«БАҚ туралы» заңның кемшіліктері қандай: «Ашық Парламент» жобасына қатысушының пікірі

3 июня 2022 г. Участие

МИСК және ЕҚЫҰ-ның «Ашық Парламент» жобасы аясында  азаматтық бастама өкілдері заң жобаларына, оның ішінде «БАҚ туралы» заңға ұсыныстар жасады. Біздің сарапшылар түрлі заң жобасына қатысты пікір білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Солардың бірі — factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақов. Ол «БАҚ туралы» заңның кемшін тұстарына тоқталған.

«Covid-19 пандемиясы, Қаңтар оқиғасы, Украинадағы соғыс, еліміздегі сайлаулар, бұлардың барлығында байқалатын ортақ нәрсе — қолданыстағы «БАҚ туралы» заңның тиімсіздігі. Бұл заң журналистің құқығын қорғағаннан гөрі, оған көбірек жауапкершілік артады. Еркін жұмыс істеуімізге, ақпаратты еркін алып, еркін таратуымызға кедергі келтіреді.  Мысалы, қазіргі заң мемлекеттік қызметкерлердің журналист сауалына кешіктіре жауап беруіне мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ мемлекет медианың БАҚ ретінде тіркелуі, оның есебі, тілдік баланс сақтауы, оқырман алдындағы жауапкершілігі, т.б. жауапкершіліктерді БАҚ-қа жүктеп қойған. Бірақ мемлекеттің жауапкершілігі қарастырылмаған. БАҚ қызметкерінің жұмысына кедергі келтіруге қатысты қылмыстық жауапкершіліктің бары рас, бірақ тәжірибеде қолданылғаны өте сирек. 

«БАҚ туралы» заңды түбегейлі жойып, орнына жаңа заң қабылдау керек деп есептеймін. Дамыған елдердің біразында «БАҚ туралы» заң тіпті жоқ, осыны ескеріп, уақыт өте келе бұл заңды мүлде алып тастауға да болады.

Депутаттармен кездесуде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды жойып, оның орнына «Сөз бостандығына кепілдік беру туралы» жаңа заң қабылдауды ұсындым. Мен ұсынған жаңа заң медиа алдындағы мемлекет жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жеке ұсынысым емес, бірнеше тәуелсіз ұйымның бірге жасаған ұсынысы. Алдағы уақытта ол жайлы кеңірек айтармыз», — дейді Думан Смақов.


Следите за нами в интернете