ҚЖАҚ ұйымының атынан осымен үшінші рет тәуелсіз бақылаушы болған Абылай Әділханов әлеуметтік желі парақшасына осылай жазды. Ол бұрынырақта Ақтау және Нұр-Сұлтандағы учаскелерде президент және парламент сайлауларында бақылаушы болған. Абылай биылғы референдумның қалай өткені жайлы ой бөлісті.
Құндыз Мұханғали
Абылай биыл да Ақтаудағы 25-сайлау учаскесінде бақылаушы болды. Учаске мектептің спорт залында орналасқан. Айтуынша, былтырғы төраға да өзгермеген:
«Таңертең 6.30-да келдім. Өрескел заңбұзушылықтар болмады. Бой жазып жүрейін дегенімде, линиядан шықпа деп 1-2 рет ескерту жасады. Менің мақсатым жәшікке артық бюллетеньдер салмауын қадағалау болған соң, кешкі 8-ге дейін учаскеден бір минутқа да шықпадым».
Абылайдан бөлек, кәсіподақтан және «Аманат» партиясынан бақылаушылар болған. Алайда олар сайлау қорытындысын күтпестен, 20:00-де кетіп қалған. Сайлау уақыты аяқталған соң комиссия есікті жауып, жәшіктерді ашпақшы болды:
«Ереже бойынша бірінші қолданылмаған бюллетеньдерді санап, шетін қию керектігін айттым. Ол құлақ асып тыңдады, бюллетень шетін қиды. Бірақ санын сұрағанда кейін айтамыз деп, соңында үнсіз қалды».
Жәшік ашылды. Абылай отырған жерден он шақты метрде санақ жүргізілген. Қағаз беті көрінбегендіктен, жақынырақ баруды сұрағанда, оған сызықтан шықпауды ескерткен. «Сайлау туралы» заңның 43-бабына сәйкес, бақылаушылар бюллетеньдегі белгіні көретіндей қашықтықта болуы керек. Абылай заңға сілтеме жасағанымен, оны есепке алмаған:
«Сіз міндеттісіз деп қысым көрсеткенім жоқ. Әйтпесе «сайлауға кедергі келтіріп жатыр» деп шығарып жіберер деп ойладым. Шамамен 21:00-де бір санады, бірақ нәтижесін айтпады. Төраға дұрыс емес деген соң, қайтадан санады. Бәлкім, менің кетуімді күтті ме, осы сәтте жартысы далаға, кейбіреуі дүкенге шығып кетті».
Сағат 22:30-23:00-де учаскенің сайлау нәтижесі шықпаған. 23:30-да комиссия тағы бір санап, Абылайға протоколдың көшірмесін берді:
«Сол кезде ғана мен сандарды көрдім. Кішкентай жеңісім – мен санаған келушілер саны мен протоколдағы сан сәйкес келді. Күні бойы шамамен 550 адам келді деп отырғам, олар 560-тай деп жазыпты. Бірақ менің санағым бойынша «қарсымын» деген бюллетеньдер жүзден асатын, олар 60-70 депті».
Жоғарыдағы 43-бап бойынша, комиссия төрағасы немесе мүшесі бюллетень санау кезінде барлық қатысушыға оны көрсетуі керек. Яғни бақылаушы қағаздағы «келісемін» және «қарсымын» деген белгілерді көре алуы тиіс. Мұнан соң Абылайға протоколдың көшірмесі берілген:
«Протокол болмаса, 24 сағаттық жұмысым босқа кетті деген сөз. Биыл комиссия мүшелерінің қолы қойылған көшірмені берді. Заң бойынша, сенімді көшірме, хатшының қолы және мөр болуы керектігін айттым».
Абылай бірнеше рет протоколға мөр басуды сұраса да, көшірмесіне комиссия төрағасы мен хатшысы қол қойып қана берген. Өткен жылы «мөр жоқ» деп айтса, биыл мөр комиссияның алдында жатқан. Абылай «мөр соғудан бас тартты деп акт толтырамын» дегенімен, комиссия қол қойып бермеген:
«Осы сәтте екі учаскелік полицейден заң сақталуын сұрағанымда, олар бір-біріне қарап, «біз не істей аламыз?» деді. Былтыр олардың(комиссия мүшелері - ред) әділетсіздік жасауын қиындаттым, мүмкін келесіде олай істемейтін шығар деп оларды өзім үшін ақтап алатынмын. Биыл бұл жағдай қайталанды».
Абылай бақылаушы болған мектептің ішінде тағы бір учаске - 24-учаске болған. Ол мектептің дәлізінде орналасқан. Абылайдың айтуынша, онда былтыр да, биыл да тәуелсіз бақылаушы болмаған, сағат 20:30-21:00 шамасында референдумның алдын-ала нәтижесі шыққан.
25-учаскеге келіп дауыс берушілер саны Абылайдың санағы бойынша, 25-30 пайыздай болды. Жалпы тіркелген адам саны – 2463. Орталық референдум комиссиясының 5 маусым күні кеште шығарған нәтижесіне сәйкес, Маңғыстау облысындағы келушілер саны 61 пайыздай болды.
Абылай президент сайлауы кезінде елордада бақылаған учаскесінде ереже сақталғанын атап өтті. Ал Ақтаудағы бақылау тәжірибесінің екеуінде де жоғарыдағы қателер орын алған. Бұған қарамастан Абылай бақылаушы болуды жалғастыратынын айтады:
«Ызыланғаным, заң бар, соны шығарып, көрсетіп жүрдім. Ешкім оған назар аудармады. Заңның орындалуы ешкімге керек емес пе деп қапаландым. Жақсы күндерге үміттенемін. Бәріне айтамын бақылаушы болу – менің хоббиім деп. Бұйырса, боламыз».