Бойкот, ақылмен дауыс беру, бақылау: жастар сайлауда қай нұсқаны таңдайды?

18 ноября 2022 г. Молодежь, Выборы
Almas Kaisar (vlast.kz)

Еліміздегі кезекті бір кезектен тыс президент сайлауына екі күн қалды. Бұл саяси науқанға 11 миллионнан астам сайлаушы қатысады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлауға 10101 учаске әзірленгенін хабарлады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, 53 мемлекетте дауыс беруші Қазақстан азаматтары үшін 68 сайлау учаскесі құрылған. Біз еліміздегі жастар мен жас белсенділердің осындай дайындықпен өтіп жатқан сайлауға ұстанымын сұрадық. 


Ақдидар Әбдімаулен


Қазақстандағы жастар мен жас белсенділердің сайлауға қатысты ұстанымы әртүрлі. Біреуі мерзімінен бұрын өтетін сайлауды заңсыз деп біліп, бойкот жасамақ. Ал келесі біреуі «бәріне қарсы» таңдауы арқылы жүйеге наразылығымды білдіремін дейді. Басқа бір жас қазақстандық сайлауға барып, белгілі бір кандидатқа дауыс беретінін түсіндірді. Осыған дейін саяси белсенділікпен көзге түспеген, сұхбаттасуға келісім берген бірнеше жас қазақстандықпен сөйлестік. Одан бөлек, жас белсенділердің ой-пікірін сұрадық.


Қызжібек, 21 жаста, контент-менеджер


Биыл Қызжібек сайлауға дауыс беру үшін бірінші рет бармақ. Ол «бәріне қарсымын» графасын таңдаймын дейді. Айтуынша, кандидаттар дауыс саны бойынша бұл графадан көп жинаса олар үшін жетістік болады. «Меніңше, сайлауға түсіп отқан кандидаттардың бәрі жай ғана актерлар, ал сайлаудың өзі - қойылым. Кандидаттар туралы бұған дейін естімегенмін. Жақында болған теледебатты YouTube пен Facebook-те үш мыңға жуық адам көрген, бұл халықтың сайлауға мүлдем қызығушылық танытпағанын білдіреді», – дейді Қызжібек. Ол өз уақытынан ерте жасалған сайлауды заңды деп санамайды және кезектен тыс президент сайлауы әділ өтетініне сенбейді.


Тоқаев 2022 жылы 21 қыркүйектегі халыққа үндеуінде «сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін» деп айтқан. Ал бюллетендегі «бәріне қарсымын» бағанының күші болмайды. Әділет министрі Қанат Мусиннің сөзінше, «бәріне қарсымын» бағаны халықтың сайлауға қатысуын есептегенде ғана ескеріледі. Азаттық радиосына сұхбат берген «Тәуелсіз бақылаушылар» ұйымының жетекшісі Арайлым Назардың айтуынша, бұл графа сайлау қорытындысына әсер етпейтін бүлінген бюллетеньдермен тең болады. Ешқандай рөл атқармайтын графа халықтың кандидаттарға қарсы екенін көрсете де алмайды.


Әлішер, 18 жаста, студент


Әлішер Алматыдағы университеттердің бірінде екінші курста оқиды. Бұған дейінгі президент сайлауында еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерді жаппай дауыс беруге мәжбүрлегені айтылған. Ақтөбеден келген студент өз еркімен қаладағы сайлау участкесіне барып, «бәріне қарсымын» деп дауыс бермек. «Биылғы сайлау билікте отырған президентке лайық бәсекелестер жоқ сияқты көрсеткен. Тоқаевтан басқа кандитатқа дауыс берсек, «амал жоқтан» беретін секілдіміз. Сондықтан дауыс беру мүмкіндігін бос жібермеу үшін «бәріне қарсымын» графасын таңдаймын. Ол іс жүзінде ештеңе шешпеуі мүмкін, бірақ көп адам таңдар болса, бұл халықтың атынан билікке дабыл болады. Яғни, жұрт бұрынғыдай сайлауға көз жұмып емес, не болып жатқанын біле тұрып дауыс беріп жатқанын түсінеді», – дейді Әлішер. Оның сөзінше, кандидаттардың үгіт-насихат жұмысы барлығында бір деңгейде жүрмеді. Мұны жарнамаға бөлінген қаражаттағы айырмашылық, көшеде ілінген плакаттардағы кандидаттардың толық болмауы көрсетіп тұр. «Сайлауалды үгіт-насихат осындай әртүрлі дәрежеде болса, дауыс беру кезіндегі баланс туралы қалай айтуға болады?», – дейді студент. 


Әлішер де сайлауға бірінші рет қатыспақ. Ол осы жолғы кандидаттардың әртүрлілігі таңғалдырғанын айтты. «Тоқаевтан басқа бес кандидатқа рөл берілген сияқты. Себебі Қарақат Әбден – ұлттық құндылықтарды насихаттаушы, Салтанат Тұрсынбекова – әлеуметтік мәселелерді шешуші, Мейрам Қажыкен – ғылым адамы, Жигули Дайрабаев – ауылдан келген кандидат, ал Нұрлан Әуесбаев – оппозиция партиясынан шыққан қатысушы. Әр кандидат жеке өзінше стереотип таныстырушы, бірақ олардың бойында президент болуға қасиеттер жеткіліксіз. Теледебатта болған кандидаттардың перфомансы қазіргі тілмен айтқанда «кринж». Мұның бәрі Тоқаевты «адекват» кандидат етіп көрсетеді», – дейді Әлішер. 


11 қараша күні «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде президенттікке кандидаттар арасында теледебат өтті. Пікірталасқа кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев қатыспады, орнына мәжіліс спикері,  AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов шықты. 80 минутқа жоспарланған пікірталасқа 63 миллион теңге бөлінген. Сайлаушылардан сауал тікелей эфирде қойылмады. Кандидаттар қазақ тілі бойынша емтиханнан сүрінбей өткенімен, пікірталаста орыс тілінде сөз сөйледі. Тоқаев пікірталасқа келмесе де, оған кандидаттардан сын айтылмады. 


Асылжан, 21 жаста, жеке кәсіпкер


Кандидаттар арасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың танымалдығы жоғары. Оны  президент болуға лайық бірден-бір сенімді кандидат деп жатқандар да аз емес. Алматылық Асылжан екінші сайлауында да өз дауысын Тоқаевқа беретінін айтты. «2019 жылы жоғарғы дәрежедегі билікте болған жалғыз кандидат болды. Президенттікке дейін дипломат болып, БҰҰ-да қызмет атқарды. Сондықтан саясаттың ішкі құрылымын білетін, ел басқара алатын адамға дауыс бердім», – дейді Асылжан. Ал 2022 жылғы сайлауда Асылжан үшін ауыз толтырып айтатын, мығым позициясы бар кандидат жоқ. «Сөздің ашығы, кандидат Жигули Дайрабаевтың атының өзі күлкілі. «Мен ауылдан шықтым» позициясының мәні де жоқ. Осы уақытқа дейін не айтар, көрсетер заты болмады. Партиясы оны кандидаттыққа ұсынғанына таңғалып жүр», – дейді сайлаушы. Оның сөзінше, сайлауға түскен екі әйел кандидаттың президент болуы екіталай, дегенмен әйел президентке қарсы емес екенін айтты. Сайлаушының ойынша, үгіт-насихат кезінде Тоқаев, Дайрабаев, Әбденнің жарнамасы басқаларға қарағанда басым болған. «Меніңше, ел арасында, халықаралық деңгейде беделі бар, мойындалған адам мемлекет басшысы бола алады. Ел мүддесін халықаралық аренада қорғай алу әркімнің қолынан келе бермейді», – дейді Асылжан.


Айгерім, 31 жаста, оқытушы, зерттеуші және белсенді


Құқықтанушы, феминист, гендерлік экономика зерттеушісі Айгерім сайлауда әйел мәселелерін көтеріп жүрген кандидатты қолдайды. Ол мұны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның сөзінше, президенттікке кандидаттар ішіндегі екі әйел – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы прецедентсіз оқиға. «Әлемнің 119 мемлекетінде әлі де бір де бір әйел мемлекет басына келмеген. Егер біз әйел саясаткерлерді әйел болғаны үшін кемсітіп, ар-абыройына нұқсан келтіруге тырыссақ, гендерлік алшақтықты үдете түскен боламыз. Менің ұстаздық миссиям: саясатты менің ісім деп қабылдайтын жас қыздарды қанаттандыру, саясатқа араласатын қыздардың санын арттыру. Салтанат пен Қарақат ханымдар да менің миссияма атсалысуда. Менің таңдауым – Салтанат Тұрсынбекова», – дейді Айгерім Құсайынқызы. Құқықтанушының айтуынша, кандидат Салтанат Тұрсынбекованың тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын сайлауда көтеруі мәселенің маңызды екенін көрсетті. 


Қазақстандықтардың кейбірі сайлаудың кезектен тыс өткізілуін әділетсіздік деп бағалап, оны заңсыз деп санайды. Айгерім құқықтанушы ретінде ҚР Сайлау туралы Заңында кезектен тыс президент сайлауын өткізуге рұқсат беретінін түсіндірді. Бірақ сол заңның әр сайлаудың кезектен тыс өтуіне рұқсат беруі – сайлаудың ашық және тең принциптеріне қайшы екен. «Ең өкініштісі, біз сайлауға бармай жатып кім жеңетінін білеміз. Алайда болашағымыз үшін заңсыздықпен күресуіміз керек. Сайлау нәтижесін біле тұра әрекетсіз қалу белсендіге сай әрекет емес», – дейді Айгерім.


Равкат, 28 жаста, Алматыдағы университетте ғылыми қызметкер


Равкат биыл дауыс беруге қатыспайды, ол Алматы қаласындағы учаскелердің бірінде бақылаушы болады. Белсенді президенттік сайлау мен алда келе жатқан парламент сайлауы кейбір адамдардың саяси және экономикалық қалауын қанағаттандыру үшін жасалған деп есептейді. «Сайлау әділ өтеді деп ойламаймын. Дегенмен осы сайлау арқылы азаматтық қоғамға өз ұстанымдарымызды көрсету жақсы мүмкіндік болмақ», – дейді Равкат. Бақылаушы президент сайлауына бастан аяқ қатысуы керек. Себебі олар дауыс берушілердің құқығы бұзылмауын қадағалап, заңсыздықтарды әшкерелеп, сайлаудың әділ өтуін бақылайды. «Дауыс беруші болсам, міндетті түрде Жигули мырзаға берер едім. Мен оның ауыл мәселесіне қатысты көзқарасын құрметтеймін. Ал ата-анасы таңдаған есіміне байланысты, оны ең маңызды үміткер деп есептеймін. Ол сайлауға карикатура кандидаты ретінде таңдалған. Менің ойымша, қоғам ретінде біз жасай алатын ең жақсы нәрсе – бұл сайлауды карикатурадан басқа ештеңе емес деп санайтынымызды көрсетіп, Жигули мырзаға дауыс беру», – дейді белсенді.


2022 жылғы кезектен тыс президент сайлауына түсетін кандидаттар тізімі:


  • Қасым-Жомарт Тоқаев, 69 жаста, Халық коалициясы;

  • Мейрам Қажыкен, 61 жаста, «Аманат» кәсіподақтар бірлестігі;

  • Жигули Дайрабаев, 67 жаста, «Ауыл» партиясы;

  • Қарақат Әбден, 48 жаста, «Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі;

  • Салтанат Тұрсынбекова, 48 жаста, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі;

  • Нұрлан Әуесбаев, 65 жаста, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.

Следите за нами в интернете