Банктік алаяқтық туралы не білуіңіз керек?

31 июля 2021 г. Молодежь, Инструкции

  

Кейінгі жылдарда банк қызметкерінің атын жамылып, азаматтарға қоңырау шалатын алаяқтар көбейді. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебі бойынша 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында жалпы саны 22067 алаяқтық фактісі тіркелген.

Адамның жеке ақпаратын білу үшін оның сеніміне кіріп, манипулия жасауды әлеуметтік инженерия деп атайды. Алаяқтар осы тәсілді қолданып, клиенттің банк шотына ие болып, ақшасын жымқырады.


Алаяқты қалай тануға болады? Оның жұмыс істеу схемалары қандай? Алаяқтың айласына түсіп, ақшаңыздан айырылсаңыз не істеу керек? Материалымызда осы сұрақтарға жауап беруге тырыстық. Қылмыскердің құрығына түсе жаздаған Айжаннан да сұхбат алдық. 


Kaspi банк клиенті — Айжанның айтуынша, таңғы 10-дар шамасында қоңырау шалған алаяқтың нөмірі күдік тудыратындай шетелдік емес, қазақстандық кәдімгі билайн нөмірі еді. 


Телефонның ар жағындағы жігіт Kaspі-дің Алматыдағы қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрғанын айтты. «Samsung A6 телефонынан Kaspi-ге кіріп, 500 мың теңгеге несие рәсімдеп жатқан сіз бе?» деп сұрады. Жоқ дедім. «Олай болса несие рәсімдеуді дереу тоқтауымыз керек» деп бірнеше сұраққа жауап беруімді өтінді. 


Ары қарай бейтаныс жігіт одан соңғы рет қандай операция жасағанын, қанша ақша аударғанын және жеке куәлік, банк картасын жоғалтып алған-алмағанын сұраған. Күтпеген қоңырау әрі жігіттің сұрақты қарша боратып, шапшаң сөйлеуі Айжанды бір сәт абдыратып тастаса да, ол іштей бірдеңеден сезіктенген.


Аты-жөнін сұрадым. Қазақша сұрақ қойып едім, жауап бере алмай, орысша сөйлей берді. Әдетте қай тілде сауал қойсаң, сол тілде жауап беруі керек емес пе?! Күмәнім еселеніп, kaspi операторға қоңырау шалатынымды айттым. Айтқаным сол еді, «жоқ, оған қоңырау шалуға болмайды, қазір біздің әңгімемізді үзсеңіз, атыңызға несие рәсімделеді» деп қорқытты. Осы кезде мен оның алаяқ екенін түсіндім де, тұтқаны қойып тастадым.


Айжан Kaspi операторға хабарласқанша алаяқ телефонға тыным бермей, қайта-қайта қоңырау шала берген. Банк қызметкері ешкімнің несие рәсімдемегенін, қоңырау шалушының алаяқ екенін айтқан соң ғана Айжанның көңілі де, телефоны да тынышталған. 


Алаяқ сізге де хабарласуы мүмкін. Төмендегі сұрақтардың жауабын білсеңіз, алаяқтың құрығына түспейсіз. 


Банк қызметкері әдетте клиенттерге ұялы телефоннан қоңырау шала ма?

— Иә. Егер есепшотыңыздан күдікті операция байқалса, банк қызметкері сізге қоңырау шалып, бұл операцияны нақты өзіңіз жасағаныңызды анықтауға тырысады.


— Алаяқ менің нөмірімді қалай біле алады? Банк клиент деректерін толық қауіпсіздікте сақтамай ма? 

— Алаяқ қоңырауы банк сіздің дерегіңізді қауіпсіздікте сақтамайды дегенді білдірмейді. Нөміріңізді өзіңіз әлеуметтік желілерде немесе жарнама сайттарында көрсетуіңіз мүмкін. Оған қоса Қазақстандағы азаматтардың көбі танымал банктер қызметін жаппай қолданады. Мәселен, еліміздегі 9,5 миллион адам — Kaspi банк клиенті. Сондықтан алаяқтар кез келген нөмірге қоңырау шалып, өзін осы «банктың өкілімін» деп таныстыра алады. 


— Алаяқты қалай тануға болады?

— Банк қызметкерін алаяқтан ажырату өте оңай. Шынайы банк қызметкері сізге «иә» немесе «жоқ» деп жауап бере алатын сұрақтар қояды. Ол ешқашан сіздің жеке деректеріңізді, құпиясөзіңізді, SMS-кодтарыңызды сұрамайды. Сонымен қатар, «несие алыңыз, басқа шотқа ақша аударыңыз, қосымша жүктеп алыңыз, сілтемелерге өтіңіз» деп қандай да бір әрекет жасауыңызды талап етпейді. 


— Олар менің ақшамды қалай ұрлауға тырысады?


— Алаяқтықтың белең алуына байланысты 3 наурызда Қазақстандық 11 банк бірлескен мәлімдеме жасап, алаяқтардың қандай схемада жұмыс істейтінін түсіндірді. 


1. Алаяқ банк қызметкері атынан қоңырау шалып, сіздің жеке кабинетіңізде күмәнді транзакцияларды байқағанын айтады да, бұл әрекетті растауыңызды сұрайды. Келесі кезекте шотыңызға қол жеткізу үшін жеке деректеріңізді білуге тырысады. Жеке кабинетте құпиясөзді ауыстыруды, жаңа құпиясөзді және SMS-хабарлама арқылы келген құпия кодты айтуды сұрайды. Бұл мәліметтер арқылы алаяқтар жеке кабинетіңізге кіріп, бар ақшаңызды басқа шотқа аударады немесе атыңызға ақшалай несие рәсімдеп жібереді.


2. Шотыңыздан ақша ұрлану қаупі барын айтып, қаражатты жедел түрде «қосымша шотқа», «сақтандыру агентіне», «сақтандыру ұяшығына» аударуға үгіттейді. Алаяқ қырық өтірік айтып, өз сөзіне иландыруға барын салады. Олардың арнайы компьютерлік бағдарламаның көмегімен банк нөмірінен немесе ұқсас нөмірден қоңырау шалатынын ескеріңіз.

3. Пошта не мессенджеріңізге қайырымдылық акциясы, ерекше қаржылық қызметтер, жүлделер ұтысы және т.б шаралар туралы ақпарат жібереді. Сілтеме бойынша өткен кезде сайт банк картаңыздың деректерін енгізуді талап етеді. Карта мәліметін енгізгеніңіз сол-ақ екен әп-сәтте ақшаңыз ғайып болады. Сілтемеде алаяқтарға сіздің қосымшаңызға кіруге мүмкіндік беретін вирустар болуы мүмкін.

4. Белгісіз біреудің сіздің жеке кабинетіңізге кіруге талпынып жатқанын айтып, қауіпсіздік үшін белгілі бір қосымшаларды жүктеп алуды ұсынады. Мұндай қосымшалардың көмегімен алаяқтар телефоныңызға қосылып, жеке кабинетіңізге ие болады. Сіздің атыңыздан қоңырау шалып, қаржылық операцияларды жасауы мүмкін.


— Алаяқ қоңырау шалғанда не істеу керек?

— Әңгімені дереу үзіп, тұтқаны қойып тастаңыз. Күмәніңіз болса, банктің call-орталығына хабарласыңыз. 

 

— Алаяқтың қулығына түсіп қалсам, ақшамды қайтарып аламын ба?

— Банк клиенттердің қаражатын сенімді қорғайды. Алайда клиенттер алаяқтың арбауына түсіп, ақшасын өзі бергенде аса мықты қауіпсіздік жүйесі де қауқарсыз болады. Әрі алаяқтардың көбі шетелден хабарласады. Сондықтан олардың есепшоттарын бұғаттап, ақшаны қайтару көп жағдайда мүмкін болмай жатады.

Дегенмен, банкке мүмкіндігінше тезірек хабарласып, өтініш жазыңыз. Банктер Қазақстан Республикасының және басқа елдердің құқық қорғау органдарымен, ақпараттық қауіпсіздік бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды. Олар әр жағдайда да жедел тергеу жүргізіп, клиентке көмектесуге тырысады.


Следите за нами в интернете