Тақия тренді: сән бе, әлде жастардың ұлттық кімдік ізденісі ме?

7 июля 2022 г. Общество, Молодежь

Кейінгі кездері Қазақстандағы ірі қалаларда тақия киіп, қазақи зергерлік бұйымдарды заманауи стильмен үйлестіре таққан жастарды жиі байқаймыз. Бұл мәдени құбылыс қашан басталды? Оның себебі неде болуы мүмкін? Біз тақия дүкені иелерімен, тақия киетін жастармен және сарапшылармен әңгімелесіп, мәдени құбылыстың мағынасын анықтап көрдік.


Аида Зайнуллиева


«Бүкіл әлемде ескіні қайта қолдану трендке айналып жатыр»


Ұлттық киімдер сататын @barqyt.kz инста-дүкенінің иесі Жанерке Халамханның айтуынша, кез келген сән мен трендке — белгілі бір цикл мен жүйе тән. Сондықтан әр тренд біраз уақыттан соң қайта айналып келіп отырады. Оның пікірінше, кезінде сәнді болған қазақи киім уақыт талабына сай түрленіп отыр. «Ұлттық киімге деген сұраныс әуелі тақиядан басталған болатын. Осылайша сән үлгілеріне негіз болған бұрынғы киім түрлері қайтадан бірте-бірте жаңғыра бастады. Ұлттық айдентикаға ие ерекше киім үлгілері бәрінен бұрын әдемілігімен, ерекшелігімен көпшіліктің назарын аударатыны да бар»- дейді Жанерке. @tubeteikaz инста-дүкенінің иесі Азиза Ізім де бұрынғы үлгілердің қайта сәнге айналып жатқанын айтады. «Қазір бар әлемде ескіні қайта қолдану трендке айналып жатыр. Байқасаңыз біз, яғни жастар, «винтаж» киім киіп, эко-тауарлар қолданып, отандық әртістерді тыңдауға бет бұрып жатырмыз»- дейді Азиза. Ол жастар арасынан ғалым, дизайнер, режиссер сияқты таланттар жиі көзге түсе бастағанын, қазақша сөйлейтіндердің қатары ұлғая түскенін айтады. 


Азизаның ойынша, киіну стилі – өзіңді көрсетудің бір жолы. Ол кейінгі кездері өзін қорықпастан көрсететін жастар көбейгенін әрі ұлттық мәдениетті жаңғырту тренді енді-енді белең ала бастағанын айтады. «Тақияның ерекшелігі – өзіміздің қазақи, түркі халықтарының стиліне сай болуы. Оның негізі, яғни төбесі киіз үйге ұқсайды. Мұны да біздің халқымызға сай символика деп білемін. Ұлттық бас киімнің бұл түрі әдемілікті еселеп, киген жанды сүйкімді ете түседі»– дейді Азиза. 



@tubeteikaz инста-дүкенінің иесі Азиза Ізім

Жанерке мен Азиза тапсырысты орындамас бұрын клиентке тақиядағы ою-өрнектер мен түстердің мағынасын түсіндіреді, оны дәстүрге сай кию әдебін үйретеді. «Бұрын тақия адамның әлеуметтік статусынан хабар беретін киім атрибуты болатын. Мысалы, үкілі тақияны тек тұрмыс құрмаған қыздар киген. Ханша, ханымдардың тақиясы ерекше сәнді, асыл тастармен көмкерілетін. Мұндай тақия түрін қасаба деп атайды. Қасабаның тақиядан айырмасы: зерлі әрі шашағы көп болады»– дейді Жанерке. Шеберлер тапсырысты орындағанда клиенттің жас ерекшелігі мен қалауын ескереді. Матасы, кию үлгісі мен жас ерекшелігіне қарай тақия түрліше тігіледі екен. Мысалы, ерлер тақиясының төбесі әйелдердікінен биік, терең болса, кішкентай қыздар тақиясының қабырғасы басқалардан биігірек. Ал Азиза тақия таңдағанда ою-өрнектеріне аса мән беру керек дейді. Себебі әрбір ою-өрнектің мән-мағынасы бар. «Мысалы, аяқ астында қалдыруға болмайтын оюлар көрпеге тігілмейді. Ерлер мен әйелдердің киімдеріне салынатын оюлар да өзара бөлінеді. Күйеуге шықпаған қызға, жаңа түскен келінге, отбасылы әйелге не жесір әйелге тән оюлар да әртүрлі. Кей өрнектер арқылы адамның қай рудан, қандай аймақтан екенін анықтауға болады»– дейді Азиза Ізім.



@barqyt.kz инста-дүкенінің иесі Жанерке Халамхан

Жанеркенің тақияларына жас қыз-жігіттер жиі тапсырыс береді. «Тақияларымыздың әшекейін түрлендіріп тағуға болады. Сондықтан күнделікті кигенге де, салтанатты кештерге де жарасады. Сапалы тақия күнделікті образға ерекшелік береді. Сәнқой қыз-жігіттер өздерінің ұлттық ерекшелігін көрсететін киім атрибутына сол себепті құмар шығар»– деп тұжырымдайды Жанерке. Оның айтуынша, тақияны тек қазақтар алмайды. Осыған дейін Ресей, Франция, Америка мен Польшадан да тапсырыстар келген. Қазақ өнеріне қызыққан шетелдіктер де тапсырыс береді екен. Қазіргі сәтте Жанерке тек тақия мен кәжекей емес, шапан, белдік сияқты өзге де ұлттық киімдер тігеді. Тұтынушылар күнделікті өмірден бөлек, тойда кию үшін де ұлттық киімге жиі тапсырыс жасайды. 


«Осы бас киім арқылы қазақ мәдениетін басқа мемлекет өкілдеріне таныстыра алдым»


София Қазбаева 34 жаста, Атырау қаласында тұрады. Жақында декреттік демалыстан шыққан, мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейді. София ұлттық киімге бұрыннан қызығатынын айтады, үш-төрт жылдан бері тақия киюді күнделікті өмір салтына айналдырған. «Инста-дүкендердегі тақияларды көргенде заманауи киіммен қалай үйлестіруге болатынын елестетіп, күнделікті образдарымды түрлендіргім келді. Маған тақия әдемі әрі орынды көрінеді. Оның үстіне, қазақ қызы болғандықтан, басымның жалаң жүрмеуіне ыңғайлы. Бала еміземін, кешке қарай қыдыруға шығамын, сол уақытта киетін басқа бас киімдердің орнын тақия алмастырды»– деп, София тақия кию себебін осылай түсіндіреді. Оның пайымынша, тақия киіп жүру – келіп-кететін тренд емес. «Ол – біздің ұлттың болмысы мен бірегейлігін көрсететін ерекше бас киім. Сондықтан ол қанымызда бар ұлттық кодымызды оятатын элемент сияқты. Тақия киіп жүру – әдеміліктің, тазалықтың белгісі»– дейді София.



София Қазбаева

Тақия киетін қазақстандық жастар дін мен салт-дәстүрге қатысты әртүрлі ұстанымда екені байқалады. Мысалы, 23 жастағы маңғыстаулық Жанұзақ Дүйсенбайұлы тақияны дінмен байланыстырмаған жөн дейді, ол тақия тек намазхандардың киімі деген таптаурынды жойғысы келеді. Жанұзақ айналасындағы жандардан «Тақия киіп алыпсың. Темекі шегуге, ішуге ұялмайсың ба? Тақия мұсылманның бас киімі ғой»- деген пікірлерді жиі естиді. Мұндай сыни пікірлерге ол «тақияны қашаннан бері дінге телитін болғансыздар? Тақия ұлттық бас киім. Оны дінге қоспаңыздар»– деп жауап қайтаратынын айтады. 


Келесі кейіпкеріміз Дина Сатыбалдина он шақты жылдан бері тақия киеді. Ол қазір Парижде тұрады, Франция азаматтығын алған, банкте ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейді. Дина Францияға барғалы қазақтың ұлттық бұйымдарын жиі тағатын болған. «Қазақстанда тұрғанда басқалардан ешқандай айырмашылығың жоқ. Ал шетелде өзгеше екеніңді түсінесің. Мені көп адам қытай, жапон, корейлермен шатастыратын. Сондықтан өзімді идентификациялағым келді. Ұлттық бұйымдарды шетелге шыққалы жиі таға бастағаным содан»– дейді Дина. 


Оның пікірінше, тақия – бір жағынан күннен қорғаныш бола алатын әрі қай ұлттан екеніңді көрсететін бас киім. Динаның киім сөресінде мұндай бас киімнің алты түрі бар екен. «Мен қазақи, Орталық Азия халықтарына тән элементтерді заманауи киіммен келістіріп кигенді ұнатамын. Сол себепті тақияны джинсымен де, костюммен де үйлестіруге тырысамын»- дейді ол. Дина қазақ құрбыларына да, шетелдік достарына да тақияны жиі сыйлайды. Кейіпкеріміз тақиямен бірге қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрінің бөлшегін бергендей болады. 



Дина Сатыбалдина

«Сыйлыққа тақия беріп, қуантқанды жақсы көремін. Қазақ құрбыларыма да, шетелдік достарыма да тақия сыйладым. Олар үшін бұл бас киім бағалы. Себебі ол қолдан тігілген, ерекше әрі терең мағыналы. Мағынасын сый етіп берерде түсіндіріп, қандай әлеуметтік маңызы бар екенін айтамын. Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрінің бөлшегін бергендей боламын. Тақия маған басқалардан ерекшеленуге көмектеседі. Тіпті, өте қарапайым тақия түрі болса да көзге түсіп, есте қалуға себеп болады. Профессионалдық тұрғыдан болсын, жеке болсын – қандай кездесуге барсам да назардын тыс қалмайтыным сөзсіз. Көшеде тақия киіп жүргенде француздардың қызығып сұрағаны есімде»– деп, Дина тақияға қатысты естеліктерін бөлісті. Ол сапарда жүргенде, шекарадан өткенде өзгелердің қошеметін көп естіген. Дина тақия арқылы қазақ мәдениетін басқа мемлекет өкілдеріне таныстыра алғанын мақтанышпен айтады. Қазір оның Қазақстанды көргісі келіп жүрген достары аз емес екен. 


Тақия сән ғана емес, ол – отарсыздану мен ұлттық бірегейліктің символы


Саясаттанушы, Paperlab зерттеушісі Камила Смағұлова тақия киген жастарды Алматыдан да, астанадан да жиі көреді. Оның байқауынша, қазақи нақыштағы бас киімнің жаңа стильде тігілген түрін тек қыздар емес, жігіттер де киеді. «Бұл ұлттық киім элементінің трендке айналуына екі себеп бар деп ойлаймын. Бірі – заман ағымымен келген сән. Екінші себеп – отарсыздану символы. Мәселен, 24-26 маусымда Алматыда GoViral деген Орталық Азиялық фестиваль өтті. Биыл бұл шара «Тарих пен естелік» тақырыбында болды. GoViral-дың  еліміздегі амбассадоры фестиваль бойы әрі қазақи нақышта, әрі заманауи сән үлгісімен тігілген шапан мен тақия киіп жүргенін байқадым. Осының өзі бүгінде сәнге айналған ұлттық киімнің отарсыздану символы екенін көрсетіп тұрғандай»– дейді Камила Смағұлова. 

Сарапшының айтуынша, «кеңес үкіметіне дейін қандай болдық, отар болғанға дейін кім болдық?» деген сұрақ жастар қауымын бей-жай қалдырмайды. Мұны олардың ұлттық киім элементтерін жаңғыртуынан оңай байқай аламыз. «Олардың қаперіндегі «Біз кімбіз?» деген үлкен сұрақтың жауабы осы тақия трендінде жатқандай көрінеді»– дейді сарапшы. 


Ал саясаттанушы, медиа маманы, KPMG Central Asia компаниясының маркетинг директоры Данияр Қосназаров тақия трендін еліміздегі ірі қоғамдық өзгерістермен байланыстырады. «Тақия кию тренді еліміздегі өте маңызды әлеуметтік, экономикалық, саяси көріністерді айғақтайды. Бұл трендтің Украинадағы соғыс пен Қаңтар оқиғасына дейін басталғаны белгілі. Бірақ дәл осы жағдайлардан кейін тақия киетіндердің саны күрт артқанын байқаймыз. Тақия тек бас киім ретінде сыртқы атрибут болып көрінуі мүмкін. Алайда оның түпкі мағынасы қалалық, урбанизацияланған жастардағы терең ішкі ізденістің көрінісінде жатыр. Бір жағынан бұл жастардың жаһандық трендтерге ену үшін, ұлттық болмысының түп тамырын сезіну үшін әрі өзінің ұлттық бірегейлігін көрсетуден қорықпау үшін жасалған қадам тәрізді. Жастардың тақия киюге әуес болуы – олардың жеке ұлттық мәдениетті, ұлттық киімді, ішкі болмысын мойындайтынының белгісіндей. Бұл өте жақсы»– дейді Данияр. 



Данияр Қосназаров

Сарапшы қазақи элементтердің бүгінде кино, музыка саласына қарқынды еніп жатқанына назар аударады. Әсіресе, музыка индустриясынан бұл қатты көрінеді. Сол сияқты тақия да –  қазақ мәдениетіне қарай жасалған жалпы бұрылыстай. «Ал қазақ мәдениеті қазір әртүрлі жағынан толықсып, қайта жинақталып, өзгеріп, түрленіп жатыр. Біз оны барынша заманауи қылуға тырысып жатырмыз. Қазақ тілі де икемденіп, қарқынды даму үстінде екенін білеміз. Сондықтан біз қазір Қаңтар оқиғасы және Ураинадағы соғыстан кейін қазақ мәдениетіндегі ренессанс кезеңінің өтіп жатқанына сенемін»– деп, Данияр Қосназаров тұжырым жасайды. 


Сарапшы қалпақтардың көптеген мәдениетте маңызды рөл атқаратынын түсіндіреді. Оның айтуынша, бас киім тек күннен не желден қорғайтын атрибут қана емес, мәдениеттің, сәннің, эстетиканың айнасы. «Бұл жағынан тақия өте қолайлы деп ойлаймын: баста орнықты тұрады, киюге ыңғайлы әрі бүктеуге болады. Франция, Ұлыбританиядағы ірі әрі экстраваганттық қалпақтардай емес. Оның үстіне, тақия қозғалыс пен мобильдік бар жердегі урбанистік, өте қолайлы стильге оңай жараса кететін әрі адамды ерекшелеп қана қоймай, оның ішкі жай-күйінен хабар беретін секілді»– дейді Данияр. 


Следите за нами в интернете