21 қазан күні Қасым-Жомарт Тоқаев парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. 10 қарашада Парламент Мәжілісі депутатына үміткерлерді ұсыну басталады, сайлаудың өзі 10 қаңтарда өтеді. Президенттің айтуынша, оның заңға сай өтуін, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура тұрақты бақылау жүргізеді.
Ақерке Ораз
Жаңа сайлау науқанына бірқатар шаралар
қабылданды. Олардың ішінде:
·
Парламенттік оппозиция
институтын құру. Яғни, парламент мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы
мен екі хатшысы парламенттік оппозиция арасынан сайланады.
·
Партиялық тізімге әйелдер мен
жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді.
·
Мәслихаттар сайлауы алғаш рет
партиялық тізім бойынша өтеді.
Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы
заңның 3-бабының, 3-тармағында
азаматтардың сайлауға қатысуы еркін түрде жүзеге асырылатыны айтылған.
Демек, біреуді сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның
еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ.
Белсенді, Демократиялық партия құру
жөніндегі топтың бастамашысы Жанболат Мамай 14 қараша күні митинг ұйымдастырып,
алдағы өтетін сайлауға
бойкот жариялауға шақырды. Сонымен қатар Мамай саяси партиялар үшін тіркеу
цензін (шегін) 20 мыңнан 500 мүшеге дейін төмендету, сайлауға оппозияциялық
партиялар мен тәуелсіз кандитаттарға рұқсат беруді талап етті.
Дегенмен, тәуелсіз бақылаушылардың ойы
мүлдем басқаша. Олардың айтуынша, сайлауға бойкот жариялап, бюллетеньдерді бүлдіру
сайлау нәтижесіне еш әсер етпеуі мүмкін.
Бэлла Орынбетова — тәуелсіз бақылаушы, Baqylau.info жобасын құрушы
2015 жылы сайлаушылардың президент
сайлауына қатысу көрсеткіші 95,11%-ға жетті, ал 2016 жылы парламент сайлауына
77,1%, 2019 жылы президент сайлауына 77,4% сайлаушы қатысқан. Олар шынымен
дауыс беруге қатысты деп ойлайсыз ба? Қазақстанда сайлаушылар былтырғы
президенттік сайлауда ғана өте белсенді еді. Соның өзінде дәл мен бақылаушылық еткен
учаскеде қатысу белсенділігі 40%-дан аспады. Мұндай көпе-көрінеу алдау не үшін
керек? Саяси партияларды қаржыландыру ережесіне сәйкес, Парламент Мәжілісінде
өкілдік ететін саяси партияларға берілген әрбір сайлаушы дауысы үшін ең аз
жалақы мөлшерінің үш пайызы көлемінде қаржыландыру алады. Мәселен, ОСК
деректері бойынша, соңғы парламенттік сайлауда «Нұр Отан» партиясы 6 183 757
дауыс жинаған. Енді мұны АЕК (айлық есептік көрсеткішті) 3%-ға көбейтеміз. Одан
шыққан нәтижені партияға дауыс бергендердің санына көбейтсек 7 884 290 175
теңге шығады. Бұл — тек бір жылдық сома. Әлбетте, ол сіз бен біздің
салығымыздан жиналған бюджеттен алынады.
Бойкот жариялап, парламент сайлауына
қатыспау — әрине, сіздің құқығыңыз. Алайда сайлауға қатыспасаңыз, сіздің
бюллетеньді қолданып, бәрімізге белгілі партияның есебіне беріп жібереді.
Сондықтан бойкот жасауыңыз сайлауды бұрмалауға мүдделі тараптарды қуантпаса,
ренжітпейтіні анық. Біздің еліміздегі алты партия да формалды, қуыршақ партия
екені көбіне белгілі. Осы алты партияның тек үшеуі ғана парламентте өкілдік
етеді. Мүмкін қалған партияларға дауысыңызды беріп, олардың азуын өсіру я
атқарушы биліктің әдеттегі сценрийіне жол бермеуге тырысу керек шығар.
Өкінішке қарай, біздің бюллетеньде «барлығына
қарсы» деген баған жоқ. Егер бірде бір партияға дауыс бергіңіз келмесе, онда
бюллетеньді жарамсыз етуге болар еді. Алайда сіз дауыс беретін учаскеде
тәуелсіз бақылаушылардың болатынына, олардың дауыс санағына дейін учаскеден
шығарылып жібермейтініне, ал жарамсыз бюллетеньдердің «Нұр Отан» партиясының
бумасына қосылмасына ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан ең қауқарсыз
партияларға дауыс беру арқылы қарсылық білдірген әлдеқайда тиімдірек сияқты.
Бір партияға берілген дауысты ұрлау комиссия мүшелеріне қиынырақ түседі, оның
үстіне қазір өзге партиялардың бақылаушылары да қызу дайындалып жатыр.
Сондықтан олар тәуелсіз бақылаушылармен қатар тым болмағанда бір бөгде тарап
дауыстың ұрлануына қарсы болады.
Серік Зиятов — мұғалім, тәуелсіз
бақылаушы
Сайлауға байкот жариялаймын деген
азаматтардың пікіріне түсіністікпен қараймын. Олар ашынғаннан сондай қадамға
барамыз деп отыр. Бірақ сайлауды бақылаусыз қалдыруға болмайды. Себебі
қолданылмаған бюллетеньдер басқа партияға жазылуы мүмкін. Бойкот жариялаушылар
алдымен осыны ескерсе деймін.
Бюллетеньді бүлдірудің де пайдасы болмайды.
Себебі сайлау комиссиясы жарамай қалған бюллетеньдерді хаттамаға жазбай, оларды
басқа мақсатта қолдана алады. Оралдық бақылаушылардың тапсырмасымен мен бұдан
10 ай бұрын тәуелсіз бақылаушылар ұйымының концепциясын жаздым. Соның ішінде
бойкотты қалай жариялау керегін жазған едім. Сайлау әділ өту үшін бойкот
жариялап, тәуелсіз бақылау жасау керек.
Бойкотшылар базасын құру керек деп
ойлаймын. Ол жерге дауыс бермейтін азаматтар аты-жөнін жазып, тіркелуі керек. Әйтпесе,
қазіргі бойкоттан пайда жоқ. Сайлаудан кейін базадағы мәліметтер мен орталық
сайлау коммисиясы жариялаған деректерді салыстырып, әрі қарай жұмыс жалғасуы
қажет.
Айналамдағы адамдардың көбі бюллетеньді
бүлдіргісі келеді. Бірақ өздерінің ұстанымын ашық айтудан жасқанады.
Сондықтан сайлауға қарсы адамдардың бәрі бұл базаға тіркелмеуі мүмкін.
Нәтиже болу үшін сайлауда тәуелсіз
бақылаушы болуы керек. 2012 жылы Мәжіліс депуттатары сайлауында алғаш рет
бақылаушы болдым. Менің учаскемде тіркелген 2680 адамның 1600-ден астамы келді.
Сонда пайдаланылмаған 1000-нан астам бюллетень қалған еді. Мен соның барлығын
қидырып тастадым. Бұл — бір ғана учаскедегі жағдай. Сол жерде мен болмасам,
1000 бюллетень басқа партияға кетер еді. Ол үшін бақылаушы конституциялық заңда
көрсетілген құқығын жақсы білуі тиіс. Егер елдегі 10500 учаскені түгелдей
тәуелсіз бақылаушылармен қамтысақ, көп нәрсені өзгертуге болады.
Бойкот та — саяси қарсылықтың бір жолы.
Шетелде дауыс бермеген адамның саяси хақысы желінбейтіндіктен біздегідей бойкот
бір нәтиже беруі мүмкін. Алайда Қазақстанның жағдайында сайлауды бақылаусыз
қалдырып, бойкот жасау дұрыс емес.
Ғабдул-Ғани Әбутәліп — заңгер
Қазақстан заңнамасында бойкот туралы заң
болса да, сайлау нәтижесін бойкот жариялауға қатысты бап жоқ. Сайлауға
қатысу немесе қатыспау — әр адамның ерік білдіруі арқылы болатын әрекет. Сайлау
— адамның өз таңдауы. Қазақстан Республикасының конституциясының 33-ші бабында «Республика
азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын
сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға
құқығы бар» делінген.
Заңда «міндет» емес, «құқық» деген сөз қолданылғандықтан, сайлауға қатысу немесе қатыспау — еркін шешім. Сондықтан заң тұрғысынан бойкот жариялаудың ешқандай күші жоқ. Елімізде «заңсыз митинг» деген түсінік кіргізілген соң, бойкот жариялауға тыйым салуға қажеттілік туындамаған. Ал тыйым салу қажеттілігі туса да, Конституцияға өзгеріс енгізу қажет.