Жағдаят: Референдумда бақылаушы болуға шақырды, осы үшін ақша төлейміз деді. Не істеуім керек?

photo: canva

Жақында Алматыдағы университет студенттерін референдумда бақылаушы болуға шақырып жатқаны жайлы ақпарат тарады. Медиада тараған хабарға сенсек, бақылаушы болғаны үшін ақша да төленеді екен. Мұндай жағдайда не істеуге болатынын түсіндіреміз.

Оразай Қыдырбаев

Біреу мені референдумға қатысуға мәжбүрлей ала ма?

Біріншіден, ешкім ешкімді референдумға қатысуға немесе бақылаушы болуға мәжбүрлей алмайды. Референдумда бақылаушы болу тақырыбына сәлден кейін ораламыз. Алдымен референдумға қатысу немесе қатыспау құқығына тоқтала кетейік.

«Республикалық Референдум туралы» Конституциялық заңның 4-бабында азаматтардың референдумға өз ықтиярымен қатысатыны, ал осы заңның 5-бабында референдумға қатысу құқығын шектеуге болмайтыны жазылған. Көп жағдайда ЖОО басшылығы мен қала әкімдігі студенттерді жатақханадан шығару, төмен баға қою, стипендиядан айыру, оқудан шығару сияқты істермен бопсалап, сайлау мен референдумға қатысуға, тіпті кей жағдайда біреуге дауыс беруге мәжбүрлеп жатады. Бұлай мәжбүрлеу — қылмыс. Осындай жағдайға тап болсаңыз, Қылмыстық Кодекстің 150-бабына сүйене отырып құқығыңызды қорғай аласыз.

Референдумға қатысуды, бланкідегі жауапты фотоға түсіріп есеп беруді талап етсе не істеу керек?

Адвокат Назерке Ризабекова мынадай кеңес береді: ең алдымен бұзушылық фактілерін аудио, фото, видео көмегімен жазып алу. Бұл мүмкін болмаса, басқа студенттермен/әріптестеріңізбен бірге құқығыңызды бұзу туралы ұжымдық акт жасап, актіні мына ұйымдарға жолдау:

-       өз ұйымыңыздың басшылығына;

-       ҚР Білім және Ғылым министрлігіне;

-       Полицияға.

Мемлекеттік органдарға шағымды egov.kz порталындағы «Электрондық өтініштер» бөлімі арқылы ЭЦҚ көмегімен немесе қағаз түрінде беруге болады. Есіңізде болсын, мемлекеттік органдар өтінішіңізді тіркеуге және оған нөмір беруге міндетті.

Құқықбұзушылыққа байланысты консультация алу немесе шағымды дұрыс толтыру мәселесімен біздің заңгерлік қызметке хабарласа аласыз: +7-707-444-19-35

Мынаны да ұмытпаңыз: референдумға қатысуға мәжбүрлеу — құқық бұзушылық. Референдумда қандай таңдау жасағаныңызды көрсетуін талап ету — құқық бұзушылық.

Бақылаушы болуға ұсыныс жасады. Не істеуім керек?

Бақылаушы боласыз ба, болмайсыз ба — бұл өз еркіңізде. Сізді мәжбүрлеп бақылаушы қылуға ешкімнің құқығы жоқ. Шын мәнінде, бақылаушы болу — өте жақсы іс. Сайлау мен референдумды бақылай отырып, сіз оның әділ әрі таза өтуіне үлес қосасыз. Сондай-ақ азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне куә болып, саяси сауатыңызды арттырасыз. Бірақ, бұл тұста бір бірақ бар…

Тәуелсіз бақылаушылар vs «Билікшіл» бақылаушылар

«Бір біраққа» тоқталмас бұрын, осыған дейінгі сайлауларда байқалған бақылаушы типтерін түсіндіре кеткіміз келеді. Қазақстандағы бақылаушыларды бірнеше топқа бөлуге болады: тәуелсіз бақылаушылар, партияның бақылаушылары, билікшіл бақылаушылар, т.б.

2019 жылғы президент сайлауы мен 2021 жылғы Парламент сайлауында болған жағдайларға назар аудара отырып, бақылаушы куәлігімен учаскеге келетін адамдарды былай сипаттауға болады:

 

Тәуелсіз бақылаушылар: сайлау мен референдумның әділ өтуіне атсалысады, сайлау процесін бастан-аяқ бақылайды, сайлау комиссиясының заң бұзу фактілерін тіркеп отырады. Мұндай бақылаушылар тәуелсіз бақылаушылар дайындайтын ұйымдардың арнайы даярлығынан өтіп, бақылау жүргізеді. Кейін бақылау нәтижесін мемлекеттік, қоғамдық және халықаралық ұйымдарға ұсынып, есеп дайындайды. Олардың есебі қоғамның барлық мүшесіне ашық болады. Мысалы, біздің жобамыз —  «Жас сайлаушылар лигасының» бірнеше жылдық есебімен кез келген адам еркін таныса алады.  Тәуелсіз бақылаушылар үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамнан қаржыланады.

Саяси партияның бақылаушылары: өзі мүше саяси партияның ұстанымы мен мүддесіне сай бақылау жүргізеді. Бұлардың кейбірі сайлау мен референдумның заңға сай өтуін қолдаса, кейбірі құқықбұзушылықтарға көз жұма қарайды.

    «Билікшіл» бақылаушылар: Бақылаушылардың бұл тобы әдетте үкіметтік ұйымдардан қаржыланады. «Билікшіл» бақылаушы дайындайтын ұйымдардың кейбірі өзін тәуелсіз деп таныстырғанымен, сайлау мен референдум кезіндегі әрекеті тәуелсіз бақылаушылардың әрекетіне еш ұқсамайды. «Билікшіл» бақылаушылар көп жағдайда сайлау мен референдумдағы әділетсіздікке көз жұма қарайды. Учаскеде бәрі заңға сай өтті деп куәгерлік жасайды, сайлау комиссиясы толтырған хаттаманы мақұлдап есеп береді.

Тәуелсіз бақылаушы Ғалымжан Оразымбет қазіргі уақытта билікке сенім азайғанын, сайлау мен референдумның әділ өтетініне көпшілік сенбейтінін айтады. Оның пікірінше, билік құрылымдары кейінгі жылдары халықты сайлау нәтижесіне сендіріп, тәуелсіз бақылаушылармен күресу үшін билікшіл бақылаушыларды пайдалана бастаған. Өзін «тәуелсіз» деп таныстыратын мұндай бақылаушылар референдум кезіндегі құқықбұзушылықтарға көз жұма қарап, референдумның бұрмаланған нәтижесін растайтын есептер беруі мүмкін.

Сайлау мен референдумда бақылаушы болған жақсы. Бірақ «билікшіл» бақылаушы болған жаман. Егер сізді бақылаушы болуға шақырса, қандай ұйым шақырғанын, ол ұйым қайдан қаржыланатынын, ол ұйымның негізгі құндылықтары қандай екенін біліп алыңыз. Сонымен қатар, «Референдум туралы»  және «Сайлау туралы» заңдармен танысыңыз. Егер сізге ұсынған ақшаның қайтарымы ретінде учаскедегі заңсыздықтарға көз жұма қарауды, сайлау комиссиясы шығарған референдум қорытындысын мақұлдауды, референдум әділ өтті деп біржақты есеп жазуды талап етсе, мұндай бақылаушы ұйымдарына жоламаған жөн. Тәуелсіз әрі бейтарап бақылаушы ұйымдар мұндай талап қоймайды.


Следите за нами в интернете