28 қыркүйек - бүкіләлемдік ақпаратқа қол жеткізу күні. Бұл күн UNESCO-ның ұсынысымен бекітіліп, 2015 жылдан бері халықаралық деңгейде аталып келеді. Мақсаты - азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын қорғап, осыған қатысты мәселелерді талқылау. Осы күнге орай ҚЖАҚ шағын тест дайындады. Тестілеуден өтіп, ақпаратқа қол жеткізу құқығын қаншалықты жақсы пайдаланатыныңызды біле жүріңіз.
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы бойынша, әлемдегі кез келген адам ақпаратты еркін іздеп, еркін таратуға құқылы. Қазақстан Конституциясы да ақпаратты еркін алып, еркін таратуға кепілдік береді. Әлемнің 130-ға жуық мемлекетінде ақпаратқа қол жеткізу жайлы заң қабылданған, бұлардың ішінде Қазақстан да бар.
Тестілеуді бастамас бұрын, мына сұраққа жауап бергіміз келеді: ақпаратқа қол жеткізу құқығы дегеніміз не және ол неліктен маңызды? Ақпаратқа қол жеткізу құқығы - азаматтардың мемлекетпен байланысты мекемелер иелігіндегі ақпаратты алу мүмкіндігі. Бұл құқық аясында:
азаматтар қажет ақпаратқа қол жеткізе алады, ақпаратты сұрай алады
мемлекет ақпаратты ұсынып, жариялауға міндеттеледі.
Азаматтар ақпаратқа қол жеткізіп, қоғамдық пікірталастарға қатысады, дұрыс таңдау жасап, дауыс береді. Билік өкілдерімен байланыс орнатып, өзара әрекеттесуге мүмкіндік алады. Мысалы, елдегі жұмыссыздық деңгейі жайлы ақпаратты білмей, жұмыссыздықпен күрес нәтижесі жайлы ештеңе айта алмаймыз.
Ақпаратқа қол жеткізу - атқарушы биліктің есептілік пен ашықтығын арттырады, жемқорлық істерін анықтауға көмектеседі. Міне, бұл құқық бізге осындай мүмкіндіктер сыйлайды. Ал сіз ақпаратқа қол жеткізу құқығыңызды қаншалықты білесіз және пайдаланасыз? Жауабын білу үшін тестілеуден өтіңіз.