Мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына үш аптадан аз уақыт қалды. Тіркеуден өткен алты үміткер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кандидаттар әлеуметтік желі парақшаларын қалай жүргізіп жатыр? Онлайн кеңістіктегі танымалдығы қандай? Осы сұрақтарға жауап іздедік.
Аида Зайнуллиева
Демократиялы мемлекеттерде сайлауға қатысып жатқан кандидаттар әлеуметтік желіге ерекше көңіл бөледі. Әрбір дауыс берушінің маңызын түсініп, онлайн кеңістікте күрес жүргізеді. Әрбір әлеуметтік желіге бөлек стратегия құрып, дамылсыз үгіт-насихат жасайды. Тіпті Cambridge Analytica, Meta сияқты компаниялар сайлау кезінде халыққа манипуляция жасады, белгілі бір саяси ұстанымдар мен саясаткерлерге қызмет етті, шетелдіктердің сайлауға араласуына мүмкіндік берді деп айыпталған да болатын. Демократиялы мемлекеттерде әлеуметтік медиа мен оның күшін осылай бағалайды. Сондықтан да сайлау кезінде оған қатты назар аударады.
Қазақстан сияқты мемлекеттерде оппозициялық ой-пікірге дәстүрлі медиада орын берілмейді. Сол себепті саяси билікке қарсы кандидаттар көбіне онлайн веб-сайттар мен әлеуметтік желі парақшаларын пайдаланады. Біздің сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың желі парақшаларына жасаған шолуымыз олар шынайы оппозициялық саясаткерге ұқсамайтынын көрсетеді.
Forbes.kz сайтының мәліметінше, 2020 жылы Қазақстанда 10 325 000 адам инстаграмға тіркелген. Бүгінде бұл сан өспесе, кеміген жоқ. Қазақстан халықының 50 пайызынан астамына тең көрсеткішке ие болған инстаграмда үміткерлердің қаншалықты танымал болғанын төмендегі кестеден көруге болады.
Оқырмандар саны бойынша Тоқаевтан кейін тұрған Қарақат Әбденге 13 мыңнан астам адам тіркелген. Алайда оның жазбалары не көп адамның көңілінен шықпаған, не фейк-оқырмандарының лайкына ілінбеген. 200 лайк жинаған санаулы жазбалары болмаса, салған фотоларын ұнатқан адам саны өзге қарсыластарынан айтарлықтай асып тұрған жоқ.
Қарақат Әбденнің инстаграм парақшасынан скриншот
Дегенмен, Әбденнің басқаларға қарағанда қоғаммен байланыс орнатуға тырысқанын, депутат ретінде қызмет атқарғанын инстаграмнан көруге болады. Тоқаевты қоспағанда қалған төрт үміткерді, өкінішке қарай, президент сайлауы болатыны хабарланғанға дейін бұл әлеуметтік желіде мүлде танымаған да едік. Ал Салтанат Тұрсынбекова қоғамда қоғамға кең танылмағанымен, сайлау қарсаңында кәсіби пиар қызметке жүгінгені байқалады. Себебі жариялаған жазбалары, қоғаммен кері байланыс орнатуы басқа кандидаттармен салыстырғанда көш ілгері.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқырмандар саны бойынша алда тұрса да, жазбаларын саусақпан санап алуға болады әрі 2020 жылдан бері президенттің парақшасы жүргізілмегенін де ескерген жөн. Өзге үміткерлердің ішінде Нұрлан Әуесбаев қана жыл басынан бері жазба жариялап, репост жасап, Facebook желісінде белсенділік танытқан. Қалғандарының 1 қыркүйекке дейін бұл әлеуметтік желіде аса ерекшеленбегенін жазба санынан көруге болады. Өкінішті, себебі Ranking.kz сайтының деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың наурызында шыққан Қазақстанның танымал әлеуметтік желілер рейтингінде инстаграмнан кейін фейсбук 4-орында орналасқан.
Қазақстан сегментінде ерекше аудиториясы бар Twitter желісін 328,8 мың оқырманы бар Тоқаевтан басқа үміткерлер сайлау жарияланбас бұрын жүргізбеген. Мейрам Қажыкен де, Салтанат Тұрсынбекова да туиттерге 2022 жылдың қазанында тіркелген. Нұрлан Әуесбай мен Қарақат Әбден бұл желіні мүлде қолданбайтын көрінеді.
Telegram
Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның тобына тиесілі екі канал бар екен. Бірі – 29 мың оқырманы бар БОРТ N1 арнасы, екіншісі – президенттің атымен аталған 1031 оқырман жазылған канал. Бірақ жұмысы 2019 жылдың 1 сәуірінде басталып, биыл 1 наурызда тоқтапты. Тұрсынбекова мен Қажыкеннің телеграмдағы белсенділігі twitter-ден айнымайды: екеуі де арнасын президент болуға үміткер атанған соң жүргізе бастаған. Қалған үш кандидатты телеграмнан таппадық.
TikTok
Жастардың арасында танымал TikTok-та қазіргі президенттің атымен ашылған парақша бар. Былтырдан бері оған 190 мың адам жазылған, лайк саны да аз емес — 3,5 миллион. Парақшада Тоқаевтың сөйлеген сөздері мен кездесулерде айтқандары үзінді ретінде жинақталыпты. Профилінде «Игілік баршаға» деген Тоқаевтың 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасының ұраны тұр. Соған қарағанда бұл президенттің жанкүйерлері ашқан парақша деген болжам бар (немесе Тоқаевтың командасы жанкүйерлерінің парақшасы сияқты жүргізуі мүмкін).
TikTok желісіне Қарақат Әбден де тіркелгенін айта кеткен жөн. Парақшасын жақында жүргізе бастады, Әбден үміткер ретінде атқарып жүрген істерін көрсетіп жүр. Бірақ оған жазылған адам саны – 28, жалпы 225 лайк жинапты. Басқа үміткерлердің белсенділігі TikTok-та байқалмады.
Google іздеу жүйесі
Google-ден президент үміткерлерінің аты-жөнін енгізіп ақпарат іздеп көрдік. Қарақат Әбден туралы 66, Жигули Дайрабаев туралы 92, Мейрам Қажыкен жайында 84, Нұрлан Әуесбаев туралы 72, Салтанат Тұрсынбекова жайында 69 сілтеме шықты.
Қарақат Әбденнің 2019 жылы «Сен қазақ қызысың. Мақтан ет!» кітабын жариялаған соң журналистер мен қоғам белсенділерінің көзіне түсіп, бірнеше материалға арқау болғанын санамағанда, ол туралы табылған сілтеменің бәрі президенттікке үміткерлігі жайында. Жигули Дайрабаевта да жағдай солай: ұлдарына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны екі-үш жерде жарияланғаннан басқа ақпараттың бәрі үміткерлік туралы. Салтанат Тұрсынбекованың аты аталған бір-екі материалға сілтеме бар. Қалған алпыстан астам сілтеме оның президент болуға үміткер атанғанын хабарлайды. Мейрам Қажыкен мен Нұрлан Әуесбаев туралы Google іздеу жүйесінде табылған сілтеменің барлығы дерлік биыл қазанда пайда болған, демек олар да президент болуға үміткерлігі мен үгіт-насихат жұмыстары жайында.
Бұл көрсеткіштерден бір нәрсені анық байқауға болады: Тоқаевтан басқа президент болғысы келетін бес адам халық арасында аса танымал болмаған. Әрқайсы өз саласында еңбектенсе де, олардың қоғаммен байланысы байқалмайды. Ал ел арасында танылмаған, мемлекеттің әлеуметтік жағдайын көтеруге айтарлықтай ат салыспаған үміткерлерден президент ретінде не күтеміз? Әлде бұл биліктің ел басқаруға бір адам ғана лайық екенін көрсеткісі келген саясаты ма?
Қосанов қандай үміткер болды?
2019 жылғы мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында Тоқаевтың басты қарсыласы Әміржан Қосанов болған еді. Біз оның да әлеуметтік желілердегі белсенділігін саралап көрдік. Instagram желісінде Қосановтың сайлауалды бағдарламасын таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген парақшасы табылды. 376 жазбасы бар парақшаның 27 мыңнан астам оқырманы бар екен. 2019 жылдың жазынан бері онда ештеңе жарияланбаса да, парақшаның 2015-тен бастап жүргізілгені әрі Әміржан Қосановтың жеке парақшасы болғаны байқалады. Оның жазбаларынан саяси тұтқындарды, журналистерді бостауды талап еткенін әрі оппозициялық көзқарастарды ұстанғанын байқауға болады. Оқыған кітаптары мен көрген-білгені, қатысқан жиындары мен дөңгелек үстелдерінен де фото-жазбалар жариялап жүрген.
Биылғы сайлауға түскен кандидаттардың әлеуметтік желідегі танымалдығына қарай отырып, сайлау қаншалықты «тартысты» өтіп жатқанын байқаймыз. Қосанов 2019 жылы «сценарийді» бұзып жібере жаздаған еді, сондықтан бұл жолғы сайлауға ондай кандидаттар қатыстырылмағаны сезіледі. Мысалы, бес кандидат Тоқаевқа қарсылас ретінде бәсекеге түсіп жатқанымен, олардың бір де бірі Қаңтар кезінде берілген ескертусіз оқу ату бұйрығына сыни пікір білдірмеген.
Ескерту. Материалда келтірілген деректер 2022 жылдың 3 қарашасында алынды.