Бейбіт шеруге шығу, саяси көзқарасыңды ашық айту, ойыңды білдіру — Қазақстан Республикасының Конституциясымен қорғалады. 2020 жылы 25 мамырда «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» заң қабылданды.
Студенттердің құқығы және митингіге қатысқан адамды оқудан шығару неліктен
заңсыз екенін заңгер Бердімұрат Хасенұлы түсіндірді:
"Митингіге қатысқаны үшін студентті оқудан шығару — заңсыз.
Заңды түрде ұйымдастырылған, рұқсаты бар, ешқандай әкімшілік
құқық бұзушылық тіркелмеген бейбіт шеруде өз ойын білдірген азаматты оқу орны
қыспаққа алса, оның конституциялық құқығы бұзылады. Университет әкімшілігі
студентке тек өз аумағында, оқу процесіне ықпал ете алады. Оның сыртта жүріп
тұруына, яғни оқудан тыс өміріне араласпауы керек. Дегенмен, оқу орнының
әкімшілігі құзіретін асыра пайдаланып, студенттің құқығын бұзаған жағдайлар жиі
кездеседі. Азаматтық белсенділігіңіз үшін бағаңыздың төмендегенін байқасаңыз,
оқудан шығуға мәжбүр болсаңыз, мән-жайды анықтап алыңыз. Университет
әкімшілігінің дәлелдерін тыңдаңыз. Мәселе шешілмеген жағдайда Білім және ғылым
министрлігіне арнайы хат жаза аласыз. Қазір әкімшілікке хатты электрон
қолтаңбамен онлайн түрде жолдауға болады. Одан бөлек:
● Президенттен,
президент әкімшілігінен;
● Ішкі
істер департаментінен;
● Прокуратурадан;
● Халықаралық
құқық сақтау бюросынан тәуелсіз тергеу жүргізуді сұрап, шағымдана аласыз.
Ең бастысы, оқу орнының сізге қатысты
әділетсіз шешімдеріне азаматтық позицияңыздың әсер еткенін дәлелдей алуыңыз
керек.
Қысымға ұшырағаныңызды қалай дәлелдейсіз?
● Университет
өкілдері әлеуметтік желі арқылы қорқытуға тырысса, скрин жасаңыз.
● Алмасқан
хаттарыңызды міндетті түрде архивке сақтаңыз.
● Телефонға
біреу қоңырау шалып, сес көрсетсе, әңгімені жазып алатын арнайы бағдарламаны
қосып қойыңыз. Ол үшін CallRecorder сияқты қосымшаларды алдын ала жүктеп алған
жөн.
● Қоғам белсендісі болғаныңыздың әсерінен оқытушы бағаңызды әдейі төмендетсе, оған арыз жаза аласыз.
Мұның барлығы арызданғаныңызды, әрекет еткеніңізді және
құқығыңызды қорғағаныңызды қағаз жүзінде дәлелдейді.
Қандай жағдайда университет әкімшілігі студентті оқудан
шығара алады?
● ҚР
Қылмыстық кодексінде көрсетілген қылмыстық іс-әрекеттерге баратын болса;
● ауыр
әкімшілік жазаға тартылса;
● университеттің
өзіндік ішкі заңнамаларында көрсетілген шектерді, баға бойынша үлгерімі өте
төмен, оқуға жүйелі түрде келмейтін болса;
● әкімшілік
құқық бұзушылық, қылмыстық құқық бұзушылық мақсатында университет атынан бір
жерге барса;
● университет
беделіне кір келтіретін іс-әрекеттер жасаса ғана университет өзіндік шара
қолдана алады.
Құқығыңызды қорғаудың шегі жоқ. Әділеттілік орната алмасаңыз
да мұндай жағдайдың болғаны оқу орнының беделіне кері әсер етеді. Сол себепті
бастаған істі соңына дейін аяқтау маңызды.