«УНИВЕРСИТЕТТЕ НАМАЗ ОҚИСЫҢ БА ДЕП СҰРАП ЖАТЫР». БҰЛ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЗАҢДЫ?

19 ноября 2021 г. Молодежь, Права человека
Фото: unsplash.com

Жақында әлеуметтік желіде кей университетте намаз оқитын студенттер тізімін сұратып жатыр деген ақпарат тарады. Ал өткен аптада теріс ағымда болғанын мойындаған “Talim TV” телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек мектепке кездесуге барғанын жазды.  

Конституцияда зайырлы мемлекет екеніміз жазылған. Бұл дін мен мемлекеттің, дін мен тәрбие, білімнің бір-бірінен ажыратылғанын білдіреді. Діни тұлғалардың оқу орындарына барып, дәріс өткізуі қаншалықты заңды? Университет студенттің қай дінді ұстанатынын білуі тиіс пе? Ондай сұраққа студент жауап бермеуге құқылы ма? Осы оқиға жайлы студенттерден және мұның қаншалықты заңды екенін құқық қорғаушы Татьяна Чернобильден сұрап білдік. 

Құндыз Мұханғали

Арман (есімі өзгертілді) Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті. Айтуынша кураторы Whatsapp қосымшасындағы топқа хат жазып, группада намаз оқитындардың бар-жоғын сұраған:

«Старостаға тізім құрсын деген бұйрық берді. Біздің топта 2 намазхан  бала бар. Олар күмәнмен намазхан екенін айтты. Кейін студенттер арасында мұны неліктен сұрап жатыр деген сұрақтар туа бастады».


Кураторы факультетте жақын арада намазхана ашылатынын және оның көлемі намаз оқитын студенттердің санына орай болатынын айтқан. Дегенмен білім алушылар арасында “ЕҰУ-дан Сирияға кеткен студенттер көп болғандықтан, университет қауіпсіздік мақсатында намаз оқитындарды бақылауға алайын деп жатыр” деген сыбыс пайда болған.  

Нұргүл (есімі өзгертілді) Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың 5-курс студенті. Оның айтуынша, университет 2020 жылдың қарашасында студенттің діни ұстанымы жайлы сауалнама жүргізген. Мұнда студенттің аты-жөні, нақты қай дінді ұстанатыны, діни мейрамдарды атап өтетіні/өтпейтіні, дінге байланысты үгіт-насихатты байқағаны және намаз оқитыны жөнінде бірнеше сұрақ қойылған.   


«Сауалнаманы толтыру міндетті болмады. Студенттер бұған қатысты ешқандай шу көтеріп, қарсылық білдірмеді. Бірақ бірде университеттегі профессордың хижаб киген қыздан неліктен олай киінетінін сұрағаны есімде»- дейді Нұргүл.

Университет әкімшілігі діни үгіт-насихат байқаса, оларға хабарлауды сұраған. Нұргүлдің ойынша, сауалнаманы университет емес, қала әкімшілігі сұратқан. 

Болған оқиғаларға қатысты редакциямыз университет басшылығына хат жолдады. ЕҰУ әкімшілігі бұл ақпарат шындыққа жанаспайды десе, ҚазҰМУ Жастар саясаты басқармасының өкілі де университетте мұндай бағыттағы сауалнама жүргізілмеді, намаз оқитын студенттер тізімі де жасалмайды деп жауап берді. Құқық қорғаушы Татьяна Чернобильден студенттерді мазалайтын сұрақтардың жауабын білдік.

Университет намаз оқитыңызды білуі тиіс пе?

«Егер университет әкімшілігі студенттердің қай дінді ұстанатыны туралы деректер жинаса, бұл «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға қайшы. Мұнда «діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады» делінген (3-бап, 4). Яғни бұл зайырлы жоғарғы оқу орнының студенттердің діни ұстанымына араласа алмайтынын білдіреді.

Мұндай деректерді жинауды білім алушының діни ұстанымы үшін азаматтық құқығын шектеу деп бағалауға болады. Өйткені осы заң бойынша «әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» (3-бап, 6)».

Студент діни ұстанымын ешкімге айтпауға құқылы ма?

«Иә, студент өзінің діни ұстанымын және оған қатысты пікірін де жарияламауға құқылы. Конституцияның 19-бабында «Әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» делінген».

Университет имамдарды университетке лекция оқуға шақыра ала ма?

«Зайырлы жоғары оқу орындары өз мәртесебін сақтауы тиіс (зайырлы - мемлекет пен дін бөлек - ред). Осы аталған заңда көрсетілгендей, «білім беру мен тәрбилеу жүйесі діннен бөлінген».

Осы айда Мұхамеджан Тазабек өзінің Facebook парақшасында мектеп ұжымымен және оқушылармен де кездескені жайлы жазған. Ол атауы жақында “Talim TV” деп өзгерген рухани-ағарту бағытындағы “Асыл Арна” медиа компаниясын он жылдан астам уақыт басқарып келеді. Мұхамеджан мырза кездесуге “дінді уағыздау үшін емес, ұлттық тәрбие, патриоттық сезімдерді сергіту үшін!” бардым дейді. 

Айта кету керек, 2019 жылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «білім беру ұйымдарына кез келген адам келіп өзінің діни көзқарасы туралы айта алмайды»- деген еді».

Мұндай жағдайда студент не істей алады?

«Студент Білім және ғылым министрлігіне немесе жергілікті білім беру бөліміне жоғарыда айтылған заңдарға және Конституцияға сүйене отырып, арыз жаза алады. Осылайша университетте болып жатқан үдерісті тоқтатуды сұрай алады».

Следите за нами в интернете