Фактчекиң құралдары: ақпаратты қалай тексеру керек?

25 июня 2022 г. Общество, Инструкции

Бүгінде кез келген адам қолындағы смартфонымен видео түсіріп, ойдан жаңалық құрастырып, оны интернет арқылы әп сәтте бүкіл әлемге тарата алады. Мұның салдары қандай болуы мүмкін? Ел аузында жүрген фактчекиң және сыни ойлау деген не? Оны күнделікті өмірде қалай қолдана аламыз?  Factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақовпен осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік. 


Құндыз Мұханғали


Сыни ойлауды дамыту


Дүниежүзілік экономикалық форум зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, 2022 жылда да, болашақта да сыни ойлау адамзат үшін аса маңызды қабілеттің бірі болмақ. Сыни ойлау – жазбаша, визуал немесе аудио мәтіндегі фактілерді анықтай отырып мәселені немесе тақырыпты түсіну, логиканы қолдану және ақпараттың растығына күмәнмен қарау. Думан Смақов сыни ойлауды дамытудың негізгі құралы – медиа сауат екенін айтты.  

«Сыни ойлауды дамытудың ең басты құралы – медиасауатты мектептерге, жоғарғы оқу орындарына енгізуді айтар едік. Адамдар қаншалықты медиасауатты болса, соғұрлым сыни ойлап, жалған ақпаратқа сенбейтін болады», – деп түсіндірді Думан Смақов.

Медиасауатты дамыту ешқашан кеш емес. Бұл үшін келіп түскен хабарламаны мұқият оқып, ішінен факті мен пікірді ажыратыңыз, растығына күмән келтіріп, көп сұрақ қойыңыз. Бұл ақпаратты кім таратып отыр? Ақпараттың алғашқы дереккөзі бар ма? Бұл медианы кім қаржыландырады? Хабарлап отырған адам өз саласының сарапшысы ма? және т.б. Мұнан бөлек, мәтін ішіндегі себеп-салдар қатынасына мән беріп, ақпаратты тек логикаға салып талдаңыз. Мысалы, сізге қанттың қымбаттайтыны жөнінде хабар келіп түсті. «Қант қымбаттайды. Алып үлгеріңіз» деген бағыттағы сөйлемдер адамның жеке пікірі я болжамы. Бұл хатты таратып отырған кім? Хатта қант қымбаттауының нақты себебі немесе ресми орган жауабы болмаса, бұл манипулятив я жалған ақпарат болуы мүмкін. Экономика немесе Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл туралы не деді?

Былтыр MediaNet халықаралық журналистика орталығының 9-12 сынып оқушыларына арналған «Медиа және ақпараттық сауат» оқулығы арнайы комиссия тексерісінен өтіп, кейбір аймақта электив пән ретінде оқу жоспарына енгізілді. Ал Internews ұйымының медиасауат бойынша жоғарғы оқу орны оқытушыларына арналған оқу құралы 2019 жылы жарық көріп, 2021 жылы қазақ тілінде жарияланды. Оқулықтардың электронды нұсқасын MediaNet және Internews сайттарынан алуға болады. 

Ақпаратты тексерудің негізгі жолдары 

Сурет, видео я өзге форматтағы ақпаратты тексерудің көптеген әдісі бар. Бірақ жаңа технологиялар қаншалықты мықты дамыса да, адамға ақпаратты тексеруде ең негізгі көмекші – логика және сыни ойлау. Кез келген ақпаратқа сеніп я оны таратпас бұрын, оның шынайылығына көз жеткізу қажет. Әлеуметтік желідегі хабарламаны тексерудің бірнеше жолы бар. 

«Біріншіден, хатты оқыңыз. «Менің КНБ-да істейтін досым, басқа жерде істейтін танысым» деген мәтін болса, онда ол міндетті түрде эмоция, адамдар арасында хаос туғызатын ақпарат. Пандемияға, дәріге я басқа дүниеге қатысты болса, ресми деректерді, жергілікті атқарушы органдардың хабарландыруын қарау керек. Табиғи апат немесе басқа жағдай болса, жергілікті атқарушы органдар міндетті түрде хабарлама береді», – деп Думан мырза кеңесін бөлісті.

Ақпаратты тексерудің Factcheck.kz сайты ұсынған бірнеше негізгі құралы мынадай: 

  • Google, Yandex image search іздеу баптауы. Іздеу жүйесі арқылы суреттің алғаш рет қашан және қай ресурста пайда болғанын көруге болады. Бұл үшін браузердің біріне кіріп, іздеу функциясы жанындағы камера суретін басып, суретті я сілтемені жүктейсіз. 


    Google және Yandex іздеу жүйелері арқылы фотоны тексеру


  • InVid верификация плагині. Плагинді жүктеген соң Tineye, Reddit және өзге сайттар арқылы суреттің, видеоның түпнұсқасын табуға болады. Бұған қоса, Facebook және Twitter желілерінде жарық көрген ақпаратты табуға мүмкіндік бар.  


    Invid қызметі арқылы бейнежазбаны тексеру


  • Ps.kz, Who.is сайттары. Әлеуметтік желіге көптеп келетін хабарламалар әдетте бір сілтемеге өтуді сұрайды. Мұндай түсініксіз я жалған сайттар көбіне 1-2 ай бұрын ашылып, шетелде тіркеледі. Ps.kz қазақстандық, ал who.is сайты шетелде тіркелген сайттардың кімнің атынан және қашан ашылғанын көрсетеді. Мысалы, жақында журналист Әсем Жәпішева қазақстандық танымал төрт ақпараттық порталға ұқсас жаңа сайттардың пайда болғанын жазды. Бұл сайттар ресейшіл ой-көзқарастағы хабарламалар таратқан.


    Ps.kz көмегімен домен иесі жайлы ақпарат қарау. Мынау біздің сайтымыз жайлы деректер.

Сайттардың ағылшын тіліндегі нұсқасы түсініксіз болса, Chrome браузерінден тінтуірдің оң жағын басып «қазақ тіліне аудару» немесе «перевести на русский» функциясын қолданыңыз.

Бұл ресурстардан бөлек, журналистерге арналған көптеген құрал бар. Мұны Factheck.kz сайтынан қарап, журналистерге арналған басқа да сервистерден таба аласыз.  

Фэйк аккаунтты және «нұрбот» пікірлерді анықтау

Internews ұйымының медиасауат оқу құралында троллиңнің кейінгі кезде «лас насихат» құралына айналып бара жатқаны жазылған. Ондағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда билікшіл трольдер бар. Олардың негізгі мақсаты – белгілі бір идея мен көзқарасты қолдаушылар санын қолдан көбейту арқылы «келісімді қолдан жасау». Яғни желідегі адамдардың басым бөлігі әлдебір пікірге сенетіндей көрінеді. Сондай-ақ олар оппозицияны, билікке балама көзқарас ұсынатындарды сынайды, ұнамайтын көзқарастарды ығыстырады. Журналистер 2019 жылы зерттеу жүргізіп, сол кездегі «NurOtan» партиясының (қазіргі Amanat) идеясын насихаттаумен айналысатын жалған аккаунттарды тапқан еді.  

«Олардың (-бот редакция) пікірі бір-біріне ұқсас болады. Аватардағы суреттерін Google немесе басқа іздеу жүйесінен қарап көру керек. Қазақ ұлтының адамдарын көрсету мақсатында көбіне азиаттар, қырғыздар, буряттардың фотоларын қоюы мүмкін. Осындай қарапайым дүниелерге назар аудару керек», – деп Думан Смақов ондай желі қолданушылары бір-біріне ұқсас болатынын айтты. 

Internews ұйымы шығарған медиа сауат оқу құралында боттарды анықтаудың екі тәсілі көрсетілген:

Oнлайн-анализ: қысқа мерзімде бір IP-адрестен әртүрлі аккаунттан комментарийдің жедел қалдырылуы, пікір мазмұнының тым қарапайым болуы немесе мүлдем тақырыпқа қатыссыз болуы, бір-бірінен аумайтын, бірдей пікірлер қайталануы.  

Офлайн-анализ: аккаунт верификацияланбаған, достар мен жазылушылар санының не шамадан тыс көп болуы, не тым аз болуы, профильдің немесе өзі туралы ақпараттың аз болуы, аватарда өз суретінің болмауы, автордың өз жазбасының болмауы(өзгенің жазбасын бөлісу көп болады), аяқастынан шамадан тыс белсенділік таныту, т.б. 

Боттың белгілері: профилінде ақпараттың аз болуы, аватарында суреттің болмауы, жазылмандарының арасында өзара байланыс болмауы. Жоғарыда айтылғандай, сурет болғанның өзінде ол өзге аккаунт парақшасынан алынады.  

Сонымен, кез келген ақпаратты оқығанда күмәнмен қарап, өзіңізге бірнеше сұрақ қойыңыз, оның эмоцияға шақырмайтынына көз жеткізіңіз. Ақпараттың растығына күмәндансаңыз, жоғарыдағы тәсілдер арқылы тексеріңіз. Кей жағдайда, мысалы, банк я дүкеннен әлеуметтік желіге хабарлама келсе, сол ұйымның өзіне телефон шалыңыз, ресми сауал жолдаңыз. Жалған ақпарат таратқаныңыз үшін қылмыстық кодексте жауапкершілік барын ұмытпаңыз.


Следите за нами в интернете