Білім алушы құқығы: Жұмыс істейтін студент нені білуі тиіс?

25 апреля 2022 г. Молодежь
Фото: unsplash.com

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 575 мыңнан астам студент бар. Олардың қаншасы жұмыс істейтіні жайлы нақты дерек жоқ. Мұны есептеу де оңай емес. Өйткені көп студент ресми жұмыстың орнына, қолма-қол ақша алатын бейресми жұмысты құп көреді. Ал мұның салдары қандай? Жұмыс беруші студенттің құқығын бұзып отыр ма? Ресми жұмыстың артықшылығы не? Материалда осы сұрақтарға жауап береміз.  


Құндыз Мұханғали

Білім алушылар Қазақстанда ғана емес, посткеңестік және Еуропаның кей елдерінде де сабақпен жұмысты қатар алып жүреді. Мысалы, ресейлік Жоғары Экономика Мектебінің зерттеуі бойынша, бакалавриат студенттерінің жартысы, магистранттардың 80 пайыздан астамы жұмыс істейді. Ал Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш төмендеу болса да, оның әрбір мемлекетінде әртүрлі. Нидерланды, Германия, Данияда студенттердің шамамен жартысы жұмыс істесе, Италия, Словакия, Румынияда мұндай білім алушылар саны үш пайыздай ғана

Күндізгі оқу орнындағы студент (бакалавриат немесе магистратура студенті) ресми жұмыс істей ала ма? 

Иә, мұны екі жолмен жүзеге асыра алады: еңбек шарты және азаматтық-құқықтық шарт арқылы. Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, жұмыс беруші 16 жасқа толған азаматпен еңбек шартын жасай алады. Кей жағдайда ата-анасының рұқсатымен 14 жасқа толған жасөспірімдер де ресми жұмыс істей алады. Болашақ қызметкердің студент болуы я басқа статусы еңбек етуіне кедергі бола алмайды. Дегенмен осы кодекстің 26-бабына сәйкес, 18 жасқа толмаған азаматтарға қауіпті және ауыр жұмыстар істеуге тыйым салынған. Ал шетелдік студент белгілі бір уақыт өткен соң және Қазақстанда оқитыны жайлы анықтама қағаз ұсынған соң ғана жұмысқа тұра алады.

«Білім туралы» заң бойынша да студентке сабақтан тыс уақытта жұмыс істеуге рұқсат етілген. Алайда оқуға түскен соң, университет пен білім алушы арасындағы келісімшартты мұқият оқығаныңыз жөн. Оқу орындары өз тарапынан қандай да бір шектеулер енгізуі мүмкін. 

Еңбек келісімшартында екі жақтың құқықтары мен міндеттері, жұмыс және тынығу уақыты, еңбекақы мөлшері, оны тоқтату жөнінде маңызды мәселелер жазылады. Дегенмен еңбек келісімшарты көп жағдайда сегіз сағаттық жұмысты, яғни күнделікті жұмыс кестесі мен ЖОО бітіргенін растайтын дипломды талап етеді. Сондықтан студенттермен еңбек келісімшартына отыру заң бойынша әрдайым мүмкін емес. 

Мұндай жағдайда жұмыс беруші студентпен Азаматтық-құқықтық шарт жасай алады. Бұл жұмыскердің нақты бір қызмет көрсетуі жайлы келісім. Мұндай шарт бойынша, қызметкердің таңнан кешке дейін кеңседе отыруы міндет емес. Мұндай қызметтерге – аударма ісі, сабақ беру, сайт жасау, тазалау және өзге көптеген жұмыс кіреді. Бұл Азаматтық кодекстің 616 (мердігерлік шарты) және 683-баптарымен (өтелмелі қызмет көрсету шарты)
реттеледі.        

Ресми жұмыстың артықшылықтары қандай? 


Біріншіден, ресми жұмыс Қазақстанның Еңбек және Азаматтық кодексімен қорғалады. Еңбек келісімшарты бойынша, қызметкерге демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін, науқастанып қалған сәтте де және жыл сайынғы еңбек демалысы үшін төленуі тиіс. Азаматтық-құқықтық шарт екі жақтың келісімімен жасалып, қызметтің бағасы немесе оны анықтау жолы, тапсырма мерзімі жазылады. 

Екіншіден, еңбек келісімшарты бойынша, жұмыс беруші сіздің атыңыздан мемлекетке бірнеше салық төлейді: зейнетақы жарнасы, жеке табыс салығы, медициналық сақтандыру, әлеуметтік салық және әлеуметтік аударымдар. Ал азаматтық-құқықтық шарт бойынша, жұмыс беруші үш түрлі салық төлейді: зейнетақы жарнасы, медсақтандыру және жеке табыс салығы. Яғни екінші келісім бойынша, қызметкер үшін әлеуметтік төлемдер жасалмайды. 

Бұл салықтар зейнетақы қорыңыздағы қаржы көлемінің өсуіне, мемлекет ұсынатын медициналық қызметтерді тегін пайдалануға мүмкіндік береді. Мысалы, зейнетақы қорындағы қаржы белгілі деңгейге жеткенде, оны ипотекаға пәтер алу, тіс емдету сияқты қызметтерге пайдалана аласыз. Осы тұста мынаны ұмытпау керек: жалпы медициналық көмек студенттерге тегін көрсетіледі. 

Үшіншіден, еңбек келісімшарты бойынша жұмыс – еңбек өтіліңізге жазылады. Жұмыс берушілер үшін бұл аса маңызды болмаса да, түрлі конкурсқа, кей вакансияға өтінім бергенде немесе оқуға түсерде ресми еңбек өтіліңіздің болуы сізге артықшылықтар береді. Өкінішке қарай, азаматтық-құқықтық шарт Еңбек кодексімен реттелмегендіктен, ресми еңбек өтілі парағыңызда бұл көрсетілмейді.        

Жұмыс беруші еш келісімшарт жасамаса, не істеуге болады?  

Еңбек немесе азаматтық-құқықтық келісімшарты жасалмаса: 

  • Еңбек инспекциясына мәселеңізді толық айтып, жазбаша шағым қалдыруыңыз керек. Шағым жазылмаса, комиссия тексеріс жүргізе алмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласып, әр облыстағы жедел желі нөмірін біліп алыңыз.

  • Еңбек инспекциясы шара қолданбаса, сотқа шағымдана аласыз.

Қызметкермен еңбек шартын жасамау – әкімшілік құқықбұзушылық болып есептеледі. Әкімшілік Кодекстің 86-бабы бойынша, жұмыс беруші бұл үшін 30-300 АЕК арасында айыппұл төлеуі тиіс.     

Еңбек кодексінде жазылғандай, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қарым-қатынас жұмыс істей бастаған күннен басталады. Яғни ресми келісімшарт жасалмаса да, жұмыс берушіге шағымдана аласыз. Бұл үшін жұмыс істегеніңізді дәлелдейтін фото, аудио, видео немесе жазба материалдар болғаны жөн.  

Қолма-қол төлемақы алу неліктен дұрыс емес? 

  • Кейбір жұмыс беруші қызметкерге келісімшарт жасамастан көбірек жалақы береміз деп айтады. Алайда бұл «қара» жалақы болып есептеледі және одан мемлекетке еш салық төленбейді. 

  • Әлеуметтік және заңды кепіл болмайды: әлеуметтік сақтандыруға, зейнетақы қорына ақы төленбейді, жұмыс кезінде жарақаттансаңыз немесе қандай да бір келеңсіз оқиғаға тап болсаңыз, жұмыс беруші заң алдында жауапты болмайды. Мысалы, ресми жұмыс істейтін қызметкер жол апатына ұшыраса, жұмыс беруші еңбекке жарамсыздық парағын жүргізіп, оған жалақы төлеуді жалғастырады, жұмыстан шығара алмайды. 

  • Несие, ипотека немесе қарыз ала алмайсыз. Банктер азаматқа қаржы берер алдында оның қаншалықты тұрақты жалақы алатынын тексереді. Ал ол зейнетақы қоры есепшотыңыздағы қаржы мөлшеріне байланысты. 

  • Бейресми қызмет атқаратын адамға да жаза қарастырылған. Бұл Қылмыстық кодекстің 244-бабымен реттеледі. Ол бойынша, азамат мынадай жазалау түрлерінің біріне ұшырайды: 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл төлейді я сол мөлшерде түзету жұмыстарына, я сегіз жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады, я үш жылға дейін бас бостандығы шектеледі, я одан айырылады. Осы тұста мынаны ескеру керек: Қылмыстық Кодекстегі мұндай жаза бюджетке түспеген табыс мөлшері 20 мың АЕК-тен асқан жағдайда тағайындалады. 

  • Жалақыдан төленетін салық мөлшері бюджеттік мекеме қызметкерлерінің - мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысына әсер етеді. Сондай-ақ әлеуметтік салықтан тегін медициналық көмек пен түрлі жәрдемақылар төленеді. 

Мұның бәріне қоса, informburo порталы жазғандай, жұмыс беруші салық төлемеу арқылы елдегі көлеңкелі экономиканы дамытады. Студентке «қара» жалақы беру – осының белгісі. Яғни мемлекетке толыққанды салық түспейді, нақты қанша адам қызметте екені, олардың қандай жалақы алатыны белгісіз қалады. Мемлекет ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) және ЖҰӨ-ні (жалпы ұлттық өнім) есептегенде, мұндай жалақы есептелмей қалады. Осылайша, мемлекет экономикасының да бұлыңғыр картинасы пайда болады.   

Следите за нами в интернете