Саяси пропагандаға сенетін адаммен қалай сөйлесу керек?

СОҒЫС ДЕГЕНІМІЗ — БЕЙБІТШІЛІК.

ҚҰЛДЫҚ ДЕГЕНІМІЗ — ЕРКІНДІК.

НАДАНДЫҚ — КҮШ.


Оруэлдің танымал романында жиі қайталанатын сөздер — саяси пропаганданың жақсы мысалы.
Бұл материал адамдардың пропагандаға неліктен сенетінін және пропагандаға сенетін адаммен қалай сөйлесуге болатынын түсіндіреді.


Құндыз Мұханғали


Ең әуелі, ата-ана я жақын туысқа өз білімімді көрсетіп, оның ой-пікірін өзгертем десеңіз – қателесесіз. Жылдар бойы пропагандаға сеніп келген адамның әп сәтте ойынан бас тарту мүмкіндігі өте төмен. Көптеген зерттеу осындай тұжырымға келген. Дегенмен бұл жалған я теріс ақпаратпен күресу қажет емес дегенді білдірмейді. 


Пропаганда немесе үгіт-насихат – адамның ойын саналы түрде манипуляциялау арқылы оның жосықтарына және мінез-құлқына әсер ету. Оның негізгі мақсаты – адам миының сыни және дербес ойлау қабілетін азайтып, оны қарапайым және түсінікті картинамен толтыру. «Пропаганда» сөзі көп ретте жағымсыз мағынаға толы болса да, бұл тек негатив нәрсенің насихаты емес. Мысалы, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу сияқты  жағымды саналатын әрекеттер де үгіт-насихат арқылы көпшілікке таралады.  


Қазіргі «пропаганда» ұғымы 20-ғасырдағы дүниежүзілік екі соғыстың әсерімен кең қолданысқа ие болды. Сол кезеңнің саясаттанушылары мен зерттеушілері пропаганда әдістері мен принциптерін жазды. Мысалы, Понсонби жазған соғыс принциптерінің ішінде «біз соғысты қаламаймыз, біз тек қорғанып жатырмыз», «барлық кінә-жауапкершілік қарсылас жақта», «дұшпанымыз үлкен айуандық істеп жатыр, біздікі кішкентай қателер ғана» деген идеялар бар. Ал американ саясаттанушы Хэролд Лассуэл «Соғыс кезіндегі пропаганда техникасы» еңбегінде бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде үгіт-насихаттың қалай жүзеге асқанын талдаған еді.  


Пропаганда мен ақпараттандырудың қандай айырмашылығы бар? 


Қазақстанда саяси үгіт-насихат пен күнделікті бейтарап жаңалықтың ара-жігін ажырату өте қиын. Себебі мемлекеттік арналардан бөлек, көптеген медиа мемлекеттік тапсырыс алып, саяси биліктің үгіт-насихатын жасайды. Бейтарап ақпараттандыру мен пропаганданың айырмашылығын Internews ұйымы шығарған медиа сауат оқу құралы былай түсіндіреді:


  • Ақпараттандыру – оқырманға ақпаратты хабарлайды, ағартады, білім береді, бірнеше тарапты көзқарас арқылы ойлануға мүмкіндік береді және дайын шешім ұсынбайды. 

  • Үгіт-насихат – оқырманға ықпал етуді, өз пікірін таңуды көздейді, эмоциясы мен сезімдеріне әсер етеді, түрлі әдіс арқылы манипуляция жасайды және әдетте дайын шешім ұсынады. 


Жалған немесе бұрмаланған ақпаратқа шалдықпаудың ең бірінші белгісі: жаңалықты оқып болған соң ыза, реніш, қорқыныш я басқа жағымсыз эмоция туындамағанын байқап көріңіз. 


Үгіт-насихат демократиялы, авторитарлы, тоталитарлы – барлық режимде қолданылады. Мысалы, адамдар күнделікті бетпе-бет келетін пиар, коммерциялық және әлеуметтік жарнама да үгіт-насихаттың бір бөлігі. Осы себептен насихаттың қай түрі болсын тоқтамақ емес, тек адамдар сыни ойлау арқылы оны сараптауды үйрене алады.      


Адамдар пропагандаға неліктен сенеді? 


Біріншіден, пропаганданың сәтті жұмысын психологтар оның эмоцияға терең әсер етуімен түсіндіреді. Психолог Дэниел Канеманның айтуынша, адам күнделікті іс-әрекетінің 90 пайыздан астамын - рационал түрде емес, автоматты түрде эмоцияның, әлеуметтік норманың я жосықтың (behaviour) нәтижесінде жасайды. Адам өз ақыл-ойын мына үш шарт сақталса ғана “іске қосады”:


  1. қабылданатын шешім жеке адам үшін өте маңызды болса;
  2. шешімге келу үшін жеткілікті уақыты, ақпараты, білімі болса;
  3. адам тыныштық жағдайында, яғни еш жерге асықпаған болса. Әдетте бұл үш шарт сақталмайтындықтан, үгіт-насихат құралдарында эмоция көп қолданылады.  

Екіншіден, жоғарыда айтылғандай, ақыл-ойды қолдану арнайы уақыт пен энергияны талап етеді. Ал адам миына әлемді қарапайым әрі түсінікті ететін картина керек. Ол әдетте өз «әлемінің» ережелеріне сай жаңалықты, түрлі медиаөнімді тұтынады. Ал оған қарама-қарсы түсініктер сенімсіз әрі бұрыс болып көрінеді. Сондай-ақ, бірінші естігенде абсурд болып көрінген идеялар бірнеше мәрте қайталанған соң адам миына сіңісіп кетеді. «Важные истории» журналында жазылғандай, ресейліктер үшін пропаганда – әлемнің ең қарапайым бейнесі. Онда Ресей - Ресей болғаны үшін дұрыс, ал өзге әлем - оған қарсы болғаны үшін қате.    


Сонда олармен қалай сөйлесуге болады?


Биолог және ғылыми журналист Ирина Якутенко өзінің YouTube арнасында мұндай адамдармен қалай сөйлесу керектігін айтып берген. Қысқа қайырсақ, ол пропагандамен күресу үшін пропаганданың өзінде қолданылатын кей әдіс-тәсілді пайдалану керек дейді.   


Біріншіден, қалай істемеу керек: 


  • пропагандадағы қатені логикалық жолмен, аргумент және фактілермен түсіндіріп беру. Бұл адамды ашуландырып, сізден жабылуға итермелейді, сізді оған жиіркенішті етеді. Өйткені сіз оның миындағы әлем картинасын бұзып жатырсыз. 


Қалай сөйлесуге болады:


  • есіңізде болса, тиімді пропаганда үшін адам эмоциясы қолданылады. Сіз де дәл осы әдісті жақсы жағынан қолдана аласыз. Жалған, бұрмаланған ақпаратты қосудың еш қажеті жоқ. Геосаясат, абстрактілі саясат я Отанның болашағын емес, нақты осы жағдайдың сол адамға және отбасыңызға тікелей әсерін айтып беруге тырысыңыз. Мысалы, соғыс жағдайында дәл сіздің отбасыңыздан біреу болмаса да, әлдебір туысыңыз әскерге алынып, қаза табуы мүмкін. Ал қарапайым өмірде жемқорлық кесірінен балабақша салынбаса, сіз күн сайын бірер сағат ерте тұрып, үйіңізден қашық орналасқан ауданға баруыңыз керек дегендей. 

  • жоғарыдағы тәсілді қолданып, бірақ еш әсер байқамасаңыз – сіз ол адамға жеткілікті беделді болмауыңыз мүмкін. Өкінішке қарай, адам миы өзі авторитет санайтын тұлғаның ойынан тереңірек әсерленеді. Отбасы мүшелері үшін кей блогерлердің пікірі сіздікінен жоғарырақ екенін байқаған да шығарсыз. Осы себепті егер жақыныңыздың сүйікті блогері сіздің ойыңызды бөліссе, оның сол жағдай жайлы айтқанын я жазғанын көрсетіңіз.  

  • адам ойы сәл өзгере бастағанда, толығымен шынайы, әділ боламын деп, оқиға туралы барлық күрделі ақпаратты жайып салмаңыз. Пропаганда тек қарапайым ойларды жеткізеді. Адам миын бірден оған ыңғайсыз әрі қиын ақпаратпен толтырмаңыз. Мұндай фактілер мен аргументтерді адам ойын біртіндеп өзгерткен соң ғана айтуға болады. 

  • әңгімені бастамас бұрын, туысыңыз я ата-анаңыз қарсы келіп, екіойлы болуы мүмкін идеяларды алдын-ала ойлап, оларға жауап тауып қойыңыз. 


«Пропагандистер қолданатын тәсілді қолдансам, олардан қай жерім артық» деп ойлап қалмаңыз. Ойыңызды сауатты жеткізсеңіз, бұл керісінше, қоғамда саналы әрі сыни ойлайтын адамның көбеюіне алып келуі мүмкін. Ирина белгілі актер әрі саясаткер Арнольд Шварценеггердің жақында ресейліктерге арнап түсірген видеосын өте сәтті мысал ретінде атап көрсетеді. Сіз де видеоны қарап, Арнольд қандай тәсіл қолданғанын талдап көріңіз.



Следите за нами в интернете