Аймақтағы жастар: Қостанайдың жас тұрғыны облысы туралы не дейді?

31 мая 2021 г. Общество, Молодежь

Қазақстан жастарының ақпараттық қызметі «Аймақтағы жастар» айдарын жалғастырады. Бірінші бөлімде біз Қазақстанның батысында тұратын жастармен сұхбаттасып, өңірдің хал-ахуалына қанық болған едік. Осы жолы біз Қостанай облысындағы Қамажайдан сұхбат алып, солтүстіктегі елді мекеннің жағдайын білдік. 

Дисклеймер: Кейіпкердің пікірі редакция пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін


Қамажай Бермағамбетова, 23 жаста

Мен Қостанайдағы Америкалық бұрыштың координаторы және облыстық кітапханашылар қауымдастығының төрағасымын. Әрдайым жақсылық жасауға тырысамын. Менің түсінігімдегі жақсылық әділдік, теңдік және қоғамның дамуы. Осы мақсатта қаламызда бірінші болып әйелдерге арналған Wonder Woman атты клуб аштым. Қазір табысты адамдар клубы COOl деп өзгерді. Сайлауларда бақылаушымын және бақылаушыларды дайындаймын.

Қостанай облысының ерекшеліктері қандай? 

Облысымыз тыныш және жайлы. Қостанайдағы халық саны шамамен 250 мыңдай. Қала шағын болғасын адамдар мемлекеттік мекемелерде, отырыстарда бір-бірін танып жатады. Облыстың Ресеймен байланысы тығыз. Көбінің туыстары Челябинск не Орынбор облыстарында тұрады. Солтүстіктің Петропавл, Павлодар, Көкшетау қалаларындағыдай бізде де халықтың басым бөлігі орыс тілінде сөйлейді. Дегенмен қазақтардың саны орыстармен шамалас. 

Бәрі білетін «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы Қостанайда орналасқан. Бұдан бөлек, Украинадан соғыс жылдарында көшірілген «Большевичка» атты тігін фабрикасы, ауыл шаруашылық техникасын шығаратын АО «АгромашХолдинг KZ» кәсіпорыны бар. 

Баяғыдан бері Қостанай еліміздің негізгі астық қоймасы саналады. Біздің астығымыз ел ішін ғана емес, Ресейді де тамақтандырады. 

Өңірдің қандай мәселелері бар? 

Қостанай Қазақстанның ең таза қалаларының бірі болғанымен, бүгінде Тобыл өзеніне үлкен экологиялық қауіп төніп тұр. Өзен құрғап, жылдан-жылға батпақтанып жатыр. Ауыл шаруашылығы өзен суын керегінше пайдаланып, жанында мал жайылады. Не мемлекет, не халық Тобылды тазалаумен айналыспайды. 

Пандемия кезінде қатты білінген тағы бір мәселе — алыс аудандардың интернетке қосыла алмауы. Ауылда жұмыс істейтін таныстарым интернет желісіне қосылу үшін арнайы орындарға барып, әбігерге түсіп жүреді. Осы себептен пандемияда көп студент қалада қалуды ұйғарды. Бұл біздің облыстың ғана емес, жалпы елге ортақ өзекті мәселе деп ойлаймын. 

Облыста қандай мамандықтар сұранысқа ие? 

Облысымызға бірінші кезекте мұғалімдер және дәрігерлер, сосын мемлекеттік қызметерлер жетіспейді. Мектептерде ұзақ уақыттан бері жүрген мұғалімдер қазір зейнетке шығып жатыр. Ал университет бітірген мұғалім жастардың көбі мектепте тұрақтап қалмайды. Осы себептерге байланысты мұғалімдерге сұраныс бар. Бірақ қалаға қарағанда, оларға ауыл мектептері зәру. Әдетте қала мектептерінде бос орын табылмайды. 

Өңірдегі жастар көбінесе қандай мамандық таңдайды? 

Байқағанымдай, біраз мектеп түлектері заңгер, экономист, машиналық білім, IT мамандықтарын таңдайды. Көбінесе Алматы, Астана, Қарағанды қалаларына оқуға кетеді. Шетелде оқуға мүмкіндік болса, Болгария, Польша, Чехияға кетуге тырысады. 


– Жастардың жұмысқа тұру мәселесі қандай деңгейде?

Біраз жұмыс орны кем дегенде үш жыл жұмыс өтілін талап етеді. Оқуын енді тәмәмдаған жастарға да бұл талап қойылады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасын бәрі пайдаланбайды. Кейбірі ауылға барғысы келмейді, кейбірі мамандығын ауыстырады, ал кейбіреуі не істерін білмейді.

Жалпы, университет бітіргесін өз мамандығы бойынша қызмет ететін жас аз. Көбі студенттік жылдарында жұмыс істеп, тәжірбие жинаған салаларына толықтай бет бұрады. Негізінен қоғамдық тамақтану орындарында, сұлулық салондарында жұмыс істейді не фото-видео түсірілім, монтаж, графикамен айналысады. Өзінің шағын не орта бизнесін ашып жататындар да бар. Егер адамның айқын мақсаты болса, жалақыдан да үлкен нәрсені көздесе, қаламызда арманындағы жұмысын тауып, өз-өзін дамыта алады.  

Қалада жастарға арналған қандай орталық бар? 

2019 жылы Қостанайды зәулім Жастар сарайы ашылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынған ғимараттың құрылысына миллиардтан астам қаражат жұмсалған еді. Залының өзіне мың адам сыяды. Жастар сарайының ішінде  «Жастар ресуртық орталығы» орналасқан. Жастардың дамуына, қандай да бір жобамен емін-еркін айналысуына жағдай жасалғанымен, онда жастардың топырлағанын ешқашан көрмедім. 

Мемлекет тарапынан жастарға қандай көмек керек? 

Мемлекет біздің жағдайымызды жақсарту үшін бірталай бағдарламаны іске асырып жатыр. Тұрғын үй алу да болсын, стартап, бизнес дамытуда болсын жастарға арнайы жеңілдіктер бар. Бірақ барлық бағдарлама Қазақстанның қазіргі саясатының щеңберімен шектелген. Мәселен, жасөспірімдердің жыныстық сауаттылығын арттыруға күш жұмсалмайды. Феминизм тақырыбы да қозғала бермейді. Гендерлік теңдікке қатысты мемлекеттік бағдарламалар бар болғанымен, олар гендерге емес, жынысқа назар аударып, әртүрлі екі терминді бірге қарастырады. 

Меніңше, мемлекет жастардың толеранттылық деңгейін көтеруге көңіл бөлуі қажет. Өз құқығыңды білу және қорғау, медиасауаттылық, жыныстық сауаттылық, буллингпен күрес секілді маңызды тақырыптар жастарға керек. Бұның барлығын мемлекет істеп жатыр. Бірақ халыққа кең тарату, жария ету жағынан әлі де ақсаңдап тұр.

Өңірде азаматтық белсенділер бар ма? Олар немен айналысады?

Бізде экобелсенділер көп. Жергілікті NECO атты экоклубымыз бар. Клуб басшысы Наурызбек Бірмағамбетов тұрғындарға экологияны қорғаудың маңызын түсінідіп, дәрістер өткізеді, территорияны тазалауға шығады. Экомедианың негізін қалаушы Нұрым Әуезхан да экосауаттылықты арттыру мақсатында шаралар өткізеді. Жақында екеуіміз «Бумага добра» атты акция бастадық. Халықты қағазды мектептерде және облыстық кітапханада орналасқан қабылдау бөлімдеріне өткізуге шақырып жүрміз. 1 маусым, балалар күнінде, жиналған макулатураны тапсырып, түскен ақшаны көпбалалы отбасыларға береміз.

Сонымен қатар, фембелсенділер де бар. Элина Каётхина есімді танысым Инстаграм парақшасында феминизмді егжей-тегжейлі түсіндіріп, қалыстасқан таптаурындарды жоққа шығарады. Біз Элина, Дания Яруллина және Мадина Ибрашевамен бірігіп, ата-аналарды және жасөспірімдерді жыныстық ағартуға бағытталған «Это нормально» деген жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Аталған жоба Қазақстандағы АҚШ елшілігі ұйымдастырған «Gender School» аясында іске асып жатыр. 

Белсенділердің қатарындағы Владимир Алексанин жайлы да айтуым керек. Ол психолог, тренер, мектептердегі буллингпен күреседі, балалар үйіндегі жеткіншектерге көмектеседі, жыныстық сауаттылық жайлы айтады. Владимир секілді белсенділер қаламызда көп болғанын қалаймын.

Өз қалаңыздан көшкіңіз келе ме? Неге? 

Шетелге сапалы білім алу үшін біраз уақытқа көшер ем. Кейін қайтып келіп, оқыған-тоқығанымды қоғамның дамуы жолында іске асырамын. Егер ел ішінде болса, Алматыға көшкім келеді. Алматы қайнап жатқан тіршілігі бар қала, мүмкіндіктер қаласы. Қостанайда да өзіңді дамытуға мүмкіндіктер бар. Бірақ Алматымен салыстырғанда тыныш қала.


Мәтін: Жансая Алиева 

Следите за нами в интернете