«Саясатқа қызығушылықтың астарында өз құқығыңызға деген жауапкершілік жатыр»

2 ноября 2020 г. Молодежь говорит

Қазақстан жастар ақпараттық қызметі «Жастар сөйлейді» айдарын жалғастырады. Келесі кейіпкер — тәуелсіз журналист, сценарист, «Оян, Қазақстан» қозғалысының белсендісі, «Тіл кеспек жоқ» YouTube-арнасының иесі мен Masa media сайтының негізін қалаушы Әсем Жапишева. Біз одан Қазақстанның қазіргі жағдайы, журналист болудың қиындығы, Қырғызстандағы көтеріліс жайлы сұрадық.

Жансая Алиева 

— Саясатқа қызығушылығыңыз қалай оянды?

— Кішкентай кезімнен бері саясатқа қызығамын. Оған себепші болған кісі — әкем. Күн сайын таңертең газет оқып, жаңалықтарды құр жібермейтін әкемнің арқасында саясатқа еріксіз ынтызар болдым. Ең алғаш төрт жасымда әріп тануды үйренгенде үйдегі газеттерді оқи бастадым. Cол шақта саясатпен қатар журналистикаға да қызығушылығым пайда болды. Кейін мектепте осы қызығушылығым саяси талқылаулардың қызған ортасы дебатқа алып келді. 13 жасымда мектептің газетін ашып, журналист болып жұмыс істей бастаған соң өмірімде саясаттың маңызы арта түсті. Себебі журналистикада саясат мәселесі бірінші орында тұрады. 

— Ел азаматтарының саясаттан хабары болуы қаншалықты маңызды?

— Өте маңызды. Көп адамның түсінігінше, саясат — биліктегі лауазымды адамдардың, халықаралық ұйымдардың атқаратын ісі. Өздеріне саясаттың тікелей қатысы жоқ деп қате ойлайды. Саясаттың қоғамдағы барлық адамға қатысы бар. Ол — күнделікті өміріміздің ажырамас бөлшегі. Университеттеті құқықтарыңыз, жұмыстағы міндеттеріңіз, төлейтін салықтарыңыздың барлығы саясатпен байланысты. Осы орайда дамыған Еуропа елдерінің, АҚШ-тың, Оңтүстік Корея азаматтарының саяси белсенділігіне қызыға қараймын. Олар жергілікті әкімдердің, депутаттардың әрекетін ұдайы назарға алып отырады. Жай бақылап қана қоймай, араласуға да тырысады. Мәселен, АҚШ-та үшінші қараша күні президент сайлауы өтпек. Сайлау науқанында ел әртістері  әлеуметтік желісінде «Сенің даусың маңызды, дауыс бер» деп посттар шығарып, халықты сайлауға баруға шақырып жатыр. АҚШ халқы да ел азаматы ретінде саясатқа араласу парызы екендігін жақсы түсінеді. 

Саясатқа қызығушылықтың астарында өз құқығыңызға деген жауапкершілік жатыр. Қазақстанда ел саясатына қызықпау арқылы құқықтарыңыздың қорғалмауына жағдай жасайсыз. Біздің мемлекет сондай: егер адамдардың өздері талап етпесе, олардың құқығы жөнді қорғалмайды. 

— Қоғам белсендісі, журналист үшін Қазақстанда тұру қаншалықты қиын?

— Сөз бостандығы шектелген, саясатқа белсене араласу қауіп тудыратын елде қоғам белсендісі, тәуелсіз журналист болу оңай емес. Бірақ билік қаржыландыратын медиада да қызмет атқару қиын. Онда үкіметтің жамандығын жасырып, жақсылығын арттыруға тура келеді. Жақында «Азаттық» сайтында мемлекеттік телеарналарда он бес жылдан аса уақыт тілші болған бір журналистің сұхбаты шықты. Онда журналист биліктің мүддесін бірінші орынға қоятын арнада жоқты бардай етіп хабалау ар-ожданына үлкен сын болғанын айтады. 

Менің қиыншылығым бөлек. Жолымда бопсалау, қорқыту, жала жабу жиі кездеседі. Осы жылы бір-екі рет мені заңсыз ұстады. Былтыр жазда полицейлер мен жоқта үйіме келіп, заңсыз тінту жүргізген. Кейін көршілеріме барып, мен туралы қайта-қайта сұрастырған екен. Кейде бейтаныс адамдар сырттай бақылап жүреді. Бірақ оның барлығы мені тоқтатпайды. 

— Қандай заң жобасының бірінші іске асқанын қалайсыз? 

—  Қандай да бір заң жобасының іске асуынан гөрі керісінше кейбір заңдардың жойылғанын қалаймын. Конституциямызда демократиялық нормаларға сай емес біраз заң бар. Әсіресе, ҚР-ның қылмыстық кодексінің араздықты қоздыру жөніндегі 174-бабының зияны көп. Кейінгі жылдары бұл баптың айыбымен көптеген саяси белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, кейбіреулері жазықсыз түрмеде отыр. Сонымен қатар, 174-бап азаматтардың сөз бостандығын қатты шектейді. Журналистердің емін-еркін жұмыс істеуіне кедегі жасайтын тағы он шақты бап бар. Солардың барлығын алып тастар ем. 

Дегенмен еліміздегі жағдайды оңалту үшін заңдарды өзгерту жеткіліксіз. Жүйені түбегейлі өзгертетін саяси реформалар қажет. Мемлекет халық алдындағы міндеттеріне деген қөзқарасын өзгертуі керек. Себебі еліміздегі шенеуніктер өзін халық алдында парызбын деп санамайды. 

— Телеграм арнаңызда «Егер мен елімді бір ғана сұмдық нәрседен арылта алсам, сөзсіз ол жеке басқа табыну болар еді» деп жазыпсыз. Неге алдымен жеке басқа табынудан арылғыңыз келеді? Ол несімен қауіпті?

— Жеке басқа табыну тек біздің елде емес, посткеңестік елдердің біразында қалыптасқан. Қазақстандағы жеке басқа табынушылықтың деңгейі жоғары. Оған дәлел —  Назарбаевқа арналған ескерткіштер, музей; қалалардағы бас көшелердің атын Назарбаев деп өзгерту; астананың атын Нұр-Сұлтанға ауыстыру; Назарбаевтану пәнінің шығуы. Айта берсең көп. Сөйте тұра жеке басқа табынудың ең зиян жағы бұл емес. Оның басты қаупі —  адамдарды ел саясатына немқұрайлы қарауға тәрбиелеуі. Елдің ішінде тірі құдайдың болуы адамдардың бостандыққа құлшынысын таптайды. Азаматтар «біз ештеңе шеше алмаймыз, қарсы шығуға құқығымыз жоқ. Елдің тағдыры — құдайдың қолында» деп ойлап, бәріне үн-түнсіз көне береді.  

Бұл билікте отырған адамның халықтың қалауымен санаспай өз дегенін істеуіне мүмкіндік береді. Ақша ұрлай ма, саяси қарсыластарын түрмеге жаба ма — өз еркі. Осы себептерге байланысты елде жеке басқа табынушылық жойылса деймін. Тіпті, мен елде парламенттік басқару жүйесі болғанын қалаймын. Халық мүддесіне парламенттік басқару сай келетін сияқты. 

— «Оян Қазақстан» қозғалысының құрылғанына бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында үкімет қозғалыс үнін ести алды ма ? 

— Меніңше, біздің наразылығымызды, тілегімізді үкімет естіді. Бірақ оларды жүзеге асырғысы келмей, үнді өшіруге тырысып жатыр. Сондағы тапқан айласы — өтірік саяси реформалар. Алғашқы уақытта «енді митингіге рұқсат сұрамай, шыға аласыздар» деп уәде берді. Бірақ уәдесі соңында кезекті манипуляция болып шықты. Жаңа заң бойынша, митинг жайлы енді алдын-ала ескерту керек болғанымен, іс жүзінде бәрібір рұқсат ретінде қала берді. 

Саяси партиялар туралы заңның өзгеруі де еш нәтиже бермеді. Партияны тіркеу үшін қажетті дауыс санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайтуынан айтарлықтай пайда жоқ. Себебі 18 миллион халқы бар ел үшін 20 мыңның өзі көп. Бірақ мәселе тек қажетті қолды жинауда емес. Үкімет партиялардың жұмысына кедергі келтіруін тоқтатар емес. Оны «Демократиялық партия» құрғысы келіп жүрген Жанболат Мамайдың, партия жақтастарының үнемі әкімшілік қысымға тап болатынынан көріп жүрміз. Ал «Наше право» партиясын құрғысы келген азаматтық белсенді Санавар Закирова қазір түрмеде отыр.

— Қырғыстанда революция болғанда еліміздің кей азаматтары «біз де сөйтуіміз керек еді, қырғыздар жарады» деп жатты. Бұл жайлы не ойлайсыз?

— Қырғыздардың кезекті әділетсіздікке наразылық білдіруі мақтауға тұрарлық. Дегенмен Қырғыстандағы жағдай біздің елдегі жағдайға қарағанда өзгеше екенін түсінуіміз керек. Біріншіден, Қырғыстанның аумағы Қазақстан аумағымен салыстырғанда кішірек. Сәйкесінше, халқының саны да аз — алты жарым миллион. Олардың ішкі бөлінісі қатаң болғасын,  аймақ аралық қақтығыс жиі болып тұрады. Бізде батыс мен оңтүстіктегі қала тұрғындары бір-бірімен қақтығысып, азаматтық соғысқа бармайды. Одан бөлек Қырғыстан билігінде криминалды құрылым кең таралған. Өзге елдің ерекшеліктерін ескерместен, «біз де көтеріліс жасауымыз керек» деп тікелей сол сценарийдің қайталануын қалауға болмайды. Қазақстанда революция болғанның өзінде оқиға басқаша дамитын еді. Себебі біздің азаматтық қоғамымыз, оның менталитеті, саяси ахуалымыз басқаша. Біз әділдікке жеткізер өз жолымызды табуымыз керек. 

— Сонда біз әділдікке қалай қол жеткізе аламыз? 

— Бұл сұрақ мені біраз толғандырды. Түсінгенім, бізді әділдікке жеткізетін жалғыз жол — білім. Мектептегі білімді меңзеп тұрған жоқпын. Бірақ ондағы білімнің сапасы да мәз емес. Бұл жердегі білім — азаматтардың  өз құқықтары мен ел заңдарынан хабардар болуы. Қазір халыққа саяси сана-сезіммен астасқан осы білім жетіспей тұр. Осының кесірінен көп адам «Мен елді демократияландыра алмаймын. Бұл мәселемен үкімет айналыссын» деген жаңа өзгеріске құлықсыз пікірді ұстанады. Сондықтан мен де Алашордашылар секілді халықты ағарту жұмысымен айналысып жүрмін. 2015 жылы достарыммен оқушыларға арналған «Ойла» деген ғылыми журналды жарыққа шығардық. Осы жылы Айсана Әшіммен бірігіп адамдарға саясатты егжей-тегжейлі түсіндіретін Masa Media-ны аштық. Халық елдегі болып жатқан кез келген оқиғаларға бейжай қарамай, үнін үздіксіз шығара бергенде ғана әділдікке қол жеткізерімізге сенемін. 

— Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Беларусьтегі көтеріліс жайындағы сұхбатында «Тихановская сияқты халықты біріктіретін күш пен символ керек. Ол болмаса, ортақ күш ретінде күрес ашқан оппозиция да, қазіргі бейбіт наразылықтар да болмас еді» деді. Оның бұл сөзі туралы не ойлайсыз?

Бір жағынан оның сөзіне келісемін. Себебі біз бір ел бола тұра, ішінара ұлтқа, руға, жерге, тілге байланысты қатты бөлінеміз. Оппозицияның ішінде де айтарлықтай бөлініс бар. Сондықтан Беларустьтегідей біртұтас халық ретінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару қиын. Бірақ біріге алмауымыздың басты себебі тек Тихоновская сияқты ортақ күштің жоқтығында емес. Биліктің жақсы жүргізіп отырған «бөліп ал да, билей бер» саясатының кесірінен ұйымдаса алмай жүрміз. Беларусьте Лукашенко ел ішіне ірікті салмады, сол себепті халық та, оппозиция да біріге алды. 

— Бір емес, бірнеше істі қатар алып жүрсіз. Қарбалас күн тәртібінде қалай эмоционалдық күйреуге төтеп бересіз? 

— Қазір менің басшылық ететін төрт жобам бар. Одан басқа белсенділік жұмыстарым да бар. Таңғы алтыда басталатын күнім түнгі 12-ге жақын бітеді. Кейде қатты шаршап, бәріне қолымды бір сілтегім келетін кездер болады. Апатияға бой бермес үшін жақсы әдеттер қалыптастырдым. Біріншісі — спорт. Адамның көңіл-күйіне денсаулығының жағдайы тікелей әсер етеді. Сондықтан аптасына бірнеше рет спортпен айналысып, медитация жасаймын. Сонымен бірге, психологтың көмегіне жүгініп отырамын. Жұмысым көп болғанына қарамастан, толық бір күнімді демалысқа арнауға тырысамын. Ол күні мен жұмысқа байланысты хабарламаларға жауап бермеймін. Тауға шығамын, достарыммен кездесемін не үйде болып, үй шаруасымен айналысамын. 

Өзімді жақсы сезінуге мүмкіндік беретін тағы бір нәрсе — күнделікті жоспар. Ол прогрессімді қадағалап отыруға көмектеседі. Әр аптаның соңында келесі аптада бітіруім керек істерді белгілеп, жоспар құрамын. Жартыжылға арналған ауқымды жоспарларым да бар. Апталық жоспарларды құрғанда жартыжылда іске асыруым керек мақсаттарды бағдарға аламын. 

— Өзіңізге кімдерді үлгі тұтасыз?

— Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зияткерлерін үлгі тұтамын. Олардың күрес жолымен, шығармашылығымен жасөспірім шағымда таныстым.  Сол кезде ел тәуелсіздігі үшін жасаған еңбектері мені бейжай қалдырмай, «Солардың жолын қуып, елге пайдамды тигіземін» деген арманға жетеледі.  Міне, қазір сол арманымды орындап жатырмын. Сөйте тұра мен өзімді олармен салыстырмаймын. Олардың ісінің масштабы әлдеқайда үлкен болды. Жақында ашқан медиа порталдың Masa деп аталуы алаш зияткерлерімен байланысты. Маса —  Ахмет Байтұрсыновтың қалың ел қазағын ұйқыдан оятсам деген мақсатынан туған бейне. Masa Media да халықтың құлағына ызыңдап, олардың саяси белсенді болуға үндейді.

— Жастарға қандай кеңес бересіз?

— Қателік жасаудан қорықпаңыз. Біз дүниге өмірді тануға келеміз. Танудың барысында шалыс қадамдар басуыңыз заңды. Бастысы қателіктен сабақ алып, алға жылжи білуіңіз маңызды. Екіншіден, жүрегіңіз қаламайтын, өзіңіз сенбейтін нәрселерді жасамаңыз. Әйтпесе, орта жасқа келгенде өкініп қалуыңыз мүмкін. Бір істі қолға алмастан бұрын жүрегіңіздің үніне құлақ түріңіз. Сайып келгенде, өмір біреу екенін ұмытпасаңыз болғаны. Ел алдындағы азаматтық парызыңызды өтеп, белсенді болыңыз. Елдің болашағы — жастардың қолында. Тарих бетінде АҚШ, Қытай, Ресей сынды алпауыт мемлекеттер қана емес, Қазақстанның да қалуына сіздер әсер ете аласыздар. 

— Болашаққа қандай жоспарлаңыз бар? 

— Көп жоспарым бар. Менің жоспарларым бітпейді. Бірақ олар туралы айтқым келмейді. Себебі жүзеге аспай қала ма деп уайымдаймын. Алдын-ала айтылып, орындалмаған іске қарағанда жария етілмей жүзеге асқан істі дұрыс санаймын. Сондықтан ойға алған қандай да бір жоспарым орындалғанда ғана өзгелерді хабардар етемін. Бірден іске асқан жобаны көргенде адамдардың реакциясы да басқаша болады.     

Следите за нами в интернете