп келгеніме қатты қуанамын. Өмірім 180 градусқа түбегейлі өзгерді. Өзім де өзгердім. Жұбайымды жолықтырдым.

Қазақстанға болашақта ораласыз ба?

Мен Қазақстанды Канададан кем жақсы көрмеймін. Қалай дегенмен де, Қазақстанға уақытша тұруға келіп тұрамын. Балаларымыз болғанда туыстарын білуі үшін Қазақстанға әкелеміз. Ал біржолаға көшпеймін. Қазір біз канадалық паспорт және құжаттарды күтіп отырмыз.


Майя, АҚШ, Хьюстон, 32 жаста


Мен Атырауда туып-өстім. Мұнай және газ саласында бакалаврды бес жыл Уфада оқыдым. Университет бітірген соң Ақтаудағы «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа кіріп, сонда екі жыл істедім. 2012 жылы 24 жасымда жаңа өмір бастамақ ниетпен Америкаға көшіп келдім. Екі жыл Техас университетінде магистратура оқыдым. Қазір Хьюстанда тұрамын.

АҚШ-қа неге көштіңіз?

Әдетте шетелге көбі жақсы өмірді, табысы мол жұмысты іздеп көшеді. Ал менің Қазақстанда жұмысым керемет, жалақым жоғары, ұжымым тату болды. Барлығына қанағаттанып жүрдім. Ол кезде мен секілді жас қыздың оқу бітіре сала ҚазМұнайГазда инженер болуы ел қызығатын жағдай еді. Бірақ жұмыста кәсіби салада дамымадым. Бірсарынды комфортты жұмыс ішімді пыстырды. Ешкімнің көмегінсіз қандай деңгейге жететінімді, потенциалымды тексеру үшін АҚШ-қа көштім. Сонымен қатар, маған мындағы менталитет, ел ахуалы ұнайды.

Қандай жұмыс істейсіз?

Хьюстондағы Шлюмберже технология компаниясында мұнай және газ өндіру инженерімін. Магистратурада оқып жүрген кезде осы компанияға кіруді көздедім. Оған жұмысқа тұру үшін бірнеше қиын іріктеу кезеңінен өтуіме тура келді.

Жұмысымды жақсы көремін. Кіл шетел компанияларымен істес боламыз. Әрі жұмыс барысында заманауи технология, жасанды интелектті қолданамыз. Жұмысымның арқасында Еуропада, Эквадорда болдым. Компания қызметкерлерінің тұрақты дамуына назар аударады. Әрі өтініш-тілектерін орындауға тырысады. Маған бірдеңе ұнамаса, бастығыма ол жайлы іркілмей айта аламын. Америкада үлкен және кіші қызметтегі адамдарды жұмыста теңдей сыйлайды.

АҚШ-тағы өмір несімен ұнайды?

АҚШ-та біздің Қазақстандағыдай гендерлік таптаурындар жоқ. Қазақстанда қыз баланы көп жағдайда шектейді. «Қыз жат жұрттық, бізді асырайтын ұл» деп баланы ұлықтап, қызды шеттетеді. Ес білгелі бері «қыз баласың шетке отыр, ыдыс жу, артық айтпа» деген ережелерді естіп келдім.

Сондай сөздер мені оқушы кезімде-ақ ығыр қылып, басқа елге кету жайлы ойға итермелеген еді. Кейін жұмыста да осындай жағдайларға жолықтым. Инженер болып істесем де, әйел болғасын шай жасап, корпоративке дастархан әзірлеуім керек болатын. Осындай бөліністің себебін мүлде түсінбей, ашуым келетін.

АҚШ-та әйел мен ер бір-бірімен тең. Ондай шектеулер, міндеттер жоқ. Әйелдің көңіл-күйінің бар-жоғын оның күйеуге шығып-шықпауымен байланыстырмайды. «Қашан тұрмысқа шығасың?» деп сұрақтың астына алып, тезірек шығуға асықтырмайды. Жалпы оларға біреудің жеке өмірі қызық емес.

Америкадағы адамдардың біреудің көзіне жақсы көріну үшін шашылып қонақ шақырмайтыны, кредитке той жасамайтыны, қымбат телефон алмайтыны ұнайды. Қазақстандағы көп адамның өзіне сенімі жоқ, жұрттың сөзіне тәуелді.

Бастысы, Америкада өмір түсінікті, заң қатты. Қанша салық төлеп жатырғанымды, оның қайда кетіп жатқанын білемін. Алдағы 10 жылға құрған жоспарым үшін қандай әрекеттер жасауым керек екені де маған айдай анық. Қазақстанда министрлер, құрылым жиі өзгеріп жатады. Бір компанияның бастығы өзгерсе, ол өзінің туған-туысқандарын алып келеді. Бірнәрсені өзгерту немесе дұрыстау үшін көп уақыт кетеді. Көмек сұраған адамдар жолыңда есігін жауып тастайды. Әкімдікке шығу мүмкін емес шығар. Ал мында адамдардың бір затқа көңілі толмаса, қайткенмен де соны өзгертуге тырысып бағады. Олар әкімдікке жазады. Өз кезегінде әкімдік конгресспен байланысады. Кейін конгресс сенатқа, сенат президентке шығып соны өзгертеді. Мемлекет халық өтінішіне құлақ асатындықтан оларда болашаққа сенім бар.

Қазақстаннан кеткеніңізге өкіндіңіз бе?

Америкада официант болған, барда жұмыс істеген, ақшадан қысылған, стресске түскен кездерім болды. Бірақ бекер келіппін деп ешқашан өкінген емеспін. Керісінше, кетіп қалғаныма қуанамын. Мында отбасым мен жұмысымның арасындағы баланс жақсы. Жалақым да әлдеқайда жоғары. Бастысы өмірімнің жауапкершілігі тек өзімде.

Қазақстанға қайта ораласыз ба?

Әу баста мен «АҚШ-та оқуды бітіріп сонда қаламын» деген жоспармен келдім. Қазір Қазақстанға барамын деген ойым жоқ. Егер Қазақстанды дамытатын жобалар болса, барып үлесімді қосар едім. Маған ақшасынан гөрі жобаның ұнағаны, сенімді болғаны маңызды.

Ал қазір өзім барып, елді өзгертемін деу бос әурешілік. Мен қамсыз өмір сүргім келеді. Қара басының қамын ойлайды десе, солай болсын. Қазір дүниедегі менің орным Америкада деп ойлаймын.

Следите за нами в интернете